Мұраға толы Алматы
01.12.2020
2504
0

2002 жылы ашылған Алматы тарихы музейі ­­­– Жетісу өңірінің тарихи-мәдени мұраларының барлық саласын қамтыған ірі ғылыми және мәдени орталық. Музей коллекциясында 40 мыңға тарта экспонат бар. Олардың арасында – бейнелеу өнерінің шығармалары, қазақ этнографиясының бірегей жинағы, сондай-ақ қазір Алматыда тұратын әртүрлі диаспоралардың этнографиясы, әр дәуірдің мәдениеті мен тұрмыстық заттарының коллекциялары, нумизматика, фотосуреттері, құжаттары бар. 

Алматы музейі құрамында мәдени және табиғи ландшафты сақталған, әулеттік патшаларды жерлеу кешені «Боралдай сақ қорғандары археологиялық паркі» бар.

Музей құрылғалы бері өзінің арнайы ғимараты болмады. Әуелі Орталық циркте, кейіннен Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институтына қарасты ғимараттың бір бөлігін жалға алып отырды. Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы және Алматы қаласының 1000 жылдығы қарсаңында осы олқылықтың орны толды. Президент Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша, 2016 жылдың желтоқсан айында музейге ХIХ ғасырдың сәулет ескерткіші, бұрынғы Балалар үйінің ғимараты беріліп, жаңа экспозициясы ашылып, өзінің тұрақты орнын тапты. Мемлекеттің қорғауындағы  жергілікті маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіш ғимарат 1892 жылы салынған. Жобаның авторы – сәулетші Поль Лионель Базиль Гурдэ. Ашылған күннен бастап балалар үйі ретінде жұмыс істеген ғимаратқа 1929 жылы ҚазАКСР үкіметі, кейінірек – медицина мекемесі, 1- Балалар клиникалық ауруханасы, Алматы медицина колледжі орналасты. Музей экспозициясы 11 залдан тұрады: «Ежелгі және ортағасырлық Алматы тарихы» залы, «Қазақ мемлекеттігінің бастауында», «Жетісу этнографиясы» залы, «Алматы тарихының Верный кезеңі» залы, «Алматы ХХ ғасырда» залы, «Кәсіби өнердің дамуы» залы, «Альпинизм» залы, «Желтоқсан» залы, «Қазақстан халықтар Ассамблеясы» залы және «Алматы – Тәуелсіздіктің алтын бесігі» залы.

Алматы музейінің археология залында орналасқан проекциялық қондырғы арқылы келушілер сонау ерте темір дәуірінен бастап, орта ғасырларға тән өте құнды археологиялық жәдігерлер – бағалы металдардан жасалған бұйымдардың 3D-голограммалық  нұсқаларымен таныса алады.

Залдарда орналасқан ақпараттық мультимедиялық киоскалар арқылы да келушілер өздеріне қажетті мәліметтерді ала алады. Болашақта бұл киоскалардың функционалдық қызметтерін кеңейтіп, оқушылар мен студенттер үшін ойын элементтері бар танымдық бағдарламалар орнату жоспарымызда бар.

Музейге келушілер экскурсовод қызметіне жүгінумен қатар, әлемдік IZI-TRAVEL платформасы арқылы өздеріне қазақ, орыс немесе ағылшын тілінде аудиогид таңдай алады. Ол үшін бізде әр залда QR-кодтар мен визуалдық және мнемо-сілтемелер бар.

Бүгінде Алматы музейі қала музейі атанып, дамудың жаңа сатысына аяқ басты. Құрылғалы бері түрлі әлеуметтік, мәдени-танымдық жобаларды жүзеге асырды. Соның бір ауыз толтырып айтарлығы – келушілердің барлық санаттарына музей экспозициясы мен бағдарламаларына бірдей қолжетімділікті қамтамасыз ететін ортаны қалыптастыру мақсатында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Қолжетімді музей» атты интерактивті экскурсия жобасы жасалынды. Қазір қаладағы қозғалысқа ыңғайлы ғимарат атанып, республикадағы басқа да музейлер Алматы музейінің әдістемелік кеңесіне жүгінуде. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі жандарға жоғары дәрежеде қызмет көрсету үшін Алматы қаласындағы «Аржан», «Ан-Ниса» секілді қоғамдық қорлармен меморандум негізінде ынтымақтаса жұмыс істеп келеді.

Жыл сайын жаз айларында жастардың Қазақстанның тарихи-мәдени нысандарын сақтаудағы рөлін айқындау және жастарды өлкенің тарихи, археологиялық орындарымен таныстыру мақсатында музей жанынан құрылған «Жас археологтар» мектебі үйірмесі балалардың жазғы демалысын мәдени-танымдық тұрғыдан қызықты, пайдалы өтуі үшін сан түрлі бағдарламалар ұсынады.

Алматы музейі әлемді жайлаған пандемияға қарамастан, қызметін онлайн-режимде ұсынып, өз аудиториясынан қол үзген жоқ. Музей қызметкерлері YouTube, Facebook, Instagram әлеуметтік желілерінің мүмкіндіктерін кеңінен пайдалана отырып онлайн-экскурсия, онлайн-көрмелер,  лекциялар мен шеберлік сағаттарын жүргізді. Елімізде Төтенше жағдай жарияланған 2020 жылдың 16 наурызынан  күні бүгінге дейін Алматы музейінде 29 онлайн-іс-шара және 21 онлайн-көрме өтті. Оның ішінде, жыл сайын өткізілетін іс-шаралар, «Музей түні» акциясы, жаңа форматтағы суретшілер көрмелері, хәкім Абайдың 175 жылдығына, ұлы ойшыл әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналған шаралар, әртүрлі челлендждер көрермендердің зор ықыласына ие болып, көп қаралым жинады.

Жаз айларында музейдің әлеуметтік желі парақшаларында (Instagram, facebook) отандық 7 суретшілердің «Шығармашылыққа кедергі жоқ» жеке онлайн-көрмелер циклы ұйымдастырылды. Ғалым Оспановтың «Тірлік тынысы», Анара Абжанованың «Сиқырлы сакура сыры», Бердалы Оспанның «Өткенге сапар», Ольга Кадырованың «Кәусәр бұлақ. Жаңа өмір», Равиль Марекеевтің «Ақиқат астары», Зарина Тайсеңгірованың «Махаббат. Түпсіз тұңғиық», Альфия Тайсеңгірованың «Өмір – өлең мәңгілік» атты көрмелері өнер сүйер қауым арасында қолдау тауып, Алматының онлайн-мәдени алаңында айтарлықтай оқиға болды.

1 қыркүйекте пандемияға байланысты шектеулер жеңілдетіліп, Алматы музейі өз келушілерімен қайта қауышты. Бүгінде әлеуметтік арақашықтықты, санитарлық талаптарды сақтай отырып өз қызметін оффлайн форматында да жүргізуде. 11 қыркүйекте қала күні қарсаңында өткізілген П.И. Шороховтың «Алматыма арнау» атты көрмесі мәдени астанаға деген ыстық ықыластың көрсеткіші болды. Мүсінші П.И. Шороховтың өз қолынан шыққан рельефтік портреттер, монументалдық бюсттер, құлпытас ескерткіштері, портреттік мемориалдық тақталары атақты ғалымдар, әдебиетшілер, академиктер, композиторлар, әскери және саяси тұлғалардың мінез-құлқын психолог секілді тамаша жеткізе білген. Бейнеленген тұлғалар ішінде М.Ғабдуллин, А.Сызғанов, Ғ.Орманов, Ғ.Мұстафин, Е.Кручинский, Ю.Рудковский, І.Есенберлин, Қ.Сәтбаев, М.Әуезов, Ж.Жабаев, Д.Қонаев, Ғ.Мүсірепов және т.с.с. атауға болады.

12 қазан күні Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен «Көңілдің қоңыр күмбірі» Халықаралық суретшілер көрмесі ашылды. Көрмеде Нұр-Сұлтан, Алматы, Өскемен, Щучинск секілді Қазақстан қалалары мен Оңтүстік Корея, АҚШ, Қырғызстан және Италия секілді шет мемлекеттердің танымал авторларының, оның ішінде ҚР және Корей Республикасы суретшілер одағының мүшелері, ECG мүшелері, кәсіби суретшілердің көркемсурет, графика, арт-дизайн және инсталляциялық жұмыстары көрермен назарына ұсынылады. Ашылу салтанатына қаладағы түрлі мәдени мекемелер мен БАҚ өкілдері қатысып, шетелдік суретшілер ZOOM платформасы арқылы байланысқа шықты. Аталған вернисаж мәдени шараларға бай мегаполис өміріндегі маңызды оқиға болды.

29 қазанда биылғы жылдың маңызды даталарының бірі Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналған «Әл-Фараби – руханият шыңы» дөңгелек үстелі және ҚР БҒМ ҒК «Ғылым Ордасы» РМК Сирек кездесетін кітаптар музейімен бірлескен «Ғасырлардың ғұламасы» тарихи жәдігерлер көрмесі өтті.

Ә.ҮМБЕТӘЛИЕВ,

Алматы қаласы музейлер бірлестігінің директоры

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір