ҚАЗАҚТЫҢ ТҰҢҒЫШ АТА ЗАҢЫНЫҢ АВТОРЫ
15.12.2020
642
0

Жетісудан  Санк-Петербургке оқуға аттанған  алғашқы қазақ

 Қазақ халқының басынан небір қиын кезеңдер өтті.  Ұлт мүддесі жолында аянбай еңбек еткен тұлғаларымыз жетерлік. Жаугершілік замандарда, тәуелсіздік үшін күрес жолында да, ұлт тағдыры талай сынға түскенде де топтан жүйрік аттай сытылып шыққандар қаншама. Сондай тұлғалардың бірі – Алашқа адал қызмет еткен Барлыбек Сырттанұлы. Барлыбек Сырттанұлы 1866 жылдың 25 шілдесінде  бұрынғы  Жетісу облысы  Қапал уезіне қарасты Арасан болысындағы Қарашоқы жайлауында дүниеге келген. Барлыбектің әкесі де білікті, білімді, көреген адам болған. Келешекте заманның сан құбылатынын, болашақтың негізі білімде екенін білген Сырттан балаларының ішіндегі Тұрлыбек пен Барлыбекті алғашында 1874 жылы Қапалдағы қазақ балаларына арналған даярлық пансионатында екі жыл, одан кейін Жетісу облысындағы әскери генерал-губернатордың тағайындаған стипендиясы негізінде, Алматыдағы (бұрынғы Верный қаласындағы) классикалық ер балалар гимназиясында оқытады. Барлыбек пен Тұрлыбек бұл гимназияны жақсы оқып, 1886 жылы бітіріп шығады. Сол гимназияның басшысы Д.Новак Барлыбектің оқуға деген қабілеті мен дарынын байқап әрі қарай Санк-Петербург университетінде білімін жалғастыруға септігін тигізеді. Сөйтіп, Барлыбек Санк-Петербург университетінің шығыстану факультетіне оқуға түседі. Әкесі ел-жұрттың, туған-туыстардың басын қосып, мал сойыдырып, батасын беріп, Петерборға оқуға аттандырады. Оның үстіне Жетісу жерінен Санк-Петербургке оқуға аттанған ең алғашқы қазақ баласы болған. Ал ағасы Тұрлыбек болса – денсаулығына байланысты оқуды жалғастыра алмай, әскери генерал-губернаторлығында тілмәш болып қызмет атқарады.   

Қазақ жастары құрған «Жерлестер» ұйымы

Жастайынан өзінің туған елінен жырақта, өзге елде жүріп, өмірдің суығы мен ыстығын, қиындығын қатар көрген Барлыбектің ой-өрісі, өмірге деген көзқарасы ерте жетіледі. Ол Санк-Петербургте оқып жүріп, «Жерлестер» ұйымын құрған, қазақ даласынан барған Абдолла Теміров, Бақытжан Қаратаев, Жанша Сейдалин, Мәмбетәлі Сердалин, Бақтыгерей Құлманов сынды қазақ жастарымен араласады. Бірге жүріп, бір-бірлеріне қолдау көрсетіп, ұйымшылдықта әрекет ете біледі.  Кейіннен бұл ұйым қазақ жастарының саяси көзқарастарын, дүниетанымдарын қалыптастыруға септігін тигізетін саяси  ұйымға айналады.

         Барлыбек оқып жүріп өз халқының жай-күйінен, мұң-мұқтажынан, саяси жағдайынан толықтай хабардар болған. Оның зеректігі мен білімге деген құштарлығы, ұлт үшін қызмет етудегі ниеті келесі өмір белесіне көтерілуіне септігін тигізді. 1886-1890 жж. Санк-Петербург Императорлық университетін бірінші дәрежелі дипломмен тәмамдаған соң сол жақтағы әскери генерал-губернатордың жолдамасымен Түркістан генерал-губернаторлығына қызметке келеді. Сол кездегі Түркістан генерал-губернаторлығының орталығы – Ташкент қаласы болған. Ташкентте қазыналық палатада қызмет ете жүріп, «колледждік регистратор» қызметін атқарады. Бұндай үлкен шенді әрі жауапты, дәрежелі қызметтің жауапкершілігі мен қиындығына қарамастан, жұмысын абыроймен атқарды.  Сонымен қатар генерал-губернатордың іс басқармасында қызмет істейді.

Алматы қаласында ашылған алғашқы мұсылмандар кітапханасы

  1895-1907 жылдар аралығында Жетісу облыстық генерал-губернатордың іс басқармасының бастығы лауазымында қызмет етеді. Сонымен қатар аса құпия мәселелер жөнінде кіші шенді қызмет атқарады. 1907-1910 жылдар аралығында қазіргі Алматы облысының қытаймен шекара межесін анықтап, сызуда айрықша еңбек етеді. Бұл дегеніміз Барлыбек Сырттанұлының жер үшін ең үлкен елеулі еңбектерінің бірі. Сонымен қатар осы жылдар аралығында ағартушылық жолында да көп істер атқарды.  Жетісу облысының басқарма басшысы бола жүріп Алматы қаласында мұсылмандар кітапханасын ашады. Оған дейін ондай кітапхана болмаған.  Бұл кітапхананың ашылуына Барлыбек пен Тұрлыбектің еңбегі өте зор болады. Және де тіл саясатына да өз үлесін тигізеді. Жетісуда қазақ тілді газет шығарады. Соның нәтижесінде қазақ тілінің қолданыста болуын қолға алады. Сол кездің өзінде ол қазақ қарпі латын немесе арабша болуы қажеттігін және қазақта әліпби болу керектігін айтқан.

Маман мектебін ашудағы басты идеолог

Ағартушылық жолындағы елеулі еңбектің тағы бірі аталас туысы Маман байдың ұрпақтарына көрсеткен үлкен көмегі болды. Қарағаштағы Маман мектебін ашудағы басты идеолог екендігін біреу білсе, біреу біле бермес. Қазақ халқы мұсылманшылықпен қатар еуропалық білімді де меңгермейінше, ұлт болашағының бұлыңғыр екенін түсінеді. Ашылған жәдиттік мектепке ұстаздар тартуына, мектеп бағдарламасы мен талай қазақтың осы мектепті оқып сауатын ашуға үлесін қосты. Қыруар жұмыс жасалып, ұлт руханиятына еңбек етті. Жас ұрпақтың санасын оятып, олардың білімді болуын, өзгелермен тең дәрежеде санаса алатын, озық ойлы қазақ жастарының тәрбиеленуін мақсат етті. Кейін Барлыбектің өзі де осы мектепте ұстаздық қызмет атқарды.

         Барлыбек сонау Санк-Петербургте университет қабырғасында оқып жүрген шағында өзіне тағайындалған стипендияға 2000-ға тарта кітап сатып алып, оны өз еліне алып келген. Басым бөлігі – Еуропа және орыс классик жазушыларының көркем шығармалары мен ғылыми кітаптары. Университет бағдарламасын меңгере жүріп, қосымша әртүрлі кітаптардан білім нәрін алған Барлыбектің әлемнің ғылымы мен мәдениетінен, саяси-қоғамдық жағдайлардан хабары мол болады. Барлыбек ғұмырына зер салып кітап оқу, кітап жинау мәдениетін анық аңғарамыз. Кейіннен Ілияс Жансүгіровтің замандасы Мария Ильдарова өзінің дерегінде Ілиястың Сүттігендегі «Қайнар» мешітінде кітап оқып отырғанын, ол кітаптардың  кімдікі екенін сұрағанда Сырттанныңұлы Барлыбектің кітаптары екенін айтқанын  келтірген. Кейіннен 1930 жылдары конфескация кезінде ол кітаптар тәркіленген. Барлыбекті зерттеуші жазушылардың деректеріне сүйенсек, бүгінде сол Барлыбек елге алып келген 149 кітаптың тізімі белгілі болып отыр.

         Барлыбекті Алаш азаматтары жоғары бағалағаны белгілі. Оны Алаш қайраткерлері «Алаш шаһбазы» десе, енді бірі «Нағыз мұсылман» деді. Барлыбектің  іскерлігі мен мемлекетшілдігі өз алдына, сонымен қатар ол  имандылығы да жоғары азамат болды. Жоғары шенді қызмет атқарып жүрген кезінде діни жоралғылар мен шариғат жолдарына аса мән берді. Қазақ даласында діннен, шариғат жолынан адасушылық кездеспеуі үшін мұсылмандар сьезін өткізіп, мәселелерді талқыға салып, тура бағытты ұстанатын бір бағыттағы муфтияттың  құрылуына себепші болады. 

Әлихан мен Барлыбек

ХХ ғасырдың бас кезінде басты проблемалардың бірі жер мәселесі еді. Жер аударылып келген орыс шаруалары мен байларына қазақтың шұрайлы жерлері берілді. Қазақтың жайылымға, шабындыққа арналған  сулы, нулы жерлері тарылып, күн-көріс қиындай түсті. Оның үстіне ол тұста қазақ даласына Ресейдің әскери күштері шоғырланып үлгерген. Олар өз кезегінде үстемдіктерін өктем түрде жүргізуді қолға алды. Әрі Ресей патшалығына алым-салық төлеу күшейтілді. Қазақ халқының тұрмыс-жағдайы қиындап, наразы топтың да қарасы артты. Ресей патшалығының қазақ халқына жасап жатқан мұндай бассыздығына қарсы ешқандай күш болған жоқ. Жаугершілік замандағыдай найзаның ұшымен, білектің күшімен төтеп беретін заман өтті.  Ұлы Даланың қожайыны болған баһадүр батыр бабалардың ұрпағы өз елі, өз жерінде өгейдің күйін кешті. Ресейдің әскери бекіністерінің қазақ даласына көптеп салынуы, жер реформасы, орыстардың қазақ даласына оккупациялануы қазақ халқын отарлау саясатының көрінісі еді. Ресейдің бұл әрекетіне білім-ғылымды қару етіп, біліктілік арқылы төтеп беретін заман екенін оқыған жастар жақсы түсінеді. 1910 жылдары Ұзынағашта жер мәселесі, сол кездегі саяси жағдай турасында патшаға қарсы съезд ұйымдастырады. Сьезде жоғарыда айтылған мәселелер сөз болып, талқыланады. Ол съезде: «Жақсы жердің бәрі қара шекпенділердің меншігіне өтті. Жұртынан айырылған байқұс қазақ тақыр жерге қуылды. Ауыз ашпай жатуға енді болмас. Ояну қажет, кір жуып, кіндік кескен, аталарымыздан қалған жерімізді сақтап қалу басты міндетіміз. Қара шекпенділердің келуін тоқтату үшін бүтін қазақ болып бас қосу қажет», – деп халқына үндеу тастайды. Сол жылдары Барлыбек қазақ халқының мұң-мұқтажын жеткізуге Санк-Петербургке делегат басшысы болып барады. Петербургте бір жылдай болады. Ол ақ патшаға кіре алмайды. Десе де, оның қоластындағы шенді қызметкерлеріне кіріп, халық талабын жеткізеді. Бұған дейін де жолдары түйісіп, ойлары тоғысқан Әихан Бөкейхан мен Барлыбек орыс даласында тағы кездеседі. Бұл кездесуде  қазақтың қос ұлы қазақ халқының болашағы турасында ұзақ әңгімелеседі. Ойлары, мақсаттары, саяси көзқарастары осы жерде үйлесімін табады. Ол турасында Әлихан Бөкейхан өз жазбасында: «Барлыбек жеріне қайтып, Жетісу областной мекемесінде қызмет қылды. Кешегі бұлт айығып, күн шыққанда заманда ұялшақ қыз мінезді Барлыбек жұртым деп іске кіріп орнынан шықты: «Алдың жалын, артың мұз, Барар едің қай жаққа». 1910-1911 жылдары Жетісу қазағының жеріне қам қылам деп  Барлыбек Петроградта бірнеше ай жатты. Мінезі:«Ақырын жүріп анық бас, Еңбегің кетпес далаға еді»,  –  деген.

  Алаш идеясын негізге алған – «Қазақ Елінің Уставы»

    Алаш идеясы – ол, Тәуелсіздік идеясы болатын. Алаш идеясының түпкі мақсатында  егеменді ел болу көзделіп,  негізінде  жер мәселесі, тіл мәселесі, ұлт мүддесі жатты. Жастары қатар Әлихан мен Барлыбектің әңгіме барысында Тәуелсіздік жолындағы үлкен істерді де жоспарламауы мүмкін емес еді. Енді оған білекті сыбана кірісетін кез де келгенін екеуі жақсы ұғынды. Барлыбек Әлиханның тәуелсіздік жолында жазған еңбектерімен де танысады. Ұлы іс жолында Әлихан Барлыбекке болашақ тәуелсіз қазақ мемлекетінің Ата-заңын, яғни Конституциясын жазуды ұсынады. 1911 жылдың 13 маусымында Санкт-Петербург қаласында, Әлихан Бөкейханның пәтерінде «Қазақ Елінің Уставы» деген атаумен қазіргі тілмен айтқанда Конституция заңын жазып шығады. Бұл үлкен еңбекті тарихшылар мен зерттеушілер бір түнде жазып шыққанын айтады. Бұл заң 4 бөлімнен тұрады: Бірінші бөлімде – Қазақ Елінің дербес тәуелсіздігі турасында, яғни Қазақ Елінің Ресеймен достық, доминионды қарым-қатынаста болуы сараланып, елдің саяси басқару жүйесі, билік пен үкімет хақында жазылған. Екінші бөлімде – адам баласының құқықтары негізге келтірілсе, үшінші бөлімде – Қазақ жері турасында сөз қозғалып, жердің иесі қазақ халқы екенін, жердің  саудаға түспейтінін, сатылмайтынын нақтылап жазады. Үшінші бөлімдегі үш тармақтан тұратын жер туралы жазылған заң – қазақ мүддесін толықтай қорғай алатын заң екендігі түсінікті. Дәл осы тармақ бүгінде Тәуелсіз Қазақстанның заңына ауадай қажет. Ал төртінші бөлімде – Сот турасында жүйелі ой қозғалған. Барлыбек жазған бұл еңбек кейін Алашорда үкіметінің негізгі заңына енгізіледі. Бүгінгі кейбір заңгерлер Қазақстан Республикасының қазіргі Конституциясына Барлыбектің еңбектері енгізілгенін айтады. Яғни бұл еңбек өз өміршеңдігін ешқашан жоймайды.

         1908 жылдың күз айларында, Патшалық биліктің жоғары қызметіндегі Барлыбек Сырттанұлы өзінің саяси көзқарасына байланысты «сенімсіз кадр» ретінде танылып, отставкаға шығады. Барлыбек осы кезеңде өзінің ұлт жолындағы күресіне толық көшеді. Баспа беттерінде публицистикалық мақалалары жарық көреді. Азаттықты аңсаған Алаш азаматтарымен байланыста болады. Лауазымды қызметтен кеткеннен кейін  туған жеріне барып қызмет етеді. Халық медицинасымен айналысып, ол турасында ғылыми еңбектер жазады.

         Ресей патшалығына қарсы шыққан белсенді тұлғаларды қамау, қудалау ол кезде де жүрген. 1908-1916 жылдары Жетісу генерал-губернотары М.А.Фольбаумның нұсқауымен құпия түрде Барлыбекті құртуға тапсырма беріледі. 1914 жылдың қазан айының 14-інде Барлыбек тыңшылар қолынан қаза табады. Сол күні бүкіл Жетісу халқы дүрлігеді. Алайда халықтың дүрлігуіне жол бермеу үшін әскерилер Барлыбектің отбасына, жақындарына қысым көрсетіп, қорқытып, басып-жаншуды қолға алып, Барлыбек қайтыс бола сала бүкіл жеке заттары, жазбалары тәркіленеді.  

         Барлыбектің қазасы күллі қазақтың қабырғасын қайыстырды. Әсіресе бұл қаза өзімен пікірлес, рухтас болған Алаш азаматтарына қатты батады. Бақытжан Қаратаев Барлыбекке көзі тірісінде: «Меніңше, жалғыз сен ғана халықтың сеніміне ие болдың, жалғыз сенің ғана халық үшін еңбек еттім деп айтуыңа хақың бар», – деп  бағасын берген.  Әлихан Бөкейхан және тағы да басқа Алаш азаматтары газет-журнал беттеріне Барлыбекке арнап «Қазанама» жазады. Қазаққа көп еңбек еткен арыстай азаматтың ғұмыры қысқа болғанымен,  ұлт үшін өлшеусіз еңбек етті. Туған елінің тағдыры үшін, жерінің азаттығы үшін еш аянбады. Халқының үмітін ақтады. Егер тірі болғанда, Алашорда үкіметінің құрылғанын өз көзімен көріп, басы-қасында болар ма еді? Алаш идеясының негізін қалаушылардың бірі ретінде еңбек еткен Барлыбектің есімі ешқашан ұмытылмасы анық.

 

Қалқаман АБДРАХМАНҰЛЫ,

тарихшы, өлкетанушы, тәуелсіз журналист

 

ПІКІР ҚОСУ