Серік ӘБІКЕН. Әке – кітап
22.01.2021
1600
1

Әке, соңғы уақытта ұйқым қанбайтын болып жүр. Сенесің бе? – деп сұрамаймын, сен бәрін сезесің. Ерте жатып кеш тұрсам да сан алуан ойлар анталап миға дамыл бермейді. Өмір тым беймаза болып кетті ғой. Қым-қуыт, ылдым-жылдым. Бүгін сүйенгенің ертең сүріндіреді, бүгін сүйінгенің ертең күйіндіреді. Мазасыз ой көп. Өзің: «Балам, тұра ғой, арбаны жегіп қойдым», – деп жымия оятатын балалық шақты аңсаймын. Құланиектен шөп шабуға шығамыз. Дөңгелегі тасқа шақыр-шұқыр тиген арбаның үстіне төселген күпәйкеде аузыңнан суың ағып ұйықтаған ұйқы – ең тәтті, ең бейкүнә екен ғой. Қара есекті доғарып, шешем құйып берген шалаптан бір-екі ұрттатып, қолыма айыр ұстатасың да, өзің кең адымдап шалғы тарта жөнелесің, сенің ізіңде қалып бара жатқан ұзын бау таудай көрінуші еді маған. «Не деген…?» – деп сүйінетінмін. Жазда автоклубпен ел аралап қисса-дастан айтып, қыста айтыс деп домбырасын арқалап кетіп, үйде сирек болатын әкенің жанында көбірек жүруге тырысып, айтқанын екі етпейтін едік. Шөмеле-шөмеле шөпті арбаға таудай етіп тиеп, үйге қайтамыз, әңгіменің тиегі сол кезде ағытылады. Делебені қағып қойып түрлі аңыз айтасың, аузым аңқиып тыңдаймын. Ол қызық әңгімелер түнде, нар үстінде жұлдызды аспанға қарап жатқан кезде тағы жалғасады. Жұлдыз ағып түссе, ерніңді күбірлетіп, бет сипайсың.

«Рәш, үйдің құты еді ғой, құт кеткен соң осылай болады, сендердің садағаң», – деп жымиған едің. Осы сөз арқылы біз жардың, ананың қадірін ұқтық»

– Не болды? – деймін ғой.
– Бір жақсы адам о дүниелік болды, бет сипа, құлыным, – дейсің.
Мен де бетімді сипаймын. Содан аспанға үңілемін, жалт-жұлт, зу-зу етіп жұлдыз ағып жатады.
– Егер жұлдыз аққан сайын адам өле берсе, жер бетінде ешкім қалмайды ғой, – деймін. Күлесің.
– Жаратқан есебінен жаңылмайды, балам, күніне мың адам о дүниеге аттанып, мың бір адам жарық дүниеге келеді. Мына дүние артық туған бірден құралған, – дейсің.
Сөйтіп айтып мына дүние бірегейлерге сүйеніп тұрғанын ұқтыруға тырысқан екенсің. Сау­сақ бүгіп пәниде қанша адам барын, жалпы пілсауыр жердің қанша заманнан бері тұрғанын санауға кірісіп кетемін. Солайша ұйықтап қаламын. Келесіде дүниеде не тәтті, не ұшқыр екенін талдаймыз.
«Әкең қандай адам еді?»…
Осы сұрақ жиі қойылатын болып жүр. Біртүрлі. Өз қағанағынан жерінген найсаптың балалары болмаса, басқа қай ұрпақ әкесін жаман дей қойсын. Әр перзентке өз әкесінен биік шың, оның иығынан мықты тіреу жоқ қой. Сонда да осы сауал көп қозғалады. Сен қандай едің? Осыдан алты жыл бұрын өзіңнің жастық шағың өткен, бір жиында өткір жырыңмен «Тыныбаевты секіртіп, Алпысбаевты билеткен» Талдықорғанға қызмет ауыстырдым. Кезінде жыры мен суреті «Октябрь туының» бетінен түспейтін ардакүрең, облыс атынан сан додада топ жарған айтыскер Әбікенді көп адам «ұмытып» қалыпты.
Бірде телефон шыр етті, алсам:
– Әлеу, – деген қарт ананың даусы естілді.
– Амансыз ба?
– Аман бол, айналайын. Сен әлгі біздің Әбікеннің баласымысың?
– Иә, апа.
– Құдай-оу, Әбекеңнің мінезін-ай, әй шатақ еді ғой, – апа кеңкілдеп күліп алды. – Құдайдың бере салғаны! Аман бол, ботам. Оған тартсаң, жаман болмайсың.
Өстіп телефон арқылы атақты Бәтима Сақауова апамның батасын алдым. Елге қадірлі қария еді, жарықтық. Көзіңді көрген қай қартпен тілдессем де жырыңнан бұрын өзіңді, мінезіңді айтады. Басында қысылатынмын, кейін ойландым. Неге? Ел билеген Тыныбаев пен Алпысбаевта нең бар, Бектемірдің баласын неге түйредің? Әділет үшін екен. Республикада қиқу шықса: «Ойбай, Әбекелеп» жететіндерді жыр аламаны аяқталғаннан кейін ұзақ уақыт көрмейтінбіз. Керегінде жалбақтап тағы жететін. Соған ашуланып өнер адамы сұңқар, тұлпар секілді бап қалайтынын ұқпайтындарға шүйлігеді екенсің ғой. Сарыбай балуанның бойы сорайған сері ұлының жанын заманында ешкім ұқпапты. Бұла ақынды бюроға салған партияшыларға ызаланғанда есікті бір теуіп шығып жөнеліп, жыл бойына сиыр бағып кету екінің біріне бұйырмаған мінез.

«Көзіңді көрген қай қартпен тілдессем де жырыңнан бұрын өзіңді, мінезіңді айтады…»

Он бесіңде қосылған анамыз Разиха 1978 жылы аяқ астынан көз жұмып, қамшыңның сабы морт сынғанда жүйткіген өмір-дүлдүлің кілт тоқтағандай болды, бала күніңнен серік болған домбыраңды іргеге сүйеп, қызыл-жасыл боянған дүр-дүниені сап тыйдың. Балғалының дәу төбесіндегі еңселі қара үйде сегіз балапаныңды бауырыңа басып, шәй қайнаттың, көсеу ұстадың. Ақыл айтқан жанашыр көп болғанына қарамастан бөтен әйелді босағадан аттатпадың. Ол кезде небары елуде, нағыз ердің жасында екенсің ғой. Перзенттеріңді өгей нұқып жәутеңдетпеуі үшін өз тағдырыңды келте қайырыпсың. Сал Әбікен, сері Әбікен тез-ақ ұмыт болды. Адам баласы ұмытшақ қой. Жаныңа ілесіп қонаққа барғанымда аянышты сезіммен басымнан сипаған кемпірге: «Тарт қолыңды! Басынан сипайтын күшік емес! Бағын үркітесің!» – деп ашуланғаның есімде. Біреулер қалтама тәтті тықпыштаса да алдырмайтынсың. Мүсіркегенді ұнатпайтын едің. Ақындығыңды, сақалыңды саудалап ешкімнің есігін қақпадың, мынаны адам ете көр деп бала жетелеп барып басыңды имедің. Әр перзентің оқуға түсіп, өз бетінше қанаттанды. Сен болсаң, қарашаңырағыңның отын өшірмей жалғыз төбедегі жалғыз үйде жалғыз өзің тілеуімізді тілеп отырдың. Сенбі күні автобустан түсіп үйге қарай алып-ұшқанымызда үрпегін күткен қаздай мойын соза күтіп тұрушы едің. Кенжетайыңның мектеп бітіріп оқуға түскенін көрдің де, өзің де келместің кемесіне міндің. Жалғыздыққа тура он жыл төтеп бердің. Иілмедің, сынбадың. Тіпті сырқат та бүге алмады. Менің көз алдымда тік, еңселі күйі сақталыпсың. Әлгі қора құлап отыз қойды басып қалған сәт есіңде ме? «Рәш, үйдің құты еді ғой, құт кеткен соң осылай болады, сендердің садағаң», – деп жымиған едің. Осы сөз арқылы біз жардың, ананың қадірін ұқтық. «Дүние – боқ» дегеннің төркінін түсіндік.
Көрсеткен аман болсын
балалары,
Кеңісін ақыл толып саналары.
Қуатым, миатым ғой
тірейтұғын,
Ашылмай жүрсе екен аралары.
Сен осы тұтастықты армандаған әкесің, балаларыңның елден қалмай, жақсыны көріп-біліп өскенін қаладың. Патефон, радиола, радио, теледидар. Әр шыққан жаңа затты алыстағы ауылға арқалап әкелдің. Алпысыншы жылы Әбікеннің үйі «кинотеатр» атанып, ауылдас біткен теледидар көрген екен. Экраны доп сияқты кішкентай теледидар қорада беріге дейін сақталып тұрды. «Балам, Манарбекті қойшы?!» – десең, кішкентай сары бала жүгіріп барып радиолаға жұқа көк пластинаны сала қоюшы еді. Кейде еттабақтай қара пластинкадан Жүсіпбекті, Ғарифолланы тыңдайсың. Көңіл-күйіңе байланысты еді, «Беу» деп қойып бірде «Ардақты», бірде «Жалғыз аршаны» қосыла ыңылдайтынсың. Осы күнде мен де әкемін. Менің өлшемім, биігім – сен! Саған жетеқабыл болсам жарар деймін, «артқы тұяқ алдыңғы тұяқтан асыра сілтенбесе тұлпар болмасты» да, тұқымың азып, руһың тозып кетпесінді де ойлаймын. Өзім ұлыма хат жазғанда: «Қасқадан төбел туады» деген рас болса, қойдан көз жазбаған, митың жүрісті төбелден де түптің-түбінде бір қасқа құлын туып қалуы әбден кәдік?! Жүген-құрық тимесе, шу асау сол болар. Ізіне қуғыншы түссе, ер-тоқымы мойнына кетіп, жерден басын алуға дәті бармайтын әкесіне бір қарап, құйрығын тік шаншып, күміс үнімен даланы жаңғыртып азаттық исі бұрқыраған жазыққа тартар. Қарайламасын! Қарайлама», – деппін. Сенің ерек болғаныңа шүбә жоқ, өзім төбел бола алдым ба? Бола алмасам, балама дұрыс жол сілтедім бе? – деп ойланамын. Сен одақтардың есігін айқара ашып, Алматының төрінде алшаң басып ғұмыр өткізгендер санатынан емессің, ауылдың қара шалысың. Жиырма жеті жасыңда Әуезов арқаңнан қағыпты, Мүсірепов мақтапты. Кененнің алдына көлденең жатып, еркелей суретке түсіпсің. Осының бірін аузың көпіріп мақтана айт­қаныңды естімедім. Беріде, көп беріде архивтегі сарғайған газеттерден оқып, таң қалып жүрмін. Үмбетәлі Кәрібаев, Байбатыр Мұқашев, Көкен Шәкеев, Қалихан Алтынбаев, Темірғали Рүстембековтер де дәл сендей қара шалдар еді. Анамыз барда үйде апталап қонақ болып, түрлі әңгіменің тиегін ағытатын. Олардың әрқайсысы бір-бір Алатау-Қаратау екенін енді біліп жүрміз. Биіктігін байқатпай жүріп-ақ қазақтың бар асылын сақтап қалған алтын қазық қарттардың батасын алдырып, бауырында өсіріпсің. Содан болар, әкенің бір парызы ұрпағының бойына қарапайымдылық пен даралықты қатар егу екен деген ой түйдім.
Шеше жағынан туыс болып келетін Тоқмолда ақсақал: «Әй, Сталин дер кезінде өлді, ол өлмесе сендердің әкелерің өлетін еді. Сендердің көрер жарықтарың бар екен, абақтыдан оңай құтылды», – деп қағытушы еді. Сөйтіп Сталиннің суретін жыртқан Әбікенді білдік. Асырып жіберген шығар, айта береді ғой деп жүргенде 1986 жылы Колбинді сыбап хат жазған Әбікенді көзімізбен көрдік. Атком, парткомның бәрін бала-шағаша жүгірткен сұр кәстөм киген сұсты жігіттер кішкентай Малайсарға жетіп келіп, өзіңмен екі сағаттай тілдесті. Тістеніп отырдың. Хат­тың мазмұнын кейін, ел азаттық алғанда қайсар журналист Бақыт Әлімовтей ағалардың жазбасынан оқыдық. «Ұятты сөз баршылық», – екен депті. Шатақ шал дегендердің ызалы күлкісін енді ұғып жүрмін. Мейлі, ол сенің өзің таңдаған соқпақ. Қияға салынған ол соқпақпен жүріп өтуге дәтім шыдамас, «Әке жолынан айнымай жүру шарт емес шығар?» – деп өзімді алдаусыратып қоямын. Өзін-өзі жұбатқан мендейлер көп қой… «Тірі болса, нағыз ақсақал болады екен-ау» деп ойлаймын. Парасаттың емес, алған атақтың шоқтығы биік болып тұрған заманда ақсақалдық азып кетті. Күпініп сөйлеп, күшеніп ақыл айтатын шал көп. Жасанды. Бәрін жисаң, қамытбау тігіп отырып шежіре тарқататын көрші Майлыбай қарт­тың ширегіне татымайды.
«Секентай, оқы», «Керек дүние», «Оқыңдар» деген көк сиялы жазуы бар ескі кітаптар әлі күнге сөреде сақтаулы. Өзің оқыған шығарманың әр тұсын солай түртіп отырушы едің, Фердоуси, Әуезов, Жансүгіровтей алыптардың шығармаларына балаларымның тісі батады деп ойлағансың-ау. Өреміз жеткен жерге дейін ғана оқыдық.

«Әке,Сенің ерек болғаныңа шүбә жоқ, өзім төбел бола алдым ба?..»

Сенің де дәптерге қолмен жазып қалдырған дастандарыңды енді електен өткізіп жүрмін. «Мәлике қыздың жұмбағын», «Дариға мен Әзіреті Әлінің күресін» қарап отырып қайран қалдым. Басқа нұсқаларда бұл оқиға араб жерінде өтеді, ал сен мұраға қалдырған нұсқада Дариға – дала қызы. Сонда ақырзаманда адамзатқа араша түсетін Мәді түбі түркінің жиені болып шыға келеді. Бұл да өз халқын өзгеден жоғары санамаса да кем көрмейтін, он сегіз мың ғалам жаралғаннан берідегі аңыз-әпсананы ұрпағына өз сөзімен, өз руһымен сіңіріп отырған, адам игілігіне жаралған еш дүниені ұлттан жоғары қоймайтын әкелердің ұлылығы еді. Бүгінде сол мінезден жұрдай болып барамыз, өзгені зор санап, қазақты жаттың қиссасымен тәрбиелейтін күйге түстік. Демек біздің буын – әлсіз. Дабыра көп, діңгегіңді құрттан сақтар парасат жоқ. Айғай көп, айбын жоқ. Үрлену көп, үндемей жүріп іс тындыру жоқ. Өтпелі заманда өңмеңдеп жүріп жоғалтып алғанбыз. Сен балаларыңа алты жасынан зуылдатып батырлар жырын оқытып, қызыл бунаған заманға қарамастан қазақ етіп тәрбиелепсің. Біздің қолымыздан сол келді ме? – деймін, – Келсе, тәуелсіз елде жүріп түбін ұмытқан ұрпақ қайдан шығып жатыр? Сендер қылбұрауға шыдап октябрят, пионер, комсомол балаларыңды қазақша сарнаттыңдар, біздер орысша шүлдірлеген көсемдерге, оларға еліктеген баламызға «Болмайды!» – деп айта алмадық. Әке деген ұғымды аласартып алдық па? – деп қорқамын. Әкелер кесек сөйлеуден қалғанда ұрпақтың ісі сұйылады. Өткенде: «Әр Бұдасопының өзінің Билауқары болған. Билауқарлар жол көрсетпесе, мәнді ұқтырмаса, Бұдасопыдай мықтылар болмас еді», – дедім. Өзің айтқан мыңнан аман қалған бірегейлер ғой. Әр баланың ұстазы – әкесі. Оның бірде-бір сөзі далаға кетпейді екен. Уақыты келгенде сана түкпірінен жылт ете қалады. Мәселен, мені достарым «бандытанушы» деп қағытады, 1930 жылдардағы қазақ көрген қиянатты, қолына қару алып үкіметке қарсы шыққандарды зерттегенімді меңзегендері. Сол зерттеулердің ең бірінші мақаласын: «Әкем айтқан әңгіме еді…» – деп бастаппын. Сормаңдай қазақтың сорасын ағызған жылдардың да азасын санама құйып кеткен өзің екенсің.
Сырқаттанып жүргеніңде айтқан әңгімең әлі есімде. «Баяғыда атасы, баласы, немересі үшеуі шөп шабуға барыпты. Кішкентай бала бас киімін ұмытып кетіпті. «Құлынымның маңдайынан күн өтер», – деп әкесі өз қалпағын кішкентайға кигізіпті. Сөйтсе, қарт өз қалпағын жұлып алып, баласына ұсыныпты. Әке бақыты деген сол, балам, сенің ұрпағыңды көрсем арманым жоқ», – деп едің, ол күнге жете алмадың. Ал қалпақтың астарында көп дүние жатқанын енді түйсінгендеймін. Тағдыр табасы шыжғырғанда қорғап қалар – білім, сынаққа түскенде сақтап қалар – мінез болар ол бас киім?! Бастысы, баласы қарт әке ұсынған қалпақты алды ма? Неге аяқталмаған аңыз айттың екен? Самайым аппақ болғанда өзіңнің айтқандарың жайлы жиі ойлаймын. Сен мен үшін өмір кітабы болыпсың. Оқыған сайын бір құпия ашылады, мазмұнын әлі толық ұқпадым. Оқи беремін.
Жаның жәннатта болсын.

ПІКІРЛЕР1
Аноним 22.06.2024 | 01:13

Әкелер-ай арды ойлаған.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір