Берен болмысты Берқайыр
08.10.2024
318
0

Қазақ әдебиетінің ең бір өркен жайған алтын ғасыры – ХХ ғасырдың елуінші жылдарынан бастап, қазақ әдебиетінің дамуына өз үлесін қоса білген, шығармашылық мұрасы мол әрі сан салалы қаламгердің бірі – Берқайыр Аманшин.

Қаламгер өзінің «Өлеңім – өмірім» естелігінде, білімге құштарлығын оятқан балалық кезеңі туралы: «Мен ертеректің өзінде орысша-қазақша мектеп бітірген қызметкер әкенің арқасында жоқшылық көрмей, мәдениет­ті отбасында тәрбиелендім», – деген дерек береді. Бұдан түсінетініміз – қаламгердің зиялы әкенің тәрбиесінде болып, оқу-білімнің қадір-қасиетін ерте байыптап, әдеби туындылармен таныстығы ерте басталғаны. Ал бұл болашақ шығармашылық жолға бет бұрысының, соның ішінде ақындық «дертіне» шалдығуының жолашары болғаны шындық. Оның әкесі Аманшин Сәлім Орынбордағы «реальное училищені» орысша бітірген, сауат­ты жан болған. Ал анасы үй шаруасындағы әйел болғанмен, бала тәрбиесіне көп көңіл бөлген екен. Болашақ қаламгердің мектептегі білім алу жолында, белгілі бір ерекшеліктер белгі береді. Ол алғаш Астрахандағы татар мектебіне барады, онда алтыншы сыныпқа дейін қазақша оқып, соғыстың алдындағы жылдары Орынборда орыс мектебінде оқиды. Белгілі революционер Николай Бауманмен гимназияда бірге оқыған Иван Рудольфович Матцкий деген тәжірибелі қарт мұғалімнің сыныбына алынады. Болашақ жазушының орыс тілін меңгеруге сол кісінің көп көмегі тиеді. Бала сезіміне әсер еткен алғаш әдеби шығарма «Игорь полкы туралы сөз» ат­ты жырдағы әйел зары өзі өмірінде көрген ауыл әйелдерін елестетіп, қат­ты әсер қалдырады. Рухани дүниесін жаулап, жүрек түкпіріндегі бұйығы бір сырды оятқан жырды кейін түгел аударып, Алматыға, Ғылым академиясына жібереді. Жыр М.Әуезов қолына түсіп, оң баға алған. Бұл туралы қаламгер: «… сәті түсейін дегенде Мұхтар Әуезовтің қолына тиіпті. Ғылым академиясының бір жиынында менің аудармамды ол кісі мақұлдап сөйлепті», – деп жазады. Сол кітап 1951 жылы жеке кітапша болып басылып шығады. Б.Аманшин – әдебиетке осылай қадам басқан қаламгер.
Оның сөз өнеріне деген сүйіспеншілігі мектептен басталып, бірте-бірте еліктеуден еркіндікке қанат қаққан. Сол бір көкейдегі тылсым сырды тербеткен жырдың әсері жайлы кейін қаламгер ерекше жылылықпен былай еске алады: «1940 жылы «Игорь полкы туралы сөзді» өт­тік, онда «Ярославаны жоқтау» деген тарау бар екен. Бұл – Дон бойындағы қыпшақтармен соғыста қолға түскен күйеуі князь Игорь Святославичті әйелінің жоқтаған зары. Осыны мұғалимамыз алғаш дауыстап оқығанда, жесір арудың жарын сағынып, жылаған әсерлі сөздеріне көңілім босағаны сонша, класта отырып жыларман халге келгенім есімде. Жасымызда ауылда жоқтау айтып, дауыс салған әйелдерді талай көргенбіз. Ярославаның зары тап сондай, сөздерінен бұрын ырғағы, әуені де қазақтың жылауына дәл келеді екен. Дереу сол жерде, сабақ үстінде Ярославаның жоқтауын қазақшаға аудара бастағаным, менің әдебиетке алғаш ұмтылысым еді», – деп жазды.
Жалпы, әдебиетке Берқайыр Аманшинді жетелеп әкеп қосқан «Игорь полкы туралы сөз» ат­ты құдірет­ті жыр үлгісі. Мұны қаламгердің өзі де мойындайды. «Әдебиетке келу қашан да құмартудан басталатыны белгілі, мен де бұл жолдан ат­тап өте алмадым», – дейді өзін табындырған жырға құштарлығы туралы ол. Бұл – шындық. Құмарту мен қызығудан еліктеу, ал еліктеуден өзіндік бет-перде айқындауға деген ұмтылыс тұтанады. Себебі осынау жорық жырын аудара жүріп, болашақ ақын өлең жазуға ден қояды. Олар алғашқы талпыныстар болғанмен, сол алғашқы жырлардан-ақ ақындық мұраны мирас етуге мықтап бекінген жас талаптың талабын танимыз. Оның қашан да әр өлеңге өзіндік салмағын артуға талпынғаны байқалады. Мысалы, өзінің тұңғыш өлеңінің жарық көргені туралы естігенде: «Тұңғыш баспа бетін көрген өлеңім – «Биылғы май» 1942 жылы Гурьев облыстық газетінің бірінші майға арналған санында жарияланды. Оны «Бірінші май» демей, «Биылғы май» деуімнің мәні бар еді. Жылдағы кейбір кездегідей емес, бұл соғыс басталғаннан бері бірінші рет тойланып отырған май ғой. Көктем қанша гүлденгенмен жылдағыдай сәні жоқ, көңілдер солық, мереке өңсіздеу. Өйткені Батыста майдан қызған, фашист жауыздар Еділге тақап қалған кез. Мерекелік өлеңімде мен биылғы майдың осы ерекшелігін жырласам керек», – деп еске алады. Қарап отырсақ, осы алғаш жарық көрген өлең туралы естеліктен, ақын болмақ талапты жастың өлең өнеріне жауапкершілігін танимыз. Ол жырлайтын тақырыбының табиғатын жақсы түсінеді.
Көркем аудармадағы тәжірибесін ортағасырлық жәдігерден бастаған ол, орыстың классикалық әдебиетінен аудармалар жасады. Әсіресе оның А.С.Пушкин, М.Ю.Лермонтовтың өлеңдерін аударуы, бұл салада да тыңғылықты еңбек еткенін танытады. Ал прозада Толстойды қазақша сөйлетіп, ұлы жазушының «Балалық», «Жастық», «Жігіт­тік дәурен» ат­ты кітаптарын және тағы басқа шығармаларын аударып, ұлы ойшылды ұлт оқырмандарымен тілдестіре алды. Ол шетел ақындары мен туысқан халықтар өкілдерінің де туындыларын аударуға үлес қосты. Атап айтқанда, ағылшын Джордж Байрон, татар Ғабдолла Тоқай, түркімен Берді Кербабаев, қалмақ Давид Кугультинов т.б. туындыларын қазақша сөйлетіп, халықтар достығының нығаюына хал қадірінше еңбек ет­ті. Бұл жырлар 1983 жылы «Жорық жырлары» деген атпен «Жазушы» баспасынан жарық көрді.
Ол өлеңдерін қазақша сөйлеткен Салават Юлаевтың есімі башқұрт халқы үшін әрқашан қадірлі бола береді. Ал Салауат жырларын аударуға Берқайыр ақынның неге қызыққаны бесенеден белгілі. Башқұрт жұртының қол бастаған батыры, сөз бастаған ақыны Салауат рухы оның өмірінің мәніне айналған Махамбет жыраумен үндес болатын. Махамбет ақынды ерте зерт­тей бастаған Берқайыр Аманшин Ресей империясының отаршылдық езгісінің қасіретін тартқан қос халықтың айбынды ұлдарының істері мен тағдырынан тамырластық тауып, екеуін өте жақындықпен зерт­тей бастаған-ды. Міне, соның нәтижесі Салауат­тай сардар ақын-жырларын өз оқырманына от­ты рухын бәсеңдетпей жеткізуге ұмтылдырды. Ұмтылдырып қана қойған жоқ, қол жеткізді. Б.Аманшин Салауат жырларын башқұртшадан тікелей аударған екен. Бұл да оның аударма саласындағы құп аларлық көрінісі болып табылады. Көбіне біз орысшадан аударуға құмармыз. Түркітілдес туыстас халықтардың өзінен осылай жасаймыз. Берқайыр ақын осы қалыптасқан дәстүрді бұзушылардың бірі десек те болады.
Берқайыр Аманшин Махамбет­ті қалай терең түсінсе, Салауат­ты да солай қабылдаған. Оның жауынгер ақын туралы: «Салауат Юлаев – башқұрт халқының ардагер ұлы, ұлт­тық қаһарманы. Ол – Россиядағы феодалдық басы байлылық өкіметке қарсы… көтерілістің батыр сардары, жауынгер жыршысы. Бүгінде әлемнің қай қиырына барсаң да башқұрт дегенде, алдымен, Салауат­тың аты аталады. «Ерді ел туғызады, елдің атын ер шығарады» деген – осы» деген мына ойлары нақты дәлел. Жинаққа енген жырлардан Б. Аманшин аудармасымен басылғандары: «Туған елім», «Оралым», «Соғыс», «От», «Жігітке», «Сандуғаш», «Киіз үйім», «Зылиха» өлеңдері мен «Бугәшәумен (Пугачевпен. – А.Е.) қос болып, батыр ермен дос болып» толғауы және «Салауат батыр» ат­ты тарихи дастан. Олардың бәрі де өте көркем, өзіндік әсем әуезі сақтала аударылған. Бұл жырлардан дауылпаз ақын, жалынды жырау Салауат­тың майдан даласында жеңіс дабылы жаңғырған жырларының даусын естігендей боламыз. Шерулес серіктерінің намысын көкке көтеріп, ұлы айқасқа үндеген ақынның өткір толғауларын, жалыны лапылдаған құрыш қуаты бір мысқылдан кемімей жеткені күмәнсіз. Жинақтағы жыр жолдары соның айғағы. Міне, «Соғыс» ат­ты өлеңі:
Бұл заман нені көрмеген,
Ерлер де өткен еңіреген.
Асқақтап биік арманмен,
Аспанға даңқы өрлеген.
Жорықта ат­тан түспеген,
Жұртына пайда істеген.
Дұшпанға тізе бүктіріп,
Тажалды жеңген күшпенен.
Ақ дауыл соқса сынбаған,
Аждаһа көрсе қыңбаған.
Жын пері салса сиқырын,
Жеңбейде көңіл тынбаған.
Ардагер өт­ті-ау талай ер!
Аруағың мені қолдай гөр.
Жасанған жауға шабуға,
Тарланым, қанат қомдай гөр.
Қанымды менің аңсаған,
Үш жүз жау тиді қарсы алдан.
Жайрат­тым жалғыз талайын,
Қан жоса болды қанша адам!
Жеңілді қалды, жау тынды…
Жетектеп шықтым атымды.
Отырмын өзен бойында,
Қайталап дұға антымды:
Дес бермен жауға, жеңілмен,
Аллама аян көңілмен.
Азат­тық үшін айқаста,
Аламын алғыс елімнен!
Өлеңді түгелдей келтіруіміз шағын­дығы­­нан емес, Берқайыр тәржімасы ар­қы­лы жеткен өлеңдегі рухты сезіндіру. Әрине, біз Салауат жырларының башқұртшасына аудармашыдай терең бойлай алмаймыз, сондықтан да түпнұсқаны тәржімамен салыстыра қарай алмаймыз. Әйтсе де, жоғарыдағы өлең жолдарынан жорық жырының лебі есіп-ақ тұр. Жалпы Салауат жырын түпнұсқаға санаудың өзі қисынсыздау. Себебі оның жырлары башқұрт­тарға орысшадан тәржімаланып жеткен. Көтерілістен соң «… ұзақ жүз жыл бойында оның айбынды атын атауға тыйым салынды. … Салауат­тың өлеңдерін отқа өртеді, ол үшін айып таңып, қамшының астына да алды», – деп жазыпты ол жайында Мұстай Кәрім. Ондай жағдайда ақын жырларын жинап, ел жадында қалдырудың жолдарын қарастыру мүмкін емес-ті. Ақын жырларын ХІХ ғасырдың екінші жартысында орыс өлке танушылары ел аузынан жазып алып, орысша аударып бастырған. Одан қайыра башқұрт ақыны Рашид Ниғмати башқұртшаға тәржімалаған. Осынау екі қайтара аударылған дүниені Б.Аманшин қазақ оқырмандарына Салауат­тың ақындық рухын сақтай отырып, жеткізуге тырысқан. Тағы қайталап айтамыз, Махамбет­тей өр ақынның өлеңдерімен жастай сусындап өскен Берқайыр ақын көкірегінде қат­талған Салауат жырларын ұға алды.
Ақын, драматург, жазушы, батыс өңірі әдеби тұлғаларының танымал зерт­теушісі Берік Қорқытов өз естелігінде, Б.Аманшиннің балалық шағын былай деп еске алып, шығармашылығының бастау кезеңіне де жарық түсіре кетеді: «1937 жыл. Бұрынғы Есбол ауданының орталығы бүгінгі Индер ауданының Правда совхозы орналасқан Кулагино поселкесінде көрші тұрдық та, балалық шағымызды бірге өткіздік. Кластас болмағанмен оқитын мектебіміз бір болды. Сол кездің өзінде ойынымыз да, ойымыз да бірге болатын. Ол қиялшыл да, арманшыл да, ойшыл да еді. 1943 жыл. Облыстық «Социалистік құрылыс» газеті босағасын ат­таған алғашқы айларым. Бір күні редакцияға «Мұнайшы қыз» ат­ты өлең келіп түсті. Адресі Мақат­тан, авторы Б. Аманшин көзіме от­тай басылды, қол таңбасын бірден тани кет­тім.
Албырт көңілің жаудан жеріп,
Кеудеңе ыза ұялап.
Қалың құрыш қатарға еніп,
Болдың сен де азамат… – деп, басталатын осы шағын өлең газетке басылды», – дейді зерт­теуші Берік Қорқытов.
Берқайыр Аманшиннің жастық шағының кезеңдерін көзге елестететін тағы бір естелік бар. Бұл естелік иесі – өткен ғасырдың сексенінші жылдары Атырау облысы, Қызылқоға аудандық партия комитетінің хатшысы болған Төлеп Тілегенов деген азамат. Ол былай деп жазады: «Қазіргі Мұқыр акционерлік қоғамы 1930 жылы Махамбет ауданының «Бақсай» қаракөл қой совхозынан бөлінген. Бас мал мамандары кіл орыс жігіт­тері болған. Берағаң сол кезде Доссордан осында келіп, малшылармен екі ортада аудармашылық қызмет атқарыпты. Біз бұрын талай кездесіп жүрсек те, соғыс жылдары осы кісінің осындай да қызметке барғанын естімеп ек». Бұл естеліктен ұғарымыз екі нәрсе. Жас кезінде Б. Аманшин елде түрлі деңгейде жауапты қызмет­тер атқарған. Соның бір дерегі осы естелікте бар. «Ол кезде ағамыз аудандық кеңес атқару комитетінде жауапты хатшы.
Шаршадым қаулы жағып исполкомде,
Исполком қырық мәселе қарап күнде.
Сартылдап уәкіл боп мен де жүрдім,
Баққаным карта ойыны мен арақ күнде, – деп еске алатын…». Сол кездегі әкім-қараның сандалбай тіршілігі мен мәнсіз міндетінен хабар бермей ме, бұл жолдар. Оның кейін осынау қызметкерлік жолдан бұрылып, шығармашылыққа күштеуіне, осы мәнсіз тірліктің мезі етер міндет­тері себеп болса керек. Өткен жылдарда ұйымдастырушылық қабілеті мен қаламқарымын қатар таныта білген азамат. Бұл жайында
Б.Қорқытов естелігінде нақты деректер берілген. «Осы жылы (1943 жыл), – деп жазады ол өз естелігінде, – облыстық комсомол комитеті жабық әдеби конкурс өткізді. Сонда Берқайырдың екі актылы «Мұнайшылар» пьесасы бәйге алды». Міне, Берағаңның тағы бір қыры жарқ ете қалды! Оның кейін республика театрларында қойылып, көрермендер көзайымы бола білген драматургиялық шығармаларының іргетасы сол жылдарда қалана бастағанының куәсі боламыз. Тағы да естелікке көңіл бұрайық. Өйткені шығармашылық тұлғаның алғашқы адымдарынан көп хабардар етеді. «Мектепте 6-сыныпқа дейін қазақша оқып, одан соң орысша білім алған Берқайыр Аманшин өмірбаяндық «Өлеңім – өмірім» жазбасында «Иван Рудольфович Матцский деген тәжірибелі қарт мұғалімнің класына тап болып, орысша үйренуіме сол кісінің көп пайдасы тиді. Бұл оқуларды ҚазПИ-дің тіл-әдебиет факультетінде сырт­тай оқып жалғастырдым», – деп жазады. 1953 жылы ҚазПИ-ді бітіріп, Атырау облыстық мекемелерінде, Қызылқоға ауданында қызмет істейді. Жалпы, Берқайыр Аманшиннің туған жері Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданы болса да, Жетісу жеріне, көрікті Алматыға біржолата қоныстанғанға дейін өскен өлкесі, білім мен өнеге-үлгі алған ортасы, алғаш еңбекке араласып, үйленіп, отбасын құрған жері – Атырау, Жайық алқабы. Бұл туралы ол өзінің «Оралу» ат­ты өлеңінде:
Сонда да жүзің ыстық, Орал маған,
Тусам да топырағыңда, жастай кетіп.
Ер жет­тім сонау Үйшік қыр жағында,
Ол елге мәңгі-бақи ырзамын да.
Еңбекке, ең жақсыға бөлеп жастай,
Жанымды бөлеген сол жыр жалынға.
Жыр жалын қанат­танды, қалықтады,
Қалықтап, Алатауға алып барды.
Қайда да өз бесігім өз үйімдей
Жақсы екен жаны жайсаң халық бары, – деп жырлаған болатын.
Ол 1948–1952 жылдары Алматы облысының Жамбыл ауданында, Алматы облыстық атқару комитетінде, 1952–1953 жылдары Қазақстан КПОК-інде жауапты қызмет­тер атқарды. Елуінші жылдардың орта шеніне бастап, әдеби ортаға жақын шығармашылыққа қатысты орындарда қызмет атқара бастады. 1953–1954 жылдары қазақ мемлекет­тік көркем әдебиет баспасында, 1954–59 жылдар «Қазақ әдебиеті» газетінде әдеби қызметкерлігімен шұғылданды.
Берқайыр Аманшин – жергілікті жердегі әдеби шығармашылықтың өркендеуіне, талант­ты жастарды тәрбиелеу ісіне, әдебиет­тің ел ішіне кеңінен қанат жаюына елеулі еңбек сіңірген азамат. Ол 1959–1965 жылдары Жазушылар одағының Батыс Қазақстан облыстық бөлімшесінде жауапты хатшы қызметін атқарды. Туған жеріне ұзақ жылдардан кейін оралған ақын, бойындағы күш-қайратын сарқа еңбек ет­ті. Туған жерге оралған сәті туралы ақын былайша тебіренген екен:
Жан емен Жайық сырын көп аңдыған,
Сонда да жүзің жылы, Орал маған.
Тусам да топырағыңда жастай кетіп,
Мен саған ұзақ жылдар оралмағам.
… Жылы жүз, жаны жомарт жанашыр көп,
Бәрінің кеткендейсің баласы боп.
Шыр етіп жерге түскен жерін сондадағы,
Адамның аңсамасқа шарасы жоқ.
Сол жердің есімде еді сурет­тері,
Байғұт­ты, Шолаққамыс қыр бет­тегі…
Қосайын тағдырыңа тағдырымды,
Туған жер, бар жақсыңа үйрет мені.
Қаламгердің Батыс Қазақстан өңіріндегі әдебиет­ті өркендету ісінің ұйымдастырушысы ретінде ірі қайраткерлік келбетін таныт­ты. Атырау –Жайықтың талант­ты жас талапкерлеріне ағалық қамқорлығын жасап, ақыл кеңесін беріп отырды.
Берқайыр Аманшиннің осы жылдардағы қызметінің жемісті тұстарын ақын Мақсұт Ниеталиев те кеңінен толғап толықтыра түседі: «Жастау тұсым еді. Атырау аймағындағы облыстардың жас қаламгерлерінің кеңесі өткізіледі деген хабармен, аты-жөні әлі де облыстан әріге таныла қоймаған үлкенді-кішілі бір топ адам Гурьев қаласында бас қостық. Күн тәртібіндегі мәселе жергілікті әдебиетшілердің шығармалары және олармен жұмыс істеу міндет­тері туралы еді. Бұл жөнінде бұрын өңі-түсі таныс емес, қоңырқай жүзді, шашы қара, орта бойлы, жас жігіт баяндама жасады. Таныса келе білдік, сол жылы жаңадан ұйымдастырылған Қазақстан Жазушылар одағы облыс аралық бөлімшенің жетекшісі болып тағайындалған ақын Берқайыр Аманшин екен». Сол жиылыстағы 35-ке толмаған жас жігіт жасаған баяндамаға тәнті болған жас ақын, кейінгі өмірінде сол бір асыл азаматпен ағалы-інідей болып қоймай, рухани жақындасып кетеді. Ол тағы бірде 1959 жылдың төртінші желтоқсанында Берқайыр Аманшин баяндама жасаған облыс әдебиетшілерінің тұңғыш кеңесі өткен күнді: «Бұл күн атыраулық жас ақын-жазушылардың жадынан шықпақ емес», – деп бағалады және де «Бер-ағаң бастап берген сол бір кеңестің Атырау аймағынан жас талант­тардың қаулап өсуіне, атап айтсақ, бүгіндері есімдері елге танымал болған бұрынғы КСРО, қазіргі Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері Берік Қорқытов, Жәрдем Тоғашев, Марат Ысқақов, Фариза Оңғарсынова, Жұмекен Нәжімеденов, Меңдекеш Сатыбалдиев, Аманқос Ершуов, Амангелді Жылқышиев, Қырықбай Бекбаев, Нұралы Әжіғалиев, Күзембай Әміров, Зұлқарнай Дабылов, Көпжасар Оспағамбетов, Тұрар Құрманғалиев және осы мақала авторы, сондай-ақ баспасөз арқылы көрініп жүрген ондаған талапкер жастардың әдебиет әлеміне енуіне зор ұйытқы болып, ықпал еткенін үлкен ілтипатпен еске алмауға болмас еді», – деп емірене еске алады. Содан соң сол жылдардағы аға қаламгерлердің кейінгі өскелең жасқа жасаған қайырымды істерін, тәлімгерлік тағылымын, жас ақын-жазушылардың кәсіби шеберлігін арт­тыру жолындағы көпке ұнаған қайраткерлік қасиет­терін ризашылық көңілден тәптіштей жазады. «Берқайыр Сәлімұлы үлкенге де, кішіге де аса мейірімді әрі қайырымды жан болатын. Ол жоғарыда жазылған ақын-жазушылардың қай-қайсысының жинақтарын шығару жөнінде орасан үлкен көмек көрсет­ті. Біз, Меңдекеш, Фариза, Жәрдем – бәріміз қатар шықтық. Сол тұста бізді қайта-қайта республикалық кеңестерге алып келіп, қолжазбаларымызды талқылап, хатшы Жұбағаңа кіргізіп, өзге де ақындармен таныстырып дегендей, ерінбестен еңбек ет­ті. Мұны көзі тіріміздің ешқайсымыз да ұмытуға тиісті емеспіз. Алпысыншы жылдардың басында Бер-ағаң Орал қаласынан Атырау қаласына қоныс аударды. Нақ осы тұста облысқа Ғабиден Мұстафин, Ғабит Мүсірепов, Жұбан Молдағалиев, Әбу Сәрсенбаев, Ғабдол Сланов, Хамит Ерғалиев белді ағалар бастаған белгілі ақын-жазушылар ағылып, келе бастаған-ды. Солардың барлығымен кездестіріп, сөйлестіріп, шығармашылық көкжиегімізді кеңейте түскен осы Берқайыр болатын», – деп жазады ақын Мақсұт Ниеталиев
Орал барып, одан Атырауға ауысқан Берқайыр Аманшин араға алты жыл салып, Алматыға қайта оралды. Шығармашылық еңбекке біржола ден қояды. Бірақ кеңселік қызмет­ті де қоса атқарады. 1965–71 жылдары «Жұлдыз» журналында бөлім меңгерушісі, 1971–73 жылдары Қазақ КСР Мәдениет министрлігінде өнер жөніндегі басқарма бастығының орынбасары, 1973–79 жылдары «Мәдениет және тұрмыс» журналында бөлім меңгерушісі, Қазақстан Жазушылар одағында кеңесші қызмет­терін атқарады.
Өзінің саналы ғұмырында шығармашылық тазалыққа, ардың ісіне деген адалдығын сақтап өткен қаламгер «Өлеңім – өмірім» ат­ты жазбасында өзінің тұңғыш кітаптары жайында мынадай ойлар айтыпты: «Тұңғыш өлеңдер жинағым 1954 жылы шықты, кейінгі «Жайық желі» ат­ты таңдамалы өлеңдеріме одан тек бір-ақ өлең енді. Екінші кітабым, «Бұтақтағы бұлбұлдар» одан едәуір әрлілеу, нәрлілеу шықты, мені әдебиет әлеміне танытқан осы кітабым ғой деймін. Бірақ онда да, одан кейінгі өлең кітаптарымда да осы күнгі көзімен қарағанымда, өз көңілім толмайтын біраз дүниеліктер жүр». Адамға қарапайымдылық жарасады дегенмен, өз туындылары туралы шындықты айту және оны шын айту – екінің бірінің ісі емес. 1954 жылы «Өлеңдер» жинағынан бастау алған шығармашылық шабыт қазақ әдебиетіне жиырма кітаптан астам олжа салыпты. Олардың биігіндегі көңіл жылытар жыр жинақтар мыналар: «Бұтақтағы бұлбұлдар» (1958), «Жетісу-Жайық» (1961), «Менің өмірбаяным» (1965), «Маңғыстауым менің» (1972), «Жайық желі» (1978), «Құт­тыхана» (1983). Сондай-ақ жайсаң жазушы қаламынан шыққан «Жар мұңы» (1968), «Көкжар» (1971), «Ақ жүректер» (1975), «Гүл көтерген» (1982) повестер мен әңгімелер жинақтары жарық көрсе, қаламгердің ғұмырлық дүниесі болған Махамбет жайлы «Махамбет­тің тағдыры» романы өзі дүниеден өткен соң 1987 жылы басылып шықты.
Сан қырлы саңлақ дарын драматургия жанрында қалам сілтеген-ді. Оның «Исатайдың семсері», «Таныстық керек», «Жұлдыз», «Жақия», М.Грешпен бірігіп жазған «Жылама, Дәмеш», «Маңғыстау оқиғасы» т.б. пьесалары республикалық және облыстық театрлар сахналарында қойылды. Жоғарыда атап айтып кеткеніміздей, оның алғашқы пьесасы «Мұнайшылар» 1943 жылы жазылғанын еске алсақ, бұл бағыт­та да ерте еңбектене бастағанын байқаймыз. Драматург қаламынан жаралып, сахнада түлеген спектакльдері тарихи және өз заманының сан салалы мәселелерін қамтып уақытпен үндесіп жататын. Өткен мен бүгінгінің сан тарау оқиғаларын ел тарихымен байланыстыра ашып, оқиға өресіндегі тартыс пен характерлер қақтығысының шындығы әдеби нұсқаға орнықты көркем шешімін тапқандықтан да республика және облыстық өнер ордалары бұл драматургиялық шығармаларды жылы қабылдап, өз репертуарынан үнемі орын беріп отырды. Сөйтіп, драматург таланты мен театр ұжымдарының шығармашылық бірлігінен көрермен көңілінен шығар дүниелер жасалды.
Берқайыр Аманшин дәстүрлі сипат­тағы өз зерт­теулерін ғылыми талқылаудан өткізіп, оны ғылыми кеңесте қорғап, құжат­тық негізде ғылыми атақ, дәреже, даңқ алған ғалым емес. Әйтсе де, өзіне тән сабырлы қалыппен «ақырын жүріп, анық басып» (Абай) әдебиет­тану тарихына қатысты бір емес бірнеше ғалымға жүк боларлық толайым іс тындырған зерт­теуші. Оның өз зерт­теулерінде ізденісіне арқау еткен тақырыбы бойынша өзгелерден оқ бойы озық кетіп отыруының өзіндік сыры бар. Ол сырдың мәні – кеңестік тұстағы ғылыми жұмысқа қойылған талаптар шеңбері мен шектеулерге Берқайыр зерт­теуші көзқарастары мен ой-тұжырымдарының сия бермегені. Әсіресе бұл махамбет­тануға қатысты айқын танылады. Жоғарыда айтылған өз бетінше жазған соң, ол еркін болды. Өзі жақсы білетін Батыс Қазақстан, Атырау аймағының әдебиет тұлғаларын зерт­теуге, олардың әдебиет тарихына енуіне ерекше еңбек ет­ті. Ақындар Ығылман Шөрекұлы, Шернияз Жарылғасұлы, Махамбет Өтемісұлы, тарихи тұлға Исатай т.б. туралы тың деректерді тірілтіп, мұрағат­тарда көзден тыс жатқан құжат­тарды тауып, ғылыми айналымға қосты. Бұл, әсіресе оның Махамбетке қатысты еңбектерінде айқынырақ көзге түседі. Жалпы Махамбет Өтемісұлына байланысты еңбектерді екі бағыт­та жазылды десек болады. Оның біріншісі – тарихи тағылымдық мәні басым бағыт. Атап айтқанда, Исатай-Махамбет бастаған ұлт-азат­тық көтерілістің тарихнамасын жасау, көтеріліс басшылары мен көтеріліске қатысушы тарихи тұлғалардың ғұмырнамасына деректік сенімді түзетулер енгізу. Екіншісі – Махамбет­тің ақындық болмысын ашу, оның шығармашылық жолын жүйелеу және өлең-мәтіндеріне текстологиялық тұрғыдан өңдеулер жасап, оларды талдап, ақындық экспрессивті, шығармашылық иррационалдық тұрғыдан ұғындырып, Махамбет ақынның өзіне ғана тән қолтаңбасын айқындау болып табылады.
Берқайыр Аманшиннің Махамбетке қатысты еңбектері махамбет­тану саласына қосылған іргелі ізденістер арнасына айналып, Махамбет­тің тарихи тұлғалық, ақын ретінде шығармашылық ерекшелік қасиет-қадірін тануға алдыңғы толқын зерт­теушілер Х.Досмұхамедов, Қ.Жұмалиев сынды ғалымдар еңбектерін толтырып қана қоймай, кейінгі зерт­теулерге жолбасшы болып, әдебиетші ғалымдардың тарихи ізденістеріне жөн сілтеуші сенімді таным көзі ретінде әдеби ғылыми ортада толығынан мойындалды. Уақыт өткен сайын Махамбет жайлы терең зерт­теулер жүргізген Б. Аманшин еңбегінің құндылығы арта түсері сөзсіз.
Міне, ізденіспен өткен ғұмырдың сан салалы қыры осындай. Саналы ғұмырын шығармашылық шабытқа бөлеп өткен талант иесі әдебиет әлемінің қилы саласында, түрлі жанрында ерінбей еңбек етіп, ел сүйіспеншілігіне бөленген елеулі туындылар берді.

Айгүл ЕРМЕКОВА,
филология ғылымдарының
кандидаты

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір