Әділ Досанов. Қонаевтың алақаны
01.12.2020
1025
0

Қайсыбір күні теледидардан хабар қарап отырып, осы күнгі танымал адамдардың тұрмыста қолданған заттарын жәдігер ретінде саудаға шығарып, аукциондық сауда жасайтынын және ол саудаңыз қыза-қыза адам сенгісіз сомаға дейін көтерілетінін көріп, ойға қалдым. Қазақ та ырымшыл халық, елге жақсы атымен танылған тұлғалардың қолданған заттарын қастерлеп қадір тұтқан. Құдайға шүкір, еліміздің тарихында аузымен құс тістеген дүлділ шешендер мен ақындар, тоқсан түйінді дау-дамайды бір ауыз сөзбен шешкен ақылы кемел дана билер, жасаулы жауға жалғыз шапқан ел қорғаған батырлар, қарауындағы елінің қамын жеке басының мүддесінен жоғары қойған даңқты хандар мен ел ағалары көп болғаны белгілі.                            

Жастау кезімде, газет-журналдан әлде кітаптан оқыдым ба, есімде қалғаны, заңғар жазушымыз Мұхтар Әуезовтің өзімен бірге қастерлеп тәспі алып жүретінін, ол тәспіні кезінде Хәкім Абайдың әкесі Құнанбай қажы Мекке сапарынан әкелгенін және күнделікті қолданған екен деген деректі оқығаным бар. Тағы бір есте қаларлық осы сипатты естелік, Одақ кезіндегі даңқты қазақ хоккейшісі Саян Шәймерденовке қатысты. Саян ағамыз қазақтың көрнекті жазушысы Сафуан Шәймерденовтің ұлы. Осы жайында Сафуан ағамыздың естелігі: «…кезінде Мұхтар Әуезовтің үйіне жиі барып, жақынырақ араласып жүрдім. Бір күні Мұхаң үйден сыртқа шығып кеткен кезде, кабинетінде тұрған қамшының біреуін тәбәрік үшін жиендік жасап үйге алып кеттім. Қамшыны үйге, өзімнің жұмыс кабинетіме іліп қойдым. Мұқаң қамшыны келесі күні-ақ іздестірді, маған хабарласып қамшыны алған-алмағанымды сұрады. Мен алмағанымды айтып сендірдім. Арада біраз уақыт өткеннен соң, ұлым Саян сол қамшының өрімін тарқатып, қайысын конькиге байлайтын бау істеу үшін кесіп алыпты. Әдемі қамшының сабы ғана қалған. Мен ренжідім, әрине. Бәйбішем басу айтты. Бірақ, кейін осы ұлым хоккейден неше мәрте дүбірлі жарыстардың жеңімпазы болып, еліміздің атын шығарды. Одақ құрамасында жасындай жарқылдады, атақ-абыройға кенелді. Соны мен Мұқаңнан алған тәбәрік қамшыдан көремін.»

Осы тақырыпқа байланысты өзім білетін оқиға есіме түсті. Жұмабай ақсақалды бала күнімнен сыртынан білуші едім, шаруашылықтың маңдайалды шопандарының бірі, көп балалы шаңырақтың отағасы, елге сыйлы абыройлы азамат.                                                                        Жоғарғы оқу орнын бітірген соң, біраз жыл басқа өңірде кызмет істеп, оңтүстік аймақтағы аудандық ауыл шаруашылығы басқармасына қызметке келдім. Күздің жайма-шуақ күндерінің бірінде аудан көлеміндегі қой қыстату және қой ұрықтандыру науқандарының жәй-жапсарын тексеруге аудандық партия комитетінен пәрмен келіп, іс басындағы осы салаға қатысты қызметкерлер іссапарға жіберілетін болды. Оңтүстіктің қой отарлары Қызылқұмда қыстап шығады. Комиссия мүшелері іссапарға бірге шыққанымен, өкілдерді әр шаруашылыққа жеке-жеке бөлген екен. Мен дәм тартқан болар, өзімнің туған ауылыма баратын болдым. Күтіп алған шаруашылықтың бас зоотехнигі өзім қатарлы жас жігіт екен, баратын бағытымызды алдын-ала жоспарлап қойыпты. Жұмыстары тиянақты, барлық іс-шаралар рет-ретімен жасалып жатыр, бас аяғы екі күнде аралап шықтық. Үшінші күні құм арасындағы бір отар қойдың үстінен түстік. Төбе басына шығып тұрған салт атты кісі бізге қол бұлғап, тоқтауға белгі берді. Жақындап келгенде таныдым, Жұмабай ақсақал екен, ат үстінде мығым отыр. Амандық саулықтан соң, бізді Жұмекең үйіне дәмге шақырды.  «Үйіміз ана Қызылдың астында, сендер бара беріңдер, мен отардың бетін ауылға бағыттап, арттарыңнан барамын», – деп, бізге оң жақтағы құмтөбені көрсетіп жөн сілтеді. Ақсақал қазір зейнетте, үлкен баласы әкесінің кәсібін жалғастырыпты, келін екеуі шаруашылықтың бойдақ отарын бағады екен. Дастархан басында жақсы әңгіме-дүкен құрып, көңілді отырдық. Жұмекең сырт көзге тұйықтау көрінгенмен көкірек көзі ашық қазыналы кісі екен, есте қаларлық ұлағатты бірталай әңгіме айтылды. Негізінен біз тыңдаушымыз. Арасында сұрақ беріп қоямыз.

– Жұмеке, осы сіз жас кезіңізде Димаш аға Қонаевпен кездесті дейді, сол өзі шынымен болған оқиға ма, анық болса сол әңгімені өз аузыңыздан естісек, – деп бас зоотехник тосындау сұрақ қойды.

– Иә, ол шынымен болған кездесу, – деп, Жұмекең біразға дейін сол оқиғаны еске түсіргендей ойланып отырып қалды.     

– Алпысыншы жылдардың соңы. Жаңа үйленгенмін, әр кәсіптің басын бір шалып, ел қатарлы еңбек еткеніммен ісім алға баспай-ақ қойды. Бала-шағалы болдым, кәрі шешем бар қолымда. Қысқа жіп күрмеуге келмейді дегендей, тұрмысым оңала қоймады. Отбасыммен ақылдасып, тұрмысымызды түзеу үшін колхоздан бір отар саулық алып, қой соңына түскен кезім. Дегенмен, мал бағу да білмеген адамға оңай тірлік емес екен, жас адамға тіпті қиын, ешқандай тәжірибем жоқ, малдың қыр-сырын жөнді білмейді екенмін. Күнделікті бірсыдырғы тынымсыз еңбек қажытып жіберді. Не төлдің, не жүннің жоспарын орындай алмаймын, малдан көп шығын шығып, қысқасы абыройсыздау малшы болдым. Сол жылдары қыс ерекше қатты болып, мал шығыны да шамадан тыс орасан зор болды. Малдың дені қыстан арық-тұрақ болып, күйсіз шықты. Шыны керек, – мал бағу маған құт болмады, аман-есен өткізіп, басқа кәсіппен айналыссам ба? – деген ойда жүрген кезім.

Мамыр айының соңы болатын, бәрі тура қазіргі сәттей есімде. Кіші бесін кезі. Ауа райы қоңырсалқындау болғанмен, күн жарқырап, айналаға ерекше нұрын сеуіп тұр. Сол жылы қаһарлы қыстан кейін, небір өсімдік атаулы қаулап шықты. Көз жетер жердің бәрі қызылды жасылды әдемі түрге енген. Жердің бетіне біркелкі кілем төсеп тастағандай. Табиғат жаңарған, жасанған керемет күйде. Соған қарамастан, менің көңіл-күйім келмей, жанымда көмекшім бар, қарауымдағы отарды қой қырқу пунктіне айдап келемін. Өздерің білесіңдер, малды қыстаудан жайлауға айдайтын жол – халықаралық Алматы-Ташкент тас жолының үстімен өтеді. Сол күре жолдан малымды өткізіп жатқан мезетте, тас жолдан бірнеше жеңіл көлік легі келіп, менің тұсыма тоқтай қалды. Тоқтады да, алдымен алдыңғы көліктің, соңынан барлық көліктің есіктері ашылып, ішінен кісілер түсе бастады. Мен жанұшырып малды жылдам жолдан өткізуге тырысып жатырмын. Сол арада ошарылған топтан 3-4 кісі бөлініп шығып, маған қарай беттеді. Менің тіптен есім шықты, аттан түскен бетте қимылдамай тұрып қалдым. Топ басындағы алдыңғы кісі көзге ерекше түседі, түр-тұлғасы таныс көрінді. Тау тұлғалы денесі, иманжүзді бет әлпеті өзгелерден ерекшеленіп келеді. Жүрісі де мығым, аршындап аттап, жанындағылар ілесе алмай келеді. Қайдан көргенім есімде жоқ, бірақ танитыным анық. Түс көргендей күйде тұрмын. Жақынырақ келіп, амандасып тіл қатты: – Армысың, шопан жолдас? Ел-жұрт тегіс аман ба? Хал-жағдайларың қалай?  Бізге қандай тілек, сұрауыңыз бар? – деп жатыр. Менің не айтқаным есімде анық сақталған жоқ, шатып-бұтып жауап қатқан болдым, аты жөнімді айттым. Сол арада, үлкен кісінің жанында тұрған орта бойлы толықтау ақсары кісі: – Саяси Бюро мүшесі, Орталық комитеттің бірінші хатшысы Димаш Ахметұлымен күнде кездеспейсіз, жолдас шопан. Талап-тілегіңізді айтып қалыңыз, – деп, мені тығырықтан алып шықты. Сол арада ғана, газет-журналдардан күн аралатпай көріп жүрген Димекеңді таныдым. Түсі сондай жылы, жүзінен нұры төгіліп тұр.

– Қандай қажеттілігің бар, айта ғой, қысылма, – деді. Сол арада тілім икемге келіп, – Аға, – дедім. Иә, алдымен аға дедім. – Ең бастысы ел аман, жұрт тыныш болсын, Елбасшысы сіз аман болыңыз, Құдай сізге абырой берсін, – дедім. Маған күлімсіреп қарап тұрған беті: – Ал, бауырым, саған да мол табыс, көп жақсылық тілеймін! Еңбегің жансын, – деп оң қолын ұсынды. Қос қолыммен Үлкен кісінің алақанын ұстай қалдым. Шуақты көзімен маған қарап тұрып, – Ал енді таныс болдық, жолдас Жұмабай, қажетіңіз болса  хабарласарсыз, – деп, жанындағы ашаң денелі жас жігітке тапсырма берді. – Мына кісінің аты-жөнін жазып алғын, хабарласса мені лезде құлағдар етерсің, – деді. Сол бойда ол кісілер қоштасып, жүріп кетті. Мен есеңгіреп көпке дейін өзіме келе алмай тұрдым. Өңім бе, түсім бе! Алақаным дуылдап тұр, неге екенін білмеймін белімдегі орамалымды шешіп оң қолымды орап алдым.

Сол жолғы тосын кездесуден кейін менде ерекше құлшыныс пайда болды, қарауымдағы малдың күйі жақсы болмағы өзіме байланысты екенін түсіндім, бел шешіп еңбек ете бастадым, отарды өткіземін деген ойым далада қалды. Ары беріден соң, осы тірлігім өзіме ұнай бастады. Мал бағудың сырын ұғып, жетіле бастадым. Шаруа қамымен ерте тұрып, кеш жатамын. Есесіне шатқаяқтап тұрған ісім оңға басты. Ең бастысы – көңілім көтеріңкі! Орнына түсті! Күзге таман жайлаудан күйлі түскен қойларымды басшылар көріп, қуанысып қалды. Отарым осы ажарлы күйімен күйекке түссе, көктемгі төл алу науқанында да жақсы нәтижеге жететінімді айтып мақтап, арқамнан қағып, дем беріп жатыр. Шынында да солай болды, ұрықтандыру науқанын да сәтті өткіздім. Басшылар берген уәдесінде тұрып, жақсы ұрықтандырушы-маман жіберді, қажетті жем-шөбімді, басқа да керек жарағымды уақытымен жеткізіп тұрды. Жасаған еңбегіміз, төккен теріміз текке кеткен жоқ. Төл алу науқанында саулықтардың дені егізден төлдеді, қысыр саулық жоқ десе де болады. Ауру-сырқаудан да дін аман. Сол жылы, дала тағысы – қасқырлардың малға шабуы көбейіп кетті, қөрші қонған малшылардың ит-құстан зардап шекпегені жоқ. Құдайдың құдіреті деп айтайын, көршілердің малдарымен қатар жайылатын менің отарымнан жыртқыш аңға тышқақ лақ шығын шыққан жоқ. Сонымен, көктемде қой төлдеу науқанында жұрттың алдына шықтым! Күзге дейін отарды қой-қозысымен аман-есен артық шығынсыз бағып өсіріп, төлін абыроймен өкіметке өткіздім. Сыйлыққа, жоспардан артық алынған төлдің он пайызы жекеменшігіме берілді. Сый-құрметке бөлендім, ең бастысы, отбасымның берекесі кіріп, тұрмысымыз түзелді. Осы қарқынымнан тайғаным жоқ. Үш жылдан кейін менің табыстарым Мәскеудегі Халықтар жетістігі көрмесіне қойылып, ол жақтан сыйлыққа жеңіл көлік келді. Осы табысымның бастауы Қонаев атамыздың қолын алып, батасын бергенінен деп білем. Мен оны әрдайым есіме сақтап жүрдім. Ол кісінің дара болмысы әрдайым көз алдымда тұрды, – деп Жұмекең әңгімесін аяқтады.

Астан кейін, Жұмабай ақсақалмен қоштасып жолға шықтық. Жол бойы әдемі әңгіменің әсерінде үнсіз тербетіліп келеміз. Аспан ашық. Ай жарық. Көкте жұлдыздар самсап тұр. Ойыма қазақтардың құрылтай шақырып, хан  сайлау кезіндегі дәстүрлері түсті. Менің білуімше, Қазақ Хандары мұрагерлік жолмен таққа ие болмаған, елге елеулі сұлтандар арасынан ашық бәсеке арқылы сайланған. Хан анықталғаннан кейін жаңадан сайланған ел басшысын ақсақалдар  ақ киізге отырғызып, игі жақсылар үш рет жоғары көтеріп ұлықтаған. Осыдан кейін ханның сыртқы киімі мен ақ киіз бөлщектеп таратылады. Халық жақсылыққа ырымдап, бөліп алады.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір