Аққан жұлдыздың көлеңкесіндей әлдебір солғын тағдырым…
Өркен Салубай – қатарлас-тұрғыластарының ішінде өзінің жаңаша бейнелеу тілімен ерекшеленген Алтай аймағына танымал ақын. Оның мифтік әлем мен шынайы өмірдің арасындағы қайшылықтар мен ұқсастықтарды арқау ететін өзгеше өрнекті өлеңдері көзіқарақты оқырман қауымға таныс болса керек. Өркен жуырда Қазақстанға қоныс аударып, елордаға біржола тұрақтады. Осы орайда ақын ініміздің бір топ жаңа өлеңдерін қазақ оқырманымен қауыштыруды жөн көріп отырмын.
Ғалым Жайлыбай

Өркен САЛУБАЙ
Саналық қауышу
Қарғалар шоқып тескен денемнің арғы жағынан,
Өз топырағына көмілген қара жер көрінді.
Өңімде, бәлкім, көрген түсімде жорылды.
Бір беймүмкін ақиқат оятып жіберді,
Ғайыпқа деген мекіренген сәбилік санамды,
Өйткені мен тумай жатып-ақ танығам анамды.
Сосын, теңізден терең көз жасымды да кептіргем,
Маңдайымды табаным ізіне жиналған судағы
Ай сағымына өптіргем.
Бізге жатырқап қалған дүниенің пернесін тырмалап,
Өзімнен аумайтын біреу ішінде оның тұр қарап.
Көрмегем дәл мұндай тосырқап айнаның
алдында тұрғанда,
Әлде, ол рухым ба екен тәнімнен бұрын ұрланған?!
Айтамын сосын өзіме, ол мүлде өзің емес деп,
Саусағыма қараймын тағы түрменің
қабырғасы елестеп.
Оның дауысы маған ауасыз бостықпен жетіп тұр,
Айтқаны тек анамның аузындағы бесік жыр.
Бақилық бояу
Аппақ жарықтың ішіндегі жеті түрлі сәуленің,
Топыраққа жасырған жұмбағын іздеумен әуремін.
Әлемнің адасқақ нұрлары жанарыма сіңді,
Бір ырғақ мені меңдетті күйден де мұңлы.
Сәулелер қарашығымды түн екен деп қалған,
Аққан жұлдыздан адасып қалдым, ілесем деп жалған…
О, бояулар патшалығы, тамып тұратын
бақидың көзінен,
Мен өзімнің ескірген сурет екенімді сезінем.
Қалғанмын осылай пәнидің кеңестік парағында,
Жуындым сосын, уақыт дейтін бар ағынға.
Есіме алдым меңіреу тастарға қашалған бәдіздерімді,
Іздедім тағы ежелгі заманда қалған әр іздерімді.
Һәм табиғат ананың перзенті-тәңірлі көкбөрі
тәрізді өңімді.
Менің де бір бояуым бар ешкім ажырата
алмайтын түсін,
Жане бір түссіз әлемге бояған ішін.
Жер-ана алақанымен көтеріп алған сәбидің,
Бақилық бояуын жұмақтық исінен танимын.
Сол бояу тағы дауысқа айналады іңгәлап,
Періштелер оны орап қояды қанаттарымен мың қабат.
Күз симфониясы
Құлағанда сары жапырақ, жүрегімді іреп кеткен,
Арман қызға айналған да, ғайып болған бір рет көктем.
Мынау күздің симфониясы — оркестрі болған жүрек,
Мен құстарды сағынамын, қарсы алғанда орман жүдеп.
Сол сұлудың көйлегінің ұшып кеткен көбелегі,
Гүл иісіне мас қылады, іздеп келіп неге мені?
Тым ескілеу көрінеді ұсқынсыздау іңірде ай да,
Самал сенің иісіңді әкетеді, бұрып қайда?
Кейде өзіме ұқсатамын сол ұсқынсыз туған айды,
Ешкім енді таң самалын маңдайымен тыңдамайды.
Мен осынау сағынышымды айта берем күзге несін,
Оятады шырт ұйқымнан іздеп келіп ізгі елесің.
Аспан тағы қарсы алады жұлдыздары самсап тұрған,
Қарашығымнан қашап қойған қара түнде бар тұр-тұлғаң.
Тағдырыма сен жолықтың, сары уайым сан күйреткен,
Қара басып жүргенімде «Қарағым-ай» әнді үйреткен.
Барасың ба, іздеп мені жатқан үнсіз тауға маңғаз,
Күздің ұшқан жапырағында бізді күткен аунаған жаз.
Ауған шақта ауылымнан қоңыраулатып құс керуен,
Өмір жасап әлекпін мен сенің көрген түстеріңнен.
Еліткенде қурайлардың самарқау сол ән сазына,
Жаңбыр болып жамыраймын жәудіреген жауқазынға.
Өзіңді іздеп келем тағы, самал талға байланғанда,
Мынау дала ақырғы рет ақын болып ойланғанда.
Қарсы аларсың қалжырап кеп, сені іздесем мүләйім бақ,
Күздің күрең көркемін жоқ құлазыған бұл айың жат.
Жолға тіпті таңсық емес, жалғыз жүріп өткенім де,
Мен адасып кетсем-дағы, келмеді деп сөкпе мүлде.
Ілкі қысмет
Иығыма қолын артады ай қаңқалы іңірдің құр сұлуы,
Маңдайыма жұпарын шашады ағаш бұтағының бүр тілі.
Кейде тәнімде тұрып, өзіме де үні естілмейтін,
Құс жолын шаңдатып тұрады жүрегімнің дүрсілі.
Кеңістігімде қалқиды сөнген іңірдің тозаң құрлығы,
Сол құрлыққа жетпес қолымды да созам бір күні.
Ей, менің тырнағым, көмілмей жатып тәнімде қураған,
Қазір көбемдегі топырақта тым зәру болып тұр маған.
Арбайды жанымды күй сазындағы домбырамның лүпілі,
Һәм қарлығаштың бауырындай ақ таңдағы үкілі үн.
Оянам сонда ұйқымнан, жүрегімдегі жылқы кісінеп,
Бұл – менің маңдайыма жазылған ілкі қысмет.
Жап-жарық күнім де әлемнің ең сұлу меңі еді,
Мұғжиза нұрлары мәкірленіп жанарым ішіне енеді.
Сосын ол ашады нұрмен қап-қара түнектің сарайын,
Мен сонда сұлбасы жұтылған өзіме қараймын.
О, қараңғы әлемнің жарқ етіп сілкінген найзағай бұтағы,
Мен кейде тегімнің ағаш екенін де ұмытып аламын.
Сұлу ғаламға мынау басылғанда көріпкел көз мөрім,
Тілімнен тамады жан ғұзырымның сәулелі сөздері.
Кейде маған ғайып ымырасынан жететін
сәуегей дыбыстың,
Ішіндегі сәби жұпарлы іңгәлі тыныспын.
Еркіндік аңсарындағы аспанның киелі құс үні, еһ…
Бұл түндігі ашылмаған ғаламымдағы аянды түсім еді.
Сапар құс самалы
1
Түсімде көрген түстікке шегеді тағы құс сапар,
Қолыма менің қайырлы қауырсын қалам ұстатар.
Найзағайдың жарқылы түнектің
қас-қағым ашқан жанары,
Аспанға қарасам, ажарым бұлттарға сіңіп барады.
Күз сарынына еліткен кезде жан дүниемнің жұпары,
Сәруар даламнан саз саулатады сапар
құстарымның самалы.
Риясыз жаңбыр тамшыларынан нұр үнем,
Көрінеді ылғи көкжиек текті мұң рең.
Басталды тағы алғысасы аңыз аспан сапары…
Ей, құс ақындарым, менің құсни
тағдырларыңмен күңірен.
Мөлдір шықтарға үңіліп едім, жапырақтың
жан дүниесін көрдім,
Сосын оған да жаңбыр жайында бір аңыз айтып бердім.
О, құсалы табиғаттың сөйлеміндей қаралы құс керуен,
Мен де анамның үш қараңғылығында
аянды түс көріп ем.
Сол түсім енді сөйлейді маған бақидың тілінде,
Адамзат мезгілінде әлмисақ ғайыптарына
бас идім түбінде.
Құс бауырында бұйыққан самалдан құбыла
жұпары аңқыған,
Келтірмес енді бақилық түйсіктеріме жан күмән.
Мезгілге менің мәкірленгенде мең ғұзырлы
мұғжизаларым,
Жұқтырғам бойыма табиғат анамның ізгі ибаларын.
Мирас сәттерімде аспаннан суырылған
жеребелі жұлдызым,
Сенің сол солғын жолағыңдай көнереді мұң жүзім.
Төгілгенімде уысымда шайқалған іңірдің көлеңкесінен,
Еске алар мені адамзаттың мұңлы мезгілі,
Һәм қарашығымнан ұшатын сұлу құстарымның
сүмбіле жүзін.
Еске алам мен де меңіреу тастың бетіне төгілген
айдың сүт нұрын,
Жапырақ тамған жаралы жүрегімнің лүпіліне жұқтырып.
2
Жұқтырғанда маған ғайып ымырасындағы үкі киесін,
Өңіме мынау аянға айналған түсім иесің.
Мен мөп-мөлдір қарашығыма түнді бөледім,
Көрінді одан сүт ымыралы сүмбілелерім.
Ей, сапар құсымның тағдырлы қауырсыны һәм
қаңғырған аспан,
Менің бір тамшы көз жасым да үлесім еді
жаңбырға қосқан.
Сол жаңбырдың тамшысына жасырынғым келеді
мөлдір болса да,
Өйткені біздің адамзаттық болмысымыз көлгір қаншама.
Сол тағдырлы қауырсынның ұшында сәби ғұмырлы
қалғиды нұрым,
Сосын, сәруар көңілімнен саулатам тағы әлдилі жырын.
Алақан сызығымнан адасқан жолдар һәм
жапырақсыз ағаштар,
Кім менің жорылмас түсімді ояу өтімен аластар?
О, Шығыстың киелі топырағы, бойында
ай нұры лықсыған,
Қоштасар енді мезгілге көкжиектегі құс жылап.
Ыдысының кетігін жарты аймен жамаған дүйанам,
Сол ыдысыңа ер Төстіктен қалған теңге де сыймаған.
Аққан жұлдыздың көлеңкесіндей әлдебір
солғын тағдырым,
Сен де қарашығыма мынау өз жолағыңды қалдырдың.
Ежелгі үңгірлерімдегі жаңғырық лыпасын жамылдым,
Сосын өз үнімді іздеп сан ғасыр бойы сабылдым.
О, елші құстарым аспанға басылған еркіндік мөрі,
Туған жер топырағына берген сертімді ұқ менің.
Самалы сазды сапар құстарымның көкжиек күмбезі,
Менің де жүрегім сенің мұғжизалы бояуларыңдай
ізгі еді.
Құс ағзасынан құпия іздеген аспани шайырлар,
Көзімнен ұшқан сәулені тұтылған түнгі ай ұрлар.
Кейде мен күнәсін кешірем деп осынау ғасырдың,
Құсқа айналған іздерімді крест жолдарға жасырдым.
Амалнамада
Ықылым ымырасына олқая нәпсімді сендірдім,
Аңыздан бұрын ескіріп қалам мен бір күн.
Көкжиектен көріп, тамшылап тұрған от қанын,
Дүниенің жаратылмаған сәттерін жоқтадым.
Ғайыптағы қара нұрлардан тамып кеткен меңдерім,
Өзіңнен іздеймін жанымның жылдық шеңберін.
Әлемдік ерінудей, ақынның жүрегі тым маңғаз,
Өлім де оны өзінен тағы қызғанды аз.
Қара тастардың жүрегін іздеген, ей қына,
Мен де – өзіңдей әлмисақ адамымын бейкүнә.
Бұл дүние абақтысы еді Мағжанның,
Мен де тәнімнің ішінде ескіріп тағы қалғанмын.
Жүрегімнің соғысына таласты мимырт үн,
Аңсаймын енді Тәттімбетімнің күй жұртын.
Ер Төстіктің темір таяғынан қалған тебенмен,
Жоғалған құрлықта топырақ іздедім көгемнен.
Ер Төстіктің темір етігінен қалған теңгемен,
Тәндерімді сатып алуға келген ем.
Фәни де мені қарсы алған мүлде жоқ тіптен,
Тәндерім онда келер деп мені көп күткен.
О, мынау шексіздікке ұмтылған кіші ғаламым,
Мен де – ішімде жатқан біреудің түсі ғанамын.
ПІКІРЛЕР1