ИНДОНЕЗИЯ ИІРІМДЕРІ: Исмаилдан… Идаватиға дейін!
13.11.2020
831
0

«Слышите? Это ребёнок плачет у соседа,
Плачет жалобно, громко.
Только родился, у акушерки в руках,
Ешё весь в крови,
А уже висят на нём долги —
Десять миллионов рупий.

Станет он хлеборобом,
Будет оплачивать горожанам рис.
Станет жителем города,
Будет оплачивать богатым бизнес.
Отдавая налоги,
Будет оплачивать пули,
Предназначенные для него самого.

Попробуй дать ему наставление.
Не успеешь договорить —
Как он тебя описает.»
Тауфик Исмаил,«Ребёнок, родившийся в мае 1998»
(орыс тіліне аударған Виктор Погадаев).

«Естідіңіз бе? Сәбиі жылауда көршінің.
Аянышты үні, өксігі қатты өршіді.
Туғаны жаңа, әлі акушердің қолында,
Тіпті қан ізі құрғамаған да тәрізді,
Туар-тумастан мойнына іліпті оның да —
Он миллион рупий қарызды.

Диқан боп ертең, егінін ексе далада,
Күрішпен өтер қалалықтардың нәсібін.
Тұрақтап қалса қалада,

Байларға жалданып, өркендетеді кәсібін.
Салықтарын да берер ол,
Оқ-дәрісін де төлер ол,
Түбінде өзіне атылатұғын, әсілі.

Жөн сілтеп оған, ақылыңды айтып көр енді.
Түйіндеп үлгергеніңше —
Үстіңе сиіп, малмандай қылар денеңді.»
1998.

Халқының саны 267 миллион адамнан асып жығылатын Индонезия дүние жүзіндегі ең ірі мұсылман мемлекеті болғандығына қарамастан, 17508 аралдан тұратын, қолданысында 707 түрлі тіл шоғырланған елдің ортақ тілінің пайда болғанына жүз жыл толмағандығын және біртұтас дәулет ретінде тек 75 жылдық тәуелсіз тарихы барын ескерсек, Индонезияның ұлттық әдебиетінің әлемдегі ең жас әдебиеттер қатарында болуы да әбден заңды құбылыс болмақ.

1928 жылы Индонезия Жастарының Конгресінде малай тілінің негізінде түзілген, алайда, морфологиялық тұрғыда жеңілдетілген индонезия(Bahasa Indonesia) тілі сол кезеңде әлі де Голландияның отары болып тұрған,  болашағы бұлыңғыр бұл елдің ортақ тілі деп бекітілгенге дейін, барша Индонезия халқына ортақ әдебиеттің болмағандығы бесенеден белгілі.

 Елдегі негізгі этникалық топтардың қолданысындағы ява, сундан, мадур, минангкабау, батак, буги, бетави, ачех, бали, муси, лаха, баджо, калимантан сияқты басты тілдер мен үлкенді — кішілі жүздеген тілдердегі ауыз әдебиетінен бөлек бір ғана әдеби бағыт бар еді бұл аралдарда. XIII ғасырдың екінші жартысында Азиядан араб жиһанкездерінің арқасында сунниттік Ислам келіп орныққалы осы өлкедегі ұлттардың танығаны араб тілінен енген кірме сөздермен шұбарланған малай тіліндегі жазба әдебиет (пантун, шайыр, гуриндам сынды поэтикалық формалар) болатын.

Өзінің 695 тірі тілдерімен (12 тіл кейінгі бір ғасырда жойылып кеткен!) қатар әрқилы қауымдастықтардың қолданысында араб, тамил, малай, қытай(хакка,  хоккиен, мандарин диалектілері), жапон, ағылшын, голланд, португал тілдерінің жүруі қалыпты жағдай саналып, Индонезияның тіл саясатында плюрилингвизм бағдарын ұстанғанымен, әдебиеттанушы ғалымдарының  ұлттық әдебиеттерінің жылнамасын жиырмасыншы ғасырдың жиырмасыншы жылдарынан бастауына сай, біз де бүгінгі шолуымызды осы зерттеулерге орайластырмақпыз.

Қазіргі тілде туындыларын дүниеге әкелген Индонезияның алғашқы ақындары Мохаммад Ямин мен Рустам Эффенди еді. Олардың жырлары дәстүрлі ислам әдебиетіне тән үлгіде жазылса да, көш басында болған бұл шайырлардың шығармалары көркемдік ауылынан шеткері қоныстанған, әлі де бір қайнауы кем дүниелер болатын.Олардың ізбасарлары саналатын Амир Хамзах («Жалғыздық жырлары», 1937 ж.) пен «Пуджангга Бару» қоғамының (1933-1942 ж. а.) негізін қалаған Сануси Паненің («Бұлттардың гүлі», 1927 ж.,«Жиһанкез жырлары», 1931 ж.) төңірегіне жиналған Я. Татенгкенг бастаған  ақындар да жаңа, қуатты әдебиеттің іргетасын қалай алмады. Тек «45-толқын» атанған Хайрил Анвар бастаған бұла буын ғана ескі үлгілерден ес жиып үлгерместен социалистік реализмге саналарын улаған, үгіт — насихат «майданында» улап-шулаған шұбар топтан қара үзіп, өміршең өлеңнің өлкесіне сүрлеу салған екен. Осы шоқжұлдыздай шоқтығы биік шағын орта ғана шынайы поэзияның қандай болатынын миллиондаған адамдарға жеткізе алған-ды. Көркемдігі кемелденген Анвардың асқақ жыры дәстүрлі өлеңнің қалыбына сыймай, Индонезияның буыны бекімеген балаң поэзиясына верлибр үлгісін, әлемдік ең үздік өлшемдерді әкелгенімен, әлі де әлжуаз әдебиет кемерінен асып, тасып — төгілген ақын жырларын құшақ жая қабылдай қойған жоқ. Онымен үзенгілес қаламгер Ситуморанг Ситор да тура сол жағдайға тап болды.

Тура сол әдебиеттегі әурелі кезеңде поэзия көкжиегінен көркем көш көрінді…«66-толқынның» артынып — тартынған, ауыр жүгін ауып қалмастай қамдаған қуатты қосыны, көлікті көші еді бұл! Жоғарыдағы жыр жолдарының авторы Тауфик Исмаил бастаған баһадүрлерге ерген жаңа дәуірдің барша дауылпаздары лек — легімен келіп, Индонезияның бұрын — соңды болмаған, әлемді елең еткізген әдеби дәурені басталды.

 1963 жылы Тауфик Исмаилдың қаламынан туындаған «Мәдени манифест» бүтін бір дәуірдің рухани сілкінісі болып, ел болашағының бейнесін белгілеп берді.1966 жылы студенттер көтерілісі кезінде қаза тапқан Ариф Рахман Хакимге арналған ақынның «Қанға боялған қамзол» атты жыры Сукарно билігін төңкерген бірінші революцияның, «Индонезиялық болғаныма арланамын» атты арнауы 1998 жылы диктатор Сухартудың түбіне жеткен екінші революцияның әнұранына айналған екен.Сексеннің бесеуіне келген қарт шайырдың шығармалары көптеген тілдерге аударылып, архипелагтың абызы көзінің тірісінде алпауыт ақын ғана емес, Индонезияның ұлттық құндылығы ретінде бағаланып, есімі алтын әріптермен тарих тақтасына таңбаланып үлгерген.

Ұлтының ұраны болған ұлы тұлғалардың қатарында реалист һәм лирик, интимдік поэзияның хас шебері, былтыр ғана дүниеден озған Таригануды(«Сен келдің»,«Сүйісу»,«Сиқыр»,«Моджаһедтер»), арқалы ақын, арынды аудармашы, тіл біліміне теңдессіз үлес қосқан ғалым, биыл жазда келмес сапарға аттанған Сапарди Джоко Дамононы(«Сенің мұңың мәңгілік», 1969 ж.), туындыларын бірнеше  тілде жазған полиглот ақын, ұлағатты ұстаз, 1971 жылы Мәскеуде көз жұмып, Ресей астанасынан топырақ бұйырған Интойоны(«Ваянг»,«Біздің сезімдер»,«Жел сынды») атауға болады.

 Көзі тірі жыр жампозы Сутарджи («Көз жасының мекені», «Амок Капак», «Бөтелке») мен он бір жыл бұрын дүние салған Рендраның («Сүйіктілер жайлы баллада», «Бониге арналған блюз», «Ескі шәркейдің жыры», «Мастодонт пен кондор») бұл тұлғалардың баршасынан мәртебесі биік тұрғаны анық. Әсіресе, саяси қуғын — сүргінге ұшырап, ғұмырының ширегін абақтылар мен айдауларда өткізген Рендраның тағдыры — бір жұмбақ әлем.

«Железная клетка. Орёл.
Не может он стать попугаем.
Он небо навек приобрёл,
А в клетке он только страдает.»
Рендра,«Орёл»(орыс тіліне аударған Ю. Носков).

Қазақ тіліндегі нұсқасы:

«Темір тор. Қамақта қыран.
Ол мүлдем тотықұс бола алмас.
Көкті алған мәңгі ол Жаратқанынан,
Ал торда құсадан оңалмас.»

«Индонезия әдебиетіндегі ең ұлы ақын кім?» — деген сұраққа, мен сенімді түрде Рендраның атын атар едім.  Оның жырлары — отанының оты, ең қымбат қазынасы, жүрегінің лүпілі! Бес күн жалғанда бар бейнетті түгелдей еңсерген есіл жырдың егесі бірнеше мәрте Нобель сыйлығына ұсынылып(бес рет!), ақыры ол «саяси салдақы»  айбоз ақынға бұйырмаған екен.

 1998 жылы орын алған толқулар кезінде Рендра Парламент мінберінен елінің жан жарасына айналған жағдайларды жалынды жырымен жеткізіпті.

«Мы корни гнилые едим,
А вы при пшеницах в складах.
Теснимся, как в норах сидим,
А вы разместились в дворцах…
Лишь нам адресован закон,
Не писан, известно, вам он.
Все мы как потоки реки,
Вы — камни суровой строки.
Но было известно всегда,
Что камни разрушит вода.»
Рендра,«Стихи разгорячённого человека»(орыс тіліне аударған Ю. Носков).

Қазақ тіліндегі нұсқасы былайша болды:

«Қорек еттік тамырларды шіріген,
Сендерде еді бидай толы қамбалар.
Сығылыстық, сығалап аң інінен,
Сарайларда ордаларың «жан бағар»…
Тек біздерге жазылған ғой заңымыз,
Сендерге оның еш қажеті болмады.
Өзендердің ағынымыз бәріміз,
Сендер — тастар, ең қатыгез жолдағы.
Бір анық бар жеткен күні бүгінге,
Тастарды да су талқандар түбінде.»

 Бұдан артық айта алар ма едік?! Айтармыз… Алайда ол басқа жыр, бөлек шер болмақ!

 Ел үкіметі көпшілік орындарда өлең оқуға тыйым салғанымен, Рендра жыр жазуды ұмытпаған және ұлтының ұлы қайғысын дәйім жадында ұстаған. Өзі түскен, түсірген деректі һәм көркем фильмдердің оқиға желісін осы тақырыптарға құрып, ұлт мүддесін туындыларының тұғырына айналдырған.

 Профессор В. Сикорский, Л. Демидюк, В. Аракин сынды орыс ғалымдары аталмыш кезеңдегі Индонезия әдебиетін терең зерттеп, Ю. Носков пен В. Погодаевтар бұл ғажайып елдің ең үздік поэтикалық үлгілерін өз тілдеріне аударған екен. Біздің тілде аударма ісі кенжелеу қалып, бұл болашақта мықтап қолға алатын ауқымды бағыт болмақ.

 Индонезия поэзиясының тағы бір керемет тұсы — әйел затынан шыққан төрткүл дүниеге танымал ақындардың көптігі.Ең алғашқы қарлығаш Тути Хэратиден(1933 ж.т.) бастап, ең жас ақын Экастамахараниге(1989 ж. т.) дейінгі баршасының шығармашылығын қамтыған,«Стихи со склона горы»(Аниса Афзалдың жырымен аттас!) атты антологияны Ресей мен Беларусь үкіметтері бірігіп былтыр ғана басып шығарған еді. Кітапты құрастырған Хилда Винар мен Виктор Погадаевтың(29 ақынның туындыларын түгелдей өзі аударған!) еңбегі ерен, өнегесі өлшеусіз екені дау тудырмаса керек. Осы антологияға енген ақындардың ішінде біреуі дараланып тұрады… Эви Идавати есімді ерекше ақын ол! Әлемдегі ең ғажап поэтикалық формаларды қамтып, айтар ойын аса көркем айшықтай алған аяулы ақынды өз басым Тауфик Исмаилдың нағыз Тәңір тілеуін берген мирасқоры деп таныдым. Жаңа дәуірдегі әлемдік әдебиетке құбылыс ретінде келген ақынның жырлары жайлы әлі талай айтарымыз анық… Алла қаласа!

Заманауи орыс жазушысы Виктория Токарева осы антологияға қатысты пікірін мынадай жолдармен түйіндеген екен:«Шынайылықтың не екені бізге түсінікті. Ал талант деген не… Өзім де анық білмеймін, бірақ ішім сезеді. Бұл дегеніңіз жазу барысында бойыңды бір сәуле мен сүйінішке толы күштің кернеуі. Кейін бұл күш оқырманға да дариды.  Егер қаламгер талантты болмай, тек еңбекқорлыққа малданса, ол парақтардан бас ауруынан өзге ештеңе таппайсыз…

Дегенмен, әйелдер поэзиясы бар ұғым. Ер адам өз шығармашылығында құдайға қараса, әйел заты ерлерге қарайды! Әйел өз табиғатынан құдайға барар жолды ерлерден, махаббаттан табады. Алайда, махаббат нысаны мінсіз бола бермейтіні бар ғой. Сондай тұстарда мұң құшқан әйел заты қолына қалам алады… жазады. Әйелдер шығармашылығының ең негізгі тақырыбы — мінсіз мұратқа құштарлық!..»

Мен келісемін… Сіз ше?!

АЛАШТУҒАН

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір