Әулие Болмысты әз ақын
29.01.2021
466
0

Ақын жаны ақырғы демін үзгенше байыз таппақ емес-ті. Ақымаққа оңай-оспақ көрінетін бұл дүние-шіркінің – өте күрделі: құштарландырып, қанат бітіруге – қуаныш-шаттығы көл-көсір, аһ ұрғызып, алып жығуға – қасірет-қайғысы да қат-қабат.

Болат ЖЕТЕКБАЙ


Көкірекке толып қайғым,

Қозса егер барша «жын» –

Жоқтық, сенен қорықпаймын.

Тоқтық, сенен қорқамын!

 

Неге? Неге? Соны ұқпаймын,

Болмыс, саған бар таңым:

Мен өзгеден қорықпаймын,

Мен… өзімнен қорқамын.

 

Тағы, тағы соны ұқпаймын.

Тағдыр, саған бар таңым –

 Мен өлімнен қорықпаймын,

Өмір, сенен қорқамын!

Жаратылыстың, адам болмысының ең­бір сәулелі, сұлу, сырлы айшықтарын, мән­ді, мағыналы мезеттерін аңдағыш, өмір бойы нәзік лирикалық өлеңдерімен өзіндік әсемдік әлемін түзген ақын көресіні көре-көре, жас ұлғайғанда жағалай жарамсақ пейіл, арамза пиғыл, әпербақан әрекет, әділетсіз істерден жерініп, торығып, жалы­ғып, жайдары мінезін жоғалтты ма екен деп те ойлайсың. Әлде, тірнектеп жиған рухани қазына-байлығымен абыз жасқа – жетпіске жетіп, нағыз кемеңгерліктің кемеріне шық­қан кезі ме еді?..

Әңгімені былай бастап көрейік.

Нәті, біз қатқылданып кеттік. Бұрын­ғыдай қуана алмаймыз. Сана салғырттанды, сезім салқын тартты. Бәлкім, кеңдігімізден айрылдық, сөйтіп дархан көңілді қазақтық­тан алыстап барамыз.

Ең қорқыныштысы – түйсіксіздене, топастана түскендейміз.

Талғамымыз бұзылды, танымымыз таяздады, тарихи санамыз кеше мен бүгіннің арасында тарыла келіп, дүние-жаһанды айқыш-ұйқыш кезген көшпенділер ізінен адастық, шежіресінен жаңылдық. Ой-қия­лымыз озалда әрісі Америка асып кет­кен, берісі Алтайдан бері ауған бағзы баба­лар­ға жақындап бармақ түгілі, Еділден әрі Қырым мен Қап тауына жете алмай, оша­рылды. Қайда, қашан, неге деген сан алуан сұрақ мәнінен айрылып, төбеден салбырап түскендей табанымыз жаңа тиген жерден сөз айтатын болдық…

Шүкір, тәуелсіздік алғанымызға отыз жыл толғалы отыр, міне. Жүрекке көлденең сызат салған сынақ жылдар. Қанағатсыз көңіл, қазымыр талапшылдықпен тап­қаны­мызды ойлағымыз келмей, жоғалтқанымыз – ұрлатқанымыз, ұтылғанымыз көп дейміз ғой, әдетте. Уақыттың ұшқырлығынан ба, қан­шама оң-теріс құбылыстар қайшыласып, қаншама өзгерістер өрбігені еленбей де қалады.

Осы аралықта жат жерде жаутаңкөз ғұ­мыр кешкен миллионнан астам қандас қазағы­мыздың Отанына оралғаны ше?!

Елге ел қосылып, арқа-жарқа қуанған едік қой. «Оралман» деп көзге шұқығанымыз да рас. Құдды аса зобалаңды заман туғанда қол ұстасып туристік сапарға шығып кетіп, бәрі орын-орнына келгенде әндетіп қайта оралған қамсыз, қайғысыз қуаяқ жұрттай оларды қызу құшақтан босатқан бойда тез жатырқай бастадық, келекелеп сөз қылдық, тіпті өшіктік те. Тұрған елінен жұққан тілін­дегі, діліндегі, дәстүр-салтындағы әнтек айырмашылықтарға астамшылықпен ақия қарадық. Несін айта береміз, ол көзқарас ешқайда кеткен жоқ, қазір де бар.

Біздің тарихи санамыз – осы деңгейде.

Қоғамда қилы үдерістер жүріп жатқанда асау дарияға демеу беруге асыққан ақ бұлақ­тар­дай атамекенге сан тараптан ағылған үздік-создық көшке кемел ақылмен, кең көкірекпен шын қуанған, оның бағасын те­рең тарих безбенінде таразылай білген де сол ақын – Дүйсенбек Қанатбаев еді:

Мынау неткен күй қағыс?

Мынау неткен қиналыс?

Көкіректе кемеңгер тоғысқан соң қилы ағыс,

Шебін аңсап көкжусан, сөзін аңсап «Көке!» деп,

Көкжиектен сәл бері көрінді әне, Бейбарыс!

 

Бекемдігі бекзада, беріспейтін өліспей,

Қарағайдың безінен қайнап шыққан беріштей,

Келе жатқан Мысырдан

Бейбарыстай мұсылман

Әр адымы ұрпаққа сабақ болар дәрістей.

 

Ақ жібектен шапаны, белуардан сақалы,

Ауызында – мақалы, әрбір сөзі аталы.

Атырабын аралап, Атырауын жағалап:

«Туған жері әркімнің, – деді –

Мысыр шаһары».

 

Соны ойлап қабарған, көкірегінде көп арман.

Отанына оралған ең алғашқы оралман.

«Өзге елдің сұлтаны болғанымша, япыр-ай,

Өз елімнің ұлтаны болсамшы!..» – деп оралған.

Құлға кеткен құлдығым, тұлға болып оралған!

 

Аймалайды абыз үн ұланғайыр жазығын,

«Ат айналып, қазығын табар» деген – әз ұғым.

Бәз ұғымға айналып, қалған шие байланып,

Сарғаяды санада сағыныштың сазы мың!

 

«Айналайын, атажұрт, кейде жақын,
кейде алыс,
Жеткізбей-ақ қойдың-ау сегіз
ғасыр» дей ме арыс?!
Кезін аңсап қаршадай, әлі күнге
шаршамай,
Ұлы көшті жетектеп келеді әне,
Бейбарыс.

Мәні осы тірліктің, сәні осы тірліктің,
Жаны осы тірліктің, қаны осы тірліктің,
Отанына оралған, бүгінгі әр оралман,
Сенің дағы жанкешті қадамыңа гүл бітсін,
Шайқалмасын ешқашан,
Шаңырағы бірліктің!

Егер біреулер солай айтуды қаласа, мей­лі, өзі де ешқашан жауып-жасырған емес, ол да оралман еді. Сонау иек асты – қиян шет­тегі түрікпен топырағын, Қарақұм мен Қарабұғаздың арасын емін-еркін жай­лап, ешкімнен жасқанбаған, ешкімді басынт­паған өр, асау, арда қазақтың ұлы еді. Ал Жер – Алланың жері. Кімге нәсіп болса, сол иеленеді. Кеңес өкіметі құрылғанша ата-бабаның қыс қыстауы болған Жанғақтың ойы күні кеше шекара сызылғанда түрікпенге кетті. Көнесің, тағдырдың ісі.

Ол «Қазақ елі – Қазақстан ғана емес!» деп жырлады ғой. Кім түсінді, кім түсінбеді… Пейілі ақ, парасаты жоғары ақын күндердің күнінде күңкіл сөз шығып, кеудеден итерер көрмәдікке жолығарын әу баста ойламаған да болар, сірә.

Не керек әрі тілеу, бері тілеу,

Жігітке туып-өскен жері тіреу…

«Маңғыстау, Маңғыстауым!» деп жүрсем мен

Екен ол менен гөрі сенікілеу.

 

Інім-ай, қылдым енді нені тіреу?

Далбаса айқай екен менікі, беу…

«Атырау! Атырауым!» деп жүргенмен

Ол дағы болып шықты оныкілеу.

Япырай, қылам енді нені тіреу?

Әншейін болады ғой менікі, беу…

Шынымен мені түлен түрткені ме –

Қаңғырып кетсем бе екен түрікпеніме?..

Надандық налытады. Дегенмен, бір қарағанда түсінік-танымы, пиғыл-ниеті ауыл-үйдің, рудың маңынан ұзамайтын парықсыздарға қарата айтылғандай көріне­тін бұл өлеңнің өзегінде де бүтін тарих, тағдыр, өкініш жатыр, сартап сағыныш жатыр…

Күн төбеге көтерілгенде дүниені от орайды. Аңызақ, аптап жел қызыл жалын­ға айналған. Қыбырлаған жәндік жоқ, жаза­тайым лап етіп өртеніп кетпес үшін ініне тығылып қалған бәрі. Терезелер қара матамен тұмшаланып, жан сауғалаған ауыл жұрты тегіс түскі ұйқыға бас қойған.

Сондай кезде де үйдің артындағы бол­ма­шы көлбеу көлеңкеге бой сыйғызып, шүмектеген терді әлсін-әлсін сыпырып тастап, арманшыл жастық әсерімен қиялда­нып отырар сәттер болады. Бұлдыраған сағымды ауамен тұрқы ұзара түсіп, өршелен­ген алаудың жайқалған діріліне ұқсап желбірегендей көрініп түйелер кетіп бара жатады. Сосын… көз ұшынан беткейге өрле­ген біреуді көресің. Не тірлігі бітпеді екен?.. Тірідей шыжғырылып бара жатқан әлгі адамға таңдана ұзақ қарап, ауа жетпей, алқына түсесің.

Енді бар ғой, қалай айтсам екен… отыны үсті-үстіне салынып, қатты жағылған мон­ша­ның құрғақ буханасына пара-пар осындай тозақты Алматының саялы бағында, жер­дің жұмағында жүрген ақын қалай дәл бейнелейді деп таңданып, жұқа мұқабалы бір жапырақ кітапқа қайта үңілесің.

Күн күйіп тұр.

Құм күйіп тұр.

Күйіп тұр.

Күнде емес, көлеңкеде – «қырық бір».

Тұқайлары пісіп қалған жандықты

Қайтсең де бір көлеңкеге іліктір!

Қызыл құмды баса алмайды тірі жан

Аспан асты, жердің үсті күйіп тұр…

 

Бәрін жайғап жалғыз ғана адам жүр –

Өрт ішінен аман келген ағам бұл!

Зауал ауа, қанып ішіп шалаптан.

Көңіл бірлеп, жеңгемізге таяп сәл,

Протезді сипап қойып, дейді ол:

«Қайыр көрдік жансыз екі аяқтан».

Күнделікті көріп жүрген бірсарынды тір­лік­тің ұңғыл-шұңғылын сенен гөрі бұл аймақтан әлдеқашан қол үзген Алма­ты­да­ғы ақынның көбірек білетіні тағы таң қал­дыра­ды. Бәрі көкірегінде сол күйі сайрап тұр екен-ау! Енді айналаңа басқаша қарағың келеді.

Дала алыпқа ұқсаған

Қызығы көп ескерер.

Секірді әне бұтадан

Сүт аңдыған ешкемер!

 

Ақ сағымдар орғыған

Көкжиекті қысты бар.

Зу-у атылған оқжылан –

Электроспираль.

 

Қылыштай-ақ ұшқындап

Суырылған қынаптан:

Індікешке тышқандар

Зып береді сынаптай…

Кітапты көп оқитын, қоймен бірге ой баққан кезіміз. Тұманбай, Қадырлардың жылда жаңа кітабы қолға тиеді. Жерлес деп сыртынан мақтан тұтатын Дүйсенбек ағамыздың кітабы – «қасқалдақтың қанын­дай».

Қазір қарасақ, аз – саз жазған екен. Сезім­нің жетегінде кетіп, қызыл сөз қуу, сөздің алдамшы сұлулығына бола өрнек­те­тіп, өрекпітіп, өрістету оған тән емес екен. Тақырыпқа бағынбайтын, дерексіз, идеясыз, астарсыз бірде-бір өлеңі жоқ. Тұ­нып тұрған өтпелі өмірдің өз суреттері, қазақы тірлік, этнографиялық бояулар…

Әйтеуір өлеңдері біздің көңілімізге етене жақын-тын. Өйткені туған жерін жырлап өтті. Үлкендерден естіген ескілікті әңгімелер сол жұқалтаң кітапшада мөлдіреген өлең болып тізбектеліп алдыңнан шығады.

Қасірет үнін талдырған

Есімде ырымшыл ауылым:

– Балаяқ көтерші, балдырған,

Аман-сау келер ме бауырың?

Сәл ғана майысып қапталға

Оң аяқ көтеріп тұр бала!

Бәріміз мәз болып жатқанда

Алыстан көрінді бір қара.

 

Табиғат, сырыңа алаң ем,

Сондағы көріністің дәлін көр:

Балаяқ көтерген бала мен

Балдақпен оралған жауынгер!

Біздің құт мекеніміз – Қошоба, былай шықсаң, Жазішем, Сүйлі, одан сәл әріде – Хасан, Сүлмен. Бәрі де – кезінде дәулеті асқан, аттары дүркіреп шыққан екі кеңшарға тиесілі, біртекті қазақтар тұратын ауылдар. Дүйсенбек Сүлменде – Бесшоқы маңы, Лепес, теңіз жағасындағы Айым, Қарсы төңі­ре­гінде көшпенді тірлік кешкен от­ба­сыда туып-өскен, Красноводскінің (қазіргі – Түрікменбашы қаласы) онжылдық мектебін, медицина училищесін бітірген. «Көкдөре, Қызылқия, Шағыл, Қоймат! Отыр­мын өзіңде өткен шағымды ойлап» деп сағынышпен жырлағанындай, аталған түрік­пен ауылдарында аз-кем дәрігерлік қызмет атқарады.

Ол кездің де әңгімелері әлі күнге дейін ел арасында аңыз қылып айтылады. Сон­дай бір оқиғаны белгілі қаламгер Темір­хан Момбекұлы Түркістан былай баян­дайды: «Дүйсекеңнің – ақын, журналист, аудармашы, көркемсөз оқу шебері Дүйсенбек Қанатбаевтың негізгі мамандықтарының бірі – фельдшерлік. Жас күніндегі бір өмір иірімін айтқаны бар еді. Ақын, журналист Қаршыға Есімсейітова бір қуанышына орай редакцияны түгел үйіне шақырған. Жақсы отырмыз.

Сол баяғы алыс түкпірдегі түрікпендер ауылы. Дүйсекең – жаңадан ғана оқу бітіріп барған фельдшер. Ауыл дәрігері. Көзі ақи­ған, түрі сұсты, өзі де қаһарлы бір тү­рік­пен ақсақал бар екен. Сол келіпті: «Мұ­ратжан, тезірек жүрмесең болмайды! Әйелім өлуге айналды!» – деп абдырап, қатты абыржып тұр. Басқа науқастарды қарағанмен, өмірінде әйелді босандырып көрмеген. Әрі тәжірибесіз жас маман. Оның үстіне, ер адам, ананың жайына қалай араласпақ. Бірақ бару керек. Оны-мұны нәрселерін тез-тез жинастырып, ақсақалмен бірге келе жатыр. Үйге жақындағанда халатын киеді. Қолын зарарсыздандырады. Сөйтеді де, ішке кірмей, жайлап үйді ай­на­лады. Асықпай жүреді. Бір айналып шы­ғып, екінші рет айнала бастағанда, періштенің шар еткен дауысы шығады. Ананың жайын ойлап, жаны мұрнының ұшында жүргендердің жүрегі жарылардай қуанады дегендей. Әсіресе жаңағы қаһарлы ақсақал, қолдары дірілдеп, Дүйсекеңді айналып-толғанып, «Мұратжан! Мұратжан!» – дей береді. (Ауылдағылар түгел бұл кісіні «Мұрат» дейді екен.) Ал жас фельдшер, енді ішке кірмей-ақ, содан тиісті кеңестерін, дәрі-дермектерін береді ғой.

– Сонда әйелді аман-есен босандырған не? Ұят! Ұяттың күші! Менің келгенімді есітті, білді. «Иә, Құдай, жас балаға тәнімді көрсеткенше, өзім аман-есен туайын! Бол­маса, мені ал!» – деп жаны ышқынды ғой. Сол ұяттың күші босандырған. Әйтпесе, менің әлдеқандай сиқырым бар дейсің бе?..

Түрікпендер әлгі оқиғадан кейін оны әулие деп таныған. Тегіннен-тегін емес-ті.

Әулие болмысты ақынның Алматыда оқуы, астанада қызметте қалуы, қайта түле­ген ұлт рухындай алпысыншы жылдарда көрін­ген ғажайып толқынға өз үнімен келіп ілесуі – сол замандағы қазақ ақын-жазу­шыларына ортақ тағдыр. Көшпенді ділдің ығысып, өркениетке орын бере бастаған кезі еді ол.

Еңсесін шаң жуып та, қар жуып та,

Талай жыл сауыт болған сан ғұрыпқа,

Осынау кеңістікті мекендеген

Киіз үй секілді еді ақ жұмыртқа.

 

Ол осы кең даланы ұя қылып,

Жататын арманыңды қияға іліп.

Даланың долы желі тербеп өтсе,

Кететін сол ұядан күй ағылып.

 

Көрмеді ол бұл мекенге гүл еккенді,

Біздермен қызық күнде бір өтпеді.

Келмеске жіберді оны өкпелетіп

Өзі шайқап өсірген түлектері.

 

Біз оның ескі жұртын сызып тұрып,

Орнына сарай салдық қызық қылып.

…Осылай ер жеткенде қанаттылар

Самғайтын жұмыртқасын бұзып шығып!..

Жаңа заман өркениеті күш алып, өңмең­дей түсті, көшпенділер дәуірі аспанға – ғайыпқа көшіп бара жатты. Киіз үйде біз де өстік. Қолымызды жастық қылып желкеге айқастыра төсеп, текеметте шалқалап жат­қан түндерде түндігі түрулі шаңырақтан жыпырлай келіп үңілген жұлдыздардан сыр ауладық. Басқұр-баудың аса күрделі ою-өрнектерінен, қапысыз қабысқан жүлге-жүйелерінен әлдебір бағзы жазулар, дүние­нің тылсым жұмбағы оқылатын секілді еді. Шиі түрілген ашық іргеден аңқылдай жел соғатын.

Дүйсекең елу жасқа толғанда түрікпен жерінде әлі қарасы селдірей қоймаған қа­лың ел ағайынға сауын айтып, тізбектете киіз үйлер тігіп, ат жарыстырып, палуан күрестіріп, мерейтойын шалқыта тойлады. Белдесе кеткенде, шыркөбелек айналдырып әкеліп төбесімен жерге қадаған гүржілік түрікпен білішіне – Қожа Халнепестің баласына налыған Әділханның қисайып қал­ған мойнын қайта-қайта уқалап, «Қап, үйің күйгір Ағойлы-ай!» дейтіні сонда. Ол той­дан да әзіл-шыны аралас көп әңгіме қалды.

Желмен ұшып жоғалған дәурен!..

Жетпіс жасын тойлауға қамданып жүргенде, достары Жарылқасын Нұсқа­бай­ұлы, Темірхан Медетбек және бізді Белбұлақтағы үйіне шақырып, кең дастархан басында аз-кем кеңес өткіздік. Әттең, көп ұзамай-ақ бәріне қолды бір сілтегендей асығыс бақиға озып жөнелді. Одан бері де он жыл өтіпті. Сексені тойланбады. Індет жайлаған жайсыз кезең. Тіпті еш атаусыз қалса да оған Ғалия жеңгемізден басқа селт етер ешкім жоқ екеніне көз жетті. Кімге өкпе артасың?! Атакүлдігі Маңғыстау, Атыраудың – мұңы бөлек. Жаңғақтың ойынан үдере көшкенде малдан құтылып, тегіс мұнайшы болып кеткен жерлестері ебіл-себіл, өнерге – өлеңге қайрылар шама жоқ, қара майға шомылып жүр. Ақынның жазушы інісі Болат Қанатбаевпен көбірек аралас-құралас болдым ғой. Есіме түседі, оның кейде өз-өзінен қапаланып «Менің елім жоқ» – дей­тіні бар еді. Келіспей, дау айтамын, «елу жасыңды Шағадамда ел болып дүркірете тойлаймыз» деймін, ол үнсіз мұңайып қарап тұрады. Елу жасқа жетпеді. Шағадамда ел де қалмады. Осы беріде Маңғыстау ақын-жазушыларының елу томдығын шығарғанда оған енбеген журналист те, жәй жазбагер де қалмапты, бірақ, сол өңірде нешелеген жыл қызмет етіп, мұнайшылар туралы хикаяттарын жазған, өз тұсында облыстық газетте публицистикалық шығармаларын үзбей жариялаған Бөкең тізімде жоқ екен. Өзім туралы «Маңғыстауда бір күн де тұрмаған» деген әңгімені естігенде күліп: «Қанатбаевты қосса болды, мен ризамын», – дегенмін. Ақыры мені қосып, Бөкеңнің де, Дүйсекеңнің де кітабын жарияламады!.. Пендешілік өкпе емес, айтылуға тиіс шын­дық еді.

Тек табиғат – дала ғана төл перзентін жатырқамайды. Жусанды белесін, жұлдызды аспанын, кеуде толтыра жұтатын жұпар ауасын аңсаумен өткен ақын да шамасы жеткенінше оның суретін сан түрлі бояумен салып кетті… өлеңмен. Жырына қосты: төбесін, талын, бұлағын.

…Шылбырынан құрақ тал

Жібермейді қас қылып.

Ақсаңдайды бұлақтар

Табандарын тас тіліп.

 ***

…Мен сүйемін кең қырқада

Сексеуілдің мәуелерін.

 

Мен сүйемін бал құрақтың

Таң алдында ғажап әнін.

Отықпаған ақ лақтың

Керегені қажағанын…

 

***

Шаңқай түсте шарықтап құс – қыраны,

Дала жонын аптап жел ысқылады.

Терең-терең сайларды жайлап алып,

Ін аузында саршұнақ ысқырады.

 

Шөп біткеннің өңірін зерлетін нұр,

Тұлпарларын жатыр-ау терлетіп қыр…

Жыңғылдардың басына шығып алып,

Дәуіттері бесігін тербетіп тұр.

Сосын, шағаласы шарқ ұрған көк теңіз – қарт Каспий ғана серттен таймайды, мінезінен айнымайды.

Толқындар жатыр есіріп,

Шағала даусы үрейлі.

Әкетсем дей ме көшіріп

Аулаққа мынау дүлейді.

 

Бұл байғұс неге түсті отқа?

Өңменін сонша неге үзді?

Көгіне ала ұшпақ па

Көбікті мына теңізді?

…Сипайды бейне қол сынды

Итеріп дүлей желді де.

Астаң да кестең толқынды

Тегістеп өтсем дейді ме?

 

…Бәйек қып әппақ сезімін

Осылай талай жан өтпек.

Құшайын десе теңізін

Құшағы жетпей әлек боп.

Айтқандай, бір үлкен шаруаны ойға алып, белсене кіріспек ниетім болды. Шама жетпейді екен. Пысықтық, ылдым-жыл­дымдық, бай-манап, мансаптылармен тығыз қарым-қатынас, солардың тілін табатын ерекше еп керек екен. Өйткені бәрі қаржыға тіреледі. Сондағым: қазақ ақындарының антологиялық жинақтарын шығару. Ең үздік өлеңдер бүгінгі оқырманға жетсе деген тілек қой. Біреуден – бір өлең, біреуден – бір кітап…

Дүйсенбек кітаптарын қайта ақтарып, мақалама мысалдап, тұздықтап енгізетін өрелі өлеңдер, шымыр шумақтар, сәтті жолдарды тізбелей бастап едім, жақын маңда шегіне жетер емеспін, бұл жазбам бара-бара газет көлемі көтермейтін ауқымды үлкен еңбекке айналып кетер түрі бар. Сосын, тағы тақырыптан ауытқып, әдебиет сыншылары туралы айтылған қайсыбір пікірлер туралы ойладым. Бәлкім, шынында да, сыншыларға қаламақыны көбірек төлеп, тіпті тұрақты жалақы тағайындап, әдебиетке сараптама жүргізу, жақсы-жаманды айыратын талғам қалыптастыру керек шығар?..

Бұл – Дүйсенбек Қанатбаев туралы айтылар сөздің «піссімілләсі» ғана. Соған сенемін. «Түрікпеннің түрікпендігі – мәрт­тігінде» деп түбі бір туыс халыққа да алғаусыз көңілмен ниетін бұрып, Мақтұмқұлыны қазақ­ша жырлатқан ақынның сан қырын ашуды діттеген жоқпыз. Адам баласына титтей зарар жасамақ тұрмақ зәрленіп қарамаған жайсаң мінезін, жомарт жанын ашуды да бұл жолы ойлаған емеспіз.

Өмірінің соңғы жағында «Қазақстан» телеарнасында өмірден өтіп кеткен ақындар туралы хабар жүргізіп, талайларды «тірілтті» ғой. Енді өзі де сонау айлы аспаннан да әрі­дегі шексіз ғарыш төрінен, жұлдыздар ара­сынан тіл қататындай: «Ұмытпаңдар, мені!»

Ал ол – мөлдір поэзияны сүйетін оқыр­ман барда ұмытылмайтын ақын.

ПІКІР ҚОСУ