Серік САҒЫНТАЙ. Майқұдық оқиғасы (әңгіме)
10.12.2020
2662
0

Серік САҒЫНТАЙ

«Кто видит в небе ангелов, не видит в небе птиц».
Фазиль Искандер

Майқұдықтың ескі сарайының алдындағы аялдамаға тақаған автобус оң аяғын шұқанаққа матырып алып, шоқаң ете қалды. Шұңқыр толы лай су айналаға шашырап барып, қайыра лықсыған. «Біздің орта да осы лай су толы шұқанаққа айналмасына кім кепіл?! Анда-санда кемерінен асып лықсып алады да, сіңетін топырақ таппаған соң орнына құйылады. Ертең-ақ буланып кетер…» Болат шырт түкірді. Шалбарының балағы былғанып қалыпты. Аялдаманың тұсындағы қаңылтыр қалқанға жапсырылған, жергілікті ақынның жақында өтетін кеші туралы хабарландыруды оқып тұр еді ол. «2000 жыл. 10 қыркүйек. Жаңа Майқұдық мәдениет сарайының ұйымдастыруымен жерлесіміз Сұңғат Сүлейменнің «Армысың, ХХІ!» атты жыр кеші өткізіледі. Келіңіздер! Көріңіздер!» «Келу керек екен. Бұл көкемнің кеші қайтсе де қырғын боп өтеді! Ех, шіркін, поэзия!» – деп, айналасына қуана қараған Болат балағын былғаған лай суды да, қорабы сықырлаған ескі автобусты да ұмытып, түкпірге қарай жаяулатып тарта берген. «Кімге жайлау болмаған бұл Майқұдық. Атышулы Майкен!» Қамығулы кеудесіне қайдан келген қуаныш екенін парықтай да алмады. Түскі аспен бірге төңкерген саптыаяқ сыраның қызуы әлдеқашан тарқаған.
Болат – облыстық газеттің ортаңқол тілшісі. ҚазМУ-ды қотарып қайтқан соң, әулеттің ыңғайымен алыс ауылда жұмыссыз жатқан еді. Бір ай жатты, екі ай жатты. Полигонның екпіні, қайта құрудың тепкіні еңсесін жығып кеткен ауылда ақша табар қызмет жоқ. Күндердің күнінде облыстық газет арқылы қартайған қаламгерлердің біріне ашық хат жазған. Ауылды, ауылдағы қауымды, жұмыссыз елді, бес жыл тентірегенде тиген қызыл дипломның кәдеге аспай қалғанын тізген. Жарты ай өткенде үшбу хаты жарқ ете қалды. Апта ауысқан бетте аудан орталығындағы қартайған қаламгер көкесі де облыстан орағытып, жауап қатқан. Газет арқылы хат жазысу сәнге айналған заманның шалығы еді ғой. Ақыры орталық басылымның редакторы өзі қалап, жұмысқа шақырды. Студент кезінде-ақ Парламенттің апталығында жұмыс істеген Болатқа жетісіне екі рет жарық көретін, тақырып аясы шектеулі провинциялық газет сөз боп па! Сұңғат ақынның өлеңдері мен эсселері болмаса, он алты беті тола қара мақала, әкімдердің жүрген-тұрғаны, мектеп мұғалім-оқушыларының, ауылдағы іші пысқан зейнеткерлердің, партияшыл шал-шауқанның ақылгөйсіген шимай-шатпағы, өлім-жітімге көңіл айту-қазанамалар, туған күн, мерейтой құтықтаулары, парықсыз журналистке пара берген әлдекімдердің өмірбаяны ғана тұрақты басылатын ол дәуір газеттерінде. Сұрқай. Сұрғылт көшкін. Сол сұрқай ағынға малти жүзіп, бұл да бойлаған. Жұмысқа тұрған алғашқы күннен-ақ редакция орналасқан «Баспа үйінің» қарсысындағы «суатқа» сусап құлап, қаламдас ағаларымен стақандас дос боп кеткен. Түске дейін аудандардан келген хаттарды қорытып, саласына сай бірер ақпаратты терімшілерге беріп тастасаң болғаны. Редактор іздейді деп әуре болмайсың. Себебі оның өз шаруалары жетерлік.
Майқұдықтың түкпірінде тұратын Болат қыркүйектің оны күні өткен ақын кешіне келмеді. Жете алмады. Жалпы, ол кешке барған адам санаулы ғана еді…

* * *
Нұрбек – күйші атасының атындағы колледжді енді ғана бітірген бозбала. Қолына диплом тиген бетте Майқұдықтың мәдениет сарайына жұмысқа тұруға өтініш тастаған. Басқа жұмыстың ыңғайы да келмейтін. Мектептерде орын жоқ. Филармонияға ілігу – қияметтің қайымы. Ал мұнда… Мұнда бірер көркемөнерпаздар үйірмесі мен кітапхана ғана жұмыс істеп тұр екен. Мәдениет сарайының директоры әне-міне зейнетке кетсем деп отырған орыс әйел еді.
Орынбасары да, немен айналысатыны белгісіз әйтеуір бір бөлім меңгерушісі де сол қатардан. Кітапханашы болса, таңертең тоғызда жұмысқа келгеннен кешке дейін пыс-пыс етіп тоқыма тоқып, үні шықпайтын қараторы қазақ кемпір. Кітапханаға келуші сиреген.
Мәдениет сарайы қазақтың қайнаған қарақазаны Майқұдық­тың қақ ортасында қызылкүрең кеңестік келбетпен қасқайып тұр еді. Сол сарайға жұмысқа қабылданды Нұрбек. Дипломы бар жас маман. Жас маманнан директор тоқсандық жоспар сұрай бастаған. Сасатын Нұрбек пе? Ағаларымен ақылдаса келіп, эстрадалық ән үйірмесін ашатын болды. Үйірме аптасына бір рет талапкер балалардың басын қосып, жылына бір рет есептік концерт ұйымдастырмақ. Кітапханашы апаймен сөйлесіп, ай сайын жергілікті ақындармен кездесу өткізбек болды. Осындай қомақты шаруаларға бас болсын деп, Нұрекең Майқұдықтың қақпасы – Көгілдір тоғандарда тұратын Сұңғат Сүлейменнің кездесу кешін өткізем деп бел байлаған. Онысын директор да қолдай кетті. Директор Сұңғат Сүлейменнің өзі қатарлас, тұстас адам екенін білетін. Бірер мәрте үлкен жиында сыртынан көргені болмаса, Ай шарпыған атағын, Алашқа айтары бар адуын мінезін білмейтін. «Несі бар?! Кітапхана көрермендерін жинап қоямыз, өзінің ақындық тәжірибесімен бөліссін, өлеңдерін оқысын. Нурик правильно думает» деп түйген ішінен.
Әлқисса, тамыздың соңы еді. Нұрбек ағалары арқылы ақынның телефон нөмірін тауып алып, хабарласты.
Күздің басы бала-шағаның да, үлкендердің де даладан қалаға құйылатын, жиылатын кезі ғой. Кент-қаланың жатақ халқы жайсаң жазда ауыл-ауылға тарап, желдеп кетсе де, күрең күзде ұясына оралады. Оқу жылы басталады. Қысқа қам қылу керек, демалыс тәмам. Осы жайларды тізе келіп, ақынды көндірген. Әлбетте, ақын да анау айтқандай қарсылық танытқан жоқ. Нурик кітап­ханашымен ақылдасып, кездесудің тақырыбын сайлап, сценариін жазып, әуре боп кетті. Мәдениет сарайы тұсындағы қаңылтыр қалқанға хабарландыруын да жапсырып тастаған. «Кітапханадағы кездесу» дегенді қомсынып, «ақынның кеші» деп, Айды аспанға бір-ақ шығарған. Сонымен, шаруа жылжи берсін…
Қарағандыны Қарағанды қылған – Майқұдық. Қарагөз қаланың алғаш қадасы қағылған осында. Одан ертеде Игілік бидің жаз жайлау, құт қонысы болған. Қазір де сол атаның ұрпағы жайлап отыр. Оған Қарқаралы-Егіндібұлақтан, Ақтоғай-Шеттен, Нұра-Жаңаарқадан қотарылып көшіп келген қалың қазақты қосыңыз. Қарағандының қазағының дені – Майқұдықта. Жақсысы да, нағыз қазақы жайсаңы да осында. Ұры-қары, баскесер-барымташы да тұрады мұнда. Ханнан тараған ақсүйегі, қожа-сарты, бес Мейрамның бетке ұстары, бес Бошанның белдісі, жеті Момынның көзіқарақтысы, орыстың сарықазаққа, кәрістің қарақазаққа, қазақтың шалақазаққа айналған дүбәрасы қоныс қылған. Халықтың үштен екісі – қарагөз. Сөйте тұра жалғыз мешіт, бес-алты шіркеуі бар… Жатақ халық қалаға қатынап жұмыс істейді. Оншақты мекеме, бес-алты зауыт, екі базар, жүздеген дүкен-дүңгіршегі бар. Нағыз қанжайлау. Ел жазғытұры жайлауға шыққандай жырғап жатады жарықтық. «Сөйткен Майқұдықтың қалың қазағы кешіме жиналатын шығар! Бәрі жүзтаныс, өз жұрты. Қасыма кімді ертсем екен? Жалғыз барып тұрғаным ыңғайсыз болар. Қалыбайды ертсем, Оралды қоссам оған. Арыстан мен Қайырды шақырайын. Осы жастарым жақсы. Шалдар залдан қарап отырсын…» Сұңғат ақын дәлізде шылым шегіп ойға батқан.
– Осы, «кеш» дегенді өткізу керек пе, керек емес пе?
– Өздері ғой ұйымдастырып отырған. Мәдениет сарайы.
– Былтыр сырлап, жаңалап жатқан…
– Иә… Апай тапсырған шығар.
– Ол кісілер өздері келетін болар? Мыналар шақыру таратты ма екен?!
– Көшеге жар сап, жазып қойыпты. Қалада да жазылған шығар?..
– Майқұдық өз жұртым ғой. Келер…
Дәлізде кішкене орындыққа жайғасқан ақын ішінен екіге жарылып екі адам боп, өзімен өзі сөйлесіп отыр. Темекі түтіні бірде оңға, бірде солға шалқиды. Ойы да сол леппен толқыған. Ой-таразысына салып, ақыры сол төртеуіне хабарласпақ болған. Әуелі Қалыбайға қоңырау шалды. Қалыбайдан соң Орал, Арыстан. Қайырды таппады. Оны Арыстанға тапсырған. Бауырларының бәрі де жік-жапар келісіп, сол күні қасынан табылатын боп уағдаласты. Орал шағын баяндама жасамақ, Қалыбай арнау айтпақ, қалған екеуі бір-екі өлеңнен оқитын боп шешілді.
Ақын сол күні ежелгі әдетімен ерте оянды. Қоңыр күз жазу бөлмесінің терезесінен жылы бояуын құйып тұр екен. «Тамаша күн болады-ау бүгін». Кеше түнде реттеп шығарып қойған өлеңдерін бір ақтарып, көз жүгіртіп шықты. «Қалыбай қатыспайтын болды. Алыстан бірге оқыған досы кеп қалыпты». Соған дастарқан жайып, осындағы қатарын шақырып қойған екен. «Соларды ертіп келсе, қайтер еді?! Жарайды, бір жөні болар. Топты көбейту де керек емес. Орал келер, әлгі екі пері келмей қалмаса». Арыстанның үйіне қоңырау шалмақ боп телефон трубкасын алды да, ноутбуктағы сағатқа қарады. Әлі ерте екен…
Күндізгі төртке белгіленген «кешке» Сұңғат ақын, Орал, Арыстан мен Қайыр тура 15:45-те барды. «Қырық үшінші» автобустың Оңтүстік-Шығыстағы соңғы аялдамасынан отырған Қайыр жолай Арыстан мен Оралды мінгестіріп алған. Оларға «Көгілдір тоғандардан» ақын ағалары қосылды. Мәдениет сарайының тұсындағы аялдамадан түскен төртеу асықпай шылым шегіп алып, «Иә, сәт!» десіп ішке бас сұқты. Мұндай кештер болар күні әдетте сол маңда қараң-құраң топ жүрер еді. «Залға асықпай кірермін» деген бірен-саран сыбай-салтаң бозбала тұрар еді-ау есік алдында. Ондай ешкім байқалмады. «Бәлкім бүкіл ел ішке кіріп алған шығар?!» – Қайырдың көңіліне күмәннің бұлты қонақтады. Бірер күн бұрын әлгі Нұрбекке жолығып қалғанда: «Даярлық қалай? Бір керемет кеш болатын шығар, ә?» – деген.
– Ой, аға. Тамаша кездесу болады. Өзіммен бірге оқыған әнші қыздарды шақырып қойдым. Ағаның әндерін орындаймыз. Мен бармын, сіз барсыз, Арекең мен Орекең бар – қатырамыз ғой!
– Мәкең жездем келмей ме? Сәкеңнің әндерін ол кісіден асырып ешкім орындай алмайды ғой?..
– Ол кісі концертпен шетелде жүр. Біз, енді… сол кісінің шәкірттеріміз ғой.
– Е, жарайды! Ағам олар келмеді деп, Йоханнесбургтен бір-ақ шығарып жүрмесін бәрімізді, – деп күлген Қайыр.
– Барып келеміз, онда тұрған не бар? – деп күлді Нұрбек.
Нұрбек әлбетте Йоханнесбургтің қай тарапта екенін білмейді ғой. Қайыр фойеге кірген соң, гардеробқа қарады. Онда да еш тірлік нышаны білінбейді. «Күн жылы ғой, бірақ» деп жұбатты өзін. «Ешкім жоқ. Йоханнесбург!» деді ішінен. Кіреберісте отырған кемпір оларды екінші қабатқа сілтеді. Директордың бөлмесі сонда екен. Әдет бойынша кеш басталғанша шай ішіп, тамақ жібітісіп алу шарт. Директрисса қанатын жайған күркетауықша күркілдей амандасып, жарқылдай күліп, дөңгелене үйіріліп қарсы алды. Нұрбек те күтіп отыр екен.
– Қазір он минуттан кейін бастаймыз, – деді ақша жүзі алабұртып.
– Сен өзің бастайсың ғой?
– Иә, мен салтанатты түрде хабарлаған соң, өмірбаяныңыз бен шығармашылығыңызды шолып өтем қысқаша. Содан кейін…
– Олай болмайды. Ақынның өмірбаяны кімге керек?!
– Сценарий бойынша…
– Ешқандай да сценарий керек емес! Сен мені шақырып хабарлайсың, содан кейін мен шығам да бірден өлең оқимын біраз. Содан кейін ән жіберерсің. Әннен кейін Орал шағын шолу жасайды. Шығармашылық туралы. Өмірбаян деген кімге керек?! Ол әдебиет туралы әңгіме емес. Басын бастап берсең болғаны, ары қарай өзіміз үйіріп әкетеміз.
Нұрбек қолындағы қызыл папкасына салып қойған сценариіне қызыл сиямен әлдебір өзгерістер енгізіп жатты. Арыстан мен Орал директорға сұрақ қойғыштап, әңгіме-дүкен қыздырып отыр. Қайыр ежелгі әдетімен бір орында тұра алмай Сұңғат ақынның оң жағынан бір, сол жағынан бір шығып, Нұрбектің ақша жүзінің қызыл папкамен астасып бара жатқанына қарап, алаңдап қояды.
– Қой, осылай отыра береміз бе? Бастайық, – деді ақын, – елді күттіріп қойғанымыз жарамас!
– Ну что, поехали, Нурик! Ни пуха, ни пера! – деді директор.
Бұлар сол бетте сап түзеп, директордың соңынан еріп, тар дәлізбен кітапхананың оқу бөлмесіне қарай жөнеді. Директор жол-жөнекей орынбасарын ерте кетті.
– Міне, мынау біздің кітапханамыз. Кітапханашы апай сіздің шығармашылығыңыз туралы шағын көрме жасаған. Тамашалаңыздар.
– Көрмені төмендегі фойеге қою керек еді ғой, – деді Арыстан.
– Фойе сәл қараңғылау, ешкім байқамай қалады. Мұнда оқырмандар көреді. Әрі сирек кітаптар болғандықтан, кітапханадан шығаруға бол-май-ды! – деп дауысын құбылтты кітапханашы.
– Ал жүріңіздер, оқу залына өтейік.
Нұрбек сәл қызарыңқырап, қысылып, «Оқу залы» деп жазылған есікті ашты.
– Кездесу осында өтеді…
Әуелі әлгі сценарий бойынша Нұрбек ортаға шығып, қызыл папкасына бірер мәрте қарап алып, кездесу кешін салтанатты түрде ашық деп жариялады.
– Құрметті, жырсүйер қауым! Бүгін Жаңа Майқұдық Мәдениет сарайында ерекше бір оқиғаға куә болуға жиналып отырмыз. Ол – қазақтың белгілі ақыны, өз ағамыз Сұңғат Сүлейменмен кездесу кеші, – деп бастаған Нұрбек тағы біраз марапат сөзін асқақ пафоспен айтып келіп, елдің қол соғып, қошемет қылып отыруын өтінген, – Ортаға Алаштың әйгілі ақыны, жерлесіміз Сұңғат Сүлейменұлын шақырамыз!
Сол сәт бұған дейін сыртта қалған ақын адымдап кіріп-ақ келді. Залға кірген бетте оң жақта жүргізуші екеуі жайғасатын үстел-орындық тұратынын Нұрбек ескерткен болатын. Қарсы бетте көрермендер жайғасады, яғни есіктен енген бетте – сахна. Жымиып кіріп келген ақын үш-төрт қадам жасап, қалт тұрып қалды. Жүзіндегі жымиыс та жылдам сөніп, жанарындағы жарқылға ұласты. Арыстан мен Орал да риясыз жымиып, орындарынан тұрып ілтипат танытқан. Қайыр да неғыларын білмей қол соғып тұрған еді. Директор да, басқалар да орындарынан көтеріліп кеткен.
Ақын шапалақ үнінің сейілгенін күтіп тұрмады. Бірден бойын жинап алған. Дереу күркіреп өлең оқи жөнелді. Өлең оқуы ерекше еді. Жазған жыры да қатарласынан, қазақтың арғы-бергі ақынының жыр-дастандарынан әредік оқшауланып, жеке-дара тентек қасқайып тұрар еді. Мынау салқар даланың дем-тынысы заманның жүрек лүпілімен астасқандай болатын оның жырларында. Мың-мың жылдық ой-сананың ағысы кейде ұранға айналса, кейде мұңлы музыка боп құйылатын. Жеке бастың мұңынан ада, асқақ арман пен адами тебіреністердің тінінен, астар-өзегінен өрт суыра лапылдата жазатын сол ақын. Етекбасты еңіреген ездіктің қас жауы, жалған ұран мен жылаңқы күйкілікті ұмыттырар еді оқыған жанға. Ал, тыңдасаң… Сонау үңгірлерді мекен еткен заманалар мен ғарыштың төріне көшкен бүгін-ертеңгі ғаламды шарлап кетесің. Жасынан жасық жырға жауша қарап, өлеңнен басқада ісі болмаған ақын бабында жүретін. Ол шыққан сахна жаһанның темірқазығына айналғандай, өзі де, өзге де өлеңнен басқаны ұмыт қылар еді.
– Уа, армысың, ғасырым!.. – деді күркіреп. Күркіреп келіп, сіркіреп бір төгіп өтті.
– Достарым менің – бандиттер,
Достарым менің – қарақшылар… – деп бастап, оң қолымен директорды нұсқап, – Переведите ей! Орал, ей, аударып беріп отыр. Түсінсін кімнің кеші екенін!
Зал ақ аспаннан ашық күнде жай түскендей жапырылып жүре берген. Қайыр мен Арыстан қайда отырғанын ұмытқандай хәлде еді. Орал директорға бұрылып, ақынның өлеңін аударып жатыр. Ақынның адуын ашуы кенет көтерілген құйын құсап, төңірегін ұйпап кеткен. Ашуланбасқа шара да жоқ болатын. Нұрбек қызыл папка мен қызыл галстугы алаулаған өңіне астасып, айтар сөзінен жаңыла берді…
Залда Орал, Арыстан, Қайырдан өзге директор мен оның орынбасары, кітапханашы кемпір және тағы бір кимешек киген әжей, олардың артында домбыраға сүйеніп, үкісі дірдек қаққан қос әнші қыз ғана отырған болатын. Басқа ешкім жоқ! Жиыны – тоғыз адам. Тоғыз көрермен. Тең жарымы ақынмен қоса келген. Екеуі әнші болғанда, үшеуі – осы мекеменің қызметкері. Бөтені кимешекті кемпір ғана болып шықты. Бүкіл Майқұдықтың көзайым көрерменін елестетіп келген ақынның көңілі су сепкендей басылған. Оншақты адамдық оқу залының терезесінің шынысы зырқ-зырқ етіп, едені сықырлайды. Ақынның дауысы жалаңаш қабырғаға шағыла жаңғырығады. Бес-алты өлеңмен екпінін әзер басқан «кеш иесінен» кейін әнші қыздың бірі ақынның елге кең тараған әнін әуелетті. Колледжді кеше ғана тәмамдаған бойжеткен әннің терең иірімдеріне бойлап барып, жүрексініп шегінгендей еді. Орал алыстан орағытып, өзі меңгердім деп ойлайтын тақырыбы – Абай заманына барып қайтып, қысқа мойынын қос иығына жасырып, шіңкілдеген шыңылтыр жұқа дауысымен біраз әңгіменің басын қайырды. Одан кейін Арыстан мен Қайыр қолтықтаса шығып, екі өлеңнен оқыды. Нұрбек те, екі қыз да бірер әннен қайырған. Кітапханашы әлдебір альбомды сыйға тартты. Директор құттықтау сөз сөйлеп, алғашқы қадамының жаман емес екенін айтып, жұмысқа енді тұрған жас маманына табыс тіледі, ақынға алғыс жаудырды. Қайыр енді бәрі тәмамдалады-ау деп, тыпыршып отырғанда кимешек киген бейтаныс – осы кештің жалғыз көрермені қолын шошайтты.
– Мен бір ауыз тілек айтсам бола ма?
– Әлбетте, болады! Келіңіз, бәріміз сөйлеп алайық. Мұндай думан күнде болмайды, – деді ақын. Жүргізуші сценариіне бір, директорға екі қарағанмен болмады – кимешекті кемпір етегіне сүріне үш аттап, ортаға өтті.
– Айналайын, ағайын! – деді кимешекті кейуана, – Айналайын, халқым! Бүгін менің жүрегім ерекше тебіреніп кетті. Оны тербеген мына сендер секілді қарагөз ұл-қызынан айналдым халқымның. Мына кең сарайда, құтты шаңырақта қазақтың сөзі айтылып, тақпағы оқылғанына жүрегім жарылайын деп тұр. Ақын балам, өзің енді-енді бастап келе жатқан ақын екенсің, оның үстіне, есімің Сұңғат екен – сұңқар құсша аспанға шырқа деп тілегім келеді. Қолыңды жай, аналық ақ батамды берейін, – деді елжіреп.
Ақын мен жүргізуші, Арыстан мен Қайыр, елең қаққан әнші қыздар, Орал мен екі орыс әйел, кітапханашы да – кешке жиылған қауым барлығы алақан жайысты.
– Айналайын, ақын!
Сөзің жүрегіме жақын.
Тәй басқан қадамыңа гүл бітіп, еліңнің шығар атын!
Жас ақындар көбейіп, толтырсын қазақтың сапын!
Әумин!
– Әумин, айтқаныңыз келсін! – деді ақын шын риза болып.
– Аминь! – десті директор мен орын­басары. Олардан өзгесі бет сипасты. Нұрбек кешті тәмам деп жариялады…
Сол кешке қатысқандар суретке түсті ме, түспеді ме – тарихқа беймәлім. Есте қалғаны – ақынның асқақ жырлары ғана. Сол кеште оқылған өлеңдер кейде, қаланың қарбалас қансонарында адасып, жалғыз, ойға шомып келе жатқанда зәу көктегі бұлттар жақтан талып естіліп жатады. Адамның бәрін жат санамайтын, жаттан жамандық күтпейтін ақын өзін кінәлады. «Бұлардың білгені сол болса, қайтесің?!.» Ал әлгі жалғыз көрермен – кимешекті кейуана Мәдениет сарайының бір бөлмесін жалға алып, елге ем-дом жасап отырған халық емшісі екен…
Әлқисса, жалпы шығармашылық кештерінің, кездесу-жүздесу шараларының соңы бейресми беймарал ауанда, ұйымдастырушы тараптың дастарқан жайып, өзара рақмет айтысып, ілтипат-ізет білдірісуімен тиянақталатын. Бұл кеш те сол ретпен өрістейтін сыңайлы. Директор ақынға тағы да алғыс айтып, бөлмесіне шайға шақырды. Айтуынша, жас маман алғашқы қадамын тәтті шаймен атап өтпекші.
Директордың қоңырсалқын бөлмесіндегі қоңыр үстел үстіне тоқ шәйнек пен аққұман жайғасыпты. Бір-екі кәушік ыдысқа тәтті-таңсық салынған. Ортаға тостақандай торт қойылған.
– Жоғары шығыңыздар, – десті қонақ күтушілер. Әнші қыздар сұранып кетті.
– Мұндай кештен кейін жүз грамм ішпесе болмайды! – деді Арыстан қарап тұрмай, – Толтырып бір тартып жіберсе, өмір жадырап, көңіл жарқырап шыға келеді. Солай емес пе, Қайыреке?!
Қайыр Нұрбекке қарады. Нұрбек директорға жаутаңдады. Орал ақынға әлденені дәлелдеп әуре. «Абай… Ақиқат… Ақыл-ой… Адамзат…» деген сөздері ғана шалынып қалады құлаққа. Директордың сейфінен бір шиша «Қазақстан» коньягы шықты. Алғашқы тост айтылған бетте Нұрбек дүкенге барып келген.
– Қасым шыққан топырақтан мықтылар ғана туса керек-ті. Сен қай топырақтан өнген өсімдіксің? Мына жерде жусан да, капуста да отыр.
– Капуста! – деп күлді Қайыр терезеден айдалаға қарап.
– Өзімізден жусан иісі аңқып тұр ғой, – деді Арыстан арсалаңдап.
Неліктен капустаны айтып отырғанын бәрі түсінді. Директордың ақша беті жирен тартты. Нұрбек күреңітті.
Отырыс орысша-қазақша өтіп жатты. Орал аудармашы. Өңгесі халықаралық тілге шорқақтау еді. Орысша-қазақша тост арасынан коньяк жылғаланып ағып жатты. Аққан жылға да Ай толар түні аяғын тартар еді. Бұл да сарқылды. Қас қарайыпты. Директор кімнен сұранып қайтарын білмей қыпылықтап отыр. Нұрбек барар дүкен де жабылып қалыпты.
– Қайтайық, – деді Орал, – есен-аманы­мызда қарекет қылып, үйге жетіп алайық, аға.
– Мен қайтпаймын. Мұндай керемет кештен кейін жаныңмен қоса, тәніңді де шаю керек. Дәл қазір осы директормен сау­наға барам!
Сол сәт тұра қашарға жазылып тұрған кеңістік жоқ, неден ұстанарын білмей, рюмканың сидаң тірсегіне сүйеніп тұрған директор креслосына шалқалап құлай берді.
– Скорую! Скорую позовите! – деп, орынбасары дәлізге жүгіре шықты. Жарықшақтана шыққан дауыс жаңғырыққа құбылып, қаңырап тұрған Мәдениет үйі дәлізінің алакөлеңке қабырғаларына әнтек соғылып, қабаттарды аралап, қаңғырлап бара жатты.
– Халық емшісін шақырыңдар, – деді ақын.
– Ол кісі қайтып кеткен шығар, – деді Нұрбек жанарын төменге салып.
– Онда орысыңды өзің емде. Біз кеттік! – деді ақын.
Нұрбек терең дем алды…
Мәдениет үйінен шыққан төртеу қарсыда тұрған қызылтелпек таксиге жайғасты. Қою­күрең күзгі ымырт сыз бүркіп тұр еді. Ақын әдетінен жаңылып, алға отырып алған. Үшеуі қысыла-қымтырыла алдағы екеудің желкесінен төне қарап жайғасып алды.
– Терезені булап жібергендеріңізге қарағанда, біреу сіздерді улап жіберген тәрізді ғой, – деді таксист те қарап отырмай, жигулиінің маңдай шынысын сипалап. Үнінде күні бойы жүргінші таппай зеріккен жүргізушінің ішпысты назы бар.
– Ақынсүрей немесің ғой дейм, ә?
– Өлең менің не теңім?! Бірақ анау ақынның кешіне қатыса алмай өкініп отырмын, – деді таксист Мәдениет үйі алдындағы жарнамаға иек сілтеп.
– Өй, ол ақын емес! – деді ақын масат­танып.
Сол сәт таксист ақынға, ту сыртында төнген үшеуге бұрылды:
– Ол ақынды танымасаңдар, мен сендерді ешқайда апармаймын. Түсіңдер көліктен, сасытпай!
– Е, неге апармайсың? Апарғанда да сен бізді тегін апарасың, керек болса! – деді ақын.
– Иә, ол ненің ақысы? – деді таксист жігіт көзі ақиып.
– Арыстан, ей! – деді ақын риза болып, – Түс те көліктің артындағы мылтықты алып шық. Мынаны атып тастап, көлігін теуіп кетейік! Біз – терроршылармыз! – деді жүргізушіге ұмсына тақалып.
– Қайдағы мылтық? Неғылдеп отырсыңдар? Түсіңдер көліктен. Мен сендерге ерігіп отырған жоқпын! Ақынның кешіне қатыса алмай ашынып отырсам, қайдағы бір қаңғыбастар кеп, миымды ашытпақ.
– Кім қаңғыбас екен? – деді Арыстан. – Біз бе қаңғыбас?!
– Енді кім?! Қалталарыңда көк тиын ақша жоқ. Өздерің сылқия тойып алғансыңдар. Мен апарсам, сендерді полицияға ғана апарам! – деді ашынған таксист. Сосын көлігінен секіре түсіп, жүксалғышын жұлқа ашып, дүрс еткізе жауып, білектей темір таяқ алып жетіп келді. Монтировканың майысқан алақанына көше шамдары шағылысып, үрей ызғар шашады.
– Ағатай, көкетай! Қоя тұрыңыз, – деп Орал шыр ете қалды осы сәт. Ол да көліктен секіре түсті. Қайыр не істерін білмей, істің кенет насырға шапқанына айран-асыр боп отыр. Арыстан мен ақын «келсең-келге» басып, озандап отыр.
– Ағатай-ау! – деді Орал, – Сіз айтып отырған, кешіне қатыса алмай қалған ақыныңыз – осы кісі! Қараңызшы дұрыстап.
Таксист есіктен бас сұғып қарап, қарқылдап күліп жіберді.
– Мыналарың ақынға ұқсамайды ғой. Бірақ, дегенмен келетін секілді, ә?
– Сол кісі деймін, қараңызшы. Танисыз ғой. Құдай біледі, – деді Қайыр да.
– Мен ол емеспін, – деді ақын қызбаланып. – Ол мен емес!
– Уай, не деп кеттіңдер?! Өзі қайда барасыңдар? Құрысын, апарып тастайын. Жүріңдерші, – деді шарасыз таксист.
– Е, бауырым! Осылай жөнге келсеңші, – деді ақын риза болған рәуішпен.
Таксист темірін аяғының астына салдыр еткізіп тастай салып, көлігін гүр еткізсін.
– Кеттік! – деді Арыстан мен ақын қосарласып. Екеуі де арындап алған еді.
– Мені де танитын таксист бар екен, ә! Ризамын азу тісіме! – деді ақын.
– Ағайды Тоғандарға тастай кетейік. Ал біз одан әрі Оңтүстік-Шығысқа барамыз, – деді Орал бет-жүзі қыртыстана жымиып.
– Мен сендермен бірге кетем! – деді ақын бұрылып.
– Қайда?!
– Йоханнесбургқа! – деді кенет көңілденген Қайыр.
– Дұрыс айтасың! Бушмендер еліне тартайық! Осындағы рухани ергежейлілерден шаршадым. Соларға кетейікші, – деді ақын әбден масаттанып.
– Оу, көкелер! Йоханнесбургтерің қай жақта? Мен ол жаққа бармаймын. Әрі кетсе, Оңтүстік-Шығысқа барам, – деді таксист.
– Йоханнесбург сол Оңтүстіктің астанасы ғой нағыз, – деді Қайыр. – ЮАР-дың бас қаласы.
– Африкаға ма?! – деді таксист кенет көлігін тежегішті тебе тоқтатып, – Сендер ақынсыңдар ма шынымен, әлде, менің есім ауысқан ба? Арқа қайда, Африка қайда?! Оу, географияны білесіңдер ме?
– Жүре беріңіз, аға, – деді Қайыр, – орыс­ша ауыр сөйлемей, боғауызын айтпай, «Йоханнесбург» деп жұмсартып отырғаным ғой.
– Қайдан білейін? Біресе «мылтық алып шық, атып тастаймыз» дейсіңдер, біресе «Африкаға апар» дейсіңдер. Ақындарды адам баласы түсінбейтін шығар? Әуелі барар жерлеріңді анықтап алыңдаршы. Мен жайлап аяңдай берейін, – деді таксист аң-таң болып.
Бұлар күркедей көлік ішін күлкіге көміп келе жатқанда Майқұдықтың «Шығыс-5» шағын ауданы тұсына да жетіп қалған еді. Ақынның есіне Қалыбай бауыры түсе кетті.
– Бұрыл осы тұстан. Қалыбайдың үйіне барамыз. Үлкен поэзия кеші сол жерде болады қазір. Сен де бізбен жүресің, бауырым! Нағыз ақын таситын таксист екенсің. Өзіңді қызметке қабылдандым деп есептей бер, – деді ақын.
– Жо-жоқ, ағатай! Мен жұмыс істеуім керек. Бала-шағам қарап отыр. Онсыз да сендермен жарты сағатым кетті. Мекенжайын айтыңыздар, – деді таксист «Шығыс-5» шағын ауданына бұрылып жатып.
– Біз сені енді босатпаймыз, – деп, Арыстан алдында отырған таксистің мойнына асыла кетті.
– Қойыңдар, ей! Жігіттер, мен еш ақынды танымаймын. Оқымаймын да. Босатыңдар.
– Сен – тұтқынсың, біз – террористпіз. Арыстан, мылтықты алып кел, – деді ақын көлік Қалыбай үйінің ауласына доғарылған бетте.
– Қайдағы мылтық?! Ойбай-ай, жігіттер, қойыңдар, – деді таксист шарасыз жалынышты үнмен, – Менде монтировка бар, – деп, ақырын күбірледі сосын сол қолымен көлік еденін қармап.
– Ақындарды танымайтын кімсің сен сонша?! – деді ақын ызбармен. Әлгіндегі ілтипаттың ізі де қалмаған жүзінде. Сол сәт таксистің қолына монтировка да іліне берген еді.
– Түсейік, кеттік, – деп Орал шыр ете қалды.
– Кетсек, кеттік, – деді Арыстан.
(Жалғасы 16-бетте)
(Жалғасы. Басы 15-бетте)

– Енді тоқтаңдар, – деді сол кезде таксист, – қаншама жерден соншама уақытымды алып, келдіңдер. Жолақыны кім төлейді? Мен монтировканы тегін алып шықты ғой деп отырсыңдар ма? Білем мен Майкеннің майшелпектерін. Кәне, қайда жолақы?! – деді таксист ақиып.
Орал темір таяқ білемдеген таксистің сұрағанын берген бетте төртеуі Қалыбайдың үйіне еніп, онда отырған қалың қонақтың ортасына топ ете қалды.
Жастайынан ақынның соңынан еріп есейген, бірақ бүгінгі кешіне бара алмаған Қалыбай өз кінәсін жуып-шаймақ ретпен жік-жапар ләппайлап қарсы алды қаламдастарын.
– Мұнда не үшін жүрмін осы мен?..
– Кездесу кеш өтті емес пе?..
– Жалпы, осы ақынға кеш өткізу керек пе? Жазуын жазып, оңаша өмір сүрген абзал шығар?..
– Майқұдық өз жайлауым ғой…
– Жайлауың жапырылмады ғой…
Ақын әр баспалдақтан аттаған сайын іштей өзіне сауал қойып, оған және өзі сауалмен жауап беріп, екіге жарылып келе жатыр еді. «Моцарт пен Сальери… Пушкин мен Дантес…» деді күбірлеп. Соңында келе жатқан Оралдың «Абай… Ақиқат… Адамзат…» деген сөздері талып естіледі құлағына.
Қалыбай үйіндегі қонақтар ақынды бірден төрге оздырды. «Өлең оқыңыз» деп қолқа салды сәлден соң. «Мен азаттықты ғана жырлаймын бүгін, – деді ақын. – Бәрің де азатсыңдар осы отырған!» «Рас-ау!» десті қошеметшіл топ. «Біріңнен-бірің азатсыңдар! Менен де азатсыңдар. Мен де сендерден азатпын. Арыстан, көліктегі мылтықты алып кел, мыналардың бәрін мүлде азат қып жіберейік! Біз – терроршылармыз! Достарым менің – бандиттер, достарым менің – қарақшылар! Арыстан, мылтық алып кел! Мыналардың бәрін атып тастайық!» – деп ақырды ақын.
– Уа, қойыңыз, аға, – деді Қалыбай ештеңе түсінбей.
– Қойыңыз, көке, – десті қонақтар.
– Қайдағы мылтық?! – десті ақынды алғаш көрген келіншектер.
– Өлгілерің келмей ме? – деді ақын ақырып. Шеткері отырған бір келіншек сыңсып жылап жіберді.
– Ең алдымен анау келіншекті атамыз! – деді ақын.
– Атпаңыз, ағатай, – деп шыр ете қалды келіншек, – аяғым ауыр еді…
– Мұндай кештен кейін жаныңмен қоса тәнің де тазаруы керек! – деді ақын.
Келіншектің күйеуі бар екен.
– Не жаздық, ағатай?! – деді ол да жыламсырап.
– Арыстан, мылтықты әкел дедім ғой.
– Қазір, қазір, – деп, Арыстан «мылтыққа» кетпек болды.
– Барма, бауырым! – деп сыңсыған келіншекке сыңар дауыс қосылды.
– Барам! – деді Арыстан ақиып, – Мылтығым-ай! – деп қосып қойды өз жанынан.
Оншақты адам отырған дастарқан әп-сәтте айғай-сүрен аттанға толып кетті. Қалыбай Қайырға қарайды.
– Йоханнесбург! – деді Қайыр терезеден түнгі далаға үңіліп.
Терезе алдында тор ішінде әппақ тотықұс отыр еді. Ақын мен Қайырдың көзі тотықұстың тұсында түйісті.
– Мен бүгін Азаттықты ғана жырлаймын! Ұлы Азаттықты! – деді ақын ашынып. – Ал сен соңымнан ерген жалғыз бауырым, азаттықты сүйесің бе? Айтшы, Қалыбай?
– Сүйем, аға! Азаттық деген – ұлы ұғым! – деді Қалыбай тебіреніп. Әлі де аң-таң еді ол.
– Онда неге азат құсты торға қамайсың? Не жазды саған тотықұс?!
– Ол балалар үшін ермек қой… – деді үй иесі.
Сол сәт ақын өзіне тән шапшаңдықпен орнынан ұшып тұрып, сүріне екі аттап, тотықұстың тұсына жетіп барды. Бармақтай құс жем дәметіп, шықылықтап қоя берді.
– Мен саған азаттық сыйлаймын, – деді ақын тотықұсқа ұмсынып, – Азаттық деген – ұлы ұғым. Ұша ғой, бар!
Отырған ел ақынға қол соғарман хәлде еді. «Торда отырған тотыға қарап, жүрегінің шерін төккен екен ғой» деп ойлады олар. Ақын болса, алтын сырлы тордың есігін ашып жіберіп, бармақтай құсты алақанына қондырып алды. Қолдан жем жеп үйренген үй құсы ақын алақанын жатырқамай монтансып тұр еді. Ақын және екі аттап, қонақтың буымен алқынған үй салқындасын деп ашылған балконның есігіне жетіп барды. Жетіп барды да «Ұша ғой, балапаным! Мен саған Азаттық сыйлаймын! Азатсың сен. Аспанымды ақ қанатыңмен көмкере жүр, періштем!» деп тебіреніп тұрып, тотықұсты – бармақтай ғана үй құсын ашық ауаға ұшырды да жіберді. Отырғандар не болғанын енді ғана ұғып, шу ете қалды…
Күздің түні сыз бүркіп тұр еді. Туғанынан жылы бөлмеден шықпаған бармақтай ғана тотықұс – торда туып, торда өскен, қолдан жем жеп, су ішкен, қауырсынын сыз сыйпамаған, қанатын жел қайырмаған жазған құс күздің суық ауасына қарай атыла барып, бес-алты рет қана қанат қағып үлгеріп, түнекке жұтылып, жоқ болды да кетті. Ол көп ұша да алмады. Бесінші қабат­тағы балконнан пыр етіп шыққан бетте, жел өтінде тұрған үйдің ығына үйірілген күзгі жел қақпақылдап ойнап, тас қабырғаға соғып, тұмсығын сындырды. Топшысы қайырылып, тарыдай жүрегі дір қағып, суық жерге қарай қара түннен аққан боз тамшы боп тырс тамып, аулада бей-берекет шашылған жапырақтар арасына көміліп, қатты да қалды. Сол сәт Қалыбай үйінің қонақтары да үйлеріне тарқауға бет ала бастады…
Ақынның Майқұдықта жалғыз мәрте ұйымдастырылған кеші осылай аяқталды. Ертесіне Қалыбай ағасына қоңырау шалған.
– Алло, аға, армысыз! Мен Қалыбай ініңіз ғой…
– Ондай адамды танымайды екем, – деді ақын кеше не болғанын қапылыста есіне түсіре алмай. Өзі де ұмытып қалуға тырысқан, – Ондай адамның есімін бірінші рет естуім…
– Қалай танымайсыз?! Мен ғой, аға, мен! Кәдімгі Қалыбай бауырыңыз…
– Естімеппін ондай адамды…
– Мен сізге арнап өлең жазып ем. Соны оқып берсем деп едім…
– Оқып көрші, ал. Нешетүрлі тақпақтар болады ғой өмірде. Көрейік…
Сым желінің арғы жағындағы Қалыбай өлең оқи бастады.
– Жыр жазды Алаш үшін. Айғақ ісі.
Жоқ оның сайтан оймен байланысы.
Кей кезде пендешілік жолға түсіп,
Келеді әзәзілмен ойнағысы.

Келеді пенделермен ойнағысы,
Тобырдың тамырына бойлағысы.
Бойынан періштелік көрініп қап,
Бәрібір орындалмас ойдағы ісі.

«Қылығы» ел күлетін бала сынды,
(Болмайды ол көрер көзге
жарасымды).
Ақ қанат жырларымен осы Азамат
Аспанға көтеріп жүр Алашымды.

Мейлі оның қылығымен келіспеші,
Пенделік кей істерін теріс деші.
«Ақын да Айға ұмтылған бір бала ғой» –
Баланы ойнатады періштесі…
– Бәрекелді! Сен керемет ақын екенсің ғой, бауырым-ай! – деді ақын тебіреніп.
– Жоқ, аға! Сіз ғой керемет ақын! Біз қатардағы пендеміз.
– Мен ол емеспін! Ал ол – мен емес! – деді ақын…

* * *
Сол күзден кейін облыстық газет тілшісі Болатты ешкім көрмеген деседі…
Майқұдық көшесінде әлдебір таксист-шәйір жолаушыларды тегін тасиды екен…
Қызылкүрең кеңестік келбетпен қасқайған Мәдениет үйінде содан бері әлі де бірде бір ақынның кеші өткен емес…
Күздің желі де сыз ауаны желпи алмай, көпқабатты үйлердің ығында солығын ба­сып, жапырақ сыпырып сыңсиды…
28.11.2020.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір