Қазақ фотобиотехнологиясының негізін қалаушы
03.02.2021
674
0

(Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің биология және биотехнология факультетінің деканы, биология ғылымдарының докторы, ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, профессор Заядан Болатхан Қазыханұлы хақында)

Руханияттың әр саласы бойынша адам жанына, адам рухына пайда келтірген ғалымдар қазақ халқында жетерлік. Бір ғана әдебиет саласы бойынша емес, физика, математика, биология ғылымы бойынша еліміздің даңқын көтеріп жүрген ғалымдар бар. Солардың бірі – академик Заядан Болатхан Қазыханұлы. Академик Заядан Б.Қ. биология ғылымдарының дамуына және «Фотографты микроорганизмдер, оларды биотехнология мен биоэнергетикада пайдалану» бағыты бойынша Қазақстан үшін жаңа ғылыми мектеп құруға үлкен үлес қосты.

Жастайынан биологияға деген құштарлығы оянған ғалымның ата-анасы, мектеп мұғалімдері, ғалымның өмірдегі жолын анықтап, білімге деген сүйіспеншілігін оятуға себеп болды. Әкесі Қобда орта мектепте химия және биология пәндерінің оқытушысы, оқу ісінің меңгерушісі және директоры қызметтерін атқарған. Ата-ана, өскен-орта тәрбиесін бойға сіңірген ғалым үлкен ғылымға сапарын Мәскеуде, КСРО Ғылым Академиясының К.А. Тимирязев атындағы «Өсімдіктер физиологиясы институтында» бастайды, онда 1989 жылдан 1990 жылға дейін альгологтар мен биотехнологтардың танымал мамандары б.ғ.д., профессор В.Е. Семененко, Л.Н. Цоглин және М.Г. Владимированың жетекшілігімен зерттеуші-тәжірибе жинақтаушы болып жұмыс істейді. 1990 жылдың соңынан Б.Қ. Заядан Ленинград мемлекеттік университетінің биотехнологиялық орталығында 2 жылдық тағылымдамадан өтті, онда оның тәлімгерлері Ресейдің танымал ғалымдары болды. 1993 жылы Заядан Б.Қ. Санкт-Петербург мемлекеттік университетінің генетика және селекция кафедрасына аспирантураға қабылданды, онда гербицидке төзімді Chlamydomonas reinhardtii-дің мутантты штамдарын алуға және олардың генетикалық, биохимиялық және биофизикалық қасиеттерін зерттеуге арналған диссертациялық тақырыбы бойынша жұмыс істейді. 1996 жылы «Норфулорозанға төзімді Chlamydomonas reinhardtii мутантты штамдарының генетикалық талдауы» тақырыбында кандидаттық диссертациясын сәтті қорғағаннан кейін ғылыми жұмысын СПбМУ биология ҒЗИ-нің аға ғылыми қызметкері ретінде жалғастырады, «Biochemical and genetic characterization of Chlamydomonas reinhardtii mutants» және «Chlamydomonas reinhardtii бір клеткалы жасыл балдырлар пигменттерінің биосинтезін генетикалық бақылау» тақырыптары бойынша ғылыми жобаларды жүзеге асыруға қатысады. Жұмыс нәтижелері Мәскеу Мемлекеттік Университетінің профессоры Д.Н. Маторин мен швейцариялық зерттеуші профессор А. Боскеттидің назарын аудартып, олардың ғылыми ынтымақтастығына негіз болады.

 1992 жылы Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы құрылып, төраға қызметіне тұңғыш президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сайланды. Қауымдастықтың бірінші Құрылтай жиналысында қауымдастық президиумының төрағасы Н.Ә. Назарбаев этникалық қазақтарға: «Бізде бұл әлемде бір ғана Отанымыз бар және ол – Тәуелсіз Қазақстан! Тәуелсіз Қазақстанның кең құшағы сіздер үшін ашық, бауырлар мен апалы-сіңлілер!» деген болатын. Президенттің жалынды сөздері жас ғалым Б.Қ. Заяданың отан сүйгіштігін, Отанға деген сүйіспеншілік сезімін, халықтың рухын және ұлттық мақтаныш сезімін оятты.

Қазіргі биотехнология кафедрасының және Қазақстандағы фотобиотехнология бағытының заманауи жағдайы, негізінен профессор Заядан Болатхан Қазыханұлының еңбектері және зерттеулерімен алдын-ала айқындалған деп толық негізбен айтуға болады. Академик елімізде алғаш рет әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің қабырғасында фотобиотехнология зертханасы мен «CCMKazNU» фототрофты микроорганизмдер кoллeкцияcын құрып, оған 150-ден микробалдырлар мен цианобактериялардың биотехнологияда маңыздылық танытатын штаммдарын жинақтады.

Сонымен қатар, Б.Қ. Заядан жоғары білікті кадрларды даярлауға көп уақыт пен күш бөледі. Оның жетекшілігімен 6 кандидаттық және 9 PhD докторлық диссертациялар қорғалды. Оның шәкірттері республиканың және шетелдің жоғары оқу орындары мен ғылыми мекемелерінде табысты еңбек етуде. Профессор Заядан Б.К. педагогикалық және ғылыми жұмыстарды табысты үйлестіруде. Ол өзінің шәкірттерімен бірге шаруашылық-құнды қасиеттері бар маңызды штамдар алып, практикаға енгізген, сонымен қатар республикамыздың экологиялық жағынан қолайсыз өңірлерінің қоршаған орта жағдайына генетикалық мониторинг жүргізілді. Оның ғылыми педагогикалық жұмыстарының нәтижелері АҚШ, Жапония, Италия, Германия, Ресей, Чехия, ҚХР, Үндістан, Польша, Түркия, Тунис және Малайзияның халықаралық конференцияларында бірнеше рет баяндалды. Педагогикалық, ғылыми және қоғамдық қызметтегі жетістіктері үшін профессор Б.Қ. Заядан екі рет «Қазақстан Республикасы Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағына ие болды (2008 ж., 2018 ж.).

Сонымен қатар, Заядан Қазыханұлы республикамыздың ғылым саласының алғы шепке шығуына орасан зор еңбек сіңіріп келеді. Болатхан Қазыханұлының ғылыми-педагогикалық нәтижелері таң қаларлықтай. Қазіргі уақытта ол алыс және жақын шетелдерде және Қазақстанда 20-ға жуық патенттер мен 400-ге жуық публикациялар, оның ішінде 15 кітап пен 5 монографияның және International Journal of Hydrogen Energy, Journal of Biotechnology, Genome Announcements, FEMS Microbiology Letters, Photosynthesis Research, Russian journal of Plant physiology, Microbiology, Applied Microbiology and Biotechnology, Renewable and Sustainable Energy Reviews сияқты халықаралық, жоғары рейтингті журналдарда жарияланған 80-нен астам мақалалардың авторы.

«Мың өліп, мың тірілген» тарихы бар қазақ ұлтының алға қарыштауына, әлемге ғылымы мен білімі арқылы танылуына мол үлес қосқан Болатхан Қазыханұлы мерейлі алпыс жасқа толып отыр. Бүгінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің биология және биотехнология факультетінің деканы, биология ғылымдарының докторы, ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, профессор, қазақ фотобиотехнологиясының негізін қалаушы ғалымды туған күнімен құттықтап, игілікті ісіне зор табыс тілейміз!

Ізгі ниетпен Биотехнология кафедрасының ұжымы

 

 

 

 

 

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір