«Гүлсезімнің» авторы

Қазақ поэзиясы ақын қыздардан кенде емес, қай-қайсысы да өз оқырманын тапқан мықтылар. Ақын қыздардың көшін арыдан айтпай-ақ, бергісі Фаризадан бастап, кейінгі Арайлылармен қостап отыруға болады. Осы аралықта поэзиясы нәзіктік пен тереңдікке толы ақын қыздар қазақ руханиятының көмбесін байытып, өз оқырманын тапқан жырларды дүниеге әкелді. Сондай ақындардың бірі де бірегейі – биыл туғанына 75 жыл толған қазақтың белгілі ақыны, Құрмет орденінің иегері, Халықаралық «Алаш» және Фадеев атындағы әдеби сыйлықтардың лауреаты Тұрсынай Оразбаева.
Жаны нәзік, жүрегі жомарт, өзі сұлу, тұла бойымен ақын-әнші Тұрсынай апай:
Кейде ұқтырсам жанымның
жайсаңдығын,
Кейде ойлымын, даладай
байсалдымын.
Ақ алмастай шыңдалған
жарқылдаймын,
Жай отымен тең түсіп қайсарлығым, – деп жырлаған екен жиырмадан сәл асқан балаң шағында. Өлеңді отты жырларымен бастаған ақын лирикаға, нәзіктікке, сыршылдыққа ауысып, туындыларының көркемдігін, мағыналығын, мәнін тереңдетіп, дамыта түсті. Тұрсынай өлеңдеріндегі лирика жастықтың албырт сезімі емес, ойлы, орамды, ақылға қонымды.
Тұрсынай ақынның отызға да толмаған шағында туған «Гүлсезім» өлеңіне ән жазылып, жастардың жүрегіне жақын ән-гимнге айналды. Ақынның алғаш жарық көрген «Тұңғыш» кітабында жарияланған осы өлеңіне Ескендір Хасанғалиев әуен жазып, тыңдарманның сүйікті әніне айналды.
Әр отырыста, әр концертте:
Кездейсоқ тағдыр айдап,
Кездестім өзіңменен.
Кезім бұл бал-бұл жайнап,
Қайғы-мұң сезілмеген.
Тұңғиық көзіңдегі
Бөлендім шапағатқа.
Бұл нәзік сезім бе еді,
Бұл әлде махаббат па?! –
деп ән шырқаған жастардың санында шек болмады десек, артық айтпағанымыз. Сол әнді жиындарда қосыла шырқаған біз жүрегімізбен, бар көңілімізбен орындаған едік.
Т.Оразбаеваның шығармашылығында әйел жүрегінің шынайы сыры, қуаныш пен сағыныш, өмірге, адамдарға деген сүйіспеншілік қатар жүреді. Оның ерекшелігі сезімді қолдан жасамай, жан дүниесімен сезініп, жүректен шыққан шырайлы сөздерін сол қалпында қағазға түсіргенінде.
Ей, өмір!
Мейлің, маған шаттығыңды сирек бер,
Мейлің, мені, жарылқама, сыйлы етпе.
Мен ұқсамай өтем езге, күйрекке,
Тар жол, тайғақ кешуді де маған жаз.
Бірақ мені қаталдыққа үйретпе,
Ақ көңілімді пенделікке билетпе!
Ақын шығармасында кездесетін туған жерге арнаған өлеңдері үлкен сағынышпен, риясыз көңілмен, шынайы махаббатпен әннің ырғағындай оқылады:
«Қазығұрт» өлеңінде.
…Дархан көктем сыйлайды бар
шуағын,
Бусанбаған жер қалмас аршын-адым.
Сұлуланып кетеді Қазығұртым
Қанат жайған кезіндей қаршығаның, – дейді. Меніңше, керемет теңеу. Оқырманды өзінің туған жеріне жетелеу, топырағына қайта оралту сияқты жүректің түбіндегі сағынышты қозғайды. Тұрсынай ақынның қай өлеңінде де тамаша ұйқастар мен иірімдер молынан кездеседі.
«Гүлсезім» және «Тұңғыш» кітаптарын парақтағанда ақынның лирикалық жырларындағы сезімге деген адалдығы, адамгершілік пен жан тазалығы баурап алады. Өлеңдері оқырманды рухани биіктікке жетелейді. Қарапайым тіркестердің өзі шынайылығымен, үлкен бір ойды жеткізуімен, оқылуы жеңілдігімен, жүректің қылын шертетін айрықша нәзіктігімен ерекшеленеді.
Т.Оразбаеваның ақындығымен қатар композиторлығы мен әншілігі де – бір төбе. Оның «Сайран сазы», «Наурыз – салтанатым сен», «Күнім, айым, жұлдызым», «Сардана – Әсиягүл» сияқты әндері сахнада орындалып, тыңдарманның көңіл төрінен орын алған.
Тұрсынай ақын Саха елінің өкіл қызы бола жүріп, ондағы ақындардың өлеңін қазақ тіліне аударса, қазақ ақындарының өлеңдерін саха тіліне аударуға мұрындық болып, бірнеше кітабы жарық көрді. Еңбегі еленіп, Саха-Якутия Республикасының еңбек сіңірген қайраткері атанды. Мәскеудегі Халықаралық Жазушылар одағының қауымдастығында қазақ әдебиеті бойынша кеңесші қызметін атқарды. Қазақ ақындарының өлеңдері орыс тіліне аударылуына көп еңбек сіңірді. Мәскеудегі «Қазақ тілі» қазақ ұлттық-мәдени орталығы қоғамдық ұйымдарымен өткізілетін іс-шаралардың басы-қасында жүріп, Наурыз мейрамына дайындықты қолға алып, жастардың арасында байқаулар өткізіп, қазақ меценаттарының басы қосылатын түрлі шаралардың қозғаушысы әрі ұйымдастырушысы болды. Шетте жүріп-ақ қазақ әдебиеті мен мәдениетін насихаттауда жасаған жұмысы өте зор.
2012 жылы Тұрсынай Оразбаеваның тұңғыш шығармашылық кеші Алматыда М.Әуезов атындағы драма театрында кеңінен аталып өтті. Ол кезде апай Мәскеуде тұратын. Келе салып дайындықты бастап кетті, өзі өте көңілді жүрді. Кештің куәгері ретінде апайды жаңа қырынан таныдым десем, өтірік айтқаным емес. Қазақы нақыштағы қып-қызыл камзолмен сахнаға жарқырап шықты, еркелеп жүрді. Сол жиында сөзін де, әнін де өзі жазған бірталай әсем әндерін өзі орындады, өлеңін оқыды. Көңілді жүрді, халықтың алқауында болды. Тыңдарман мен оқырманның, туған топырағының, қаламдас достарының апайға деген құрметін, сыйын, махаббатын көрді. Менің ойымша, сол жолы Мәскеуге алаңсыз аттанғандай болды.
Осыдан он жыл бұрын дүниеден өтті. Қатты ауырды, бірақ өмірінің соңына дейін мойымады, күресті, ота жасалғаннан кейін де көңілі пәс түспеді, бізді қайраттандырып, рухтандырып отырды. Бірақ тіктеп келген ажал алмай қоймады, арамыздан алып кетті.
Тұрсынай Оразбаеваның ақын, композитор, аудармашы, қоғам қайраткері ретінде атқарған жұмыстары орасан.
Оның шығармашылығы – қазақ поэзиясының нәзік әлемін байытқан құнды дүниелер, әндері – қазақ тыңдарманының көңілінде, қоғамдық қызметі – халық жадында.
Қазақ руханияты, қазақ әдебиеті тұрғанда Тұрсынай Оразбаева сынды ақындар ұмытылмайды, жасай береді деп сенемін. Ақынның тойы – көпшіліктің тойы, оның мәртебесі – соңында қалған бізге сын, аманат. Сол аманатқа қиянат жасамай болашаққа жеткізу асыл борышымыз!
Қайырниса Жұмашева,
ҚР Ұлттық кітапхана қызметкері
ПІКІРЛЕР3