Өмір деген – толассыз бір арпалыс
Ибрагим Бекмаханұлы
КҮБІ ДАУСЫ
Тамылжыған тамыздың таң нұрындай,
Уылжыған анамның ән-жырындай.
Күбі даусы…
Күмбірлеп жатушы еді,
Біздің үйдің тіршілік тамырындай!
Қоңыр саз бар күбінің күмбірінде,
Оянушы ек ғажайып сол бір үнге.
Күбі піскен анамның нұрлы жүзі,
Қалды ұялап көңілімнің мөлдірінде.
Өмір күйін таң сайын төгілдірген,
Күбі даусы сыйлайтын көңілді рең.
Бұлбұл ұшты көзден сол қайран күндер,
Анамды ойлап толқиды көңіл-күрең.
Еңбек еткен күн-түні бүгілместен,
Қазан асып, сүт сауып, күбі піскен.
Қайран ана қолынан аққа жарып,
Біз есейдік жоқшылық білінбестен.
Кезі келсе бақша егіп, шөп шабатын,
Қиялымен шарлайтын көк қабатын.
Ертең қолын ұзартар көп баланың,
Жәйін жасап, көңілін дөп табатын.
Із бар көрген өмірге бейімделіп,
Еңбек еттік ақыл-ой, зейіл кеңіп.
Қайран анам құятын тостағанға,
Жаңа піскен айранын пейілденіп.
Өтті жылдар…
Біз кеттік жырақ алыс,
Өмір деген – толассыз бір арпалыс.
Ауыл жаққа елеңдеп, құлақ түрсем,
Күбі даусы күмбірлеп тұрар таныс.
Тамылжыған тамыздың таң нұрындай,
Уылжыған анамның ән-жырындай.
Күбі даусы…
Күмбірлеп жатушы еді,
Біздің үйдің тіршілік тамырындай!
АТАЖҰРТ
Туған ауыл,
Түндігіңнен айналдым,
Бір ұлың боп кіндігіңнен байландым.
Ырысы сол, бір түп шыбық талың ем,
Бәйтерек боп бүгін бұтақ жайғанмын.
Қарызым көп
Сырда жатқан жұртыма,
Көне мекен, ата-баба ғұрпыма.
Өле-өлгенше жырымды арнап өтермін,
Асау өзен толқыныңдай бұлқына!
Уа, Сырым,
Сырласым да, мұңдасым,
Сан ақтардым саған жүрек тұнбасын.
Жыр-керуенге ерте ілескен ұлың ем,
Сағыныштан қайтіп өлең тумасын?!
Сағыныштан қайтіп өлең тумасын,
Туған елсіз кімге керек қу басым?!
Қайда жүрсем
Сырмен жаным өзектес,
Ал жүрегім атажұрт деп туласын!
Туған ауыл Ақтөбем бір – дара шың,
Жалғастырған ел мен жердің арасын.
Алақандай алтын ұям асқақтап,
Күннен-күнге тым биіктеп барасың!
Сенде менің бар асылым, қымбатым,
Қарашаңырақ жүрегіме тым жақын.
Кәрімберді басындағы қорымға,
Бардым-дағы көз жасымды құрғаттым.
Арзуымды кімге айтамын, шағамын,
Ізін қудық алдыңғы арба – ағаның.
Інілер де көбейіп жүр ақжарқын,
Қамдастырған қамын бала-шағаның.
Әр шаңырақтың үміті бар үкілі,
Арман қуып жолға шығар бір күні.
Ауыл деген – қазына ғой бір жатқан
Түзу шықсын атажұрттың түтіні!
КӨҢІЛ СЫРЫ
немесе ауылды аңсау
Ойынға тым тоймаған,
Думан-тойын тойлаған.
Желдей заулап бал дәурен,
Өтер деп кім ойлаған?!
Жуа, көсік, кенейді,
Жабайы еш демейді.
Біздің ауыл бұларды,
Көкөніске теңейді.
Сағыз теріп шарлаған,
Маңай жоқ біз бармаған.
Ақ сағымда бұлдырап,
Қалыпты ғой арман-ән.
Ақ шағылды мамық құм,
Сырына көп қанықтым.
Сенен алыс кетсем де,
Жетуге тез жанықтым.
Тай-құлындай тебіскен,
Бала қаздай өбіскен.
Дос, құрбылар қайда екен,
Жарты құртты бөліскен?!
Сезім кешіп сыр ашқан,
Сұлу қызбен қыр асқан.
Сері көңіл-жігіт шақ,
Өтті-кетті бұл бастан.
Жиын-тойдан қалмаған,
Би билеуден талмаған.
О, жастық шақ,
Жиырма бес,
Сыйладың көп бал маған!
Қайда тартты ой мына,
Не бар кімнің ойыңда?
Көп суреттер қалыпты,
Бала жарма бойында.
Желіктіріп елік күн,
Жетегінде желіппін.
Ортып-жортып жүргенде,
Біраз жасқа келіппін.
Уақыт салып өрнегін,
Белестерге өрледім.
Өңім бе, әлде түсім бе,
Бұған дейін көргенім?
Кең жазира, көк белең,
Атажұртым деп келем.
Сағыныш боп, самғай жет,
Ей, көңілім, көк дөнен!
МЫЛҚАУ БАЛА
(Баллада)
Тағдырдың жазуы ма, кім біледі,
Бір жәрдем Тәңірінен мың тіледі.
Кекеш ғып жаратқанда тым болмаса,
Армансыз жүруі де мүмкін еді.
Жазам деп жүректегі тыртық мұңды,
Бұл үміт келер күнге ынтықтырды.
Алайда тағдыр неткен қатал еді,
Тіл түгіл, құлағын да қүртып тынды.
Соны ойлап та көз жасы ыршып еді,
Мылқау бала Тоқшылық күрсінеді.
Тастай суық тағдырдың ызғарынан,
Жандүниесі тоңазып, түршігеді.
Бір басына үйіріліп мұң түнегі,
Орындалмай өте ме шын тілегі?
Қарт әке мен шешенің жайы мынау,
Бір жылайды, сонан соң бір күледі…
***
Мылқау дүние…
Меңіреу мүлгіп баққан,
Өмір-өзен ағыны жылжып аққан.
Ирең етті сұр жылан қара суда,
Бір бишара шабақты қылғып жатқан.
Сес көрсетіп, тас атты…
Жылан қашты,
Көздің алдын су алып, тұман басты.
Ақ шабаққа баланың жаны ашып,
Шым-шым етіп жүрегі тулап тасты.
Жақсы үмітпен жан нұры қозданатын,
Мылқау бала ауылдас бозбала-тын.
Бәйгетөрден өз аты келмесе де,
Қызғанбайтын өзгенің озған атын.
Кеңге салып, көңілін бай ғылатын,
Тек жүрегі қулықтан шайлығатын.
Бұлшық еті ойнаған бұл дүлеймен,
Күресуге кей жігіт қаймығатын.
Жанар оты – жасынның жарқылындай,
Ақ көңілі – арайлы алтын нұрдай.
Жақсы іске жүретін жоқшы болып,
Жақсылардың қалған бір сарқытындай.
***
Өмір оны ширатты, шыңдай берді,
Үлкендердің соңына тынбай ерді.
Тракторды жүргізіп, жер де жыртты,
Ел мақтамай тұра ма мұндай ерді?!
Сұр бойдақтың сыпайы салтын бағып,
Би билейтін ортада жарқыл қағып.
Өмір-өзен…
Сол қызбен кездескелі,
Жатушы еді беу, шіркін, шалқып ағып…
Сезімі оның пәк еді қызға арнаған,
Күре жолға күрсініп жүз қараған.
Бірде қызды…
Бір бойдақ алып қашып,
Быт-шыт болды бойдағы ізгі арман.
Тағдыр сыйы аздай-ақ қат-қабат мың,
Кебін киді енді өзі ақ шабақтың…
Кім түсінген мылқаудың жан азабын, –
Шын жоғалтқан шынайы махаббатын?
Жас есейді қайғы-мұң, күлкіменен,
Үміт, арман тұтанды үкілеген.
Өмір оты жалғасты…
Ол бір бөкен,
Жортағынан жаңылмай бүлкілдеген.
***
Қою шәйін сораптап от-ананың.
Орнын басты қадірлі ата-ананың.
Мылқау бала бүгінде – Тоқаң боп жүр,
Қара нардай мәпелеп ботақаның.
САҒЫНЫШ
Сағыныш деген – бір нәзік сәуле жарқ еткен,
Сағыныш деген – бір нәзік бейне жалт еткен.
Сағыныш деген – атқақтап тұрған қос жүрек,
Сағыныш деген – бұзылмас сезім, ант екен.
Сағынбай жүру біреуді біреу, мүмкін бе?
Сағыныш тіпті сөйлейді кейде мұң-тілде.
Саралап көрсең…
Санасы тұман жандар бар,
Сағыныш жайлы ойлауды қойған бұл күнде?!
Сағынбау сірә, мүмкін бе жастық шағыңды,
Сабатты көлді, ұлпа құм, ыстық шағылды?
Сағымды жылдар…
Суретін көзге әкелген,
Сиқырлы қыздың күлкісі неткен жағымды?!
Сағынам мен де…
Сырнайлы Сырдың самалын,
Саз-мақамын, сарабдал салтын даламның.
Сағынам сырбаз әкемнің қоңыр дауысын,
Сағынам қаймақ, сар майын қайран анамның.
Сағыну үшін ақ жүрек мынау жаралған,
Сағыныш-сезім сәулесі от боп таралған.
Сағынып міне,
Сыр-ана, ұлың келіп тұр,
Сарқылмас терең ағыстарыңнан нәр алған!
Сағыныш деген – жаныңның мөлдір әлемі,
Сағыныш деген – өмірді сүю дәлелі.
Сағыныш бар да…
Сарқылмас мейір, шапағат,
Сағынышпенен дүниенің бәрі әдемі!
Сағыныш деген…