КЕЙІПКЕР ЖАНДЫ ЖАЗУШЫ
01.12.2020
1119
0

Ол шақта біздер – жұбымыз ажырамас сал-серілік көңіл күйі ауанына берілген, мұрты енді ғана тебіндеп келе жатқан үш бозбала екінің бірін өзіне ынтық еткен сол кездегі апортты қала, әсем астана – Алатау баурайындағы ғажап шаһар Алматыда оқып жүруші едік. Нақтырақ айтқанда, қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті журналистика факультетінің кеуделеріне арман тұнған, біліммен қатар қиял қуған көгенкөз студенттеріміз. Үшеудің бірі – аймаңдай арулар алдында байыпты да байсалды жігіт, қазақ оқырманына жаңа танылып келе жатқан қаламы қуатты жас прозашы Нұрғали Ораз да, екіншісі асау мінезді, қызу қанды жас ақын Ғалым Әріпов және оған серіктес үшіншісі – мен едім. Яғни Ғалым досым екеуміз арқалы ақындар ауылынанбыз дегенді айтқым келгендегім ғой. Енді сол өткен дәуірдің бүгінде қызықты ертегідей болған, жалынан сипатпай кеткен армандай арғымақ жылдарына жетпес қолдарымды құр ауаны қармай созып, шіркін, тағы да қайта оралып келсе деген аңсармен үміттене-үздіге қарап, жанарым шыққа шыланып орайы келген бұл сәтте аздап аял қылып, артыма еріксіз көз жібергім де келеді. Ол жағын әзірге кім білген? Оған мінәйі себеп болып отырған жоғарыда баян етілген үш достың бірегейі – Нұрғали достың ел ағасы жасқа келіп, бүгінде 60 деген асуға аяқ басқан – кешегі қайран жиырма беске бергісіз талтүс шағы дер едім. Осы орайда өткен күндерге аздап шегініс жасағым келіп тұрғаны…
Мың тоғыз жүз жетпіс сегізінші жылдың қоңыр күзі. ҚазҰУ-дың әр факультетінен құралған студенттер Алматының іргесін¬дегі Шамалған ауылында ал¬ма теріп, асқабақ пен қы¬занақ жинап, думанды да дулы ауыл¬шаруашылық жұмыс¬тарында болып қайтқанбыз. Сонда?..
Сонда мен алма бақтың ішінен көздері мойылдай қап-қара, аздап мұңға тұнып тұратын аппақ нұрдан жаралған аққұба қызды көргем. Аты – Сағынғаным еді. Мен сол сиқыр қызды бір түрлі толқыныс құшағында Айтматовтың кейіп¬керлерінің біріне ұқсатқам. Күзгі алма ағаш¬тардың жан-жаққа жайыла өскен тарбиған бұтақтарының жапырақтары алтын жамбыдай көкжиектен қып-қызыл дөңгелектей қыр асып бара жатқан кешкі араймен жалтылдай түсіп, сонау ұшар бастарында түсі оттай алаулаған әйгілі апорттың бірнешеуі әнтек ілініп қалған-ды. Олардың ішіндегі ең үлкенін қолға ілінген топырақ кесегімен дәл көздеп, көделі майсаның – қыркүйек суығы ұрып өтсе де, нәрі бойынан кете қоймаған жасыл-сарғыш қалың қаудың арасына домалатып тү¬сіріп, ып-ыстық алақаныммен ұяң да албырт сезімге орап алып, сосын екі бетім әлгі апорттай өз-өзінен дуылдай қызара түсіп, батылсыздау үргедек бозбала көңілмен Сағынғаным атты аруға – кейін мүлдем кездеспей кеткен сағынышты бей¬неге ұсынушы едім… Атақты «Қызыл алма» шығармасындағыдай…
Осы бір жалқы да жауһар сәтті, бүгінде керуендей тынымсыз көшіп, ұзап кеткен сағым жылдарды қазір аты аңызға айналып кеткен планетарлық деңгейдегі қайталанбас тұлға Шыңғыс Айтматовтың әйгілі шығармасын тілге тиек еткен сөз желісі ретінде бір деммен жазып шыққан «Қызыл алма» деп аталатын әдеби шолу мақаласында қауырсын қаламы енді ғана қатая бастаған жас талант, бүгінде шебер прозашы биігіне көтерілген біздің досымыз — Нұрғали тілінің майын тамыза суреттеген еді. Ол қазақ әдебиетшілері қауымының беделді басылымы – «Қазақ әдебиеті» газетінде толығымен жарияланды да. Әдеби мақала жанры жағынан сыни сипатта болғанымен де, автор оны ақ өлеңдегідей аса бір сезімтал шабытпен, көркем кестелі лирикалық түйіндеумен аяқтапты.
Сол 1978 жылы Нұрғали Қостанай өңірінде курсымыздың өзге де қыз-жігіттерімен бірге ауылшаруашылық жұмыстарында болып қайтқан екен. Онымен кездесіп, танысқанға дейін өлең жазатын болғандықтан Ғалым Әріп досым екеуіміз оңай тіл табысып, тез-ақ шүйіркелесіп кеттік. Енді, міне, деканаттан жатақханада тұруға жолдама алып, алып-ұшып жеткен бетім. Келсем, екі езуі екі жақта, көңілді жүрген Ғалым досым қарсы алды. Сосын: – Маған орынды 51-бөлмеден берді. Сен де бізбен бірге бол. Нұрғали үшеуіміз жатайық бір бөлмеде, – деп мені кеу-кеулеп әкетті. Сонымен не керек, қап-қара қайратты шашы ұзынынан біртегіс таралып желкесіне дейін түсіп тұрған, сыпайы да сабырлы мінезді, тіп-тік жүретін сұңғақ бойлы Нұрғалимен таныстығымыз осылайша басталып еді.
Студенттік өмірге бойымыз үйреніп, «бір атаның балаларындай» бауыр басып кеттік. Көбінесе, кешкі алтылардан аса бере сабақ аяқталып, алыстан Алатаудың қарлы шыңдары мұнартып көрінетін Фурманов көшесіндегі сол кездегі Виноградов аялдамасына жамырай келіп, 100- немесе 106- автобустарға итерісе еніп, кейде есік алдында тұрып қалып, КазГУ-град аялдамасына дейін тікеден-тік тұрып баратын кездеріміз де аз болмайтын. Ішінде конспектілер мен кітаптар қоса жүретін қызыл-қоңыр түсті жемсауы кең менің портфеліме азық-түлікті сықита салатынбыз. Автобустың есігінен ішке қарай өте бере-ақ, бойшаң Нұрекең арқамнан бар екпінімен нығыздап аяқ басар орынға іліндіріп жатып: – Баха, автобустан өзің түсіп қалсаң да, біздің сөмке түсіп қалмасын, – деп рахаттана бір күліп, Ғалым екеуі келесі көлікті күтіп қала беретін. Шыжығынан қызығы мол жылдар еді ғой ол да бір…
Сөйтіп жүріп, тағы да бір курсты артқа тастадық. Біздер енді сарыауыз балапандай аңқау ауыл баласынан кәдімгі шаруақор шәкіртке айнала бастағандай едік. Тағы да тамылжыған қоңыр күз келді қалашығымызға. Бір күні кезекті дәрістен келгенбіз, сәл-пәл тыныс алғасын, кешкі шайға өзімізше қам жасай бастаған бетіміз болатын. Аяқ астынан қым-қуыт қарбалас басталды да кетті. Бесінші жатақханадағы бесінші қабат дәлізінің ұзына бойы абыр-сабыр. «Ойбай, декан бөлмелерді аралап жүр. Тексеріп келе жатыр», – деп бір көршіміз қасымыздан зу етіп өте шықты. Мұндай тосын хабарды естіген Нұрғали, Ғалым үшеуіміз апыл-ғұпыл көрпе-жастықты түзеп, үстелдің үстін жинастырып дегендей өзімізше іске құмбыл кірісіп жатырмыз. Бір кезде Ғалым: – Асханадағы кәстрөлдің асты күйіп кетті-ау, шамасы, қарап келе қояйын, – деп бөлмеден зып берді. Оның артынша Нұрғали да: – Баха, мына швабраны алып, ылғал шүберекпен диван-кереуеттердің астын сүйкеп өтсең жетіп жатыр, жарай ма? Мен қазір келем, – деп арқамнан бір қақты да, есікті сырттан ақырын жауып кете барды. Осыдан соң көп күттірмей есік қайта ашылды да, алдымен ұстазымыз әрі қаһарлы деканымыздың тершіген қасқа маңдайы, сосын топ-томпақ шағын денесі ішке қарай еніп келе жатты. Қасында бір топ нөкері бар.
– Әй, сен Абызовпысың?! Мұнда кімдер тұрады? – деді. – Сен енді еңкейсей, былайырақ төмен, адам еденді түйенің үстінде тұрғандай тігінен тұрып жуа ма екен? – деп апшымды қуырып барады. Сөйдеді де іргелес бөлменің секциясына өтіп: – Мына бөлме күйіп тұр ғой, күйіп тұр! Жарықты шақырайтып жағып қойыпсыңдар, ал керек болса! Әлде, әкелеріңнің тегін жағып қойған шамы бар ма еді? Сендерде жан ашу деген бола ма өзі, бұл – біле білсеңдер үкіметтің сендерге жасап қойған қамқорлығы емес пе? Ай, түсіну деген, сірә да, жоқ қой сендерде, жоқ!.. – деп бар ашуын маған ақтарып салды. Менде үн жоқ. Үндеу түгілі, тырс етуге шама қайда мұндайда! Осылай деді де, жүзі әрдайым қаһарлы көріне тұрғанымен де, жүрегі жұмсақ, қашанда қайырымы мол ардақты ұстазымыз келесі бөлмеге қарай кілт бұрылып ұзай берген еді.
Айқай-сүреңнен амалдап құ¬тылған Нұрғали мен Ғалым аз-кем уа¬қыттан кейін кіріп, арқамнан риза¬шылықпен қағып, кереуетке аунай кетіп, ал кеп күлсін көздерінен жас аққанша. – Қалай, Баха, деканды бізсіз қарсы алдың ба? – деп. Алданғаным енді ғана миыма жетіп жатты. Сөйтсем, екі қу тамақ-шайды сылтау етіп, мені «ашулы арыстанның» аранына жалғыз тастап кеткен екен ғой. Нұрғали досымның кей-кейде осылайша, сары майдан қыл суырғандай етіп, жұмсақ жымиып тұрып-ақ, «тақырға отырғызып кететін» өзіндік сыпайы «өнері» де бар болатын. Ол – өзінше бір тақырып.
Студенттік дәуреннің қайта оралмас тәтті шақтары осылайша ақырын-ақырын жылыстап өтіп жатты. Бұл кезеңде Нұрғалидың өзіндік дара қолтаңбасы қалыптасқан әңгіме, повестері республикалық «Жалын» әдеби альманағында, «Лениншіл жас» газетінде үсті-үстіне жарияланып, оқырман қауымға кеңінен таныла бастады. Бірде дәріс үстінде болашақ жас жазушымыз сөзге шешен, тіл білімінің білгірі, қазірде өмірден өтіп кеткен академик ағамыз Мырзатай Серғалиевке: – Ағай, стиль дегенді қалай түсінуге болады? – деп көптен көкейінде жүрген сауалын қойды. Ұстаз бірқатар уәжді мысалдар келтіре отырып, стиль ұғымының, ең алдымен, адамның өзі екенін ұғындырып өтті. Бүгінгі күндері, ойлап отырсам – стиль жазушыға айналған екен де, жазушымыз Нұрекеңнің тап өзі болып шығыпты.
Оның студент дәптеріне журфактың 5-жатақханасының бес жүз он бірінші бөлмесінде майда әріптермен маржандай етіп көз алдымда жазылған, сөйтіп, сонау 1979 жылы қазіргі «Жас Алаш» газетінде жарық көрген тырнақалды «Долана» әңгімесінен бастап қазіргі уақытқа дейінгі аралықта жазылған прозалық шығармаларынан («Соқпақ жол». Әңгімелер. А., «Жалын», 1985; «Бақыршаның балалары». Әңгімелер. А., «Жалын», 1988; «Қазығұрт оқиғалары». Әңгімелер. А., «Жазушы», 1995; «Аяқталмаған ертегі». Повестер мен әңгімелер. Астана. «Елорда», 2002; «Даладан қалаға келгендер». Повесть, әңгімелер. «Қайнар», 2006; «Биіктегі сұлулық». Повесть, әңгімелер. «Жазушы», 2008; «Түнгі жалғыздық» және т.б.) үлкен әдебиетке барар жолдағы өзінің қазіргі заманғы қазақ прозасындағы кемел суреткер ретіндегі дара қолтаңбасын таныған болар едім.
Жазушының әлеуметтік сарындағы өзгеше типтендірілген сентиментальдық-психологиялық стилінің құралып-қалыптасуына да өткен ғасырдың сексенінші жылдарында атағы алысқа кеткен, сол кездегі біздер танып-білген орыстың ұлы жазушыларының бірі, кеңестік Ресейдегі деревня прозасының үлкен әдебиет әлеміне жарқ етіп шыққан жарқын өкілі В.Распутиннің «Марияға арналған ақша» баян-хикаяты, «Өмір сүріп, есте сақта» және «Матерамен қоштасу» әңгімелерінің де зор әсері болғандығына тікелей куәмін. Сондай-ақ Нұрекең әлемдік деңгейдегі шоң тұлға, бауырлас қырғыз елінің Халық жазушысы Ш. Айтматовтың «Қош бол, Гүлсары» повесін басына жастап оқитын, ал «Ғасырдан да ұзақ күн» романын Ғалым Әріп екеуміз сол дәуірде Мәскеуден шығатын әрі сирек қолға тиетін мерзімдік көркем әдебиет басылымы – «Роман-газета» журналынан оқып танысқанбыз, оны әлдебір жақтан сатып немесе әлдекімнен ат-түйедей қалап алып келетін де тапқыр студент Нұрғали болатын.
Ол – күнделікті өмірде, менің бір кісідей байқап-білгенімдей, ауызекі сөз-ге сараң да, жазуға жомарт жан. Оның шығармаларының желісі бойынша елі-мізде фильм де түсірілуде, театр сахналарында спектакльдер де қойылуда. Жазушы досым өмірден әр кез бүгінгі қилы-қилы замандағы, қырық қатпарлы қоғамдағы қым-қиғаш антагонистік, анти¬подтық сипаттағы хал-ахуалды, сан алуан бейнелерді сомдайды, шарықтау финалын жоғарыда айтылған қаһарлы деканымыздың жұм¬сақ жүрегіндей қайырымдық, ізгілік идея¬ларына әкеліп тірейді. Және өзі үнемі осылай болса екен деп те тілейді. Задында, балалық шақтан бастау алған тектілік бекзат болмысты бойға сіңіріп, жер ортасы жасқа келгенде кісілік келбеттегі дегдарлық пен сөз өнеріндегі зергерлікті қоса үйлестіріп, ол үнемі маған, сізге және оған дос болып жүреді.
Қазірде ойша есептеп қарасам, осыдан тұп-тура 23 жыл бұрын қазақ сөз зергерлерінің бірі әйгілі Шерағаң, аяулы Шерхан Мұртаза көкеміз, Нұрғали досымның суреткерлік талантын тамыршыдай тап басып, шығармашылық шеберлігіне айрықша сүйсініс білдіре келе былай деп баға берген екен:
«…Әңгіме – Қазығұрттың бұл кереметтері туралы емес. Әңгіме – «Қазығұрт оқиғалары» атты көркем әңгімелер жинағы туралы. Авторы – Нұрғали Ораз. Жасы отыз жетіге шығыпты. Біз оны әлі бала деп жүрсек, Пушкиннің жасына жетіп қалыпты.
Ол осыдан оншақты жыл бұрын-ақ алғашқы әңгімелерімен елді елең еткізген. Бірақ қазақ әдебиет сыны енжар, керенау. Тек әдебиет жанашыры, елгезек ағасы Дулат Исабековтен басқа ешкім селт еткен жоқ, ләм деген жоқ.
Мен қолыма қалам алғанда сол олқылықтың орнын толтырайын, сыншы болайын деп отырған жоқпын. Жинақты оқып шыққан соң шыдамадым…
«Қазығұрт оқиғаларын» оқып болып, жылтырағы жоқ, жұқа мұқабалы кітапты алақаныңмен сипалап отырып қаласың. Қаншама адам көз алдыңа тізіліп өтіп, қаншама жан көкірегінде ұялап қалады. Төрт құбыласы түгел, кесірлі бақытқа кенелген біреуі жоқ. Әйтеуір бірі кем дүние. Бір түрлі аянышты. Бәрі де. Тіпті қаңғыбас Боранбай – барон да, маскүнем Ақмырза да, ұры Жаңбырбай да… Көркем әдебиетті бағалауда бізде қазір критерий, адал өлшем, шын таразы жоғалды. Әлі жеткен, шамасы келген кейбір авторлар күлді-көмештерін кедергісіз бастырып, аспандатып, «презентация» – тұсаукесер өткізіп, улап-шулап, «ұлылыққа» ұмтылып жатады. Әдетте у-шу реклама – жарнама өтімі кем тауарға көп беріледі. Оңай олжа бермейді. Інжу-маржан теңіздің тереңінде жатады. Оны мыңнан, миллионнан біреу ғана сүңгіп алып шығады. Оның шын көркем шығармалары даңғаза айқай-шусыз-ақ өз өрісін табады.
«Қазығұрт оқиғалары» сол саңылақтар санатынан»…
Біздің Нұрғали талантты қаламгер ғана емес, сонымен бірге бес жыл бірге оқыған, бүгінде шартарапта жүрген ұл-қыздардың – курстастардың әрқилы тұтас мінездер галереясын, өзіндік бітім-болмысын, талант-тағдырын көркемдік шеберлікпен кестелеп жүрген шежірешіл бауыр да. Осыдан қырық жылдай бұрынғы жастық шақ хикаяттарын қалайша ұмытпай, қайдан ғана тауып жазатындығын қайдам, бүгінде көзден таса, көңілден сырт қалған сондай қызықты қайталанбас хикаяларды мазмұн-мәйегімен сол күйінше мөлдірете қалам сиқырымен алақанға салғандай аялап әкеліп, сені еріксіз оқырман етіп, қайбір сыншылдық парасат-пайымың мен эстеттік талғам-таразыңның үдесінен ұдайы шыға отырып алдыңа ескірмес әңгіме етіп тарта қояды. Шығармашылық тұрғыдан алғанда бұл жөнінен Нұрғали досыма көп қарыздармын десем ақиқаттан тым асып кете қойған жоқпын деп білемін. Таяуда Abai.kz ақпараттық порталынан «Бүкіл жан-дүниемді біреу табанымен таптап өткендей болады…» атты тұжырымдық тегеуріні темірдей, ой кернеуі оттай ыстық келісті дүниені көзім шалып қалды, ә дегеннен ынтыға көз жүгіртіп, бас қойып оқып қарасам барша қаламгер қауымға арналып, көкейкесті тақырыпқа өзек етіп алынған басты кейіпкерлерінің бірі өзім болып шыққан екенмін. Қалай болғанда да оқыс таңданғанымды жасыра алмадым. Тілшімен арадағы сырлы сұхбат сарынында екеуара өрбіген әдебиет жайлы үлкен әңгіме барысында бүгінгі оқырман қауым үшін қызғылықты хикаяттың ә дегендегі кіріспесі төмендегіше тәмсілмен өріліпті:
«Студенттік шақтан қалған мынандай бір қызық әңгіме бар. Бірде курстас жігіт Бақытжан Абызов деканның – Темірбек Қожакеевтің сабағына кешігіп келді. Дәл мұндай бассыздықты ешқашан кешірмейтін Темкең: «Иә, батыр, қайдан келдің?» –деп шүйлікті. «Одақтан!» деді аңғал Абызов кеудесін керіп. «А-а, солай ма?! Көрсетемін мен саған одақты! – деп тарс кетті Темкең. – Сен мені одақпен қорқытқың келген екен ғой!».
Ал енді Бақытжан Абызов кім еді десеңізші? Ол кезде «Жалын» журналында бір топ өлеңдері жарық көрген жас ақын еді. Студенттік шақтағы нағыз классик. Түні бойы көз ілмей отырып Н.Рубцовтың өлеңдерін аударатын. «Ал қазір қайда?» десеңіз, Қызылордада. «Құмкөл» мұнай компаниясында аудармашы болып, күнкөріс қамымен жүр. Біз, сірә, әдебиет әлемінен замана дауылы ұшырып әкеткен ұрпақ болармыз… Сондықтан да, қиялымыздағы көркем дүниелердің көбі жазылмай қалғаны анық. Өтпелі кезеңде өйтіп-бүйтіп жүріп өсірген шағын ғана шығармашылық бақшамыз бар. Ал оған әдебиет бағбандары қайтіп сын айтсын?.. «Е-е, әйтеуір, бар екен ғой!» деп қуанатын шығар.
Жалпы, жетпісінші-сексенінші жылдардағы әдеби орта туралы жайдан-жай сөз қозғағаным жоқ. Себебі, ол кезде бір кітабы шыққан жазушы екінші кітабын жазуға алаңсыз отыратын. Өйткені, қаламақысы қомақты еді. Ал қазір не, баспадан кітабың шыққан күні, шыныңды айтсаң, ұялғаныңнан барасың. Алатының – бес кітап және базардағы сыныптасымның бір күндік табысына да жетпейтін бір шөкім қаламақы. Сондай сәттерде бүкіл жан-дүниемді біреу таптап өткендей болады…»
Осылайша, беймаза көңілі алақұйын күйде түпсіз терең тұңғиыққа түсіп кеткендей болып, ерекше нәзік жаны әлдебір қытымыр заманнан немесе әлдебір қатыбас меңіреу қоғамнан айықпастай жаралана тұрса да, «студенттік шақтағы нағыз классик» деп Алматыдан алыста жүрген ақын досын аспанға көтеріп әспеттейді. Бұл – оның боямасыз шын бағасы, осы бір мадақтау-ұлықтаудан кейін әжептәуір жан-жағыма қымсына қарап, қысылып қалғаным да рас. Оны несіне жасырайын? Кейіпкер жанды жазушының бүгінгі мерейлі сәтінде оның әр жылдары жазған қай-қай мақала-эсселерінде болсын кейіпкер-ақын ретінде осы әдеби анықтаманы, екінің біріне бұйыра бермес биік бағаны бекзат болмысты прозашы әрі драмашы Нұрекеңнің өзіне дәл қазір арнайы еншілегім келіп отырғаным да ып-ырас. Қолына қалам ұстағалы бері қилы-қилы тағдыр кешкен сан түрлі, сан мінезді кейіпкерлерімен қоса қайғырып не қуанып өмір сүретін ұлтымыздың қазіргі заманғы көрнекті жазушысы, менің студенттік кезден бірге келе жатқан жанашыр жүректі, адал тілекті бүгінде Алпыстың төріне еркін қадам басқан байырғы досым, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Нұрғали Ораз осы уәжге бек келіскені әбден-ақ жөн болар деп ойлаймын, өйткені мен де ынты-шынтыммен солай болуын қалар едім. Бұл пайым, әлбетте, әділдіктің аты үшін деп атап айту да парыз, орайы келіп, қиюы келісіп тұрған шақта өзім үшін де қажетті қисын болып шығар еді…

Бақытжан АБЫЗОВ, ақын.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір