ДУЛАТТЫҢ ЖАЗУШЫЛЫҒЫ ҚАЛАЙ БАСТАЛДЫ?
Өмірде кездейсоқтық болмайды. Әрине, кездейсоқ уақиғалардың жиі кездесетіні рас, бірдеңені кездейсоқ айтып қаламыз және кездейсоқ қуанып, кездейсоқ қайғыратынымыз да бар.
Бірақ ол мұратты іске өлшем бола алмайды. Қазіргі көзі тірі классигіміз, мұны асыра айтқандық деп ойламаймын, жақсыны мақтап, одан тәбәрік дәмету де ойымда жоқ, шиеттей кезінде өліп, тірілген, яғни «жүрегі үзілді» деп денесін оң жаққа қойып, жаназасын шығару үшін, жанына жақындай бергенде тірілердің зәресін ұшырып, оларға күлімсірей қараған Дулат Исабековтің сол «қателіктен» қасарыса сабақ алғысы келгендей, өмір туралы ойландырар талай тамаша туындылар жазуы кездейсоқтық емес. Олай дейтінім, біз 1961 жылы КазГУ-дің филология факультетіне бірге түстік те, Дулаттың қаламгерлік «дертке» шалдығуының куәсі болғаным бар. Армандап келген оқуға «бас қойған» кезіміз. Аудитория, кітапхана… кітапхана, аудитория … бірде Дулат, қасында қазіргі белгілі қаламгер, драматург Елен Әлімжанов бар, «Сырым, жазушылар одағына барайық, онда қалам ұстаған жастарға ақыл-кеңес беретін бөлім бар көрінеді» деді. Әлжуаз, өрімдей жігіттің мұнысы маған құр қиял сияқты көрінді. Қиялдай білудің де ерлік екеніне мән бере қоймайтын кезіміз. Қазір ойласам, Дулат сол күндердің өзінде, қаламгерлік дертке шалдығып жүр екен ғой. Шамасы, қиялының бос әурешілік емес, дәлірегі «дертінің» балалық мақтан емес екенін дәлелдеу үшін жас жүрегіжанын қоярға жер таптырмай жүрсе керек, онша көп уақыт өте қойған жоқ, бір күні жүзі жайнап, сүйінші данасын күтуге шыдамағаны ғой, баспахананың қара майымен жартылай баттасқан бір бет ақ қағазды алдымызға жайды да тастады. Онда «Мазмұны» деген жазудың астында жазушылардың және олардың шығармаларының тізімі көрсетілген. Тізім сол кездегі тірі классик Ғабит Мүсіреповпен басталыпты да, бірінші курс студенті, қазіргі тірі классик қаламгер Дулат Исабековпен аяқталыпты. Көзіміз желкемізден шықты. Аз уақытта Мүсірепов сияқты алыппен қатар тұруға жаратқан зор құрметті мына өрім жасқа қия алатын емеспіз. Бірақ ақиқат солай.
Мұның негізсіз еместігін, дәлірегі, мүмкін сол кездегі қарымды қаламгерлерге тән дәстүрден шығар, алдында табанды талапкер отырғанын тап басып таныған ұстаздың демеуімен, әйтеуір Дулат мұндай құрметке лайық екенін көп ұзатпай тез дәлелдеді. Іле-шала, «Лениншіл жас» газетінде оның «Шойынқұлақ» деген әңгімесі жарқ етті. «Шойынқұлақ» бірден оқушы назарын тартып әкетті. Академик М.Қаратаевтан бастап, қарапайым оқырманға дейінгі әдебиет сүйер қауым қазақтың әдеби бәйтерегіне тағы бір жұлдыздың қонғаны жайлы жарыса жазды. Жас дарынның шығармасында Ш.Айтматовтың «Жәмиласындағы» сиқырлы қаламгерлік шеберліктің қылаң бергені туралы да болжам пікір айтылды. Екінші курсты бітіргеннен кейін, бәріміз каникулымызды ауылда өткізу үшін елге топырлай аттанып жатқанымызда, ол коменданттың тілін тауып, жатақханамыздың елеусіздеу бөлмесінде қалды, сөйтіп әдебиет майданына шындап бет бұрды. Каникул кезінде-ақ, «Бекет» атты алғашқы повесін жазып шықты.
Талант қалай ашылды, алғашқы қадам қалай басталды деген сұрақтар төңірегінде санқилы пікір айтылады. Осындайда, жоғарыда келтіргенімдей, Дулаттың: «Сырым, жазушылар одағына барайық, онда қалам ұстаған жастарға ақыл-кеңес беретін бөлім бар» дегені есіме түсе береді. Дулат онда барды ма, ақыл-кеңес сұрады ма, ол жағы маған белгісіз, ол жайында сырласқан емеспіз. Келесі жылы денсаулығыма байланысты сыртқы бөлімге ауысып, елге кеттім де, тіршілік өз ағысымен жүріп жатты.
Арада, отыз жылдан астам уақыт өтті. Алматыға көшіп келгенмін. «Ана тілі» баспасында шығармашылық топтың жетекшісі болып істеймін. Бас редакторымыз – белгілі қаламгер Мағзом Сүндетов. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары, талаптың өзінен егемендік желі еседі. Уақыт есепте. Жаңа қолжазбаны мүмкіндігінше тез дайындап, Мәкеңе кіреміз. Әрине, тез қарап берсе дейміз, ал ол асықпайды. Жазба әдебиеттің жүйрігі, ауыз әңгімеге де осал емес-ті. Қолжазбаны бетінен бір сипайды да, үстелінің шетіне ысырып қояды. Сосын қараторы жүзі күлімсіреп, әңгіме айтуға кіріседі. Әдебиет алыптары Мұхтар мен Сәбит жайлы, жездесі Хамит Ерғалиев жайлы, тағы басқалары жайлы өзі кейіпкері болған уақиғаларды шабыттана баяндай бастайды. Қызықты, шаршатпайды, құмарта тыңдаймыз. Бірақ комитет белгілеген тәртіп бар, қолжазбаны сол тәртіппен, уақытында өндіріске өткізуіміз керек. Соны ойлап, дегбіріміз қашады, Мәкеңнің онда шаруасы жоқ, тағылымдық шежіренің шеті бәрібір көрінбейді. Бірде былай деді:
– Сендер, осы Дулаттың әдебиетке қалай келгенін білесіңдер ме?
– ? …
– Алпысыншы жылдардың бас кезі-ау деймін, одақта жас жазушыларға ақыл-кеңес беретін бөлімді басқарамын. Бірде бөлмеме екі жас жігіт кірді. Өздерін Дулат Исабековпын, Елен Әлімжановпын деп таныстырды. Тобылғының шыбығындай майысып тұр, бірақ әлденеге құштарлықтың желігі байқалады, көздерінде от. Жазушылар одағына – жазушы, ақын болсам дегендердің ғана келетіні белгілі. Именшектеп, келген шаруасы жайлы айта бастады. Тек арман ғана, ал қағазға түсірген дүниелері байқалмайды.
– Қай тақырып толғандырып жүр … не туралы жазғыларың келеді, – деп сұрадым.
Екеуі де үнсіз, өздері айтқаннан гөрі, аға толқынның ақылын тыңдағысы келетін сияқты.
– Айнала толған тақырып қой, тек соны көріп, жүрекпен сезе білу керек …Мысалы, Дулат, мына өмірде бәріміз жолаушымыз, жолға шықтың делік, жолшыбай көретіндеріңнің бәрі жазушының объектісі емес пе … кеудеңдегі таным сезімін оята білсең қаламыңа да қуат бітеді … Ал сен Елен, ана терезеге қарашы, аржағы тұнған өмір емес пе, сана-сезіміңнің көзін аш та содан өзіңе керекті жемісті теріп ала бер… Сөйтіп, «Терезе» деген әңгіме шыға келеді…
Дулат көп күттірген жоқ, алғашқы әңгімесін әкеліп көрсетті. «Жолда» деген тақырып қойыпты. Тақырыбын өзгертпедім, алайда, алғашқы туындысы ғой, шикілігі көрініп-ақ тұр. Талапты жасты райынан қайтаруға бола ма, табанды жігіт екен, төрт қайтара жазып шықты. Ақыры, жас жігітке сәттілік тілеп, дайындалып жатқан жинаққа қостым да жібердім.
Сол кезде, бірінші курста жүргенде Дулаттың: «…жазушылар одағына барайық…» дегенін тағы да есіме алдым. Ғ.Мүсірепов бастап, Д.Исабеков тәмамдаған жинақтағы «Жолда» деген екі-үш беттік қана ең соңғы әңгіменің бүкіл әлемді шиырлаған үлкен жолға бастап шығатынын кім білген?! Өзіне деген сенімі мықты Дулатқа рақмет, жас таланттың болашағына үлкен жүрекпен қарап, май шамды шыраққа айналдыруға тамыздық тірлік сыйлаған аға ұрпақтың, соның бір өкілі Мағзом ағаның ұстаздық бейнесіне ойша тағзым еттім. Сол тәжірибе қазір бар ма деп ойладым. Кім біледі, мүмкін бар шығар!
Сырым
БАҚТЫГЕРЕЙҰЛЫ