Нұржан ҚАДІРӘЛІ, ақын: ӨЗІМ ҮШІН ҚАШАН ДА ҚАРА ӨЛЕҢ ҚАСТЕРЛІ…
30.01.2021
1601
0

Жуырда әулиеаталық жас ақын, Жазушылар одағының мүшесі Нұржан Қадірәлінің тұңғыш жыр жинағы жарыққа шығып, оқырманға жол тартты. Сыршыл да рухты жырларымен ерекшеленетін ақын сұхбат барысында да тың ойларын ортаға салды.

 – Нұржан, жаңа жинағыңыздың жарық көргеніне құтты болсын айтамыз! Кітабыңызды  «Жүрек өрті»  деп атаған екенсіз…

– Зор рақмет. Иә, тұңғыш жинағымды осылай атағым келді. Себебі жастық жалын тұтатқан жүректің өрті шабытты да (егер ондай нәрсе кейбіреулер үшін бар болса һәм жоқ болса да) шарпитын, сезімнің сарқырамасын да жанартаудай қызуымен қайнатып сапыратын, рухты да жауратпайтын, жан дүниеңді жандырып, халықтың қалыбына сөз балқытып, санаға қондыратын үлкен ғажайып күш. Жүректің өрті (heart fire) жалын құшқан жан-тәніңнің қуаты да, оны жырға айналдырып үлгермесең, өзіңді күлге айналдырып жіберуі  мүмкін. Ол өзім қуалап өскен көбелектің де, бала табаным піскен туған топырақтың да, анамның ақ сүтінің, әкемнің қасық қанының да жылуынан құралған алапат өрт. Осы тұңғыш жинақ арқылы өзім бастан кешкен әрбір өртті және  замандас һәм тағдырлас қауымға өз отыңмен ойнаудың озық үлгісін көрсеткім келген шығар. Жүрек өртін шындықтың шылымын тұтатып, көңілді көмескі дүниенің көк түтініне айналдырып, күліне көму деп емес,  мәңгілік маздап келе жатқан өлеңнің өміршең өртіне жалын қосу деп түсініңіздер. Жаным жүйрік күннің жалына жармасып, тәнім жер басып тұрғанда өмірге жарық, өлеңге жылу төгер жүрек өрті әлі де алаулай беретініне сеніңіздер!

– Сіздің ұғымыңыздағы осынау жүректің өрті негіз болар – поэзия дегеніміз не?

– Сатқындық пен аярлықты білмейтін ең аяулы жалғыз серігім. Әрбір күлкім, әрбір (ешкімге көрсетпейтін) көз жасым. Ол менің сөз Тәңірім, өз тағдырым. Қателіктерім мен күнәларым үшін қаламның ішіне қамап, сиядай сығып алатын жан мен тәннің таразысы. Ол менің мына ғаламда бар екенімді өзіме сездіретін құдіреттім, қарашығым, қастерлім. Халықтың, адамзаттың, тіршіліктің тағдырын дәл поэзия секілді ешқандай ұғым қабыстыра да, түсіне де, түсіндіре де алмас. Ол уақыттың көз жасындай қатып қалған таспен де сырласатын, таумен де мұңдасатын, бұлақпен бірге еркелеп, теңізбен тебіреніп, топырақпен толғанатын, бір сөзбен айтқанда бізге белгілі һәм белгісіз барлық тіршіліктің тілін білетін киелім. Анамның ақ шашындай аяулым. Өлеңнің сөз королі екенін Абай піріміз нақты айтты ғой. Менің ұғымымдағы поэзияны атып аттан құлатып, айтып тауысу мүмкін емес. Ал поэзияның ұғымындағы менің қандай екенімді уақыт көрсете жатар.

– Қандай сәттерде көңіліңізді өлең қозғауы мүмкін?

– Күніне жүрек қанша рет соқса, сонша рет қозғайды. Қанша дем жұтсам, сонша рет толғандырады. Әрине ол жата-жастанып өлең жаза беру деген сөз емес. Уақытпен жарысып жазып, адам ашып қарамайтын алты, жын-перілер де көз салмайтын жеті, сегіз том жазып жүрген жазғышбектерді көріп жүрміз. Бір қуаныштысы, қазіргі замандастарымның арасында ондай алаөкпелік жоқтың қасы. Өзім Жамбыл облыстық «Арай» газетінде жұмыс істеп жүргендіктен, редакцияға да небір кісілер қайырылып жатады. Бір күні үлкендеу кісі мақала жанрында жазып жүрген өлеңдерін бастырмай қойғаным үшін арнайы келіп, қатты ренжігені бар. Маған: «Сен бала, мені кім деп жүрсің? Мен деген тоғыз кітап жазған адаммын, неге бастырмайсың өлеңімді?» дейді, «Аға, тағы бір кітап жазсаңызшы, сонда он кітаптың авторы деп басып жібереміз», деп шығарып салдым. «Өлеңді туған анаңдай қадірлеу керек. Оны көп азамат тоқалындай пайдаланып жүр», деп бір сұхбатында Есенғали Раушанов ағамыздың айтқаны бар еді, расында ақиқат солай ғой. Өлең жазу мая-мая шөп жинап, малға беру миссиясы емес қой, тамшыдай болса да жанға нәр беретін құдіреттің көлін лайлап, сор-батпаққа айналдырғаннан сорақы қасірет жоқ деп ойлаймын.

–  Сіз үшін ақ өлең мен қара өлеңнің парқы қандай?

– Ақ, қара, қызыл, тіпті жасыл болса да, тіпті  бір ауыз сөзден тұрса да, ол  өлең болуы мүмкін. Періштелердің де сан түрі бар. Тозақты күзететін, жаныңды алатын деген секілді. Бірақ біз үшін олар бір ғана ұғым, яки періште ғой. Сол секілді жолдың да түзуі, бұралаңы бар. Бастысы мақсатыңа жеткізсе болды. Мен үшін ақ өлең от жағуды ойлап тапқандай жаңалық емес. Ол да поэзияның, өз уақытының үні. Мен ақ өлеңді жақсы жазып жүргендерді білемін. Жақсы өлеңдерді оқып тұрамын. Бірақ өзім үшін қара өлең қашан да қастерлі болып қала бермек.

– Өзіңіз сүйіп оқитын, туындыларын рухани серігіңізге балайтын қандай қаламгерлерді атар едіңіз?

– Өзіміздің дәуірден Шерхан Мұртаза, Әбдіжәміл  Нұрпейісов, Мұхтар Мағауин, Тынымбай Нұрмағанбетов, Несіпбек Дәутайұлы, Рахымжан Отарбаев  ағаларымызды, оның алдындағы алыптардан Абайдан бастап Бейімбет пен Ілияс, Мағжан, Жүсіпбектер секілді марғасқаларымды қоспағанда, қазіргі Есенғали Раушанов, Ұлықбек Есдәулет, Олжас Сүлейменов, Тыныштықбек Әбдікәкімұлы,  Мейірхан Ақдәулет, Серік Ақсұңқарұлы,  Светқали Нұржан, Ғалым Жайлыбай секілді аға буынның, ғажап ақындардың туындыларын құшып оқитынымыз өтірік емес. Маралтай ағаның өлеңдерін жеті түнде оятсаңыз жатқа айтып беремін. Ерлан Жүніс, Танакөз Толқынқызы, Ақберен Елгезек, Мирас Асан, Тоқтарәлі Таңжарық, Хамит Есаман жырларының да жүрегімде алар орны бөлек. «Окоптағы» оқырман болып жүрген тағы басқа да ақын-жазушыларым бар. Хемингуэй мен Акутагава секілді достарым да жоқ емес. Жалпы, мен бір жазушыны немесе ақынды бастасам, соның барлық шығармаларын толық оқып шығуға тырысамын. Ол аралықта басқаға уақыт бөлмеймін. Толық оқып шыққанда ғана ол менің танысыма айналады. Тіпті рухани бауырыма.

–  Жаныңызға қандай жанр жақын, жырларыңыз өміріңізбен қаншалықты үйлеседі?

– Лирика, рухани рок, тарихи һәм жаңаша көзқарастар жақын. Жүгермектерімнің барлығы тағдырыма тікелей байланысты. Біреуі менің балалығымның досы, бірі махаббатымның сырласы, енді бірі өткенімнің, келешегімнің шырақшысы.

– Туындыларыңыздың барлығы дерлік өткеніңіздің, өміріңіздің ақ қағаздағы көрінісіндей екенін айтып қалдыңыз. Ал өлеңіңізге арқау болған қандай да бір сөздің, тармақтың  кейін тағдырыңызға әсер еткен кезі  болды ма?

– Әрине, сөз құдіретінің бір шынайылығы да сол ғой. Өзімнің ғана емес, бала кезден оқыған ақындардың да өлеңдері тағдырға әсер еткен кездер көп. Әлі де әсер етіп жүрген сөздер бар. Тек қана халтураны тағдыр шыбын құрлым көрмейді. Ал шынайы, тағдырлы туынды міндетті түрде тағдырға әсер етеді.

–  Алдағы уақытқа қандай жоспарларыңыз бар?

– Бақытты болу. Шынайы… Өзімді бақытты еткен құдіреттің өзін де бақытты ету. «Елімізді бақытты етудің тамшыдай болса да қандай жолы бар?» деген сұраққа іс жүзінде жауап табу. Жазуға тиіс дүниелерімді жазу. Өртеуге тиіс дүниелерімді өртеу.

– Жоспар, мақсатыңыз сәтімен жүзеге аса берсін. Әңгімеңізге көп рақмет!

 Сұхбаттасқан Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА

ӨЛМЕЙТІН ӨЛІАРА

Күнәмізді кінәмізбен шайғандай,
Сұлулықтан елегізген елес қыз,
Адам деген кездеспейді жайдан-жай,
Бәлкім адам емеспіз.

Барлық құстар ұшып кетті аспанға,
Бүкіл жұлдыз ағып бітті оңбаппыз.
Бірін-бірі тастамапты достар да,
Ал біз дос та болмаппыз.

Тар екен ғой дүниенің кеңдігі,
Қалып кетті жанарыңнан ақпай жыр.
Мекеніміз мезгілдерге белгілі,
Ал бізді олар таппай жүр.

Бақыт бізді сағынғанша күрсінсең,
Жаман түсті көрсетеді өңнен де.
Мен жоқ жерде өмір сүріп жүрсің сен,
Ал мен өзім жоқ жерде…

Мұңайтатын қуанышты шақтардай,
Жолсыз жерде жолығуда жұбымыз.
Арамызда өмір өліп жатқандай,
Ал біз әлі тіріміз.

Аққан жұлдыз жанымызға батып па?
Ол батқанша біз де ағып бітерміз.
Неге бәрі бара жатыр бақытқа,
Ал біз оны күтеміз?

 КӨКТЕМ

Көктем маған бөтен емес,
Көктем – сенің көздерің,
Жазды күтіп жәутеңдеген, жұбатар деп түбінде.
Гүлдің бәрі – менің сені сүйем деген сөздерім,
Топырақтың тілінде.

Саған самғап оралмаған құстары көп жанымның,
Елесің де естеліктер ішіндегі ең ізгім.
Сені сүйген әр тамшысы көктемдегі жауынның –
Жалғыздығы,
Алыстағы теңіздің.

Мендік көңіл – күнтізбесі парақталмас өткеннің,
Сезем сенің досың – үміт, жауың – мұң.
Сені үнсіз аймалайтын самал желі көктемнің –
Сағынышы,
Алыстағы дауылдың!

Үміт, сенім – бір-біріне қарап тұрған айнадай,
Шаң-шаң, сынық екеуі де жоғалтқандай бар мәнін.
Көк пен жерді тіліп өткен көктемдегі найзағай –
Қызғанышы,
Алыстағы сенсіз атқан таңдардың.

Қайтқан құс боп,
Қалың бұлт боп елестермін көзіңе,
Құдай білед(і) екеумізді екі дүние алдады.
Сен секілді жылап, күлген бұл көктемнің өзі де –
Алыстағы күздің соңғы арманы…

НАЛАНАМА

Жер!
Семсер кескен Махамбеттің басындай,
Домалайды Тәңірімнің алдында.
Ғасырлайтын, басылмайтын ашудай,
Сөйлеп бара жатыр ол бас тағдырға!

Мен антыма ақыреттік жолдаспын,
Азуыңды жазуыңмен жалғаймын.
Кейде бірақ, Тәңір сүйген сол бастың,
Туған жерге ұқсатамыз маңдайын!

Тастар!
Көз жасындай бәрін көрген уақыттың,
Бір кездері олар да аққан сорғалап.
Топырақ қалды тағындай боп бақыттың,
Кесілген бас тәжге жетті домалап…

Дұшпанының көз жасы мен халқымның –
Көз жастары топыраққа тамғанда,
Бүкіл тастар толқыны боп әр күннің,
Қозғала алмай қалған сынды таулар да!

Сес көрсетсем, Махамбетке айналып, –
Жауларыма Қорқыт көрі қазылған!
Қылышым да сол тастарға қайралып,
Тарихым да сол тастарға жазылған.

(Мүжілсе де әр түйірін мұра қыл!) –
дейді  маған құлақ түрсем сесті үнге.

Ол тастардың түскен жері тым ауыр,
Түскен жерін жылжыта алмас ешкім де!

Киелі!
Отан –  барлық бабалардың сүйегі,
Отан – барлық даналардың сыйы еді.
Тәңіріммен соқтығысып иегі,
Мәжнүн ұрпақ маңдайынан сүйеді…

Болған шақтан болашақты күтті ме,
Күн тірілді қақ айырып аспанды.
«Қазағым» деп баба сөзі бітті де,
«Қазағым» деп менің сөзім басталды!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір