«Аспантаудың алақаны» атты көркемсөз оқулары өтті

28 наурыз күні Алматы облыстық Орталық әмбебап кітапханасында Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын, драматург Бақыт Беделханның 50 жас мерейтойына орай ұйымдастырылған «Аспантаудың алақаны» облыстық көркемсөз оқулары өтті.
Шараның негізгі мақсаты – ақын Бақыт Беделханның шығармашылығын насихаттау арқылы жас қаламгерлерді қолдау және қазақ поэзиясының дамуына серпін беріп, ұлттық рухани құндылықтарымызды дәріптеу.
Бұл байқау – қазақ поэзиясына өзіндік қолтаңбасын қалдырғысы келетін жас таланаттарға арналған үлкен мүмкіндік. Аудан, қала бойынша іріктелген 16 оқушы облыстық байқауда бақ сынады. Ақынның өлеңдерін жаттап, үш кезеңнен сүрінбей өткен оқушылар жүлделі орындарға ие болды. Қатысушылар байқау ережесіне сәйкес
І кезең «Бақыттың поэзия әлемі», ІІ кезең «Өлеңді өзің жалғастыр», ІІІ кезең «Тапқыр болсаң» кезеңдері бойынша бақ сынасты. Қазылар алқасы әділ бағасын беріп, жеңімпаздарды анықтады. Марапаттау рәсімі 4 сәуір күні ақынның өзі туып-өскен Алматы облысы Ұйғыр ауданы Шонжы ауылында өтетін болады.
Бақыт Беделханның өміршең өлеңдері және мазмұнды шығармалары әрдайым дәріптеле беретіні сөзсіз.
Дана САДЫРҚАН