«Қазақ әдебиеті» ұлттық рухымен еңселі
26.01.2021
486
0

Қазіргі ұлт руханиятының айнасы «Қазақ әдебиеті» газеті жыл бойы сара мазмұндарды, ойлы мақала­ларды оқыр­манға ұсынып, сан алуан тақы­рып­тарды қамтыды. Газетіміздің тұрақты авторы, жазушы Қайсар Әлім «Қазақ әдебиетінің» өткен жылына шолу жасады.

Баспасөз – заман айнасы, уақыт тынысы десек, бағзыдан бері оның ырқында кетіп, ықпалына бағынбаған, тұмса табиғатымен әрі қазақы­лығымен оқыр­ман­дарына қымбат газеттің бірегейі, осы «Қазақ әдебиеті» екендігіне талас бар ма? Жоқ, әрине! Оның жаңа санын қолға алдың ба, сексен алты жылдық шежірелі тізбесінің сарғайған сағынышты жүзі, парақ сусылынан ескен уілі мен демі бетті шарпып, жүректі дір еткізерліктей сезімге бөлеп ала жөнелетіні несі екен?

Бақсақ, оның мәнісі мынада екен-ау. Басылым тұсауын кескен сонау алыптар мен бүгінгі егемен елдің еркін қаламгерлерінің үндестігіне саятын тылсым сырдан таралыпты күллі табыс сипаты. Бұл уәжді пікірге оқырмандық өтіліміз өткірленген ұзақ мерзімнің елеуінен өткен және де бергі кезеңдегі газет түр-мінезінің ерекше мазмұн, бағыт-бағдар айқындығымен әсерленген көңілімізбен түйін жасағандаймыз.

Жүрек ықыласын түртіп, күштеп оятуға ешқандай пәрменнің бұғалығы, тіпті қылбұрауы да дәрменсіз ғой. Ал бүгінгі «Қазақ әдебиеті» өзіне деген ыстық ықылас пен іңкәрлік сезімді бал дәмімен талғағандай боп алабөтен құйындатып әкетеді. Міне, бұл өзінің әдебиет, мәдениет һәм өнер апталығы ретіндегі айдынды да айбынды желкен кергенінің және де осы өркенді өрістің қазақы қалыппен ұлтжандылық туын көтергендігімен еңселене түседі. Оны оқып отырып қазақ болғаныңа шаттанасың. Себебі рухани мүдделіліктің қайнар көзі жүректі міржақыпша оятып, мағжанша жыр әлдиіне бөлейді. Немесе күллі классиктер жиылып алып, сенің жұдырықтай жүрегіңді жанартаудай атқылатуға жігер құйып жатқандай жасындайды. Жарқылдайды. Жан сарайыңды тәуелсіздік нұрымен сәулелендіріп, болмысыңды сән-салтанатқа кенелтеді.

Тылсым күш өз дегеніне тыпырлатпай бағындыра салады. Сондай тегеурінділік газеттің әрбір айдарына ұялаған жарияланымдардан бебеулеп тұратындай. Бәрін айт та, бірін айт демекші, Ж.Аймауытовтың французшадан тәржімалаған «Дәмелі» романының үзіндісін алты Алашқа сүйіншілегені олжа салды. Рухани рәуішті жаңғырығымен әр жүректі құлпыртып жібергендей. М.Әуезовтің Америка сапарын өз жазбасынан оқығандардың тамсанысы алабөтен десек те, ұлы жазушының сол жолғы зиялы жүріс-тұрысынан, шымыр кездесулерінен сомдалған бейнесін өзгеше құштарлықпен баяндаған сырт көз автордың ағылшынша жазбасын газеттің өз тілшісінің аударып жариялап ұсынуы да қисындылығымен, қимастылығымен көңіл баурайды.

Газет аясы шетелдік әдебиет тарландарының, Нобель сыйлығының лауреат­тарының тәжірибелік мінберден сөйлеуімен кеңейе түсіпті. Әрине, бәрін қамту мүмкін емес. Десек те, «Роман-газета» мен «Литературная газета» басылымдарының, әрине Орталық Азия әдеби баспасөзін қамти отырып шағын үлгідегі «дайджест» әзірлеп ұсынудан да ұтарымыз мол болар еді.

Өткір сұхбаттар өз алдына бір мерейлі іс. Бір қуанарлығы, баяғыдай жалтарма жауаптар сырғытпасы емес, әдебиет, мәдениет, өнер саласының өзекті мәселелерін қаузаған қызуы мол, қағидаттарынан қайтарым қарпылатын танымдық дүниелерге жол ашылды. Оқып біткеніңде кәдеге жарарлық ой-толғаныстарға тұшынасыз. Ал ақын Д.Берікқажыұлының жүрекжарды сұхбатындағыдай жақсы өлең жазу мен азамат болып қалудың астарларын індете іздеудің миссиялық міндеті хақындағы тебіреністері әркімнің жүрегін сыздатпауы мүмкін емес деп ойлаймын.

Дәстүрлі ұлттық ән-жырдың, күмбір күйлердің орнын басқан дызалақ дабыра, у-шу, шоу типтес арзанқол музыканың эфирді жаулап алуынан сескенген жазушы Қ.Жұмаділов бірнеше рет тиісті сала минис­тріне ашық хат жолдап, тұғырлы өнердің мәнсіз көкпарға түспеуіне алаңдағаны отансүйгіштік ашыныс еді. Газет арқылы жауаптасқан билік өкілінің пәрменімен қазір байқалатынындай, телевидение мен радио ұтырлы ұлттық рухымен жаңғыру үрдісіне көшкен. Қуантады, әрине. Терең тамырлы мәдениеттің мәйегін сүзгіден өткізуден еш тынбайтын қағілез Қабдеш ағаға мың тағзым!

Сондай-ақ, жосықсыз, жөнсіз, теріс пиғылды ой айтып, пікір қалыптастыру ыңғайындағы кертартпа, секемшіл де сәуегей авторларды дер кезінде тежеудің амалын да осы газет өз тәжірибесінде қалыптастырып алғанға ұқсайды. Айталық, ұлы Абайға қатысты, т.б. келеңсіз жазбалардың ақ-қарасын анықтаған қарсы мақалалардың көздегені де әділдіктің үстемдік құруы еді.

Басылым айқарма бетінің тұтастай өнер саңлақтарының сұрыпталған туындыларына арналуы, жан сарайды аша түседі. Одан театр сахнасында, сурет көрмесінде, фотоөрнектер галереясында болғандай әсерге бөленесіз. Бір ғана көрнекілік көзайымына баларлық сондай топтаманың үздігі дерлігі – Абай бабаның бейнесін театрда сомдаған актерлердің келбетімен қайта танысу ләззатын сыйлауы еді. Мұндай ғанибетті ізденіс жалғаса берсінші деген тілек қосамыз.

Соңғы кезде жас ақын-жазушылардың шығармашылығына алабөтен қолдау, қамқорлық сезіледі. Дәстүр жалғастығы, әрине. Дегенмен газеттен мол орын берілуі келешекке артылған үміттей сенімділік нығайтады. Таланттар бүгін ретсіз тұсалмаса, ертең тұлпарлана түспей ме! Осы орайда дарынды прозашылардың әңгімесімен қатарластырылып, оның жазылу сипатына қатысты сұхбат берілуі – көркемдік табиғатын ашуымен, яғни шеберлік зертханасын шолулағандай әсерге бөлейді.

Арғы-бергі классиктердің туын­дыларына, бүгінгі талантты шығармаларға жүйелі беріліп келе жатқан рецензия-пікірлер тағылымымен ерекшеленеді. Әйтсе де нысалы (талданатын кітаптар тұрғысында) таңдауды, іріктеуді ширата түскен жөн секілді.

Әдеби сын – газет бағдарының да берекелі тірегі іспетті ғой. Осы атрибуттың айқындығына қатысты беделді сыншылардың алуан айшықты ой-толғаныстарының беріліп тұруы, әдебиет өркендеуінің алғышартына саяды. Құптарлық, әрине.

«Пруст сауалнамсы» қаламгерлердің қаншама ішкі сырын ақтаруымен құнды болса, оның үздік формадағы, өз рухымызға етене жақын тәсілі – «Шәкәрімнің бес сауалы» да сүйікті газетімізді тағатсыздана күттірудің бір амалына айналғаны ақиқат.

Иә, газеттің әр саны зор аңсармен күттіргені қандай жақсы. Лайым, жалғаса бергей. Міне, бір ойды бір ой түртеді… Осы біз төл газетімізді жаздырып алып оқимыз ба? Әлде бас редактор Д.Қуат ашына жазғандай, мақала шыққан кезде ғана газетті май шаммен іздегендей боп, редакция табалдырығын тоздырамыз ба? Ал жаздырып алатындардың да базынасы барын бүгіп қалмайық. Енді бұл жайт газетті тасымалдап, жеткізушілер тарапынан аракідік белең алатын енжарлығына қатысты боп келеді. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласына газеттің 97 данасы келеді екен, мұның бесеуі Елорда маңы жазылушыларының үлесіне тиеді. Ал шаһарда жүзден астам жазушы тұрады. Осыдан не сыр аңғарар едіңіз? Әркімнің ұятына қалдыратын сауал екен бұл!..

«Қазақ әдебиетінің» ежелден тұрақты оқырманы ретінде, газеттің бүгінгі сапалық мазмұнына қатысты разылық пейілмен осылайша ой сабақтаппыз. Жаңа жылда да сүйінішті пікірде болайық. Сөз соңында Жазушылар одағы өз қанатының астына саялатқан тағы бір қадірлі басылым – «Жұлдыз» журналын жуырда «Үркер» сыйлығын иемденуімен құттықтасақ, «Қазақ әдебиеті» де шырайланып қалатынын сезіп отырмыз. Жүлде жұғысты боп, жазар көбейсін!

Қайсар ӘЛІМ,

жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Президент сыйлығының лауреаты

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір