ТАҢСӘРІДЕГІ АРПАЛЫС
Бай адамдардың бәрі ерте тұрады дейді ғой. Біз сияқты күн шыққанша көсіліп жата бермей, таң шапағымен жарысып, шаруаларын жайғап тастайтын көрінеді.
Мен де бай болмаққа бекіндім. Байлықтың сыры тура осыған тіреліп тұрған болса, әуселесін көріп алайын дедім.
Жастыққа бас қойған соң ұзақ қиялдап жаттым. Көз алдыма ен байлықтың ортасында дүниеге малынып отырғаным елестеді. Байлар да қу ғой, бас ауыртып, балтыр сыздатпай-ақ баюдың оңай жолын тауып алған. Әйтпесе, ерте тұру деген не тәйірі…
Қызықтың бәрі таңсәріде басталды. Оятқыш шиқылдаған сәтте-ақ ішімдегі өңкей шуылдақ қоса тұрып алып, арпалысты бастады дерсің.
Ең бірінші бас көтерген Жалқаубек болды. Басқа істе кежегесі кері тартып, кейіндеп жүрсе де дәл осы сәтте ерекше әбжілдік танытып, басқаның алдын орап кеткеніне өзім де қайран қалдым.
– Әлі де жата тұрыңыз, Мырзам! Онсыз да күні бойы дамыл көрмейсіз, осыдан қас қарайғанша тыпыр-тыпыр, бір тыным жоқ. Ал көп шаруа тындыру үшін айтарлықтай күш-қуат керек, – дейді.
Бұл Жалқаубек ақылсыз емес негізі, менің әлсіз тұсымды тап басатын ерекше қағілездігі бар. Айтқаны жаныма майдай жағып барады. «Е, сүйтсем, сүйтейінші» деп екінші бүйірге аунап түсіп, енді көзімді жұма бергенімде Ақылбектің үні естілді.
– Мырзам, кешегі уәдеңіз қайда? Тізімдеп қойған жоспарлы жұмыстарыңыз телміре тосып тұр. Әне-міне деп сырғыта берсеңіз, бай болам дегенді ұмытыңыз!
Түу, осы Ақылбектің кіріспейтін жерде кірісетіні жаман. Адамның көңіліне қарап, мәймөңкелеу деген жоқ мұнда. Бетің бар, жүзің бар демей, кесіп айта салады. «Жә, бұл енді тықылдап ұйқы бермейді бәрібір» деп енді тұруға оқтала бергенімде қайдан сап ете қалғанын білмеймін, Тынышбек шыға келді.
– Мырзам-ау, әйтеуір ерте тұру керек екен деп елең-алаңмен тұрып алғанда не өзгереді? Бір-екі сағат кеш тұрсаңыз, дүние күйіп кете ме? Ұйқыңыз қанбаған соң жұмысыңыз да мандымайды, ұйқылы-ояу жүріп, бір жерде қисайып қалғаныңызды өзіңіз де аңғармай қаласыз.
Бұл Тынышбектің Жалқаубекпен достығы арыдан келе жатыр. Бірінің сөзіне бірі қайшы келген кезі жоқ. Бір-бірінің аузына түкіріп қойғандай кез келген мәселеде бірден қостай, қоштай кететінін әуелден-ақ сезетінмін. Әй, Тынышбек, Тынышбек! Жанымның тыныштығын ойлаған сәттерімде ең адал досым, ең кемел кеңесшім – өзіңсің! Сол себепті өзгелердің аузынан жырып, сені көбірек жемдеп қоятынымды өзім де аңғармаймын. Жардай болып семіріп алғаның – әне, соның жемісі. Анау Жалқаубек досың да қалысып тұрған жоқ, ол да соғым малындай қоңданып, ет жинап алыпты.
Жә, бір-екі сағаттың ары-берісі не, жай ғана көзімді жұмып жата тұрайын деп басқа бүйіріме аунап түстім. Осы кезде Иманбектің биязы, жұмсақ дауысы естілді.
– Мырзам, орынсыз киліксем, айыпқа бұйыра көрмеңіз. Адамға ырзық-несібе таңсәріде үлестіріледі екен. Күн шығып кеткен соң оянған адамдар сол Алланың бір күнге өлшеп беретін нығметінен мақұрым қалатын көрінеді.
Иманбектің жамандыққа бұйырған кезі болған емес. Не айтса да тура жолды нұсқап, жақсылықты насихат қылады. Соны жүре тыңдайтыныма ұяламын кейде. Соңғы кезде тіпті көзіме ілмей жүргенімді енді аңғарып отырмын. Жүзі солыңқы, ілмиіп, жүдеу тартқанынан-ақ Иманбекпен қаншалықты дос екенімді аңғара беріңіз.
– Ой, Имеке, дәл бүгін сен араласпай-ақ қойшы. Жұма күнді өзіңе басыбайлы бердік қой. Орынсыз киліккен кезіміз жоқ. Мырзам кішкене тынығып, демалып алуды қалайды.
Мұны айтып тұрған Қалаубек. Жұма күнді басыбайы бердік дегені сөз ғана, дәл осы Қалаубектің ерекше белсеніп, Иманбектің алдын орай беретінін бетіне басатын адам жоқ-ау. Әсіресе жұма күні кешкісін білек сыбанып, іске кіріседі. «Бүгін жұмыс аптасының соңғы күні. Кешке достармен қыдырып, сейіл құрыңыз, бой жазыңыз. Осы апта қажырлы еңбек еттіңіз. Моншаға барып жеңілдеңіз, киноға барып, көңіл көтеріңіз!» – деп оң жағымнан бір шығады, сол жағымнан бір шығады. Бірақ бұл Қалаубек дегенің де өте жылтыр, құбылмалы. Өткенде біреулер ерте тұру бойынша 30 күндік марафон ұйымдастырып, жеңімпазға Дубайға жолдама тікті. Әй, сондағы Қалаубектің жанұшыра белсенгенін көрсеңіз. Күнде таңғы 5-те тұруым керек болса, Қалаубек 4-те тұрғызып, әбден әуре-сарсаңға салған. Ешкімнің сөзін құлағына ілмеді. Сондықтан бұл Қалаубектің де есебі түгел. Біреудің қолындағысын, біреудің жолындағысын тартып жеп жүр.
Қалаубектің сөзінен кейін «Шынымен, бірден шалт қимылдағаным болмас, не нәрсені де әсте-әсте демей ме?» деп босаңсып, мамық жастықты құшақтай, тәтті ұйқыға ене бергенім сол еді, бірдеңеден құр қалғандай арсалаңдап Арманбек жетіп келді.
– Әй, Қалаубек, тұр былай! Сенің-ақ құлқының тоймайды екен. Мырзам, мұның сөзіне ере бермеңіз. Анау «Армандар дәптеріне» жазған 100 арманды қашан жүзеге асырасыз? Мына жатысымызбен бәрі арман күйінде қалайын деп тұр!
Осы екеуінің қарым-қатынасын түсінбей-ақ қойдым. Бірде қату, бірде тату. Кейде Қалаубектің айтуымен қымбат ресторандарға барып, қымбат дүкендерден киім алғанымды өзге емес, осы Арманбек қолдап-қуаттай жөнеледі. «Адам армандай білу үшін сол атмосфераны алдымен бар түйсік-тамырымен сезіне білуі керек» деп онсыз да Қалаубектің ығына жығыла жаздап тұрған мені біржола жардан итере салатыны қызық. Екеулеген соң мұндайда Ақылбектің де сөзі өтпей қалады. Ал енді кейде екеуі ит пен мысықтай6 шығыспай қалатыны тағы бар.
Мыналардың айтысы жуық арада бітетін түрі көрінбеді. Дау-жанжал ұлғайып, даурыға бастағанда Сабырбектің араласатын әдеті.
– Жігіттер, сабыр қылыңдар. Қызбалыққа салынғанның соңы жақсылыққа апармайды.
– Не болды, ұйқыңнан маза қашты ма? – деді менің ары-бері дөңбекшіп кеткенімді байқап жатқан келіншегім.
– Иә, мыналардың айтысы ұйықтатпады. Таң атпай тұрып алыпты өңшең шуылдақ.
Өзім әлденеге ашулы сияқтымын.
– Кімді айтасың? Көршілер ме? Мен ештеңе естімедім, – деп келіншегім аң-таң.
– Әй, естімегенің де дұрыс, – деп мен қолымды сілтей салдым.
Ойым ұйқы-тұйқы. Мына көп шуылдақтың бүгін қайсысын жемдесем екен деп ойлап жатырмын. Бір кезде Жалқаубек, Тынышбек, Қалаубек үшеуінің торайдай домаланып, ине сұқсаң жарылардай болған дене-тұрқы көз алдыма келіп, жиіркеніп кеттім. Осы үшеуін әу баста басыма шығарып, құтыртып қойған өзім. Енді қазір күшейіп алғаны сондай, оңайлықпен дес бермейді. «Сендерді байлап ұстап, әбден әлсіретпесем бе, бәлем» деп кіжініп алдым.
– Жә, сонымен бүгін не істейтін едім? – деп ойша жоспар құрып, ию-қию ойларымды жүйелей алмай, маужырап жатқанымда талықсып ұйықтап кетіппін.
…Бәлі, бай боламын деп қоям-ау!
Рауан СӘБИТҰЛЫ