Әлібектің әлемі
01.12.2020
1681
0

Әлібек Асқаровтың қай шығармасын оқысаң да «ә» дегеннен қайталанбас әйдік әлемге сүңгіп кетесің – кең құлашты, бедерлі, тұңғиық тынысты туындылар, ол әлемдегі қорабалы қауымның көтерген жүгі де қомақты. Соның бәрін қаламгер өзіне ғана тән үйлесімді нәзік мәнермен оқырманға көркем тілде жеткізіп отырады. Сөйтіп, жазушы жасаған шырайлы әлем адам болмысын жүрек ашқан сыршылдықпен жырлайды, біз ойламаған, күтпеген жаңа қырынан көрсетеді. Адам – бір жағынан жылымға жұтылып жоғалар жалғыз жаңқа тәрізді, тағдыр талқысындағы қауқарсыз қуыршақ сияқты. Ал, екінші жағынан жазушы кейіпкерлері эпикалық масштабтағы өмір жолдарымен айшықталған, мейлі олар күнделікті күйкі тірлік күйбеңімен жүрсін, немесе оқыстан есеңгірете жаздайтын тосын оқиғаға тап болсын – қиындық атаулыға қасқая қараған тұтас дүниетаным, кесек характерлер. Жазушының биылғы жылы жарық көрген «Пестрые горы, снежные вершины» атты повестер мен әңгімелер жинағын оқып, біздің осыған көзіміз жетті.
Жазушы Әлібек Асқаорв – дәуірді тұлғалар жасайтынына сенімді қаламгер. Үрей мен езгі атмосферасы үстемдік құрған, тіпті адам төзгісіз жағдайдың өзінде өзінің нағыз кісілік келбетін жоғалтпағандар уақыт тезіне бағынбайды. Осындай тұлғалар халықты құлақкесті құл көріп, айтқанына көнетін, айдағанына жүретін қой секілді ұстағысы келетін сұрқия жүйеге қарсы тұрады. «Кешегі күннің хикаясы» топтамасына енген Асқаровтың кейіпкерлері – адамы алданған, азаматы қорланған сол қоғамның бел ортасында бәріне шыдап, бәрін де көтеріп, ғұмыр кешіп жатқан жұпыны жандар. «Қалжан мен Ләзиза» повесінде сталиндік лагерьге жазықсыз түскен Қалжан есімді қазақ жігітінің «камералас достары» аттарынан ат үркетін небір мықтылар болып шығады. Қалжан олар секілді профессор да, академик те емес, әлдебір шошаңдаған шолақ бастық та емес, әншейін қара орман көптің бірі. Өзінің мысқалдай да жазығы жоғын, түрмеге біреудің шалағай қателігінен топ ете түскенін біледі, сосын да іші құрғыр тұздай ашиды. Бірақ камералас ана кісілердің нағыз «халық жаулары» екеніне оның шүбәсі жоқ. Қарапайым шаруа адамының сол заманның атмосферасына тән осындай жайдақ ұғымы, жадағай түсінігі қанды шеңгелді, мұздай темір құрсаулы дәуірдің қарғыс атқыр символындай қабылданады.
«Қалжан мен Ләзиза» повесі өзінің шымыр да айшықты образдарымен, тартымды сюжетімен аталмыш жинақта оқшау тұр. Өр Алтайдың баурайындағы алыс жайлауда тебінде жылқы бағып жатқан үш азамат қыстың ұзақ кешінде Гомердің атышулы «Одиссеясына» бергісіз оқиғаларды әңгіме етіседі. Жазушы сөз болып отырған хикаяны коммунистік доктринаның тар шеңберінен, тіпті қандай да бір идеологияның ауқымынан тысқары алып шығады, адамның бастан кешкен хикаясын ғақлияша тербейді. Дамылдауға мұрша бермей, асау толқынды өмірдің бей-берекет хаосында адамның әдепкі тұрмысын қалпына келтіруге жанталаса тырысқан әрекетін баса көрсетеді. Сол дүрбелеңнің айшықты бейнесі де саясат екенін байқаймыз. Повесте адамның ішкі нәзік иірімдері құйындатқан қара дауылда өзінің өмірге деген ерік-жігерімен жеңіске жеткізеді. Жан беріп, жан алысқан алмағайып тұста кісілік қасиетімен ажал аузында тұрса да арын намысқа жанып, сүйгеніне деген махаббатының рухымен төтелеп келген ажалдан да әрдайым аман шығады.
Өзегіңді өртеген ауыр да азапты тірлік, адам төзгісіз қорлық, сәт сайын өлім тырнағына ілігеріңді сезіну, қасиетіңді қасіретіңе айналдыру – түн ұйқыңнан шошып оятатын адамдардың осы бейнетін автор жан сырының бітеу жарасындай суреттейді. Солай екен деп ол әсіре әшкерелеушілік пафосқа бой алдырмайды, автор адам табиғатына тән бергі жағалау жағында, шым-шытырық оқиғаларды жасандылықсыз шынайы көрсете біледі. Ол оқиғалардың баршасына философ, психолог көзімен қарап, ойша таразылап отырады.
Өлім патшалығы Колыма мен Заксенхаузен адамдарды әшейін жанды материал ретінде әрлі-берлі қақпақылдап тоғытып жатыр. Ажал қақпанында аласұрып безек қаққан сондай бейшараның бірі – Қалжан Дүйсенов. Шайтанның шырмауында қалған оның пешенесіне сталиндік лагерьден фашистік қанды шеңгелге, одан қаңбақтай қақпақылдап қайта кері лақтырған тайқы тағдыр бұйырыпты. «Ал, месье Жан Дюпен, енді қайда бармақсыз, не істемексіз? Шынын айтсам, барар жер, басар тау жоқ, сенделіп далада қаңғырып қалдым. Менің басыма түскен бұл да бір кезекті сынақ болды. Өлі болып көрде жоқ, тірі болып төрде жоқ, жатыры бөтен жат елде жарты жылдай қайыршылық ғұмыр кештім». Заксенхаузеннен америкалықтар құтқарып, қолына Жан Дюпен деп француз құжатын алған Қалжанның мына жалпақ жалғандағы орнын қысқа да нұсқа осы жолдар арқылы айшықтауға болғандай. Автор әңгіме барысында бос сезімталдыққа ұрынбайды, оның осы оқиғаларды қабылдауы байыпты, жекелеген адамдардың өлімге қарсы тұрған қайрат-жігеріне, аяққа тапталған арын арашалауға деген ұмтылысына, тар жол, тайғақ кешудегі жан қиналысына шуақты мейірім танытып отырады.
***
Кеңес әдебиеті саяси тұтқындарды, яғни таптық жағынан жат элементтерді экзистенцияның аясынан аулақ қуып, оларға аяушылық білдірудің кез келген түріне тыйым салғаны мәлім. Асқаров саяси даңғазалық ойыннан тыс, идеология ойлап тапқан қасаң қиялдан тысқары шынайы өмірде азап арқалап, қиямет кешіп жүргендерге эмпатиялық жаңа әдебиет әкелген. Әрине, шынтуайтында бұл Асқаров ашқан жаңалық емес, ол осы әдебиеттің дәстүрін лайықты жалғастырушы ғана. Бұл қадамның бастауында лагерьлік прозаның ірі өкілдері Василий Гроссман, Варлам Шаламов, Жайық Бектұров тұрғанын білеміз. Мысалы, Гроссман «Жизнь и судьба» романы арқылы КСРО-да тұңғыш рет Колыма мен Освенцимді, сталиндік лагерь мен гитлерлік лагерді шендестірді, жаппай аштық пен саяси қуғын-сүргінді табиғаты бір режим тудырған құбыжық құбылыс ретінде қарастырды. Соғыс тауқыметі мен лагерь тозағын бірдей тартқан Бектұров ГУЛАГ қасыретінің мартиролог-жылнамашысы секілді «Таңба» атты тамаша роман жазды. Асқаровтың мына повесі де өзінің XX ғасырдағы кеңестік және жаһандық тарихты қайта зерделеуімен әлемдік дүниетаным арнасынан табылады деген үміттеміз.
Повесть стилистикалық жағынан жоғарыда аталған жазушылардың прозасына етене жақын. Неореализм, әдетте бізбен сол оқиғаларды тікелей баяндау тілімен сөйлеседі, бірақ оқырман үшін қорытынды жасамайды, соңғы сөздің салмағы оқырманның өз еншісінде қалады. Шаламов қолданған бұл тәсіл, меніңше, Асқаров прозасына да үйлесімді. Асқаровтың повесінде де біз қатардағы адамдардың қарапайым өмірін тарлан тарихтағы дәуірлік сипаты бар оқиғалар легіне ұштастыра танысамыз, автор оларды алаламай бір деңгейде қабылдап, еш боямасыз бейнелейді. Нәтижесінде көз алдымызда дүбірлі оқиғаның тасасына тығылған бір тылсым құбылыс барын байқаймыз: біз бір кісінің ғана шындығына қанық болдық деп жүрсек, оның артында бүкіл ғалам елес беріп тұр екен… Егер әлдебір себеппен пенде өзін бақытсыз сезінсе, қоршаған ортаның мейірімінен қағажу қалса, зорлық-зомбылықтың құрбаны болып, ары қорланып жатса, онда бүкіл әлемнің ары тапталып, жүрегі қан жылағаны.
Асқаров стилінің табиғатын Шаламовтың ХХ ғасырдан бүгінгі бізге арнаған мына сөзімен де түсіндіруге болғандай: «Проза будущего кажется мне прозой простой, где нет никакой витиеватости, с точным языком, где лишь время от времени возникает новое, впервые увиденное – деталь или подробность, описанная ярко».
***
Қыстың ұзақ кешінде ұзақ-сонар осы әңгімені тыңдап отырған Қамбаш деген жылқышы қатты тебіреніп кетіп, көптен сақтап жүрген жалғыз шөлмегін ашып, Қалжанға шүпілдетіп стақанмен арақ ұсынады. Қалжан: «Менің көрген-білгенім кімге дәрі, тәйірі», – деп құйған ішімдіктен үзілді-кесілді бас тартады. Сабырлы, қой аузынан шөп алмас момын кісі өзінің жеке басынан өткерген хикметі бөтенге көк тиын керегі жоқ деп біледі, басқа біреу естуге тұрмайтын ұсақ-түйек санайды. Оның ойынша, батыр деген ол жауды жапырып ерлік көрсеткен адам, қалай болған күнде де түрмеден түрмеге түсіп, өмірінің жарымын айдау мен азапта өткізген Қалжанның өзі емес. Батыр да, баһадүр де болмай-ақ қойсын бұл Қалжан. Жаратқан иеміз тілегін қабыл алып, өмірдегі ең үлкен қуанышы – сүйікті Ләзизасын тапты, ең үлкен бақыты – отбасымен қосылды. Қалжан соған дән риза, осыдан артық оған түктің де керегі жоқ!
Повесті оқып отырып «Ертегіге бергісіз мұндай оқиға бүгінгі ұрпаққа керек пе?» деп те ойға баттым. Ләзиза күйеуін жиырма жылдан астам уақыт күтіпті дегенге бүгінгі оқырманның сенбейтінін байқадым. «Ол бір адамның жарым ғұмыры ғой, ондай болуы мүмкін емес» деп, бастарын шайқасқандарды көрдім. Жазушының осы повесі туралы жазған мақаласында академик Сейіт Қасқабасов былай дейді: «Менің де бір нағашым тұтқынға түсіп, партизанда болып, одан Кеңес одағына қайтіп келіп еді, соттап Сібірге айдап жіберді. Ол жақта ол кісі шахтада жұмыс жасапты. Тура Қалжанның тағдырына ұқсас. Көп жылдан соң аман-есен өзінің қара шаңырағына, отбасына оралды. Бүгінгі жастар «Ләзиза күйеуін 21 жыл күтті» дегенге сенімсіздік танытады. Ал, шындығында ондай оқиғалар болған, бірлі-жарым емес, көп болған. Солардың біріне мен өзім де куәмін… Менің шешем күйеуі соғыста қаза тауып, бар-жоғы жиырма үш жасында жесір қалған болатын. Қайта тұрмыс құрған жоқ. Бауырындағы екі баласын, ата-енесін күтіп, ер адамша еңбек етті, бізді асырап жеткізді. Олай болса Әлібектің шығармаларындағы әйелдің биік адамгершілік қасиеті – ойдан шығарылған қиял емес, өмірден алынған, шындыққа негізделген қазақы асыл қасиет».
Алтайдың аю жортқан алыс қиырынан шыққан Қалжан жиырма жылдан астам айдауда жүріп, жүрек тебірентер небір хикметті басынан өткеріп, повестің соңында туған ауылына аман-есен оралады. Жаһандық деңгейдегі дүбірлі кезеңді көзімен көріп дәм-тұзын татқан куәгер жанның көз ашып шерткен шерлі шежіресі, жылқышы мен оның жанында балқарағай жаңғағын шағып отырған жас көмекшісі – болашақ қалам иесіне қысқы кештерді таңға ұластырып айтып берген әңгімесі – мәңгі махаббат пен азаттыққа үндейтін, табиғат пен уақыттан әрқашан биік тұратын, әлемге әйгілі апокрифтік мәтіндерден кем түседі деп кім айта алар!
***
Асқаров қаламынан туған келесі бір әңгімелер шоғыры «Әйел парасаты» деп аталады. Әйел затының жарқын портреті сомдалған бұл топтаманы өз алдына жеке мақала етіп, кеңірек сөз етуге де болғандай екен. Осы топтағы «Зағира апай» әңгімесіндегі шәкірттерінің мүддесі үшін шыр-пыры шығып жүретін мұғалима Зағира Нүсіпбекқызы өмірде болған адам, деректік тақылетті әңгіме. Зағира – азаматтық позициясы айқын, ішкі мәдениеті биік, ұлтжанды әйел. Ол тұңғиық ақылы мен байсалды мінезінің арқасында қылышынан қан тамған партияның әкімгерлік әлімжеттігінен де жасқанбайды, өз оқушыларының қорғаны бола біледі. Жалпы осы «Әйел парасаты» шоғырындағы кейіпкерлер өткінші саясаттың судай сапырылысқан аласапыраны мен бей-берекет хаосынан суырып алып шығатын, адамсүйгіштікке үйретіп, өмірге деген берік сенім орнықтыра білетін ару жандар. Олар – жоғарыда айтқан, сертіне адал Ләзиза ару, петербургтық қайсар қыз Анна-Лиза, әскери медбике Шура, күрішші келіншек Мағиза, дарқан жүректі Балғаным бәйбіше, ауылдағы жас мұғалима Гүлзина.
Бір ерекшелігі, әйелдер туралы осы әңгімелерінің бәрінде деректік сипат бар, олар өмірде нақты болған адамдар. Жазушы шеберлігінің арқасында әңгімелердің деректілігі олардың көркемдік сапасына көлеңке түсірмей, керісінше ажарлана, әрлене түскен. Сөйтіп өресі биік, өрісі кең, эстетикалық талғамы жоғары тамаша туындылар туған.
«Қара құйын, ақ көйлек» әңгімесінде өндірдей жас, өңшең сұлу келіншектер – жауқазындай жаңа гүлдеп келе жатқан шағында әйел бақыты бұйырмай тұлдыр қалған солдат жесірлері. Оларды біз қарт Зәкарияның көзімен көреміз. Бұл әйелдердің бұлықсыған жастық қуаты мен көз суғарған сұлулығы қауыз жармаған күйінде қала берген… Әлгінде ғана тап-таза ғып жуып, далаға жайып кептіріп қойған Аманжол деген баланың аппақ жейдесін сайтандай сап еткен қара құйын іліп ала жөнелгенде, әлгі келіншектер алғашында аңтарылып қарап қалады. Артынша көкте қалықтаған ақ көйлегін қуалап, шырылдаған баланы да көреді. Сол-ақ екен, көйлегін қуалап ботадай боздаған жас бала келіншектердің онсыз да қаяулы көңілін нілдей бұзып жібереді. Үлкені бар, жасы бар, көп келіншек аяқ ас¬тынан аһ ұрып азан-қазан болысады. Бұл оқыс көріністен шошыңқырап, баланың өзі шегін-шектей береді. «Менің көйлегіме бола тәте¬лердің осыншалық бүлінгені несі» деп алға¬шында ол аң-таң. Бірақ байқайды, тәте¬лері ендігі жерде Аманжолдың бұл арада бар-жоғын мүлдем ұмытқан сияқты. Мы¬нау жыластарының жөні бөлекше, күйзе¬лістері ақ көйлек емес, басқа жағдай екенін бала жүрегі сезеді… Көрген жанның көңілі шайлығар бұл қасіретті көріністі жазушы былайша суреттейді: «Жылдар бойы көкі¬рек¬те шер болып жиналған қасірет-нала, тартқан азап, көрген бейнеттері ащы за¬пыран болып бір-ақ сәтте лақ етіп ақта¬ры묬ғандай. Бұған дейін қара тастай еңселерін езіп келген қайғы мен шер, қыс ызғар, жаз шаң жұтқызып, мұз арқалап, күл төккізген бейнет-сорасы, жүректі то¬тияйындай улап келген өкініш пен күй¬ініш жанартаудай лықсып көз жасымен жуылып жатқандай. Балғын денесін қай¬ғы күйретіп, құрт жегендей бүгіліп қалған жап-жас келіншектер жар қызығын көр¬мей жатып мынау өгей өмір, өксікті тір¬лікке қалайша тап болғандарына ашынғандай. Құдай басқа салған тайқы маң¬дай, таз тағдырларын қарғап лағнет айтысқандай. Шыдамның да шекке жетіп, сабыр суының да сарқылған кезі осы сәт шығар… Қасіреттің зары өткен әйел біт¬кен сарнайды, сарнайды да зарлайды. Ауа жетпей алқынып, құса болып өксиді, күңірене күрсінеді. Жан жарының қаза¬сын жаңа ғана естігендей баршасы бір¬дей аза тұтысады. Қабырғадан қан ақ¬қан, толарсаққа мұз қатқан азапты күн¬дердің, қиын-қыстау жылдардың бар қа¬сіреті атқыдай ақтарылып енді ғана сыртқа шыққандай».
Осы мезетте анадай жерде көлденеңдеп өтіп бара жат¬қан Зәкәрия шал ұлардай шулаған қа¬лың әйелді көріп, тор шолағының ба¬сын бері бұрады. Көп жақындамайды, не болды деп сұрамайды да. Беліндегі ора¬ма¬лының ұшымен көзінің суағарын іліп сүртеді де: «Жетер жылағандарың! Доғарыңдар! – деп қар¬лыға айқай салады. – Мына дүниенің төрт құбыласы сендердің көз жастарыңмен тү¬генделер болса – баяғыда-ақ түгенделер еді. Барына қанағат, жоғына салауат етің¬дер. Доғарыңдар зарлағанды!»
Адам айтса сенгісіз жағдайда тірі қалуға мүмкіндік берген себептің бір ұшығы кейіпкердің өзінде жатады, олардың осындай ұрымтал шешуші сәтін автор еш пафоссыз суреттейді, персонажды дәл сол мезгілде шын мәнінде эпикалық кейіпкерге айналдырады. Фашистік концлагерді басынан кешкен әйгілі психолог Виктор Франклдің пікірінше, тамұқтан тірі қалу қабілетіне тепсе темір үзетін денсаулығы мықты адамдарға қарағанда рухы асқақ, мінезге бай, не үшін өмір сүру керектігін нақты білгендер ие болады екен. Франклдің көпшілікке белгілі бір идеясының қысқаша мазмұны мынаған саяды: адам өз өмірінің мәні туралы бөгде адамнан сұрап әлек болғанша, керісінше, осы сұрақ арналған ең бірінші кісі өзі екенін тезірек ұққаны абзал. Асқаров та «лагерь прозасында» адамды ұғым тудыратын, өз сұрағына жауап беретін, өз таңдауына жауапты болатын индивид ретінде нақ осылай бағалайды.
***
Келесі бір повесть «Алтайда алтын күз еді» деп аталып, мынау қоғамнан баз кешкен талантты бір суретшінің мехнатты өмірінен сыр шертеді. Тоқсаныншы жылдардың аласапыранында бағыт-бағдарынан айрылып қалған көптеген өнер адамдары сияқты, Жәнімқан суретші де өмірден торығып жүргенде алыстағы Алтайдан нағыз сүйгеніне жолығады. Уақыт тезінен өткен, кешіккен махаббаттың ыстық лебі оның өмірге де, өнерге де құштарлық отына май құйғандай болады. Оқиға Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары, өткен шақ пен келешекті қатар қамтыған желі арқылы өтеді. Автор сомдаған Алтай эпопеясындағы келісті кейіпкердің бірі осы Жәнімхан, ол жастық шағын араға уақыт салып қайта жаңғыртқан, қайта түлеген жан. Сөйтіп суретші бойында бірімен бірі тайталасқан екі «мен» махаббат пен опық жеген опасыз жылдарды еңсергені төңірегінде өзара экзистенциялық диалог түзеді.
Жазушы лирикалық сипаттағы осы повесінде де әйел бейнесін сыры мен сымбатын жарастырып, лайықты сомдай білген. Бұл шығармадағы Жәнімханның ғашығы Гүлзина дейтін келіншек – ұстамды әрі байсалды, асқақ та тәккәппар, сұлулық пен махаббат үшін ғана жаралған ару. Суретші Алтайдың көз суғарар табиғатына, таулы тайгаға, қарлы шыңдарға өлердей құмартып, осы көркемдіктің әсерінен ерекше шабыт алады. Бойындағы бықсып сөне бастаған қабылеті жалын боп қайта жанып, от боп қайыра тұтанады. Табиғат пен мәдениет ландшафтының текеметтің түріндей жарасымды астасуы повестке айрықша реңк беріп тұр. Алайда жазушының философиялық көзқарасы антропоцентристік күйінен өзгермейді. Көрген адамның еріксіз таңдайын қақтыратын Алтай табиғаты әңгімені әрлеуші соқыр фон ғана емес, ол анықтаушы күш, шығарма сюжетінің жанды қатысушысы. Себебі осы арада Асқаровтың дарынды қаламгерлігімен қоса кәсіби суретші екенін ескере кеткен жөн. Сондықтан да ол мың сан бояуға малынған табиғаттың шалқар палитрасын, өзге жан байқай бермейтін табиғат-ананың елеусіз, қалтарысты тұстарын суретші ретінде қалт жібермейді, танып суреттейді, тауып суреттейді, мөлдіретіп зар күйінде көз алдыңа әкеледі. Автор табиғатпен жан досындай сырласады, жақынындай мұңдасады.
Сайып келгенде, прозасындағы персонаждар галереясынан ортақ портреті құралған жазушы Асқаровтың заманауи кейіпкері қандай? Меніңше, ол аса сезімтал, жан дүниесі нәзік, мейлінше қарапайым, бірақ тізе бүкпеген, тағдыр талқысына мойынұсынуды қаламайтын, туған халқының табиғи болмысына сүйеніп, «жетпейтінді жеткізіп, бітпейтінді бітіріп, бәрін де жарастырып» жүретін адам. Америка оңтүстігінде өз кейіпкерлерінің әлемін жасаған Фолкнер нобельдік лекциясында адам табиғатын былай түсіндіреді: «…человек не просто выстоит, но и преоделевает трудности… ибо он наделен душой – духом, способным к состараданию, терпению». Бұл сөздерді Асқаров прозасына қатысты айтуға да болады. Сөйтіп, қалай өмір сүрген дұрыс, кім үшін өмір сүру керек деген сауалды өзгеден бұрын өзіне қоя алатын замандас кейіпкердің образын танимыз; бұл кейіпкердің сүйенгені өзінің өмірден түйген тәжірибесі, сенің де қуанышың мен қайғыңды қатар бөлісетін ашық адам. Ол біреуге тәуелді жан емес, тұрмыстан туындайтын түйткілдің жауабын абстрактілі идеалдан емес, өзінің өткенінен, өмірінің бұралаң жолдарынан іздейді. Шығармаларда тұтқиылдан тап болған тағдыр сынына «тірліктің мәні неде?» деген сұраққа риторикалық емес, экзистенциалистік мағынада жауап бере алатын тұлғалар сомдалған.
Қорыта келе айтарымыз – жазушы Асқаровтың туындылары, былайша айтсақ, «Әлібектің әлемі» – бейуақтай әрі сырлы, әрі мұңды заманауи гуманизм, адамды ең жоғары құндылық ретінде бойтұмардай қастерлеуге, соны мейлінше асқақ ұстауға үндеу. Заман өзгеріп, қоғам жаңғырып жатса да адам бойындағы ізгілік қасиеттер сақталып қалуы міндет. Осы ұстанымды шамшырақ еткен Асқаров қалам ұстаған қалың орман көпшіліктің ішіндегі шоқ қарағайдай шағын топтың санатында. Сол топтың да ілкімдісі, бүгінгі әдебиетіміздің сергек те, сирек суреткерінің бірі. Біздің қолымыздағы әлеуметтік ауқымы кең салауатты шығармалар топтастырылған жинақ осы сөзіміздің қапысыз дәлелі.

Әсел ОМАР,
жазушы, әдебиет сыншысы,
философия ғылымдарының кандидаты (Мәскеу қаласы).

Орыс тілінен ықшамдап аударған Дәулеткерей ҚҰСАЙЫНОВ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір