Әзілмен аяқталатын КҮНДЕЛІК
21 қаңтар, 1984 жыл
Редакциядағы лездемеге редколлегия мүшелері қатысқан үлкендеу басқосу болды. Оған редколлегия мүшелері – Зейнолла Қабдолов, Нығмет Ғабдуллин, Қалаубек Тұрсынқұлов, Дулат Исабеков қатысты.
З.Қабдолов:
– Редколлегия мүшелері түгел емес қой!.. Қатыспайтындарды шығару керек шығар…
Ш.Мұртаза:
– Біз шығара алмаймыз, ұсыныс жасаймыз, бірақ солар өзімізді шығарып жібермесе…
З.Қабдоллов:
– Қарап отырсаң, көбінің вообще керегі жоқ… ауыра беретіндер денсаулығын күтіп басқаларға орын бергені жөн… – деп бадырақ көзімен біздерге шолып қарап сүзіп өтті…
Басқосудағы негізгі тақырып жарты жылдық жоспарды талқылау болды. Соған орай З.Қабдолов сөзін жалғап, керемет материалды, ең алдымен, мына редколлегия мүшелері, өзіміз жазуымыз керек, мен де мақала беремін деп, ары қарай жалпылама сөйледі. Газеттің ажарын мақтаған болды, онысы бізге майдай жақты. Дегенмен арнайы дайындықтың жоғы білінеді.
Нығмет Ғабдуллин айтарын түйіндеп нақпа-нақ айтты: «Қазіргі тарихи романның кейіпкерлері осы күндегідей сөйлеп, толқиды; Пародия жақсы, бірақ 1 2 шумақты ойып алып ойсыратуды әдетке айналдырмаған жөн. Өйткені ондай ұлыларымызда да бар; Аударманың жоспарын қарасақ, Дюманы Қарымсақова деген аударады екен. Міне, нашар аударма қайдан шығады!; Газет-журналдардағы шығып жатқан әдеби дүниелерге шолу жасап, дер кезінде бағасын беріп отыру керек… деген сияқты нақты пікірін келтірді. Дауысы жіңішке, салмақты сөйлейді екен.
Дулат Исабеков біраз нәрсе айтқан сияқты еді, есімде жоқ… Операға бір адамның баруын жазған мақаланы мақтап өтті. «Алпамысқа» бір орыс қана барып, ол алыс қаладан келген Социалистік Еңбек Ері екен, қойдыртып жалғыз өзі көріпті, – деген мәнде әңгіме шертті.
Қ.Тұрсынқұлов кітаптардың өтпеуін әңгімелеп, негізі, Одақтағы шаруашылық төңірегінде ойларын ортаға салды.
Жиналыс барысында қомақты ойлар ортаға салынып, алда атқарар ауқымды шаралар сөз болды.
Газетіміздің 50 жылдығына орай берілген «Халықтар Достығы» орденіміздің Указынан қате жіберіп алып масқара болдық… Республикалық деген сөздегі «ли» түсіп қалыпты… Бейсенбідегі шыққан нөмірді бір кездегі корректорлық «қырағылықпен» оқып отырсам, Указдағы жаңағы қате көзіме оттай басылғаны… амалсыз басшыларға айтуға тура келді. Ел мені «көреген», «молодец» деп көкке көтерген болды… Кезекші Көпенге сөгіс, Әуезді шығару керек деп бұйрық шықты. Ертесінде Берік көрмегенде еш нәрсе болмағандай екен, білмеген де екен… деп даурыққандар да болды. Қатты ыңғайсызданып жүрдім… Қайдам, іле-шала «сүйіншілерде» атойлап шыға келді емес пе…
Сайымжан Еркебаевтың бөлмесіне бара қалып едім, сатирик жазушы Жүсіп Алтайбаев отыр екен. Сәкең ол кісіге: «Халыңыз қалай?» – деп еді, Жүсекең: «Үлкен керуен көштің бірде алдында, бірде ортасында жүрген. Көлігі де көп, елі де қарақұрым кең далада шұбатылған керуен болады. Соның орта тұсында атан түйенің көлеңкесінде еңкіш тартқан кәрі түйелер кетіп бара жатады. Халіміз сондай…» – деді.
25 наурыз, 1984 жыл
Сын бөлмесіне бас сұға қалып едім, Сәкен Жүнісов сөйлеп отыр екен, құлақ түруге тура келді. «Секретарьларға жының келеді! Бәрін өздері қамтып, бірінші өздері тойынған соң ғана артығын алдыңа тартады. Олар мысалы, әке сияқты емес пе? Тапқан тамағын балаға, үйдегілерге беріп барып өзі де соларға қосылмай ма. Ал біздегілер, бірінші өздері жеп тойынған соң ғана, қатқан-құтқанды бала-шағасына тартады. Көрдің бе сорақылық қайда жатыр?! Мысалы, 50-дің шақыру билетін секретарь Қалаубек Тұрсынқұлов екеуімізге бірге жасапты. Салыстыршы, оныкі қатты да, жылтыр қағаз… оның аты-жөні алтынмен апталып жазылған… біздікін жай сүйкей салған… Несін айтасың, бұл бір ғана мысал, секретарьлар бастықтыққа тек алу үшін, жағдайын жақсарту үшін ғана келеді… біздерге олардан опа жоқ!..» – деп қайырды.
Сағат Әшімбаев ағама барып едім, сәл-пәл көңілсіздеу отырған сияқты, мені де бір шаруамен келіп отыр-ау деп ойлап отырған болуы керек: «Аға, өзіңізде еш бұйымтайым жоқ, тек секретариатта болған соң мынау суреттерді жинастырып, керегі болып қалар деп өзіңізге әкеліп отырмын», – деп едім, алып қарап, көңілдене: «Бәрекелді, мұның өте дұрыс тірлік-ей!» – деп алып, бір сілкініп, жағдай сұрап, мәре-сәре болып қалдық. Сұрауына орай шатып-пұтқан болдым. Содан ол кісі көсіліп ақыл-кеңесті көлдей етті… Көкірек көзім ашылып, көңілім көк дөненнен де жүйіткіп әріге кетті… Осындай ағынан жарыла айтары ағыл-тегіл ағаңның болғанына не жетсін…
*Әзіл.
Жақында ғана тамақ іше қояйын деп «Қаламгерге» түсе қалып едім, сатириктер Садықбек Адамбеков пен Көпен Әмірбеков отыр екен, жандарына жайғастым… Соңында екеуінің ішіп-жегеніне Садықбек төлеп жатыр еді, Көпекең официантқа: «Кешегіні де қос және ертең тағы келемін ғой… Сәкең мұнда анда-санда келеді, алып қал…» – дегені.
* * *
Келмеске кеткен социализм дәуірі кезінде, Қазақстан Жазушылар одағында әдеби қор болатын. Сол қордың есебінен жазушылар анда-санда көмек ретінде азын-аулақ болса да тиын-тебен алып тұрушы еді. Сексенінші жылдардың аяқ шенінде сол Литфондыны белгілі жазушы Сәкен Жүнісовтің біршама уақыт басқарғаны бар.
Бірде ақын Жарасқан Әбдірашев Сәкеңе арнайы келіп, көмекке ақша сұрайды. Мүмкін, сол кезде қаржы болмай қалды ма екен, жоқ жазушы ағамыздың көңіл күйі онша келіңкіремей отырды ма екен, Жарасқанды құр алақан шығарып салады.
Әбдірашев те қадалған жерінен қан алатын жігіт, араға бір апта салып, Литфондыға бас сұғады. Сәкен Жүнісов бұл жолы да «қаржы болмай тұр» деп, аузын қу шөппен сүртіпті. Сол кезде Жарасқан Олжастан бастап, Ғабеңе дейін әзіл-шыны аралас эпиграмма жазып дүрілдеп тұрған кезі. Бір күні жұмыста отырып, Сәкеңе эпиграмма жазып, телефон шалады.
– Сәке, өзіңізге арнап эпиграмма жазып едім, соны оқып берсем қайтеді? – дейді жазған қағазын ыңғайлап.
– Оқы, оқы! – дейді Сәкен Жүнісов трубканың ар жағынан. Жарасқан көзіне түсе беретін ұзын шашын бір сілкіп қайырып тастап, әлгі эпиграмманы заулатып оқи жөнеледі:
– Сәкен ағам ер еді,
Сәкен ағам сері еді,
Сәкен ағам бөрі еді,
Қайдан шықты Литфонды?
Литфондыға барды да,
Сәкен ағам ит болды.
Жарасқан эпиграмманы оқып болғанда Сәкеннің үні шықпай, сәл тым-тырыс бола қалады. Әлден соң:
– Әй, бала, мынаны әлі ешкімге оқып берген жоқсың ба? – дейді.
– Жоқ, Сәке, өзіңізге бірінші болып оқып тұрмын. Құдай қаласа, «Жұлдыздың» келесі санына дайындап отырмын. Сіз бұған қалай қарайсыз? – дейді Жарасқан.
– Жаныңда ешкім жоқ па? – дейді Сәкен кәнігі барлаушыдай сақ, сыбырлай сөйлеп.
– Жалғызбын, Сәке.
– Олай болса, айналайын, жаңағы эпиграмманың көзін құрт. Оны менен басқа ешкім де естуші болмасын. Ал қазір тез арада кел де, өзіңе тиісті 100 сомды алып кете ғой, – деп телефон құлақшасын асығыс қоя беріпті.
15 сәуір, 1984 жыл
Нұрдәулет Ақышев, Мұса Рахманбердиев үшеуіміз кезекшіліктеміз. Әңгімеге «Лениншіл жастағы» Саттар араласты. Нұрдәулет оған өз шығармашылығы жөнінде, биылдан бастап жыл сайын кітап шығаратынын айтып, саналы түрде мақтанып тұр. «Мен – кіші Дүкенбаймын… Дүкенбайдың жолын қуамын, оның принцпі дұрыс… Газет-журналдан шықпаған жерім жоқ, ең соңғым саңыраулардың журналына басылды. Баянғалиға: «Келесі жылы да бір кітабым жарық көрмек десем», «қазақ әдебиеті-ақ халтуршиктен арылмайтын болды…» – дейді» – деп, Нұрекең ішегін тарта кеңкілдеп күліп алып, – газеттерден «СҚ» ға, журналдан «Жұлдызға» жазғанды ұнатамын, гонорары көп… айтпақшы, Берік, бүгінгі екі хабар менікі, өткен жолғыны Тұтқабайға қойып жіберіпсіңдер. Оразбек Сәрсенбаев бастығым боп тұрғанда өзі жазғанды да маған қоюшы еді,соған қарағанда Тұқаңда ақша жағы аздау-ау деймін», – деп тоқтаған болды.
Мұсекең: «…Жас кезіңде көрмеген қызық… Есейген сайын баланың әлегінің өзі шашты ағартады екен… Бірақ пәлелердің қылығы тәтті-ай… Общым, әйел мен еркек жылына бір-екі ай бір-бірінен бөлініп, сағынысып көрісуі керек. Әйтпесе жалықтырады-ақ… Күнде көз алдыңда, айтары анау… Жеңгеңді көп күнге ауылына жіберіп жатырмын…
Мұхтар Шаханов туралы Кеңшілік Мырзабеков, мүмкін, өзіне-өзі күйініп, көре алмастықпен артық кетіп айтуы да мүмкін: «Мен Шаханов сияқты айна алдында өлең оқымаймын… Мен Шаханов секілді ағалардың қолтығына кіріп қолқа салмаймын… Мен… әйтпесе өйткенімде, баяғыда-ақ лауреат болмас па едім…» – деп барда отырып кеңінен көсілген болатын. Мұның сөзінде сәл де болса шындықтың ұнтағы бар, қазіргі кезде алар асуыңды тек әрекетпен аласың. Нағыз талант, көзі тірісінде биікке шыға қоймайды, өйткені оның оған тырмысуға мүмкіндігі болмайды. Ал жандайшаптар кеудесіндегі сәл шоғы таусыла салысымен, қалған ғұмырында сол бір қолдан жасаған жасанды шамын мәпелеп, аялап асқар тауға бет алады. Олардың тірлігі тас қараңғыда май шаммен тік құзға өрмелеген жанкештінің әрекетімен бірдей. Ал нағыз талант, бұл қылықты іске асырмақ түгіл, әй, солардың ойына да келе қоймас. Өлген соң халық өзі-ақ ол тұтатқан отты бар жылу, қызу, жарығымен жарқыратып тиісті төбесіне бірақ орнатады…
Сол Мұхтар Шахановпен Литфондының бухгалтериясында кездесіп қалдым. «Өнержайға» бір айға орын алмақ екен. Бухгалтер апай өтініш жаз деп еді, қағаз алып шұқшиып біраз тұрды. Литфондының директорының аты-жөнін сұрады… Литфондының қалай аталатынын сұрады, біраз тұрды, болмады. Кідіріп тұрғанын көріп: «Өтінішті қазақша-ақ жаза беріңіз», – деп едім, бетіме бедірейе бір қарады да, сәл жымиып, кекесінмен: «Ойпыр-ай ә, өтінішті өмірі қазақша жазбап едім, жазып көрейінші», – деп шұқшия кетті. Онысын келтіре алмады… парақтан парақ қоймай бухапайды мазалай берген соң, маған диктовка жасауға тура келді. Өйткені бухапай менің шаруамды істеп жатқан болатын. Бұлай тәптіштеп кеткенім, бұл Мұхаңмен алғаш жолыққандағым еді.
* Әзіл.
Бірде ақын Мұхтар Шаханов: «Менің отырып оқыған оқуым сегіз-ақ класс. Басқасының бәрін сырттай оқыдым»,– депті.
Сонда жазушы Кәдірбек Сегізбаев тұрып: «Білімсіздігіңді мойындаудың өзі – білімділік» деген екен.
30 мамыр, 1984 жыл
Сағат Әшімбаевтың қызмет бөлмесінде үнсіз тымырайып отырмын. Тымыраймай қайтейін, ол кісінің тереңнен тартқан тамырлы әңгімесіне қосып аларым болмай, ыңғайсызданып-ақ қаламын. Бірақ Сәкең оныма көңіл бөлмей көсіліп әңгіме айтып, айызыңды қандырады. Өз басым айтқанына қосып аларым не болмаса дем берер дымым болмай мысым басылады. Оны елеп жатқан аға жоқ, әйтеуір ниетім дұрыс екенін біледі, көсілуінен жазбайды. Бұл кісідей ағынан жарылар ақкөңіл, ініге қамқор азаматтың алдында отыра беруден жалықпайсың. Әр сөзінде, әр айтарында өмірді ұғындырғысы, кейін өкінбейтін іс істеу керегін айтып, өмір құбылыстарын философиялық тұрғыдан түсіндіре, қалтарыс, ықпыл-жықпылдарды ашып көрсеткісі келеді. Нешеме цитата, фактімен сөйлегенде бос сөз жоқ-ау. Сәкең маған жақын інісі болғандығымнан болуы керек шешіле сөйлеп, өз өкініштерін алдыға тарта көңілге қонар аз маз құпиясын ақтаруда. «Істер істі 30 бен 40-тың арасында тындыру керек. Қанда бар қасиет пе, қазақтың небір азаматтары осы 40-қа дейін бітіретінін бітіріп, одан кейін тыныш жүрген екен. Ал орыс халқы, суық жақтыкі болған соң ба кешірек қалыптарына келіп, 40 пен 50-дің арасында шығады екен…» – дегенінде, ойыма бөлмедегі Кеңшілік Мырзабековтің: «30 бен 40-тың арасында өмірдің қызығын көріп, жүріп, ішіп-жеп, армансыз болып барып, 40-тан соң қоғамдық іске араласып, жалпы, халқыңа қызмет істеп, өмірде орны бар азамат болып қалыптасуға тырысу керек» дегені түсіп, бірақ оны әңгіме арасына қыстыра алмадым.
«Айтарым, міне, мен 37 демін, 2 3 кітабым бар. Бітіргенім шамалы, 5 6 жылымның бос кеткеніне, біраз нәрседен қалыс қалып қалғаныма өкінемін… Осыдан шығады, біз уақыт өтіп бара жатыр деп ойлаймыз, тіптен олай емес қой «күн батты, күн шықты» дейміз нағыз қателік осыдан басталады, негізінде, күн бір орнында тұрған нәрсе, айналатын жер екенін біле тұра білгіміз келмейді, сол сияқты, уақыт өтпейді, ол бір қалыпта тұра береді, тек өтетін біз, біздің өміріміз… Иә, Берік, айтар ақылым – көп ізден, еңбектен. Әлгі талант деген нәрсе – шартты ұғым, бұның бәрі еңбекке байланысты. Еңбек болғанда да, жүйелі еңбек. Бізге жетіспейтіні – теориялық білім, көп азаматтар осыдан ақсап жатыр. Білімсіз еш нәрсе жасай алмайсың. Мәселен, кезінде Блокты білімсіз деп есептеген, ал негізінде Блогтің білімі ұшан-теңіз болған. Білімсіз, «ничего подобного», еш нәрсе бітпейді. Керемет туындылар тек білімнің жемісі деп есептеу керек. Сондықтан үздіксіз ізденіс, білім өте қажет. Мәселен, адамды негізінен ұстап тұрған үш нәрсе ғой. Алдымен – зат алмасу, бұл болмаса адам өледі. Келесі – көңіл, қуану, қайғыру сияқтылар адамға қажет нәрселер. Ал үшіншісі – информация, білім. Бұл болмаса адам тоқырауға ұшырап бір орнында қалып кетеді екен…
Негізі, теориялық білім қажет дедік қой, ана сендердегі Оралхан Бөкеевтің жеткен жері, көп нәрсесін 40-қа дейін бітіріп, енді өзін-өзі қайталап қалып жүр. Ары қарай қалай болады, оны да көре жатармыз.
Ең өкініштісі, поколениеден қалып қоймау. Мысалға, ана Өтеген Күмісбаев деген жігітті қайда жатқызарыңды білмейсің, не анда, не мында жоқ бірнәрсе болды да қалды. Бізден кейінгі келе жатқан поколение сендерсіңдер, сол бір шоғыр жұлдыздан өз орныңды ала білу үшін әрекет, тек әрекет керек. Көріну керек, танылу керек», – деп Сағат ағамыз бір сағаттан аса әңгіме шертіп айызымызды қандырды. Көңіл көзіміз ашылып, ұлағатты ғұламаның дәрісінен шыққандай сергек шықтық. Уақыт тар, болмаса тыңдауға біз бармыз. Бір дұрысы, ол кісімен аралас-құралас болып, ол кісіден кітап алып оқитын болдым…
Сағат ағаның әңгімесі біраз серпілтіп, бір мезет болса да санаға сәуле түсіргендей… Мысалға, сол сәуленің әсеріне бүгінгі жігіттердің «басқосуынан» тайқып кетіп, міне, күнделік жазып, оқитын кітаптарымды реттеп отырмын, ұзағынан сүйіндірсін…
*Әзіл
Бір күні Мұзафар Әлімбаев кітап дүкенін аралап жүріп, қазақтың белгілі сыншысы, сол кездегі тележурналист Сағат Әшімбаевпен жолығып қалады. Амандық-саулықтан соң екеуі қосыла кітап қарап жүреді. Бір кезде Сағат оқыстан:
– О, Алла-ай, мына милау автор кітабының мұқабасын қараңызшы, қандай әдемі?! – деп қатты таңырқапты. – Осылардың-ақ жолы болғыш.
Сонда Мұзағаң оған аса мән берместен:
– Сиықсыздар солай сықиып киінеді, – депті.
Сағат Әшімбаевтың үйінде АҚШ жастары қонақ болыпты. Сәкеңнің төрінде тұрған Мұхтар Әуезовтің мүсінін көріп тұрып, біреуі: «Мынау Мао Цзе Дун ба?» – депті. Сәкең ал келіп: «Ол біздің ұлы жазушымыз Мұхтар…» – деп әріден тарта түсіндірсе, әлгі сұрақ қойған: «Е, Шығыстың ұлы адамдары бір-біріне өте ұқсас келеді екен…» – депті.
Берік Садыр