Мұхтар Құл-Мұхаммед. Дулаттың дауыл жырлары
25.01.2021
427
0

Мұхтар Құл-Мұхаммед

Өр Алтайға арқасын тіреп, сол қапталында қара Ертістен Қараталға дейінгі қырқалы-құйқалы өлкені ен жайлап, еркін өскен, оң қапталында Аягөзден бастау алып, Сарыарқаның құландар жортқан құба белін көктей өтіп, Сырдарияның саялы сағасына дейінгі сайын далада сайран салған, өңіржиекте «арғы шеті Аягөз, Лепсі, Үржар» сияқты «тоқсан сала қосылып, тоғыз өзен түйіскен» өзенді-өрнекті өлкеде тұлпар мініп, ту алған наймандай қалың нудың киесі, «бұлттан өтіп мұнарды болжайтұғын көзі бар» тұмадай тұнық жырдың иесі, «тастан шыққан бұлақтай, жайқалған жасыл құрақтай, толықсыған сынаптай» жойдалы сөздің жүйесі Дулат бабамыздың  мұрасы – жыраулық поэзия мен ақындық әдебиеттің алтын көпірі.

Дулат – арысы түгел сөздің түбі бір – түп атасы Майқы биден тартатын, ортада Орманбет заманының ордалы билері Асан Қайғы мен Сыпыра жыраудан салатын, берісі – Қазтуған, Доспамбет, Шалкиіз, Бұқар жыраулармен тұйықталатын төбе билер мен жойқын жыраулардың соңы. Ол – өзі жырлаған: «Еркін өскен, қайран ел, дәулетің бейне шалқар көл, айдының бейне асқар бел. Тауыңа малың аунаған, дәулетің өсіп қаулаған, тел емес малды саумаған» Қазақ хандығының қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған аңызға айналған заманының азып-тозып: «күнбатысқа көз салмай, күншығысты еске алмай, бізді алатын жау жоқ деп, бізден мықты дәу жоқ деп… болашақты болжамай, жол сауданы олжалай, ақбөкендей алданып, жылқыдай делбе сандалып, ортасына кәпірдің, аңдамай келіп түскеніне» дейінгі аралықтағы аласапыран заманның бар қитұрқысын бастан кешірген, көзбен көріп, шермен жуған қазақ қоғамының поэтикалық шежіресі.

Осы орайда Дулат заманының, жалпы ғасырлар бойы қаймағы бұзылмаған қазақ қоғамының кескін-келбетін өзгерткен орыс отаршылдығының үш кейпіне тоқтала кеткен жөн деймін.

Мұның алғашқысы – хандық биліктің жойылуы. Ақын жиырмаға енді толғанда 1822 жылы ормандай көп Орта жүздегі хандық билік билік бәйтерегінің тамырына балта шапқан Сперанскийдің «Сібір қырғыздары туралы» әйгілі жарғысы шықты. Мұның алдындағы бес жыл ішінде ұлы хандардың сарқыты Кіші жүзде – Бөкей, Орта жүзде Уәли дүние салып, қазақ қоғамы саяси-құқықтық дағдарысқа душар болған еді. Патша отаршылары қазақ даласын Батыс Сібір генерал-губернаторлығы құрамындағы округ, болыс, ауылдарға жіктеп-жіліктеп, ондағы жан басы, шаңырақ санына дейін тізімдеп, ауылға – старшын, болысқа – болыс басқарушысы, округке аға сұлтандарды қойды. Хандық билік жойылып, есесіне «аға сұлтандар» қаптады. Аз ғана уақыт ішінде 7 округ ашылды. Аягөз (Сергиополь) округі құрылған 1831 жылы Дулат орда бұзар отызға таяған, от ауызды, орақ тілді ақын ретінде танылып үлгерген еді. Сол заманның келбетін ақын: «Батыста патша түнегі, Жеріңе келіп түнеді. Жоныңнан таспа тіледі, Ішіне әбден кіреді. …Дуан салып ішінен, Айырып қуат-күшінен, Ақ патша десе үрпиіп, Оянып шоршып түсінен, Аға сұлтан қазының, Ел сілкінді ісінен», – деп асқан дәлдікпен суреттейді.

Дулат заманының екінші сиқы – әскери отарлаудың орасан зор озбырлықпен жүргізілуі еді. Қазақстанның өзге аймағын айтпағанда, Дулаттың аты жетер жерде Ертіс, Бұқтырма әскери шептері, Ямышевск, Семей, Өскемен бекіністері, Коряковск, Убинск форпостары салынып, 1846 жылы Аягөз, ал 1847 жылы «қалың нудың» талмау тұсы Қапалда жаңа приказдар қоныс тепті. Осылайша бас-аяғы жарты ғасыр ішінде көшпенділердің көк түрік дәуірінен жеткен құдіретті рухын тұқыртып, жігерін жасыту мақсатында Ресейдей алып империяның құрамында жасақталған 11 казак әскери құрамасының бесеуі қазақ жеріне орнықты. Осы 11 құрамадағы жалпы саны 1 миллионнан асатын мұздай қаруланған казактар 5 миллионнан астам қазақтардың азаттық жолындағы әрбір күресін аяусыз басып-жаншып отырды. Бұлар да қырғи тілді, қыран үнді ақын назарынан тыс қалған жоқ:

«Жағаңа дуан түскен соң, Суыңды орыс ішкен соң, …Жеріңнің алды шұрайын, Дуан салып жайланып, Датыңды айтсаң майырға, Сібірге кеттің айдалып. …Орыстың заңын қуаттап, Жол ашып елді суаттап, Баладай алдап уатпақ.  …Ел тандыры құрыды, Орыстың түсті құрығы. …Серпілуге шама жоқ, Дәнің кетті, қайран ел», – деп дәуірдің ащы да ақиқат шындығын дөп басып айтады.

Хандық билікті жойып, шаш ал десең бас алуға әзір миллионнан астам баскесер казактарын қазақ даласына қоныстандырып үлгерген орыс отаршылдары енді отарлаудың үшінші кезеңіне – қазақ жерін сұраусыз-сотсыз тартып алуға көшті. Бұған қарсы қазақ жерінің әр тұсында болған Саржан сұлтан, Исатай-Махамбет, Кенесары хан бастаған халық азаттығы жолындағы ұлт-азаттық күрестер отаршылдық өртін тоқтата алмады. 1844 жылы Сперанский Ережесі жаңартылса, 1867 жылы ІІ Александр патша «Сырдария және Жетісу облыстарын басқарудың уақытша ережесін» бекітті. Осылайша 1866 жылы Аягөз жаңадан құрылған Жетісу облысының қарамағына берілді. Бұл кезеңнің шындығы да Дулат ақынның шамырқанған шымыр жырларынан көрініс тапты: «Жау қарасы көрінді, Қабыңдап басты жеріңді, Кетпенсіз-ақ қаздырды, Өзіңе өз көріңді. Хан сарқыты – Кене хан, Қан жорық боп қаңғырды. Елің қалды қамауда, Елің қалса қамауда, Малың кетер талауда, Басың түсер санауға. …Батырдың туы жығылды, Ел шұңқырға тығылды».

Осылайша елі қамауға, малы талауға түскен екіталай заманда Дулат кешегі «босағасын борлатқан, керегесін торлатқан, тегеріші манаттан, жібектен ызып бау таққан» ақ ордалы заманды аңсайды. Халықты сілкінуге, серпілуге шақырады, ел жігерін қайрайды. «Батыр деме батырды, Шеп құрып жауға шаппаса; Төре деме төрені, Ел тілегін таппаса. …Батырлықтың сәні жоқ – Түн ұйқысын төрт бөліп, Елерген тұлпар ерттеліп, Толғаулы найза қолға алып, Тұйғын құстай қомданып, Сары садақ асынып, Егескен жауды қашырып, Елін қорып жауынан, Ереулеген егер дауынан, Тұтамдап оқ жонбаса», – деген жолдар – біреулер айтып жүргендей зарлаудан да, сарнаудан да емес, ұлт намысын қайраудан туған құдіретті жыр.

Дулат шығармашылығы поэтикасын талдауды әдебиетшілер қауымына қалдыра отырып, біз оның ұлт тарихы мен руханиятына қосқан үлесінің төрт қырына: Дулат шығармашылығындағы қазақ тарихы, Дулаттың Қазтуған, Доспамбет бастаған ұлы жыраулармен үндестігі, Дулат және дін, Дулат пен Абай тақырыптарына арнайы тоқталуды жөн көрдік.

ТАРИХ ТАМЫРШЫСЫ

Дулат жыр-толғаулары ауызша шығарылып, халық арасына ауызекі жолмен таралған қазақ жырауларының соңы десек те, өз заманына сай алған білімі мен білігі бар, туған халқының арғы-бергі тарихынан да, сол тарихты алдаспанның жүзімен жазған тарихи тұлғалар өмірінен де хабары мол білімдар жан болған. Оның «Әуелгі қазақ деген жұрт» атты ұзақ толғауы Қазақ хандығының XV-XVII ғасырлардағы тарихи шежіресі іспетті. Дулат жырау осы өлеңінде: «Емін-еркін ен жайлап, Өсіп едің Бұхарда», – деп толғайды. Шындығында Қазақ хандығының негізін салушылар – Жәнібек пен Керей хандар билік құрған заманда мемлекеттің шекара-шебі айқындалып, іргесі бекіді. Қасқа жолды Қасым хан Сырдың бойын түгелдей қазаққа қаратып, мемлекеттің қанатын кеңге жайды. Жайыққа жеткен Хақназар хан Ноғай ордасының шығыс бөлігін дәргейіне келтіріп, Қазақ елін алыс-жақын жұрт түгел мойындаған қуатты мемлекетке айналдырды. Кешегі Дешті Қыпшақ жұртындағы ең құдіретті әміршіге айналған Тәуекел хан Ташкент, Ферғана, Әндіжан мен Самарқанды түгелдей өзіне бағындырып, Бұхардан бергі жерді қазақтардың еркін тұрып, ен жайлауына жол ашты. Көзі қарақты, сауаты мол Дулат дәл осы тарихты көзбен көріп, қолмен қойғандай дәлме-дәл суреттеп: «Сен Бұхарда кезіңде, Бәтуа бар сөзіңде, Келелі биің сенімді, Қара бір халқы көнімді, Тыныш еді еліміз. …Бұхар-ай  шәрі дейтұғын, Өскен, өнген жеріңіз», – деп көрсетеді.

Дулат жырау қазақтың басынан бақ тая бастаған заманда Қаратау мен Түркістанды тастап, үдере көшкенін: «Тобыршық атты бүгілтіп, Құйрық-жалын сүзілтіп, Езді бордай үгілтіп, Тұйғындай ерді ширатып, Тас ошақты қиратып, …Үдере тартып көшкенсің», – деп өкініш өзегін өртей жырлайды.

Дәл осы толғаудың мазмұнына қарап Дулаттың қазақтың ауызекі тарихын ғана емес, сол заманда тасқа басылған, кітапқа түскен, жарияға жеткен қазақ тарихына қатысты еңбектермен де жақсы таныс болғандығы айқын аңғарылады. Ол ары қарай: «Сыр, Қуаннан кеткенде, Арыс, Келес өткенде, Талас, Шуға жеткенде, Түйенің қомын шешкенсің. Шу бойына ығыр ғып, …Сарыарқаға түскенсің», – деп қазақ көшінің қия жолдары мен тайғақ кешулерін кәнігі тарихшыдай тарқатады. Бұл Дулаттың ескі бише мақалдап өлең айтқан көптің бірі емес, оқыған-тоқығаны мол, ата-бабаның ауызша шежіресін жазбаша тарихпен ұштастыра білген сұңғыла жырау екенін тағы бір қырынан дәлелдей түссе керек.

Дулаттың «Ата қоныс Арқадан» атты толғауы жоңғар шапқыншылығының шерлі шежіресіндей әсер қалдырады. Мұнда да Дулат бос сөз, орынсыз зарлауға бой алдырмай, қазақтың басына түскен зор қайғыны қаз-қалпында суреттейді. Ол: «Ата қоныс Арқадан, Басында қазақ ауғанда, Күзді күнгі нөсердей, Көзінің жасы жауғанда, Ақтабан боп шұбырып, Асып асқар таудан да, Алқакөлді айналып, Ақ қайыңды сауғанда», – деп ел басына түскен шер-шеменді егіле толғайды. «Торғайдай тозып, Сырға түскен халықтың» ата-баба кегін алу үшін қайтадан бір тудың астына басы қосылғанын айтып, осы кезде ел тізгінін  ұстаған «Әбілмансұр хан болды: Хан болмады қазаққа, Ағарып атқан таң болды», – деп Абылай хан бастаған қазақ қолының жеңісті шерулеріне зор шабытпен үн қосады.

Дулат толғауларының басты ерекшелігі тарихи оқиғалар тізбегін сол күйінде тарқата отырып, оған үнемі өзінің көзқарасын білдіріп, бағасын береді. «Сандықтас», «О, Сарыарқа», «Сауыр жерден айрылып» атты өлеңдерінде «Атам қонған иен далам! Мендей сені қызғанар, Бауырыңда өскен қай балаң!» – деп, талауға, тонауға түскен ата қонысының қазіргі аянышты хәліне жаны ашып, туған өлкесін «көл қорыған қызғыштай» қорғайды. Дулаттың азып-тозған заманға деген наласы: «Мынау азған заманда, Қарасы – антқор, ханы арам, Батыры көксер бас аман, Бәйбіше тантық, бай сараң, Бозбаласы – бошалаң, Қырсыға туды қыз балаң. Нары – жалқау, кер табан, Құсы – күйшіл, ат – шабан», – деп зар-запыран болып төгіледі. Қазақтың абыройы асып, мейманасы тасқан заманның шет-жағасын көрген Дулат азған-тозған заманның адамын былай қойғанда жан-жануарларын да іске алғысыз етіп суреттейді. Әрине, мұның біразы бояуды қалыңдатып, экспрессивті-эмоционалды реңкті күшейту үшін қолданылған тәсіл. Шортанбай, Дулат бастаған ақындардың бір тобына ұлы Мұхтар Әуезовтің «зар заман ақындары» деп баға беруі де олардың шығармашылығының осы ерекшелігінен туындаған деп білеміз.

Дулаттың наркескен жырларынан қазақтың өткен заманының ғана емес, сол дәуірдің адамының кейпін, тарихи тұлғалардың тұтас портреттер галереясын көруге болады. Ол кейде бір ауыз сөз, ұтымды тіркес, айшықты теңеу, бейнелі сөзбен салынған сурет арқылы Әбілпейіз хан, Абылай хан, Кенесары, Ер Қабанбай, Ақтамберді жырау, Нар дауысты Нарынбай, Қу дауысты Құттыбай, Ақтайлақ би, Барақ сұлтан, Ер Еспембет сияқты қазақ тарихының төрінен орын алған тұлғалардың кескін-келбетін жасап, олардың өмір тарихынан кесек-кесек мағлұматтар береді.

Дулат не жазса да шындықтың текеметін тіліп тұрып жазады. Оның «Бараққа», «Кеңесбайға» атты жырлары – осының айқын айғағы. Дулат оңдырмай сынап отырған хан тұқымы, аға сұлтан Барақ Солтабайұлы осал жан емес. Ол – Еуропаның аристократ ортасынан шыққан поляк бекзадасы Адольф Янушкевичке: «Барақ сұлтан – Шыңғыс ханнан тарайтын хандардың ұрпағы. Ол әлі дер шағында. Бұл – жүзінен нұр төгілген және бойын кереметтей күш-қайрат билеген айбынды адам. Дала Геркулесінің бойына жомарт табиғат асқан ақыл мен қайсар мінездің үстіне жүрек жұтқан батылдықты да сыйлаған. Феодалдық заман баронының ұлы есепті ол серілік дәстүрінде тәрбиеленген: садақты ешкім одан дөп атпаған, асауларды ешкім одан тез үйретпеген, ауыр тасты ешкім одан оңай көтермеген. Қазақ турнирі – бәйге, қызық-шыжығын жұрттан бұрын көрген аңшылық пен барымта бұл жігіттің есімін бүкіл далаға кеңінен жайған. Оңай олжаға құмар аңшылар оның жасыл туы астына жан-жақтан келіп жиналатын. Жас батыр өзінің қолын шыңдарын қар басқан Алатауға талай бастап апарған. Суылдап келіп құсқа түскен қырандай ол үйсіндердің жер қайысқан табындарына талай шүйілген. Олардың өзінен тоғыз есе басым күштерін қиратып, көп олжаға қарық болып, аман-сау ауылына қайтқан», – деген сөздерді айтқызған өз заманының озық тұлғасы.

Дулат дәл осы сұлтан Бараққа қаймықпай қарсы шығып: «Құрық бердің ұрыға, Момынды алдың қырыңа, Малсыздарды таптадың, Малдыларды жақтадың, Тентекті жасқап қақпадың, Арамдарды ақтадың, Өсекшіні мақтадың, Арамдық болды баққаның, Орыс болды жаққаның», – деп бабасының алтын тағы мен асыл рухына кінәрат келтірген сұлтанды оңдырмай сынайды. Бұл – Бұқарекеңнің Абылайға, Марғасқа жыраудың Қатағанның хан Тұрсынына, Шернияздың Баймағамбетке, Махамбеттің Жәңгір ханға, Дулаттың өз замандастары Жанақтың Рүстем төреге, Орынбайдың Ерден сұлтанға   айтқан    қатулы   жырларымен рухтас туынды. Мұндай семсер сөзді айту үшін ақындық қабілет аз, оған өжет мінез, қайсар жүрек керек. Дулаттың отты жырларының қай тұсынан болсын, бұл қасиет әрдайым менмұндалап тұрады.

Дулаттың орысқа жаққан Барақты оңдырмай сынауының тағы бір себебі, найманның қалың қолын бастап, ол кезде әлі империя құрығына іліне қоймаған Жетісу жеріндегі бейбіт жатқан үйсін ауылдарын шабуы болды. Бұл туралы Сүйік Абылайханов бастаған Ұлы жүз шонжарларының Батыс Сібір губернаторы князь Горчаковқа жазған ғарызнамалары орыс мұрағатында сақталған. Янушкевич мұны дала батырлығының көрінісі деп сипаттаса, қашанда ел бірлігін көксеген Дулат: «Жақсы болса ұлығы, Өз елін жаудай таламас. …Алтын еді бір кезде, Ағаш болды тұғырың. Тыюсыз, тентек төлеңгіт, Шығарды елдің ығырын», – деп сын тезіне алады.

Қазақта «батыр – аңғал» деген сөз бар. Осы аңғалдығымен орыс отаршыларының арандатуына еріп кеткені болмаса, Барақ – намысын ешкімге бермеген нағыз баһадүр. Янушкевич жазбалары бойынша, Барақ Шәуешекте қытай губернаторымен кездескенде империя хаттамасына сай оған тізе бүгіп сәлемдесуді талап етеді. Ол тек қолын кеудесіне қойып амандасып: «Мен бір Тәңірдің алдында ғана тізе бүккен Шыңғыс ханның тұқымымын, ал сен жай ғана адамсың», – деп талапты орындаудан бас тартады. Амалы құрыған губернатор орнынан ұшып тұрып, құрақ ұша қызмет көрсетіп, төрден орын ұсыныпты.

Дулаттың Бараққа айтылған арнауына орай Ақтайлақ би оның әкесі Бабатаймен кездескенде аға сұлтанды көтермелеп, ақынды тұқырта сөйлеген екен. Сонда сөзге де, уәжге де тоқтаған Бабатай: «Жақсы да болса қарағым, жаман да болса қарағым. Солтабай маған бере ме, асып туған Барағын», – деген екен. Бұл Дулаттың әкесінің де ділмәр сөз, шешендік өнерден хабары мол жан болғандығын көрсетеді.

Дулаттың аяусыз мінегендерінің бірі – Кеңесбай мырза. Бұл да жеті атасынан билік үзілмеген, арғы бабасы – Нар дауысты Нарынбай, бергі атасы – Қу дауысты Құттыбай, өз атасы – Байғара би, әкесі атақты Ақтайлақ би – нағыз шынжыр балақ, шұбар төстің өзі. Дулат оның текті аталарының бар еңбегін зор құрметпен тізбелей келіп, дәл өзіне келгенде: «Тұқымың дегдар болғанмен, Кеңесбай, азғын туғансың. …Ел білерлік ісің жоқ, Дегдар емес, будансың», – деп ауыр-ауыр сөздер айтады. Бұл – өшпенділіктен емес, өжеттіктен, шымырқанған шындықтан туған арнау.

Ақын шығармашылығындағы «Біреуге», «Екінші біреуге» деген шартты атаулармен азып-тозған заманның төрт міскініне берілген сипаттамалары да – Абайдың «Күлембайға», «Көжекбайға» атты уытты жырларымен үндес арнаулар.

Дулат өзі көрген, естіген, оқыған қазақ тарихының бел-белестері мен арғы-бергі кезеңдерін бір-бірімен салыстыра, шендестіре жырлаған, отаршылдық тонауына ұшыраған туған халқының қайғы-қасіреті мен шарасыз хәлін мұңлы жүрекпен толғаған өз заманының шерлі шежірешісі болды.

ЖЫРАУЛАР СОҢЫ…

Қазақ жерінің шығысында өмір сүріп, өзі туған өлкеден тым алысқа ұзап шықпаған Дулат жырлары орта ғасырларда – Еділдің арғы бетінде, Азаулының жерінде, Ноғайлының елінде өмір сүрген, арыда Асан Қайғы, Қазтуған мен Доспамбеттің, беріде Махамбеттің отты жырларымен ұштасып жатыр. Дулат толғаулары халқының қамын жоқтап, жайлы қоныс іздеген Асан Қайғының бізге там-тұмдап болса да жеткен жырларымен жүлгелес. Дулат та арыда жоңғар мен қалмақтың, беріде орыс отаршыларының талауына түскен ата-бабаның киелі қоныстарын аңсайды, сол мекенді, ен жайлауды көксейді. Осы тұрғыдан келгенде, оның мұң мен зарға қоса, болашаққа деген үміт пен сенім өрілген қайрауық жырлары Асан Қайғымен сарындас. Дулаттың «Асқар таудың сәні жоқ» атты термесі ұйқасы ғана емес, мазмұны, мақсат-мұраты тұрғысынан да Асан-Қайғының «Құйрығы жоқ, жалы жоғынан» тамыр тартып тұр. Бұл – қазақ ауыз әдебиетіндегі жыраулар поэзиясындағы ғажайып поэтикалық дәстүрдің ғасырдан ғасырға үзілмей жетуінің айқын көрінісі.

Дулаттың «Ақжайлау мен Сандықтас – Атамның қонған қонысы. …Жоның жайлау кең алаң, Атам қонған, иен далам!» – деп басталатын жыры Қазтуғанның «Алаң да алаң, алаң жұртымен» астасып тұрса,  ақынның тағы бір толғауындағы: «Тай туып, тайлақ қайыған, Тоқты қоздап байыған, Малың қысыр қалмаған, Қулығың құлын салмаған», – деген жолдар ұлы жыраудың: «Жабағылы жас тайлақ, Жардай атан болған жер, Жатып қалып бір тоқты, Жайылып мың қой болған жер, …Балығы тайдай тулаған, Бақасы қойдай шулаған», – деген бедерлі суреттерімен тақырып жағынан да, өлең өрнегі тұрғысынан да үйлесіп-ақ тұр. Дулаттың «Сандықтасы» мен «Сарыарқасы» – Доспамбеттің «Қоғалы көлдер, қом сулар», «Айналайын ақ Жайық» сияқты ата-бабаның құтты қоныс, киелі мекендерін тебірене толғаған жырларымен үндес, рухтас туындылар.

Бұдан Дулат ақын Доспамбет пен Қазтуғанды сыртынан білген, жырларын естіген деген қорытынды тумаса керек. Бұл ұқсастық пен үндестіктің құпиясы – қазақтың батысы мен шығысына бірдей тараған Ер Едіге мен оның баһадүр ұрпақтары Орақ-Мамай, Қарасай-Қази, Бегіс, Көгіс, Жаңбыршы, Телағыс туралы қаһармандық дастандар, Ноғайлы дәуірінде дүниеге келген «Қобыланды батыр», «Ер Тарғын» сияқты батырлар жырының алтын жүлгесі. Оларды, сөз жоқ, Доспамбет пен Қазтуған заманында өмір сүрген жыраулар дүниеге әкелгені анық. Сондықтан бұл ортағасырлық поэтикалық дәстүр ХІХ ғасыр ақын-жыраулары шығармашылығының әр тұсынан қылаң беріп отырады. Махамбет жырларында Шалкиіз толғауларындағы тұтас тіркес пен шумақтардың тура сол күйінде кездесетіні де осыдан. Мұны түркі халықтарының көк түрік заманынан үзілмей жеткен ескі дәстүрінің жаңа замандағы жаңғыруы деп қабылдаған жөн.

Махамбет дегеннен шығады. Дулат жыраулар поэзиясының алтын көпірі арқылы бірде Шалкиіз, ал енді бірде Махамбеттің өзімен ұштасып кетеді. Дулат ақынның: «Батырлықтың сәні жоқ – Түн ұйқысын төрт бөліп, Елерген тұлпар ерттеліп, Толғаулы найза қолға алып, Тұйғын құстай қомданып, Сары садақ асынып, Егескен жауды қашырып, Елін қорып жауынан, Ереулеген егер дауынан, Тұтамдап оқ жонбаса!» – деген түйдек-түйдек жырлары Махамбеттің «Ереуіл атқа ер салмайына» тартып-ақ тұрған жоқ па?! Дулаттың: «Шамшырақтай жайнамай, Ер деп атақ алмайсың, Алмас семсер асынбай, Кезенген жауды қашырмай, Асудан ары асырмай, …Болат найза қайрамай, …Тобышақ атты жайламай», – деген төгіліп тұрған жырлары Махамбеттің «Беркініп садақ асынбай, Біртіндеп жауды қашырмай», – деп келетін ерлік жырларымен үйлесіп тұрғанын дәлелдеп жатудың өзі артық. Дулаттай жойқын жырау мен Махамбеттің ұқсастығын шалқып-тасыған ақындық дәстүрдің ғана емес, аспандап, әуелеген өршіл рухтың үндесуі деп қабылдау керек.

Ақынның хан-сұлтан, бай-бағландарға арналған жыр-толғауларының  бір парасы үлгі-өсиетін жастайынан санасына сіңіріп өскен Бұқар жыраудың Абылай хан мен Бөгенбай батырға арнауларын еске түсіреді.

Дулат толғаулары домбыра мен қылышты қатар ұстаған Ақтамбердідей жорық жырауының алдаспан жырларымен де астасып жатыр. Екеуі бір атадан, бір өлкеден, бір ауылдан деуге болады. Тіпті Ақтамберді Дулаттың «Ер Еспембет» дастанына кейіпкер ретінде де еніп кеткен. Дулат жырларынан Ақтамбердінің өршіл рухты поэзиясының лебі есіп тұр. Тіпті мазмұн мен түр жағынан алғанда, Дулаттың дауылдай екпінді жырлары Ақтамберді поэзиясының жалғасы іспеттес. Қолданылған теңеу, метафора, эпитетті былай қойғанда, кейде Ақтамбердінің тұтас шумағы да ауысып, түрленіп келіп, Дулатта жалғасын табады. Егер Ақтамберді: «Жарлауға біткен жапырақ – Жамылсақ, тоңар ма екенбіз?! Жазыққа біткен бүлдірген – Сұғынсақ, тояр ма екенбіз?!» – деп түйдектетсе, Дулатта бұл шумақ: «Жапанға біткен жапырақ, Жамылсаң, тоңар ма екенсің? Жазғы шыққан бүлдірген, Сұғынсаң, тояр ма екенсің?» – деп түрленеді. Дулаттың «Ақтан жасы» – басы бүтін Ақтамберді поэзиясының үлгісімен жазылған туынды. Қос жыраудың шығармашылығын салыстыра зерделейтін болсақ, мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады.

Дулат – өзіне дейін өмір сүрген қазақ жырауларының өлең өрнегін кейде тікелей рух еркіндігі атой салған қаһармандық жырлардан, кейде солардың замандастары тудырған дастандар арқылы жастайынан бойына сіңіріп, оны кемел ой, кестелі тілмен өрбіткен, жаңа заман әдебиетінің жаңа лебімен дамытқан жыраулық поэзияның соңы, ақындық әдебиеттің басы. 

(Жалғасы бар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір