СЕГІЗ АЯҚ: ПАЙДАСЫЗ АҚЫЛ – БАЙЛАУСЫЗ ТАҚЫЛ
27.11.2020
4025
0

Хәкім бір жазған өлеңіне қайта оралмаған деседі, тек қана «Сегіз аяқтың» басқа, алғашқы нұсқасы бар. Соған қарап, бұл өрнегі өзгеше, әр шумағы сегіз жолдан тұратын өлеңіне ақынның өзі де баса мән бергенін шамалауға болады.

Сұлтан ЫБЫРАЙ, абайтанушы, ғалым

Екі жүз жолдан тұратын осы өлеңнің бүгінге дейін жеткен көлеңкелі тұстары жоқ емес. Мәтін негізінен түсінікті болғанымен, әлі де көпшілік мағынасына жетпеген тұстар бар. Оның бір мысалы: «Қиуадан шауып, қисынын тауып, тағыны жетіп қайырған» деген жолдағы «Қиуа» немесе «Хиуа» сөзі, бұл жөнінде ғалым Тұрсын Жұртбай «Абайдың астарлы сөздері» деген еңбегіне:
«Бұл ешқандай «Хиуа» шаһары да емес, Абайдың «Бүркітші» атты өлеңіндегі кәдімгі – қиын қия, қиян деген сөз. Саятқа шыққанда түлкі бұтаға бұғып, жартасқа тығылып, қиын-қыстаулы шатқалға түсіп кетпес үшін қағушылар қиын-қиын жерге тосқауыл қойып, аңның алдын орап, жасқап тұрады», – дейді.
Осы мақаладан тағы бір мысал: «Күпілдек мақтан, табытын қаққан, аңдығаны баққаны» – деген жолдарға талдау жасалған.
«М.Әуезовтің өзі де қиналыңқырап барып: өлім азайып, жаназа шығару тоқтап, мешіт қайыр-садақасыз қалғанда, мәйіт жөнелтушілер табытты таяғымен қағып, қаза тілейтінін естігенде ғана, Абайдың дұрыс қолданғанына көзі жетіп, арнайы түсініктеме беріп, өзгерісті тоқтатқан. Әйтпесе, қазір біз: «Күпілдек мақтан, тағыны қаққан» – деп тақылдап жүретін едік». Тұрсын Жұртбай, («Абайдың астарлы сөздері». «Қасым» журналы, 9 қараша, 2016 ж.)
Ал енді мағынасы күңгірттеу, анық түсінігі жоқ жолдың бірі: «Пайдасыз ақыл – байлаусыз тақыл».
Әрине, «пайдасыз ақыл» түсінікті. «Байлаусыз тақылдың» «байлаусызы» анық та, «тақылдың» не екені түсініксіз болып, қисынға салып жорамалдағанмен де хәкімнің не айтқысы келгенін анық басып айту қиын. Осы жерде өмірі ширек ғасырға да жетпеген, Абайдың осы «Сегіз аяқ» жолымен өлең жазған алаштың ақыны Бернияз Күлеевтің (1899-1923) «Абай кітабы басылатын болды» деген мақаласы еске түседі: «Абай кітабын бастыру маған тапсырылғандықтан, мен жәрдемді шеттегі азаматтардан сұраймын. Тізбегін әдемілеп, емлесін түзету сияқты ұсақ-түйегіне мұқтаж болмасақ та, түсіп қалған жерлерін қосып, қарасөзін һәм басылмай қалған өлеңдерін тіркеп, тәржіме хәлін толықтыруға қиналып тұрмыз». (№86 «Ақ жол» газеті, 1921 жыл)
Бернияз ақын бұны бір ғасыр бұрын айтса да, осы «тәржіме хәлі» бүгінге дейін Абайды түсінуге, дұрыс тануға қолбайлау болып келе жатыр.
Сонымен «пайдасыз ақылға» келсек, адамның ақылы қалай жұмыс істейді дегенде, имам Ғазали ақылға сезім мүшелері әсер ететінін, солар арқылы келген ақпарат негізінде ақыл шешім шығаратынын жеткізеді, хәкім Абай да: «Ақыл өссе, ол түпсіз терең жақсылық сүймектікпен өсер» дейді, осы қисынға қарап, жамандық сүйгеннің ақылы ортаятынын топшылауға болады. Сонда «пайдалы ақыл» адамды жақсылықты сүюге мүдделендірсе керек, содан ол ақылды алған адам да жақсы болып тәрбиеленеді, «есті», «көргенді» болмақ, яғни сапалы өзгеріске ұшырамақ, ал «пайдасыз ақыл» көргені жоқ «көргенсіз» болып, адамның табиғаты сол қалпында қалып, мінезі өзгеріссіз қалмақ. «Көргенді» болу ата-анасынан, ұстазынан, өскен ортасынан дейді ақын. Бұл қарапайым от басындағы тәрбие мен мемлекеттің үлкен идеологиясына да қатысты тақырып. Бір отбасының тәрбиесі дұрыс болып, баланың дұрыс адам болуы немесе бір мемлекеттің дұрыс идеологиясы елдің дамуына, бірлігіне әсер етуі заңдылық. Ал енді ата-ананың айтқан сөзінде, немесе мемлекеттің идеологиясында «пайдасыз ақыл» болса кемшілік сол ата-анада, мемлекеттік саясатта болса керек. Енді «байлаусыз тақылға» келейік. Бір қарғанда хәкім ақын ретінде ұйқас қуып кеткендей көрініп, «тақылдың» астарында ешқандай ой жатпағандай көрінеді. Тұтас «Пайдасыз ақыл – байлаусыз тақыл» жолына көз жіберіп, анықтауыштардың антонимін қолдансақ «Пайдалы ақыл – байлаулы тақыл» болып шығады. Сонда «тақылдың» байлау­шы қасиеті барлығын шамалай келе, ақыл айтып отырған адам, не ата-ана тәрбиеленушіні өзіне байлайды, ұқсатады, яғни өзі тақылеттес қылады. «Тақыл» «тақылетті» деген сөздің қысқартылған түрі. Он үшінші қара сөзінде хәкім иманның екі түрін айтып отырып, біреуге ұқсап жеткен иманды иман тақлиди дейтінін жеткізеді.
Бұдан келіп ұққанымыз, жүргізген тәрбиеміз, жасаған идеологиямыз «пайдасыз ақылға» негізделсе, онда бала дұрыс тәрбиеленбейді, ата-анасына ұқсамайды, атадан баланың ойы өзге болады, халық бірлікке ұйымайды, айтқанға жүрмейді. Ең бастысы, жақсылыққа шақырушы, «пайдалы ақыл айтушы» әуелі өзі «жақсы» болуы, үлгі көрсетуі шарт, сонда ғана барып «пайдалы ақыл, байлаулы тақыл» болмақшы, сонда барып қана «сөз түзелді, тыңдаушы сен де түзел» деуге қақымыз болмақ. Сөзбен айтылған ақылына істеген ісі келіспей жатса ол да «пайдасыз ақыл», «байлаулы тақылға» бастай алмайды.
…Пайдасыз ақыл —
Байлаусыз тақыл,
Атадан бала ойы өзге.
Санасыз, ойсыз жарым ес,
Өз ойында ар емес…
Хәкімнің «пайдалы ақылына» еріп, «тақылына байлана» білсек, «ақыл бірлігіне» жетіп Абай мен бүгінгі ұрпақтың ойы бірге болып, алға басамыз ба деген үміт алға жетелейді…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір