Қойылымға айналған күнделік
27.10.2020
1038
0

Адами ғұмырдың айнымас куәгері – күнделік. Жан баласының ең аяулы сезімдері мен көңіліне қаяу салған сәттер күнделік беттерінде ғана шынайы сыр шерте алатын болар, сірә. Ал осынау ақ қағазға ақтарылған тебіреністер мен өмір өткелдерінің көрінісі көпшіліктің ойын қозғап, көз алдынан өтуі мүмкін бе? Мүмкін екен. Жас режиссер Фархад Молдағали мен ақын Мақпал Жұмабайдың бірлесіп жасаған Kundelik Projekt жобасы қазақ драматургиясын жаңа жанрмен толықтырды. Халық әртісі Асанәлі Әшімовтің «Менің жанрым – күнделік» кітабынан желі тартқан спектакль өнер кеңістігіне тың сүрлеу салғандай. Бұрын-соңды үлкен сахна мен жарқ-жұрқ еткен шамдарға, гримделген актерлер мен көз жауын алар декорацияға көз тоқтатып үйренген көрермен бұл жолы адам жанының қалтарыс-бұлтарыстарына үңілді.

Премьера өткен күні алғашқы минуттарда спектакльдің кейіпкері әрі тұңғыш көрермені – Асанәлі Әшімовтің жанарына іркілген жасты көрдік. Мұның себебін залға кірген сәтте сезіндік.
Қараңғы бөлме, әуен, естеліктер, заттар мен бейнежазбалар… Өзге қыбыр еткен жан көрмейсіз. Мұнда түрлі кейіпке еніп, рөл сомдайтын әртістер жоқ. Тек адам жанының түкпіріндегі сезім иірімдері ғана қозғалысқа түседі.
Қазақ сахна және кино өнерінің дара тұлғасы Әнуар Молдабековтің ауруханадағы сәттерін баяндаудан басталған аудио-қойылым өз тұңғиығына бойлата берді. Замандасынан, сахнадағы, өмірдегі досынан айрылғандағы жан қиналысы, күрсінісі аңыз адамның әр демінен сезіліп тұрды. Себебі үнтаспа арқылы күнделікті оқып отырған да актердің өзі еді.

Жұбайының қандай абзал жан екеніне, оның асыл қасиеттеріне тоқталған күнделік иесі, «Майра ауырыңқырап жүр» деген сәттен әр күнін жарының денсаулығының оңалуын тілеумен өткізгенін жазған. Майра апайдың өмірі үзілгені айтылған шақта жанардан ыршып түскен жасты аңдамай қалдық. Суреттердің арасынан Майра Айманованың бейнесін іздеп, қайғысы қалыңдаған Асанәлі ағаның сол шақтағы күйін дәл өзіндей түйсіне алмасымызды білдік.
Асыл жарының дүниеден өткеніне есеңгіреп жүрген жан үшін көп ұзамай қос ұлының қыршынынан қиылғаны тіпті ауыр тигені тыңдарманды да ауыр күрсіндірері хақ. Халық құрметіне бөленіп, өнердің өрісін кеңейтіп жүрген тұлғаның мықтылығына, жаны сірі жан екеніне қайран қалдық.


Шаңырақтың берекесін кіргізіп, отбасының ұйытқысына айналған, қиын кездерде ұлына демеу болған Тәжіхан әжейдің даналыққа тұнып тұрған сөздері де күнделік беттерінде тіл қатады.
Актер өмірінің түрлі кезеңдерінен алынған үзінділер тұлға болмысын танытар тұтас галереяға айналған. Күнделік парақтарынан таспаға көшірілген тағдыр жолы кім-кімді де ойландырмай қоймайды. Қойылымды жалғыз отырып зерделеген әр көрермен үшін айналасының, жақындарының қадір-қасиеті тіптен арта түскені сөзсіз.


OzgeEpik заманауи өнер кеңістігі бастаған жоба әлі де көптеген тосын жаңалықтарымен қуантады деп ойлаймыз. Идеяның қалай туғаны жөнінде жоба ұйымдастырушысы Мақпал Жұмабай: «Алғашқы кейіпкер ретінде Асанәлі ағаны таңдауымыздың әр алуан себебі бар. Қазақ руханиятындағы орны бөлек тұлғаның тағдыры негізінде әр адамның тағдырын көрсеткіміз келді. Менің ойымша, Асанәлі ағаның күнделіктегі бейнесімен бетпе-бет қалу арқылы адам өзімен бетпе-бет қалады. Осы тектес қадамдар біздің өнер үшін өте керек. Ең әуелі өзімізді тану үшін керек. Асанәлі аға – өте жаңашыл, көзқарастары заманмен үйлескен, тіпті осы дәуірден оза туған адам ғой. Сондықтан шөбересіндей жастардың ұсынысын бірден жылы қабылдады. Мұндай қолдау өнердегі жаңа толқынды қанаттандыра түседі.
Kundelik Projekt жобасы адамдардың күнделігі негізінде қойылатын спектакльдерден тұрады. Оның формасы әртүрлі болуы мүмкін. Біз бұл жолы аудио-спектакль нұсқасын таңдап алдық. Қарапайым адамның күнделігінен бастап, жалпы адамзат тарихында өзіндік орны бар азаматтардың күнделігі театрландырылған қойылымға айналады. Kundelik Projekt арқылы бүгінгі заманның өзекті мәселелерін көтереміз деп ойлаймын.


Қазір Қазақстандағы, басқа да көптеген елдердегі өнер кеңістігі әдемілікті жақсы көреді емес пе, әдемі болмаса, қабылдай алмайды. Біздің шынайылыққа қарай қадам басқымыз келді. Бұл проектілерде шындық және жан ұғымы ғана маңызды. Адамдардың жанын түсінуге ұмтыламыз. Сыртқы формаға емес, ішкі формаға жұмыс істейміз.
Ата-анаммен Флоренцияға барған сапарымызда шіркеудегі опера концертін тамашаладық. Әйгілі опера жұлдыздары шіркеу ішінде екі жарым-үш сағатта ғажап өнер көрсетті. Сонда он шақты ғана көрермен жиналған. Алғашында қысылып отырдым, өйткені сахнадағы адам жиналған көрерменнен көп еді. Өзге шетелдік меймандардың да үлкен өнерге аздаған адамның жиналғанына абыржып отырғаны байқалды. Бірақ біршама уақыттан кейін өзімізді жайлы сезіне бастадық. Көңіліміз де орныққандай болды. Сол кеш менің көзқарасымды түбегейлі өзгерт­ті. Биік өнер жеке-дара адамдарға да жұмыс істей алады екен. Бізде қазір өнердің бағасы көрерменнің санымен өлшенеді. Бұл қадамымызды сол түсінікке қарсылық деп есептеймін», – деп, өзгешеліктің сырын ашты.


Театрсүйер қауымды жаңаша тұрпат­тағы спектакльдерімен көзайым етіп жүрген Фархад Молдағали: «Жобаның басты ерекшелігі бір көрермендік театр болғанында. Көрерменнің жалғыз отырып, Асанәлі ағамен сырласқандай күй кешуін қаладық. Өнер иесінің өнердегі, кино, театр саласындағы жетістіктерін кез келген жиында, үлкен сахналарда айқайлап айтуға болады. Ал бұл жерде Асанәлі ағаның жүрегінің түкпірінде жатқан жақұтқа қол тигізіп отырмыз. Яғни өте нәзік дүниені алға шығарғымыз келді. Қайраткер өміріндегі трагедиялы сәттерді көптеп алғанымыздың себебі де актер Асанәлінің емес, адам Асанәлінің бойындағы қасиеттерге жан бітіру еді. Сондай шырғалаң сәттерді бастан өткере отырып, мойымай, мүжілмей, еңсесін тік көтеріп жүру үшін Асанәлі болып туу керек шығар. Күнделікті оқып отырғанда мені таңқалдырған дүниелер жиі кездесті. Мысалы, бірде ағамыздың саяжайдағы үйіне баспанасыз жас отбасы ескертусіз кіріп алыпты. ««Таза ұстаңдар» дегеннен өзге ештеңе айтпадым», – деп, өнер қайраткері қазақтардың өз жерінде, өз елінде үйсіз-күйсіз жүргеніне күйінеді.
Қандай дархандық десеңізші?» – дейді таңданысын білдіріп.


Жарынан, қос ұлынан, анасынан көз жазып, жапырағынан айрылған жеміс ағашындай күй кешіп жүрген Асанәлі Әшімовтің өміріне шуақ енгізген Бағдат апай сахна сыртында: «Көрермендер күнделікке қатталған сөздерден жан азығын алады деп ойлаймын. Сөздің құдіреті адамды тебірентіп те, теңселтіп те жібереді ғой. Сол толғанысты әр адам сезінетін шығар. Асекең қалыпты күндерде де дүниеден өткен достары, ұстаздары, әріптестері хақында айтқанда көңілі босап, көзіне жас алатыны бар. Қазір де байырғы күндерге, өткен ғасырларға қайта бір барып келгендей күйде отырған шығар деп ойлаймын», – деп, өзінің де толқып тұрғанын жеткізді.
Иә, өмірі өнерімен өрілген дарын иесіне аудио-спектакль қатты әсер еткені бірден аңғарылды.


«Қазақ болып туғаныма қуанам,
Әсіресе, оның өнерін қуғаныма қуанам.
Экранда, сахнада жақсы кейіпкерлер жасап,
Әр күні қайта туа алам.
Қайғы-қасірет қанша көп болса да,
Белімді бекем буа алам»
Осы жыр жолдарымен сөзін түйіндеген Алаш ардақтысы жаңа сипаттағы жобаға сәттілік тілеп, ризалығын білдірді.

Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір