Қазақтың тұңғыш романы туралы «соңғы» сөз…
12.06.2024
1195
0

Көпшілік оқырман «Қазақ әдебиетіндегі тұңғыш роман «Бақытсыз Жамал» десе, ал кейбірі «Қалың мал» деп жатады. Тіпті ішінара «Тайыр Жомартбаевтың «Қыз көрелік» романы алғаш жарыққа шыққан», — дейтіндер де кез­десіп қалады. Алайда ақиқаты қалай? Әдебиет сыншылары, ғалымдар не дейді? Соны оқып көрелік…
Міржақыптың өмірін зерт­теп, ақын туралы мол ақпарат қалдырған публицист-жазушы, аудармашы, сыншы-әдебиетші, ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Жұмағали Ысмағұлов «Бақытсыз Жамалдың» шығу тарихын баяндай келе, сөзінің ақырын: «…1910 жылы Қазандағы Каримовтар баспасынан «Бақытсыз Жамал» деген атпен басылып шығады. Қазақ әдебиеті тарихындағы тұңғыш роман дүниеге осылай келеді», – деп аяқтайды. Ал ақын, драматург, әдебиет зерт­теушісі, ғалым, филология ғылымының докторы, профессор, Халық жазушысы Әбділдә Тәжібаев: «Міржақып Дулатовтың ендігі бір аса ірі еңбегі — қазақ әдебиетіндегі тұңғыш рет жазылған «Бақытсыз Жамал» романы. Бұл ХХ ғасырдың алғашқы жылдарында жазылып, 1910 жылы Қазанда басылып шықты. Сөйтіп, біз қазақтың жазба поэзиясының басы Абай десек, қазақ әдебиетінде бірінші роман жазған М.Дулатов екенін көрдік», – дейді. Ғалым, филология ғылымының докторы, профессор, Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ­станның Мемлекет­тік сыйлығының иегері, Ұлт­тық ғылым академиясының академигі Серік Қирабаев: «Қалың мал» – жазылған мезгілі жағынан, қазақтың жазба әдебиеті тарихындағы алғашқы романдардың бірі болып саналады. Оның алдында 1910 жылы басылған М. Дулатовтың «Бақытсыз Жамалы» ғана бар. Спандияр Көбеевтің «Қалың мал» романы 1913 жылы Қазан қаласында ағайынды Каримовтардың баспаханасында басылып шықты», – дейді, яғни «Қалың мал» 1913 жылы басылып шыққанда, «Бақытсыз Жамал» 1910 жылы оқырмандар қолына тиіп те үлгерген болатын. Ал жазушы Спандияр Көбеевтің өзі: «…Мен осы ойымды жүзеге асыру мақсатымен 1911 жылдан бастап «Қалың мал» романын жазуға кірістім», – дейді.
Иә, расымен де Міржақып — қазақ әдебиетіндегі тұңғыш романның авторы болып есімі алтын әріптермен жазылған азамат. Соның ізімен іле-шала дүниеге келген «Қыз көрелік» (1912), «Қалың мал» (1913), «Мұңлы Мәриям» (1914 ж), «Қамар сұлу» (1914) романдары — қазақ әдебиетіндегі өз орындары бар ерекше туындылар. Ал Сәбит Мұқанов өзінің «ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақ әдебиеті» деген оқулық еңбегінде: «Бақытсыз Жамалға» еліктеп «Мұңлы Мәриям» (Мұхаметсәлім Кәшімұлының) сияқты романдар (1914 жылы) шықты», – дейді. Байқасаңыз, «Қалың мал» туындысы – қазақ әдебиеті тарихындағы екінші емес, тіпті үшінші роман екен. Одан бұрын Тайыр Жомартбаевтың «Қыз көрелік» романы 1912 жылы басылып шығыпты. Ал академик Серік Қирабаевтың оны тілге тиек етпеуін, елемеуін «Қыз көрелік» романының көлемі мен құрылымдық ерекшелігіне байланысты болар деп ой түйдім.
Не десек те, «Бақытсыз Жамалдың» тұңғыш роман екені даусыз.

Нұрлыбек САБЫРҒАЛИЕВ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір