Аспантаудан аққан жұлдыз
Отыз жас – қазақ үшін аяулы өлшем. Шоқанның жасы. Сұлтанмахмұт жете алмай кеткен жас… Бар болғаны кішкене ғана ғұмыр – соншама еңбегімен аңызын арқалап ғасырлардан аттап барады. Уақыт деген құдіреттің алдында мызғымаған қалпында қасқайып тұрып алған алып шыңдардай, биік таулардай…
Отызға жетпей опат болған… Орақ тілді Оразалы… Ұйқастыра, қиюластыра сөйлегенді жақсы көретін қазағы осылай сөйлейді ол жайлы. «Иегін сақал жаппаған, Отыздан жасы аспаған…», «Құлмамбеттен қалған құлынмын» – өз сөзі. «Құлмамбеттің құлыны» десе айтыстан хабардар қазақ (айтыс көрмейтін қазақ болушы ма еді?!) елеңдесіп қалатын. Өзі айтқан сөзін өзіне анықтамаға айналдырып жіберіпті. Көзі тірісінде-ақ…
Ораздың көзі тірісінде… Аумалы-төкпелі деуге келмесе де, жаңа экономикалық саясат – құны белгілі бір мүдделердің тартысына тәуелді құндылықтарды сапырылыстырып жатқан кез еді. Ол кезде оппозиция мен өкімет арасындағы тартыс та қызықтырақ көрінетін. Былайғы жұрт «Енді не болар екен?» – деп, күн сайын газет ақтаратын, теледидар қарайтын. «Жасқанбай ашық сөйлепті, шындықты жазыпты», – деп әлдекімдердің есімін сүйсініспен атап жататын. Өзара әңгіме қылысатын. Күллі қазақ даласы аузы аузына жұқпай саясат соғып тұрған осы тұста қазақтың айтыс өнері бар жанрды аттап өтіп, сахнаға шыққан. Басқасынан қол үзген бұқара қанша «шындық» естісе де, басылмай қойған шөлін айтыстан қандыруға тырысты. Қаны қызып кеткенде қазылармен тартысып, «ұшып кеткен» ақынды қатарға қайта қостыратын қалың көрерменнің бір-бір сүйікті ақыны болатын. Алдына Ораз шыққанда зал дүбірге толып кетуші еді-ау! Бірде кезек алған ақынына: «Ораз, шындықты айт, шындықты», – деп қиқулап отырып алған жұрт әрең басылды. Ораз жымиып қойып, күтіңкіреп қалған…
Сенім артыпты, сүйіктісіне балап, жақсы көріпті…
Бірақ Ораз ел күткендей айтысты саясатты сынайтын (немесе керісінше) құралға айналдырған жоқ. Айтыстың алдымен өнер екенін, айтысу – сахнада кемшілік теріп, ұрыс салу емес екенін ә дегеннен терең түсінгені аңдалады. Ол айтыс аренасына шыққан күннен бастап соңғы деміне дейінгі аралықта оның аузынан оп-оңай ғана төгіліп түсе салатын теңеулер мен тіркестердің ар жағында қаншама ізденіс, қаншама білім, білік жатқанын көп ешкім бағамдап үлгермеді де. Қатарластары тек айтыс өнері емес, оның қазақ ауыз әдебиеті үлгілері мен халық әндерін іздеп, тауып жүретінін жиі айтады. Қай ортаға барса да, алдымен, қарапайым қарттарды жағалап, солармен ескі көзше сөйлесіп отыратын қалақтай ғана жұғымды ұлды жақсы көрмеу кім-кімге де мүмкін болмағанға ұқсайды. Қалақтай демей қайтейік, болғаны 29 жыл жасап, үлкен атаққа жеткен, көзі тірісінің өзінде-ақ артына аңыз ерткені болмаса, аға деп айтуға қимайтын жаста өтіп кетіпті ғой.
Ораз жайлы айтса, елде жылап сөйлейтін әдет бар. Тәйірі, әңгіме жүлдеде ме екен… Десе де, додаға түскен ердің сағын сындыратын көпе-көрнеу қиянат қабырғасын қайыстырып кеткен кездер аз болмаған сыңайлы. Өз бағасын, дәрежесін білетін ақын өзінен көп төмен жатқан (тіпті, көзге ілмейтін) әлдекімнен жеңілгенде… Қайыспай қайтсін?! Бірақ, анау айтқандай сорлап, зарлап өмір сүрмегені анық. Тіпті, шалқып жүрді деуге болардай ғұмыр кешіпті – інілері айтады. Тек, әлгі жүлдесі құрғыр Оразалының қанжығасын сирек қандағаны болмаса…
Қалай десек те, Оразалы – бақытты ақын. Сонау 2004-тің қаралы қазанынан бері ол жайлы аз айтылып жатқан жоқ. Қазасынан кейін ай аунамай ауылында айтыс өткенін ұмыта қойған жоқпыз. Басқасын айтпағанда, былтырдың өзінде «Оразсыз өткен 10 жылдың» аясында еске алу кештері мен Республикалық айтыс өтті. Биылғы жылдың жөні бөлек, Ораздың туғанына – 40 жыл. Мерейтойлық өлшем – 50 жас, тар дүниенің тайғанақ маңдайына сыймай, ерте аттанған ақын бұл өлшемге де сыймапты – мерейтойы да ерте басталды.
15 қараша – туған күні қарсаңында ақын туған аядай ғана ауыл – Хантәңірінің бауырына тығыла түсіп жатқан – Тегістіктің топырағы бүлкілге басты. Екі тәулік бойы Тегістік пен Текесте Оразалының аты ұлықталып жатты.
Алғашқы күні Оразалы оқыған мектепте оқушылармен, ауыл, аудан жұртшылығымен кездесу өтті. Мектептегі ұстаздары, кейін үлкен қалада иықтаса жүрген дос-бауырлары, айтыс сахнасында қатар шапқан үзеңгілестері Ораз жайында естелік айтты.
…Тегістіктің енді ғана қара таныған бүлдіршініне дейін Ораздың жырын жатқа ағытады.
«Аспантаудан аққан жұлдыз» тақырыбын тәж қылған салтанатты кеш Текес ауылдық мәдениет үйінде өтті. Іңірде басталған кешке мәдениет үйін лық толтыра отырған бергісі аудан, арғысы республиканың түкпір-түкпірінен келген жұртшылық түн ортасы ауғанша тапжылмай отырды.
Бұл шара Райымбек аудандық әкімдігі мен Қазақстан Жазушылар одағының мұрындық болуымен, Оразалының аға-іні, дос-бауырларының жұмылуымен өткенін айтуға тиіспіз. Салтанатты кешті басқарған Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Жанарбек Әшімжан тойдың басын:
–Қазақ әдебиетіне Мұқағали Мақа таев, Бердібек Соқпақбаев, Баққожа Мұқаи, Сағат Әшімбаев, Еркін Ібітанов сынды тұлғаларды берген, Оразалыға ұстаз болған Хасен Саматыров сияқты азаматты берген қасиетті Кеген, Нарынқол жеріне біз бүгін Оразсыз келіп отырмыз… Тағдырдың жазмышына шара жоқ, Ораздың дүниеден өткеніне де 11 жылдың жүзі болыпты. Қазақ әдебиетінде 23 жасында «Менің құрдастарымды» жазып қалдырған Саттар Ерубаев, 30 жасында бар қазақтың өзегін өртеп кеткен Төлеген Айбергенов, 21 жасында дүниеге қош айтқан Артығали Ыбыраев, өз жалынына өртеніп кеткен Бауыржан Үсенов сөз өнерінің тарихында қалай қалған болса, 29 жасында опат болса да Алашқа аты кеткен Оразалы Досбосынов та айтыскер ретінде тарихта дәл солай қалатыны даусыз. Қазақ елінің төрт тарабы сөзді, өнерді айрықша құрметтеген, сондай өңірдің бірі осы Аспантау. Қазақ әдебиетінің, мәдениетінің бір қанаты болып есептелетін айтыс өнерінде ХХ ғасырдың аяғы мен жаңа ғасырдың басында дүниеден озған Ерік Асқаров, Жандарбек Бегімбетов, Әзімбек Жанқұлиев, солардың ізін басып шыққан кейінгі буын өкілдері Мұхаметжан Тазабеков, Бекарыс Шойбеков, Балғымбек Имашев, Айбек Қалиев, Дәулеткерей Кәпұлы, Бауыржан Халиолла сынды саңлақтардың бел ортасында күрек тісінің арасынан сөз боратып Ораз да жүрді. Айтыс сахнасы арқылы елге танымал болған ақындар көп, бірақ халықтың айрықша махаббатына ие болған осы Ораз десек, артық айтқанымыз емес, – деп бастап, кеш тізгінін қолына алды.
Аудан басшылығы атынан Райымбек аудандық мәслихатының хатшысы Ерлан Құдабаев екі күндік еске алу жиынына сәт сапар тілеп, алыс-жақыннан келген меймандарға алғыс білдірді.
Кәдірбек Құныпияұлы, Ермек Жұматаев, Айтақын Бұлғақов, Нұрлан Әбдібек, Жарас Сәрсек, Алмат Исәділ, Талант Арынғали, Бақыт Жағыпар, Сабыржан Смағұлов сынды Ораздың көзін көрген, бірге жүрген замандастары өз өлеңдерін оқып, ақын жайлы сыр шертісті. Ерекше айту керек, Ораздың артынан аттанған (ол да жол апатынан) жары Ажардың әкесі Түзелбек қария шалғай Шымкенттен арнайы келді. Оразды көзапара жығып берген бір айтыста «сағыңды сындырма!» – деп, астындағы атын (көлігін) түсіп берген білікті қарияға деген қошемет көпке дейін басылмай қойды. Көпті көрген қарт қайтар қарсаңдағы бір сөзінде, оңашада: «Құда деп сыйлап жатыр ғой… Бірақ осының бәрі ауыр тиеді екен. Ерім дейтін ел осындай-ақ болар. Артында қалған балалары жетіліп келеді, сол жұбанышым», – деп қалды. Жақсының көзі деп жақсы көретін елдің алақанында өсіп келе жатқан Нұрайша мен Нұрсұлтанға ұйымдастырушылар құрмет көрсетіп, арнайы сыйлық жасады.
Кеш соңына таяған тұста шәкірті Болатбек Оразбаев арнауын айтып алдына келгенде көпшілік Оразы тірілгендей, ақыны өлмегендей «ой, пәлі!» десіп, бір жасап қалды. Текес пен Тегістікті сағаттан аса әнмен тербеген «Қоңыр» тобын жібергісі келмей, әрең қоштасты.
Шындығында, елдің асыға, тағатсыздана күткені – айтыс болатын. Басым бөлігін аты елге енді танылып келе жатқан жастар құраған ақындар – күткендегіден артық айтыс жасады. Қорытындысын тізбелесек: бас бәйге Оразалымен соңғы рет айтысқан (Мәскеуде) ақын Рүстем Қайыртайұлы; бірінші орын екеу: Аяулым Жұмабекқызы, Бибігүл Жандарбекқызы; екінші орын екеу: Шұғайып Сезімхан мен Айдана Қайсарбекқызы; үшінші орын үшеу: Қуаныш Әлімберді, Нұрлан Бекқожаев, Олжас Ботаев сынды жас талаптарға бұйырды. Айтыстың жүргізушісі Бақыт Жағыпардың сөз арасында айтқан естеліктері мен Ораздың бала кездегі айтыстарынан келтірген үзінділері де таңдайлардың дәмін кіргізе түсті. Бұл – Оразалы Досбосыновқа арналған шараның екінші күні болатын. Той тарқар шақ…
Қазаққа қарата:
«Аспаннан алты құлаш жыртып алып,
Рухын көк тәңірдің ту қылған ел», – депті бір айтыста. Аспанның өзінен жаралған көк байрақ төбемізде тұрғанда, жап-жас жүрегін жырға орап, қазағына тарту еткен ұлдарының ұмыт қалмайтынын сезіне түсіп, Алматыға қайттық.
Артымызда қымтана түсіп Тегістік қалып бара жатты. Ораздың Тегістігі…
Алмас Нүсіп.
Оразалыны жоқтамай,
дәріптеу керек!
Шыныққаны ма? Ойға да шоматын қатты,
Қылықтары да ерекше болатын тәтті.
Домбырасын ап, құшақтап, саусағы жетпей,
Осында алғаш айтысқа қанатын қақты.
Қорамсағына қауырсын қол салып көрді,
Туылған жердің төсінде мол шабыт келді.
Балаған шоққа құлын-тай шабысын көріп,
Аламан топқа адуын жол салып берді.
Есімде бәрі, алғашқы аламан шағы,
Сөз сайысына жетіліп жараған шағы.
Дүйім ел қолдап, қолпаштап қараған шағы
Сүйінер мол бақ келер деп қаланы аңсады.
Жырға толтырып шырқады асыл кеудені,
Оразға қисақ, ағайын, ғасыр кем бе еді?
Бағытын көрді Құлмамбет айтыста салған,
Шабытын берді, бірақ та жасын бермеді.
Жырларын жатыр бұл күні ұлықтап елі,
Қошаметімен елінің шыныққан еді.
Тататын еді той дәмін, шарамыз бар ма,
Жататын еді ендігі қырыққа келіп.
Бала шағынан айта алам анық мен дерек,
Өлеңі өлмес, бір болып халықпен келед.
Болашағының тоқтамай қалуын тілеп,
Оразалыны жоқтамай, дәріптеу керек.
Кемелбай Сағымбеков,
Тегістік ауылындағы
М.Мақатаев атындағы
орта мектеп мұғалімі.