АЛАҚАНЫ АЯЛЫ АНА ЕДІ
Игерген мамандығы мен атқарып жүрген қызметіне қарап кей тұлғаларды: «Ей, ол руханиятқа үш қайнаса сорпасы қосылмайтын адам ғой», – деп сыртынан тон пішіп жататынымыз бар. Жан дүниесіне жақындау үңілер болсақ, сол кейіпкердің ішкі әлемі күмбір-күмбір күй шерткендей әсерге бөлейтінін аңғарамыз.
Жақсыгүл Жанботақызы, негізінен, сауда саласының маманы еді. Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан) облысының Жетісай қаласындағы орталық әмбебап дүкенін қолында ұстайтындай болатын. Ондағы оннан астам бөлімнің қызметкерлері Жақсыгүлді «Жықалап» жақын тартатын.
Өйткені оның тұтынушылармен қарым-қатынасы бүтіндей басқаша еді. Қоймасында бар тауарларды сатып, өткізуді ғана місе тұтып тұра бермей, тұтынушылардың ертеңгі күні тағы қандай тауарларды алғылары келетінін әңгіме барысында зерделеп, қағазға жазып алуды әдетке айналдырған. Сөйтіп, Жетісай өңіріндегі ауданаралық базбен аптасына екі дүркін байланыс жасап, тауарлар аталымын молықтырып отыратын. Арнайы жүк көлігін жалдайтын Жақсыгүлдің тауарларын тиесіп, түсірісуге көмектескен кездеріміз де жоқ емес. Ол дүкен бөлімдеріндегі әріптес, өзі тұрғылас сатушылардың жақындаса байланыс жасауға ықыласты екендерін сезінетін. Үлкенді-кішілі қызметтестері Жықаңның «дегеніне» ұйитын.
Сауда ісіне қалыптаса келе Ж.Жанботақызы халық қажетсінген тауарларды тікелей Алматыға келіп әкетуге де бойын үйретті. Ай сайын мұндағы туыстарымен қауыша жүріп, ауылдастарының талап-тілектерін қанағаттандыру – оның өзін де қанаттандыратын.
– Өзге әріптестерің қоймаларында бар тауарларын өткізіп жүре береді ғой. Сен неге алашапқын болып, оннан да, мұннан да тауар тасисың да жүресің? – дейтінбіз.
– Барыңмен базар болу – тұтынушыларға, жергілікті халыққа деген жанашырлық емес, – дейтін ол.
– Жанашырлық жасап, рақметке бөлену ме?
– Бұл – рақметке бөленудің жолы емес, қалаған мамандығыңды терең
игеруге ұмтылу.
– Арғы жағында не сыр бар?
– Қалың әлеуметтің көңілін табу – сенің оларға деген сый-құрметің болмақ.
– Олар саған не береді?
– Өзіңе деген ықыласы ерекшеленеді. Жұртшылық негізінен алағанқолдылар ғой, – ықыластана күледі.
– Шаршап-шалдықпайсың ба?
– Әр тұтынушының қажетін тауып, ризашылықпен кетіп бара жатуы – сені сергітеді, серпілтеді.
– Сауда саласы оқу орындарының ұстазы болуың керек қой.
– Менен басқа ақылшылар да аз емес шығар, – шынайылық күлкісі еседі.
Келесі бір барғанымызда қызметтестерінің иланымы мен тұтынушылардың ықыласын ұштастыра жүріп, дүкеннен кітап саудасы бөлімін аштыруға ұйытқы болыпты. Танитын, танымайтын, білетін, білмейтін ақын-жазушылардың оқырмандарымен табысуына жол ашқан. Жергілікті өңірдің қаламгерлері әр есікті сағалап, кітап сатудан құтылғандарына мәз.
Араға жыл салып ат басын тірегенімізде кітап саудасы бөлімінің бір бұрышынан қазақ басылымдарына жазылым жасау мәселесін де шешіп қойған екен. Ризашылығымызды білдірдік. Міне, ұлт руханиятына деген ыстық ықылас – осы емес пе!
Жақсыгүл анамыз Ұлданай Шегебайқызын өмірінің соңғы сапарына шығарып салғанға дейін өз қолында ұстады. Апамызды аялады, мерей-мейрімін де аямады. Талай қиыншылықтарды басынан өткерген көнекөз Ұлданай анамыз үй шару ашылығын ұршықша үйіретін. Қала ішінде тұрып жатса да қозылы қой, лақты ешкі ұстайтын. Қыт-қыттаған тауықтың, қаз бен үйректің де дауысы осы ауладан шығып жататын.
Жақсыгүл кіп-кішкентай ғана Мирасын да жақсы тәрбиеледі.
…Қолын қақпай еркелетті. «Жаман болсаң, сен – сорым» деп, жақсылыққа тағы үйретті. Тыраштана еңбектене жүріп, Жетісай университетінің заң мамандығын игертті. Тағылымды мол қабылдаған Мирас енді анасының көңіліне қарайтын азамат болды. Шешесінің не айтқысы келіп тұрғанын оның қас-қабағынан танитын. Не қаласа да орындауға тырысты. Жақсыгүлдің аурушаң бола бастағанын байқап, көп ортадан таңдап жүріп, Мөлдір есімді иманжүзді келін түсіріп берді. Құда-құдағилары да бір мыңболғыр жандар екен, туысқандарша сыйласты.
«Келін енесінің топырағынан жаралады» демекші, Жақсыгүлдің кешегі Ұлданай анамызға төккен мейірімін Мөлдір келіні жылы жүз, ыстық ықыласымен өзіне қайтарды. Бірнеше немере сүйгізді. Бірер күн жолға шығып кеткенінде немерелері сағынғандарын айтып, қалта телефонына маза бермейтін. Үйіне келе жатқанын естісе, алдынан шығып, арқасына мініп, етегіне оралатын.
Мирасы Азаматтықтың да үлкен үлгісін көрсетіп, бұрынғы шағын баспанасының жанынан кең қабырғалы, сәулетті үй салып берді. Ыстық суға енді қолын батырған тұста меңдеген ауру қоймады, аялы алақанды ана Жақсыгүлді арамыздан алып кетті. Құдіреті күшті Құдайдың бұйрығына не шара! Орны пейіштің төрінде болсын деп тілейміз. «Орнында бар оңалар» дегендей, баласы, келіні, немерелері, ниеттес туысқандары тұрғанда Жақсыгүл жасай береді.
Еркін ЖАППАСҰЛЫ