Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ. ҚАЗАҚ ТА БІР КИІКТІҢ ҚҰРАЛАЙЫ…
21.01.2021
1760
0

БОЗТОРҒАЙДЫ ІЗДЕУ
Талқаның бітсе жүгіңді кім бар тең бөлер,
Керуеннің басын шайтанның оты арбаса…
Ел ауған кезде
қайың сауғанды көрген ел
сағана боздап сарнаса…

Беліңе саулық тіледім сенің,
ҚАРА НАР,
Уа, Мәшһүр баба,
басыңа келіп түнедім.
Жауыздығыңмен жекпе-жек
шыққан бабалар –
Ауыздығыңмен су іше көрме, күреңім!

Ғаламаттарын естимін күнде ғаламның,
Ей, менің көшім,
қисая тартпай жөнге көш!
…Арғымақтарын арбаға жеккен заманның
таңғы бақтарын бұлбұлдың әні тербемес.

Көз алдымдағы көгермей көктем күні-түн,
Бағытым болған кіл тұйық.
…Үркіншілікте үркіп бір кеткен үмітім
Үкідей қалған үрпиіп.

Көгіме менің құдіретті байрақ байласын,
Тірі Рухымды көзімен көрсін сенбесе.
…Бабам болжаған бозторғай құсым,
Қайдасың? –
Сәуірге жетем,
тәуір боп кетем, ендеше!

АҚПАННЫҢ АҚ БОРАНЫ. ҚЫЛАРҚАН.
Кеңістік…
қолтығы кең,
мұраты нық,
Шылбыры шу асаудың шұбатылып…
ашуы алты күннен басылмаған
ақпанның ақ бораны тұр ақырып.

Басына атар таңның
бұйырғай бақ,
сол жылы кетіп едік қиыр жайлап.
…шетінен көкалалы жылқы алдымда
Бетімен әппақ қардың үйірді айдап.

Ұмытпай
өскен,
өнген ұяны мен,
күн кешкем бала ақынның қиялымен.
Әппақ қар,
Әппақ әлем,
ақ дүниеге –
Жыр жазғам тұлпарлардың тұяғымен.

Байыппен бастасам да байтақ әнін,
пенденің кім қолдайды қай талабын?..
…Ақпанда ақ боранды азынатып –
келеді сол өлеңді қайталағым.

Түн кешкен түнек көріп,
таңда адаспақ,
Алаштың ат жалында арманы асқақ.
…Түсімде көкалалы көп жылқымды
Біреулер шыңғыртып жүр шалма тастап.
Елсізде ойлағам жоқ мәңгі жортам,
Қалды қос,
Қалды қамшы,
Қалды да ортам.
…мойнына түсетінін білмейді олар
күнінде қияметтің сол қыл арқан.

Бастаса ізсіз жолдар мұратқа ұлық,
Жанымда шалқиды ма шырақты үміт?..
…ашуы алты күннен басылмаған
Ақпанның ақ бораны тұр аптығып.

ТАҢБА. ҚАРАТАУ.
Шомылған шуағына таңғы нұрдың,
Дүние,
көз алдымда сан құбылдың.
Мен саған жылда келем, айналайын –
таңбасын оқу үшін тағдырымның.

Көңілім көкжиектен кеткенде асып,
Өлеңім өткенге асық,
көктемге асық.
Қаратау – мөрі шығар бабамыздың
Даламның маңдайына кеткен басып.

Жазылған жылдарымның жылнамасы,
Сыңсиды сыры кетпес сырлы ағашы…
Үстінде қара тастың қобыз шалып
қарайып отырамын түн баласы.

Қобызым зарын қосса қаз үніне,
Жас жуған жанарымның жазығы не?..
Құс сынды сыңар қанат,
тұрам қарап –
қартайған Қаратаудың әжіміне.

Қобызым күңіренсе таңға асығам,
асқандай асау толқын арнасынан.
…оқимын өткенімді,
кеткенімді –
қария Қаратаудың таңбасынан.

Шежірең шеменімді шерге малып,
Өмір боп бауырыңнан өргені анық.
…көргенсің жас шыққанын қара тастан
Келгенсің тағдырымды теңдеп алып.

Көз ілсем,
қобыз шалам,
жарық көріп,
Жіберші, керуеніме бағыт беріп.
Басыңа,
тасыңа кеп бір түнейін –
Әбіш пен Қасымханды алып келіп.

Бір түнеп,
Көңілдерді хош қылғасын,
Бұрайық қай бағытқа көштің басын?
Аңыз боп осы сапар кейінгіге
Абыз боп толғап берсін қос құрдасым.

Түсімде…
кісінеді тұлпар әппақ
дүбірін дүниеге кім таратпақ?
…бір бала мен отырған тас үстінде
кітәбін Қаратаудың тұр парақтап.

СӨЙЛЕ, ҚОБЫЗ!
                      (Мұхтар Мағауинге)

– Сөйле, Мұхтар Мағауин!
Қарашаның ызғары –
нұры тайған қарашық.
Кісінеп тұр бесті айғыр үйірінен адасып.
Қара қобыз сарыны мұхиттарға жанасып,
Алты қырың беріде.
бес құрлықтан әрі асып…

Азынаса қу тақтай жүрекке ұғар тіл берді,
Шыңғыс ханның құйқасы шымыр
етіп үлгерді…
…Армандының арманын
замандардан зарлатып –
Жалған күннің жалғанын Сізден өзге
кім көрді?!

Тоғыз қанат ақ орда қоңыр салқын деп қалдым,
Қарашаның ызғары, қай жағымнан
кеп қалдың?..
Ішігіңіз, ағатай,
Хандар киер бұлғыннан –
Көк мұзда да жауратпас
ақ қарында ақпанның.

Алмас қылыш жарқ етсе,
қолыңда алтын балдағы,
қаламыңның ұшында арыстардың арманы.
…Көк бөрінің терісі сыпырылып тірідей
Қара қайыс қолдағы –
Енді бізге қалғаны.

Баянсыз боп байтақтың тарқағанда базары,
аңнан,
әлде адамнан Жошы ханның ажалы?..
…Кет – Бұғадай күн кештің,
ғасырлармен үндестің –
қара қобыз зар құсса,
қылы, шегі назалы.

«– Теңіз бастан бұлғанса, кім тұндырар, ағасы,
Терек түптен жығылса, кім тұрғызар, ағасы?»
…Қамқа тонның жағасы,
артып туған бағасы –
Сіз, не дейсіз, ағасы –
екі дүние арасы…
Бұл заманның кім білсін ұлысы кім, ірісі,
түнек болып кетеді түп іздесең түн іші.
…Қобыз алсаң қолыңа еміс-еміс естілер –
Айрылысқан аққудың шерге толы дыбысы…

Қара қобыз сарнаса
зарын тыңдап үлгерем,
Бұлт астында булығып жарқ
ететін күн көрем.
…Тәбияға жаратқан күпшек санды күреңім –
Қасқа айғырдың үйірі болмайды екен кіл берен.

Сарынына қоса ма,
Шыңғыстауды,
Семейді,
Үзік-үзік бір елес қолтығымнан демейді.
асылдардың өлеңі,
ғасырлардың бедері –
Қара қобыз не деді,
Қара қобыз не дейді?!
– Сөйле, Мұхтар Мағауин!

СҮТ БЕРІҢДЕР!
Бетбақдала!
Жанарым ғашық алап,
Жаныма орап,
Жүректің жасына орап,
Сүйгем оны…
Жайлауда жаз өткергем
Құралайын киіктің асырап ап.

Баянсыз күн басынан бақ ұшырған,
Сынақ көріп.
туғаннан сағы сынған.
Енесінен адасқан құралайға
Ақ дүниенің атынан ақ ұсынғам.

Жұмыр бастың шешетін
жұмбағы ауыр,
Бұлаң еткен бұлдырап
бұл да дәуір.
Енесінен елсізде адасқанға
Сүт беруді үйреткен қырдағы ауыл.

Таңда өлеңім сол болып,
кеште өлеңім,
Өмір жырын ақ сүтпен
кестеледім.
Жетілген соң: – Құралай,
Қош! – деп едім –
алтыда едім…
жоқ әлде бесте ме едім?..
Ғажайыптан тұрады ғалам лебі,
Өн бойында өмірдің бар өрнегі.
…жалт қарады ол, арман-ай,
қоштасарда
Сондай жанар көрмедім содан бері.

Айтам деген сыр еді ілгеріден,
Армандыға ақ берген күндерім ең.
…Өмір зулап барады көз ұшында.
Өлең кетіп барады бірге онымен.

Көңілімнің көлдерін мұңдарға орап,
Сыңсып ұшты бір құсым сынған қанат.
Құлдыраңдап жүгірген құралайға
Қырдан асып кеткенше тұрғам қарап.

Көктөбеден көктемді күткенінде ел,
Үзік-үзік үмітін үптедіңдер!
Қазақ та бір – киіктің құралайы
Жаутаңдатпай жапанда
сүт беріңдер!

Шарықтасын,
Шалқысын көкте құсың,
Өзектіге бұл өмір өтпелісің…
– Сүт беріңдер,
тірілер,
бір-біріңе
Еріндерің кезеріп кетпеу үшін.

БІР ҚАП ҰН.
АСАНӘЛІ ӘШІМОВ
        – баллада –
Ғұмыр жолы қазаққа қазына-құт,
Сырты сұсты болғанда –
Жаны нәзік.
Ескі кезден естелік созады ағам
Көне күннің қамбасын қазып алып:

– Ұрпақтардың жолдарын жалғайды Арман,
Қайран біздің Аналар арды ойлаған.
Елес болып келеді ес білгелі
Қайтпай қалған әкеміз қан майданнан.

Басқа таңдау жоқ болып,
басқа амалым,
талай бұздым тағдырдың тас қамалын.
танып өскен бала едім
ақ-қараны –
бағып өскен АНА-ның қас-қабағын.

Есіл көңіл елсізде елеңдесін,
Жел шайқаса жастықтың желең көшін.
Соғыс біткен…
біз кеттік ерте есейіп
көтере алмай жатқанда ел еңсесін.

Біз кезігер ғаламат ғалам қай тұс,
алдағыңа, адамзат,
алаңдай түс!
…Наубайхана жұмысын атқаратын –
Ерте кетіп,
кеш келіп Анам байғұс.

Таңда тұрып,
иә, солай, түн келетін,
Үмітімді үкілеп үлгеретін.
Ақша деген жоқ онда…
еңбегіне –
Әр күн сайын қос уыс ұн беретін.

Талап болса кетеді бақ та шауып,
Басқа таңдау пенденің таппасы анық.
Әппақ ниет ақ Анам
Әппақ ұнды –
Бір жыл бойы жинады қапқа салып.
– Алды-артыңа өтінем,
қарама тек,
Талаптанбау жігітке жаман әдет.
Бір қап ұнды сатарсың жол-пұлыңа
Оқу ізде,
құлыным, қалаға кет! –

Деген-ді Анам:
– Әулеттің сен ғұмыры,
Өзі оңғарар, жаратқан, ендігіні.
…Райымбек досыммен базар барып
Бір қап ұнды сатқанбыз желді күні.

Арманымның аялы сазын аулап,
Бара жатты сол күні жазым аунап…
Болашақтың күйіндей сыңғырлаған
Қалтамдағы тиыным азын-аулақ.

…Көңілінің көмбесін шерге малып,
Асан абыз толғаса пендеге анық:
– Мені ұлы сапарға әуел баста
Бір қап ұнның пұлы еді келген алып.

…Бұл сырыңды жырламау күнә шығар,
Ақиқаты аңыздың бір ашылар.
Бір қап ұнның ішінде – АНА АРМАНЫ –
сосын Ысқақ піріңнің дұғасы бар.

Күндер өтсе басыңнан шұбар ала,
тағдырыңды, ағасы, кінәлама!
…Асанына уыстап ұн жинаған
ұлы ескерткіш қойыңдар ұлы АНАҒА!

Тасы тимей тағдырдың тасадағы,
Жарық таңда жар болған Жасағаны.
…Ақ Ана мен Ақ ұнның киесіне –
Бас иеді әлі күн, Асанәлі!

КОРОНОВИРУС КЕЛГЕН КҮН…
– Бермеді жаз да,
Күз де көмекті,
Құдайдың бұл да жазғаны.
Короновирус бізге де кепті
Не болады екен ар жағы?
Байғұстың басын қатырады аңыз,
Дүние сырын ұқпаған.
Абызша толғап отыр ағамыз
ауылдан ұзап шықпаған;

Байыппен сөзін баптайды берен,
Кешелі бері естіген;
– «Сақтансаң – Құдай сақтайды» деген
Есті сөз қалған ескіден.

Аялай алсаң арман ұяңды,
Атады таңың құтты ән боп.
…короновирус,
пандемияңды –
бұл үйде ешкім ұққан жоқ.

Өмірдің өліп сүйердей құсын,
Аңғалдау әжем арманда:
– Соныңнан бізге тиер деймісің
Өздері бөліп алған да…

ОСЫ ІНДЕТТЕН…
Сан жақыным жоқ болды осы індеттен,
Бауыр кеткен,
аяулы досым кеткен.
Есеңгіреп елсізде есім кеткен –
есім кеткен…
Көңілден хошым кеткен.
осы індеттен…
Қыларқанмен шыңғыртып қашағанды,
Қобыз шалсам үн шықты аса зарлы.
…Қаратаудың қатпарын әжім торлап
Алатаудың әп-сәтте шашы ағарды.

Тұнып барып қосылсам тұма көлге,
Қанат сыйла,
мұрагер,
Құлагерге!
…көшке ілескен бір тайлақ жар басында
Жаутаң-жаутаң қарайды мына әлемге.

Өн бойына өндірдің нұр сіңіріп,
Күнді көріп күнгейден,
күлсін үміт!
Жалған – дүние,
бір құлап,
бір сүрініп –
аш бөрідей азынап тұрсың ұлып…

Ескі күннің елесі
есімде өткен,
Жолдан шығып көрмеген көшім көптен.
…Суретіңді кеудеме көшірмеп пе ем,
Ертісте өткен күндер-ай,
Есілде өткен,
…Досым кеткен,
көңілден хошым кеткен,
Осы індеттен…

ВАКЦИНА
Бір қиырда – үміт,
бір қиырда – арман,
Мұнартқан күнім мұңға үйір болған.
жабығып кеттім,
жалығып кеттім
Онлайн – өмір,
ЗУМ – жиындардан.

Жақынның болды қаймана бәрі,
Күндердің легі жайлап ағады.
…Адамның есі орнында ма осы
Заманның көші қайда барады?

Басқаға да арман,
Қасқаға да арман,
Мазамды алды масқара – жалған.
Күзіңді көрмей сарғайды жаным –
Жүзіңді көрмей маска орап алған.

Сыртым да – күдік,
ішім де – күдік,
Өңімде жылап,
түсімде күліп…
Жалғыздық күйін шертеді жаным
миллиондардың ішінде жүріп.

Алдайсың ба енді,
арбайсың ба енді,
Айқайға қосып…
жалғай сүреңді.
бармайсың ба енді
Барсакелмеске –
Вакцинаң қайда,
салмайсың ба енді?..

ТҮБІМ ТҮМЕН ТҮРКІДЕН…
(Якут ақыны Наталья Харлампьевадан)

Мен түркі әлемінен қалған арман,
түп-тамырым
Күлтегін даласында таңбаланған.
Алтын дәуірден көкбөрі болып ұлығам –
Шашы ағарған арналардан…

Қайғы мен сордан тағдырым,
мұң болып батса әр күнім.
Солтүстік тартқан сол бабам
Сор айдап шығып сорлаған…

Артында қалған бар таңы,
Ұлы дала мен
Аралдың айдын шалқары.
Құм көшкен шөлде
керуен тартқан түйелер –
Ақсақалдар бар алқалы.

Мен – түмен түркінің түбінен…
Бір ақиқатқа жүгінем.
қария ғасырдың балбал тасында таңба бар,
Тартылмас мәңгі арналар
…Мен – түмен түркінің түбінен!..

ҚЫСҚА ЕРТЕГІ
Көкжиек кезсе көңіл әлемі,
ел жаққа тартам биыл да.
Балалығым-ай,
менің әдемі
қалғансың сонау қиырда…

Көздерім, түнде ілінбеп едің,
Ақ бөкен жортқан іргеде…
Сырымды ашып күбірлеп едім,
Жусан гүлдеген шілдеге.

Сол жаққан шамның шырағы, көкем, –
Әлі күн сөнбей жүргенің.
Жусанның гүлі жылады ма екен?..
Ол жағын енді білмедім…

Дүниенің айтып сырлы дерегін,
Қалқитын қаздар төбеден.
Түндікті ашсам, КҮН-ді көремін –
ал одан биік не көрем?..

Мәңгілік сол саз мақам бола ма,
Бір сәуле көргем алыстан…
Жабағы мініп жапан далада
Өзіммен өзім жарысқам.

Жапырағын алда жаяды кімдер,
домбыраң не күй шертеді?!
алыста қалған аялы күндер –
саған да,
маған ертегі…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір