ӨНЕР ЖОЛЫНА АНАМ АЛЫП КЕЛДІ
22.01.2021
1565
1

Талап ҚАРАШ, күйші, ақын

Г азетіміздің «Әкеге хат» айдарының жалғасы ретінде белгілі күйші, ақын Талап Қараштың ана рухымен тілдесе отырып жазған тебіреніске толы естелігін ұсынамыз. Қазақ поэзиясын алып оркестрге балаған сыршыл ақын – Қанипа Бұғы­баева­ның дара үні, сара жыры оқырмандарының мәңгі жүрегінде. Жан-дүниесінің кіршіксіз тазалығы туындыларында айқын аңғарылып тұратын талант иесінің ерек болмысы осы хат барысында да жаңа бір қырынан ашыла түскендей әсерге бөледі.

Қанипа БҰҒЫБАЕВА

ЕСЕЮ

Бүгін түсімде анамды көрдім. Жазушылар үйін бетке алып, асығып бара жатыр екен. Өзі көңілді. Мен соңынан ұмтылып, ілестім. Маған кішкентай баланы көргендей аналық мейіріммен елжірей қарап, жан-жылуын сездіріп, бар жаңалықтарымен бөлісіп жатыр… Оянып кеттім! Оянып кеткеніме өкініп, көзімді қайта жұмсам да анам жүрген әлемге қайта орала алмадым. Жоқ.. Бала емес екенмін. Есейіп кетіппін!

Менің есею жылдарым ұзаққа созылды. Балалықтан арыла алмадым. Бір күні мектептің сабақтарынан басым қатып жүрген күндері ақын анам Қанипа Бұғыбаева маған:
– Талап, сен енді үйде ұйқысырап жүре бермей аудандық «Екпінді еңбек» газетінің редакциясы өткізіп жатқан жыр кешіне менімен бірге барып қатыс, домбыра тартып бересің, – деді. Себебі мен музыка мектебінде дәулескер күйші Қилан Сәрсенбиев ағайдан күй үйреніп жүруші едім. Ақыры анам айтқандай сол поэзия кешінде күй шерттім, келесі күні көлдей мақаланың ішінде атым аталған екен. Тасқа басылған әріптермен есімім жазылған газет беті маған рух-жігер бергендей болды. Күйші бала атанып, өнерім шыңдала бастаған күндердің бірінде, анашым оқыс шешім қабылдады.

«Дастархан басында анам Дастархан басында анам «Гәккуді» шырқаса, әкем «Ақбақай» Гәккуді» шырқаса, әкем «Ақбақай» мен «Сұржекейді» әуелетуші еді» ен «Сұржекейді» әуелетуші еді»

– Әй, Талап, мен сені домбыраны қат­ты қағып, мынау өмірден көшкен құмдай, соққан дауылдай өтемісің деп қорқамын. Сен енді әдебиетке мойын бұр, – деп ақыл айтты.
Ол кездері мен Алматыдағы П.И.Чайковский атындағы музыкалық училищенің маңдайалды студенті едім. Ана ақылынан кейін сол кездері айдарынан жел есіп тұрған «Лениншіл жас» газетіне шағын мақалалар жолдап тұрдым. Кей күндері газеттің Бас редакторынан арнайы мөр басылған хаттарды алғаныма мәз боламын. Ол жерде: «Талап, жариялауға жазған мақалаңыздың көркемдігі жетіспеді. Бірақ тоқтамай жаза беріңіз», – деген сөйлемдер де болушы еді. Дегенмен де бір оншақты талпынысымнан кейін алғашқы мақалаларым газетке жарияланды. Қатты қуандым. Бұрқыратып өлең жазуға да кірісіп кеттім. Қанға біткен ұялшақтығымды жеңіп, қаладан үйге келгенде, балауса жырларымды анама көрсетемін. Анам менің жазғандарымды қарап шығып, шындығын айтады. «Талап, өлең жазуды сен кілең ұйқастан тұра беретін дүние деп қабылдама», – дейтін. Өлеңге образ, қиял қажет екенін, көркем ойдың маңыздылығын ұқтыратын. Ұйқасы нашар болса-дағы кейбір өлеңдерімді мақтап: «Міне, мына жолдарда тіпті үлкен ақындар айта алмайтын ғаламат теңеу бар», – деді бір жолы. Ақыры үш-төрт тырнақалды өлеңімнің анамның қатал сынынан өтіп барып, Жамбыл аудандық газетіне жарияланғаны да есімде… Осылайша, анамның өнерге деген шексіз сүйіспеншілігі мені де осы жолға салды.

Әкем Қанағат Қарашев Жамбыл ауданына қарасты Қазақстанның 30 жылдығы атындағы колхоздың Халық театрында режиссер болып көп жылдар бойы қызмет атқарды. Театрға дейін автоклуб меңгерушісі болды. Бойына біткен табиғи таланты әрдайым айқын аңғарылып тұратын. Біздің үй ән мен жырдың бір орталығы секілді еді. Дастархан басында анам «Гәккуді», «Алқоңырды» шырқаса, ендігі бір сәттерде әкем «Ақбақай» мен «Сұржекейді» әуелетуші еді».

Ақынның қыздары: Ләззат пен өзіне ұстаз тұтқан Ләзиза Серғазинаның есімін берген – Ләзиза

Үйіміздің төрінен қонақ арылмайтын. Белгілі актерлер – Ыдырыс Ноғайбаев, Фарида Шәріпова, сықақшы Оспанхан Әубәкіров, ақын-жазушылар – Жәркен Бөдеш, Қуандық Боқаев, Жұмабай Шаштайұлы және тағы басқа өнер майталмандарын алғаш рет балалық шағымда, дастархан басынан көріп таныдым. 1990-жылдары ақындар мен батырлар елі атанған Алматы облысына қарасты Жамбыл ауданының Ұзынағаш селосының мәдениет үйінде «Құлансаз» ән-би ансамблі құрылды. Басы-қасында композитор Әсет Бейсеуов бастаған өнер шеберлері жүрді. Өнер жанашыры, өзі күйші әрі термеші Төлеу Қосановты да сол кездері көріп, үлкен әсерге бөленгенім бар.

Әкем өзі бір ақынжанды, ішіне кір сақтамайтын, қызуқанды жан еді. Бір күні үйге аптығып кіріп келді. «Ойпырмай, мәдениет сарайына бір жігіт келді, өзі керемет ақын екен, – деп анама мән-жайды айта бастады бірден. – Мен блокнотыма жазып алдым әлгі жігіттің өлең шумақтарын». Бір кезде әкем судыратып оқи жөнелген жыр жолдарына құлақ түрген анам күліп жіберіп: «Не деген аңқау едің? Ол жігіт сені қатырған екен. Бұл жыр шумақтары ол жігіттікі емес, Мұқағалидікі», – деп әкемнің аптығын басты. Анамның әкеме: «Өзің кезінде ақиық ақынмен талай бірге жүріп, сырлас болып едің ғой», – дегені де ойымда қалыпты.

Қанипа Бұғыбаева: «Алғашқы өлеңге талпындырған ұстаздарым – Құдаш Мұқашев, Әбу Сәрсенбаев, үлкен жүректі журналист апай Ләзиза Серғазина болды». (Әбу Сәрсенбаев ақынның шаңырағында қонақта)

САҒЫНЫШ

Сонымен мен музыкалық училищені ойдағыдай бітіріп, Құрманғазы консерваториясына түсіп кеттім. Арманым орындалды. Бала кезімнен күй шерткен кештерін теледидардан тамашалап, өнеріне сырттай тәнті болып жүрген атақты күйші Бақыт Тоқсанбайқызы Қарабалинаның шәкірті болып күй сыныбына қабылдандым. Бойымды бір мақтаныш сезім кернеді. Жыр анасының баласы едім, енді, міне, күй анасының шәкірті атандым деп масаттанамын өзімше… Киелі өнер ордасының 1-курсын енді ғана тәмамдап, Республикалық «Жігер» байқауының лауреаты атанған тұста, әскерге шақырту қағаз да келіп жетті. Ұзақ жолға әкем мен анам, қарындастарым Ләззат пен Ләзиза ақ тілектерін айтып, шығарып салды. Сөйтіп, мен Сібір ормандарынан бір-ақ шықтым.

«Есім шығып ести алмай қалдым мен «Мама» деген бір-ақ сөзден басқаны…» Қанипа Бұғыбаева. Бір жасар Талап ата-анасымен

Домбыраның мойнында жүгіретін саусақтарым, енді күрек ұстауға жарап, Калашников пулеметін меңгеруге бағытталды. Жарты жылдан кейін соңымнан футлярға салынған қоңыр домбыра да қуып жетті. Менің домбыраға деген сағынышымды жанымен сезінген қайран әкем жолдап жіберген екен. Мұнан кейін мені Сібір әскери округінің шенділері тыңдап көріп, Омск қаласындағы әскери ән-би ансамбліне ауыстырды. Бір күні Омскінің орталық почта бөлімінен Ұзынағашқа қоңырау соқтым. Тұтқаны анам алды. Бір жарым жылдың ішінде мені танымай қалғаны қызық болды…
– Бұл кім?
– Мен Талаппын.
– Қай Талап?
– Мама, мен Талаппын, ұлыңмын, – деймін абдырап.
Ақыры анам мені таныды.
Кейіннен бұл оқиға туралы анам өлең жазып, «Қоңыр жел» атты кітабына енгізген екен.
Қуанамын көгімде аман тұрса күн,
Көзін ашқан еске түсіп гүл шағым.
Құрсағымнан шыққан балам кешегі
Кезіп жүр кең дүниенің құрсағын.

Бір кездегі «кереметтің» бәрі шын,
Бір кездегі алыс емес алысың.
Үйде отырып вокзалынан Сібірдің
Естідім мен «мама» деген дауысын.

Қарыздармын тұнық аспан, таңға ашық,
Жер қадірін білем десең жолға шық.
Аспандағы телеграф сымдары
Тұрды жүрек тамырына жалғасып…

Аман болсын адамзаттың аспаны,
Аспанымның таусылмайды дастаны.
Есім шығып ести алмай қалдым мен
«Мама» деген бір-ақ сөзден басқаны…

Тұла бойым дүр сілкініп сол күні,
Арнасынан асып көңіл толқыды.
Дауыстаған сияқты алып теңізге
«Мама» деп бір өзендердің толқыны…

Жаңғырықтар жақындап бір, алыстап,
Ұшты уақыт ғасырларды ғарышқа ап.
«Мен ұлыңмын, мама!
Мама, ма-ма!» – деп,
Тіл қатқандай аспан жерге дауыстап.

«Мама» деп бір, жаңғырықты тау бүгін,
Білдіріп тез амандығын, саулығын.
Көкжиектен көкжиекке асығып,
«Мама» деп бір қақты қанат таңғы Күн!..

Қиял мінген шындық құсым бір самғап,
Босағамнан кетпейтіндей қусам бақ.
Тар құрсақтан шыққан балам
шырылдап,
Емін-еркін кең дүниені жүр шарлап.

Келді солай сырттан үйге жаңа леп,
Жаңа леппен жан-жүректе жанады от.
Талып жеткен даусыменен баламның
Бүкіл дүние тұрғандай бір «мама» деп!

АҚЫНДАР МЕН БАТЫРЛАР ЕЛІНДЕ…

Естелігімнің орта тұсында ақын анам­ның шығармашылық өмір жолы жақ­сылар мен жайсаңдар елі Жамбыл ауданымен тығыз байланыста болғандығын айтқан едім. Себебі бұл өңір аудан мәдениетін алға жылжытқан айтыс ақындары мен жазба ақындардың ордасы еді. Әсімхан Қосбасаров, Әлімқұл Жамбылов, Жолдасхан Құрамысов, Рәтбек Терлікбаев, Жұмабай Шаштайұлы, Нағашыбек Қапалбеков, Надежда Лушникова, Жібек Жарқынбаева, Есенқұл Жақыпбеков, Гүлнар Өмірзақова, және тағы басқа киелі өнердің тұтқасын ұстаған жандар осы өңірді мекен етіп келеді. Бәлкім, анамыздың жан-жылуынан әлде сарқылмас ақындық көрегендігі мен дарынынан от алды ма екен?.. Өнерге құштар жандар шаңырағымызға жиі келіп тұратын. Көбісі анамызды өздеріне ұстаз тұтатын.

Ауыл мәдениетінің өркендеуіне айтарлықтай жанашырлық көрсеткен жандардың ішінде бір кездері ауданды бірнеше жылдай басқарған Бекболат Тұрысжанов ағаны ерекше айтуға болады. Бұл кісінің жан шарапаты мен қамқорлығы арқасында анамызға сол Кеңес заманының тұсында орталықтан үш бөлмелі үй берілді. Бұл күндері сол аяулы күндердің белгісіндей болып, үй қабырғасында ақын құрметіне қойылған алақандай тақта тас алыстан менмұндалап тұр. Кейіннен анамыз мәңгілік сапарына бет түзегеннен кейін, ел ағасы Серік Үмбетовтың бас-көз болуымен қарындасым, мектеп мұғалімі, сазгер әрі әнші Ләззат Қарашеваға ақынның ұрпағы ретінде жаңа салынған үш бөлмелі үйдің кілті салтанатты түрде табыс етілді.

АРМАН

Бала кезім… Жасым, көп болса, алты-жетілер шамасында. Үйден қашықтығы бір шақырым жерден 3 литр сүт әкелу менің міндетім. Қыстың күні жол тайғақ. Ұзын-сонар кезекке тұрып алған сүтті бидонмен үйге алып келе жатып, бір күні жерге тайып жығылдым. Бір ғажабы өзім жығылғанда сүт төгіліп қалмасын деп бидонды оң қолыммен жоғары көтере құлағаным есімде. Сүт төгілмепті. Сүттің жайын айтып отырғандағы ойым, кейде мені «ана аманатын орындай алдым ба әлде орындай алмадым ба?» деген ойлар қажайды. Өзі өмірден өтсе де таңдамалысын екі рет баспаға ұсындым нәтиже жоқ. Ұсынылған кезде Мәдениет министрлерінің де ауыс-түйіс жасап орындарынан түсе беретіні де бір құбылыс. Жауаптары біреу-ақ: «министрдің ауысуына байланысты таңдамалының шығуы кейінге шегерілді», – деген уәжбен шектеледі. Енді, таяуда фейсбук әлеуметтік желісі арқылы кезекті министр Ақтоты Райымқұлова ханымға өтініш хат жолдадым. Жауабын күтем!

АҚША БҰЛТТЫ КҮНДЕР

Күндердің бір күнінде анам менің Алматыдағы музыкалық училищеде оқып, жатақхана өміріне көндіге алмай жүдеп жүргенімді байқап, мені өзінің рухани ұстазы әрі екінші әкесі қазақ әдебиетінің ақсақалы Әбу Сәрсенбаевтың үйіне алып барды. Әбекең мені көріп қатты қуанды. Сонымен менің бұл үйдегі өмірім басталып кетті. Әбу ата маған қолы қалт ете қалғанда домбыра тартқызады. Көбіне Құрманғазының «Кішкентайын» орындатқызады.

Мен жарты жылдай Әбу атамның тәрбиесін бойыма сіңірдім. Демалыс күндері Ұзынағашқа келіп, анама Әбу атаның күнде маған бір кітапты әкеліп беріп: «Оқып шығып мазмұнын айтарсың», – деп тапсыратын тәрбиелік сағаттары хақында баяндаймын. Ал анам болса, өзінің кіндік қаны тамған Талдықорғанның Қосағаш деген жерінде балалық шағы өткенін, ойнап жүріп сол аяғын сындырып төсек тартып жатып қалғандығы туралы айтып беретін. Осындай қиын шақтарда сағы сынбай, өмірге, әдебиетке құштарлығының арқасында қолына қалам алып жыр жаза бастаған жас дарын Алматыдан келген белгілі ақындар Тұманбай Молдағалиев пен Әбу Сәрсенбаевтың көздеріне түсіпті. Ақыры Әбекең ақын қызды Алматыға алдыртып, аяғына ота жасатқызып, қатарға қосқан.

АНА ӨСИЕТІ

Бұ дүниеде өздері жоқ болса да жаны ұшып жүретін шығар деп ойлаймын марқұм болып кеткен адамдардың. Кейде өмірімде орын алмақ елеулі оқиғалар басталар алдында анам Қанипа мен әкем Қанағат­тың түсіме енетіні бар. Тіпті ояу жүріп рухтарымен бәз баяғы күндердегідей сырласып жүретін кездерім де болады. Анам өмір бойы адамдарға ғашық болып өтті. Өзі айтатындай, көшедегі сыған болсын, мейлі ұлық болсын, кішік болсын барлық жандармен шешіліп сөйлесіп, бірден тілтабысып кететін.
Жанұялы болып әрі әдебиеттен де қол үзбей жүріп, сырттай әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне оқуға түсіп, диплом алғанда балаша қуанғаны әлі есімде. Әкемізге қалжыңдап: «Мен енді журналиспін», – деп мақтанатын… Әкем ақын жанын терең түсініп, жиі еркелететін анамызды.

Шығармашылық ойлар мен қоғамда болып жатқан пенделік өзгерістер әсер етті ме екен, анашымның бұрынғы жүрек ауруы асқынып жүрді. Қолдан келер қайран жоқ. Бір күндері бейнекамераны анамның қарсы алдына құрып өсиеті мен батасын алуыма тура келді. (Бұл өсиет-бата тек маған ғана емес, барша қазақ жастарына берілген деп ойлаймын…)
«Ал енді мына жыр сапарың мен творчествалық ғұмырың ұзақ болсын. Мен саған сенемін, менің бүкіл шығармаларыма ие болып, қаламымды қалғытпай ұстап, алда мықты ақын болады деп сенемін! Соған сенің қайратың мен талантың жетеді деп ойлаймын. Ол үшін өмірді зерттеп, өмірге әкелген шешеңнің жыр туын жерге түсірмей қағып алып, болашаққа алып бар менің дауысымды! Жалғыз менің ғана емес, бүкіл халықтың, елдің ұлы бол. Қазір қырыққа келіп қалдың, аман-сау жүріп менің мақтанышым бол. Өмір деген бір күндік емес. Өмір деген – өтпелі. Үлгеріп қал бәріне де. Менің жетпеген биігіме жет» (23.09.2003), – депті анам жүрекжарды тілегін айтып.
Ана, өзіңізге хат жазам деп отырып, ойыма осындай аяулы сәттер оралды. Сіздің жырларыңыз еліңізбен бірге мәңгі жасай беретініне сенемін.

ПІКІРЛЕР1
Аноним 12.03.2021 | 00:19

Тамаша естелік. Ата-ананы сағынған жан Талаптай болсын! Ана өсиетінің нəтижесіне, жеңісіне жет! Қаламың ұшқыр болсын!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір