Анекдотпен аяқталатын күнделік
17.02.2024
265
0

Жазушы-сатирик Берік Садыр 1982-1987 жылдар аралығында «Қазақ әдебиеті» газетінің редакциясында қызмет атқарған. Әдеби апталықтың тоқсан жылдық мерейтойына орай, автордың осы басылымда жүрген жылдарынан қалам тербеген күнделік-жазбасын ұсынуды жөн санадық.
Редакция

Шығармашылықтан бөлек күнделік жазуды 1980 жылдың 10 қарашасында қолға алыппын. Жазғандағы мақсат – бұл өз тарихым, өз өре‑қисыным.
Бір данышпан айтыпты: «Баспасөзіңнің бет‑бейнесін айта қойсаң, мен қоғамыңның бет‑бейнесін біле қоямын» деп… Сол айтпақшы, бұнда баяндалатын оқиғалардың негізі біссіміләсін «Лениншіл жас» газетінен бастап (қазіргі «Жас Алаш»), «Қазақ әдебиеті» мен «Егемен Қазақ­стан» газетінде қызмет істеген жылдар қамтылып, сондағы ойға түйгендерді қағаз бетіне түсірдім.
Негізі, бұл жазбаның тақырыбы «Анекдотпен аяқталатын күнделік» деп тұрғандықтан, жазылу барысындағы әр күнгі оқиға баяндалып біте сала, сатирик болғандықтан сөзімді сол күнгі оқиғаға сәл қиысатын анекдотпен түйіндеп отырдым.

Автор

3 сәуір, 1982 жыл
«Лениншіл жас» газетінде секретариат­та қызмет атқаратын кезім. 29 наурыз, дүйсенбі күні ертеңгілік макет көрсетіп, газет­тің редакторы Сейдахмет Бердіқұловтың бөлмесінде тұрғанбыз. Бастық менің бетіме бедірейе қарап: «Сен, бала, шпиондық жұмысты қашан қоясың!» – дегені… Денемнен тоқ жүріп өткендей дір ете қалдым.
…Редактордың «сен, бала, шпион­дықты қой» дегеніне орынбасары Ержұман Смайылов: «Біз де ұрсып жатырмыз», – деп қалды. Мұндайда «құйрығым қылп ете қалды» деуші ме еді… Шыққан бет­те жігіт­тер де: «Не бүлдіріп едің, шпиондығың не», – деп дүрліктіріп барады.
Содан есеңгіреп отыр едім, 11-ге таман секретарша Гүлайна келіп «редакторға» дегенде ілбіп басып, әрең‑пәрең бардым‑ау… Тұнжырап басекеңе кірсем, Сейдахмет аға маған: «Қазақ әдебиеті» газетінің бастығы Шерхан Мұртазаевқа барып келші, сенімен сөйлесетін сөзі бар көрінеді», – демесі бар ма!.. Төбем көкке бір елі жетпей қалды… Ұшып отырып, Жазушылар одағының ішінде орналасқан «Қазақ әдебиеті» газетіне жет­тім. Бас редактор Шерхан Мұртаза аз‑маз сұраған болып, менің келте қайырған жауабымнан соң: «Ал бала, қызметке қабылдайық, қабілетіңді көрсет», – деп, бірден орын­басары Әбіраш Жәмішевті, жауапты хатшы Қоғабай Сәрсекеевті шақырып таныстырды. Сөйтіп, ертесінде «Қазақ әдебиеті» газетінің беттеуіне -түстім де кет­тім.
…Айтпақшы, «Лениншіл жас» газетінде Ержұманның бөлмесінде аз‑маз менімен қоштасу жиылысы өткен сияқты болды. Өтеген, Әділқазы, Несіп пен Қасым сөйлеп, тілектестік білдірді. Сырт­та жігіт­тер де қоршап алып, сәт­тілік тіледі.
…Өзімнің діт­теген жеріме келдім енді тек аянбай әрекет, ерінбей жұмыс істеу керек. Мұндағы әр қызметкер мүйізі қарағайдай әдебиет­тің беткеұстары.
* Анекдот.
Бастық анекдот айтып еді, қарамағындағылар әйда қыран-топан күлкіге батсын. Тек біреуі ғана езу тартпады. Одан:
– Саған не болды, күлмедің ғой? – деп еді:
– Мен ертеңнен бастап бұл жұмыстан боспын, – деді.

29 сәуір, 1982 жыл

Үш күн бұрын КазГУ‑де ақын Төлеген Айбергеновтің 45 жылдығына орай кеш болды. Университет­тің үлкен залы толған студент, ал былайғы ақын‑жазушылар саусақпен санарлық… Ұстазымыз Тұрсынбек Кәкішевке ризамыз. Ол сөзін тебірене бастап әріден әңгіме таратып келіп: «Кей кештер мен кез­десулерге келе алмай қалушы едік, мына кешке амалсыз, бір тылсым күштің итермелеуімен келіп отырмын… Соның бәрі жақсы көретін шәкіртім болғандықтан екен, бұнымды Төлегеннің ұлылығына саямын», – деп тауып айт­ты. Сөйлей алмай кідіріп, дегбірі қашқан Мұхтар Шаханов болды. «Мен ойымды жинақтай алмай қалдым, мына Рымғали маған сөзді бірінші беріп…» дегенде Рекең: «Кешігіп келгенге бірінші беру – бізде дәстүр…», – деп қатырды. Мұхтардың: «Мен Төлегенмен… Маған Төлеген… Мен Төлегенге…» дегендері кәдімгідей артықтық етіп, ақыры өлең оқып құтылған болды… Мұхаң залға кірген кез­де студент қауымы қол соғып еді, ал мына сөзімен онысын ақтай алмады. Студент­тер қол соққанда, арқалы жас ақын Болат Үсенбаев: «Кешіккенге неге қол соғасыңдар!» – деп қалғаны бар. Сөйткен Болатқа сондағысына риза бола кешті жүргізуші Рымғали Нұрғалиев тосыннан сөз берді. Мұны Болат күтпеген екен, тосылып қалса да сөзін баппен бастап, «Түйелер» ат­ты өлеңін оқып аяқтады.

Сөйлегендерді тізімдеп мен отырмын, өйткені газетке осы басқосудан хабар жазуды басшылар маған тапсырған болатын. Ақын Жайсаңбек Молдағалиев жөн сөз айт­ты. Төлегенмен аралас‑құралас болған екен. Айтуынша, бүгінгі осында отырған жары Үрнисамен Төлеген танысу үшін алдымен қыдыртып жүрген итінің тілін тауып, содан соң шешесіне жағып барып, біраз әуреден соң Үрнисаға қолы жетіпті… Осыншама елдің құрметіне бөленіп отырған Төлегеннің қыршын кеткеніне налисың… Екі‑ақ кітап шығарып, отызында кете барған аяулы перзентін елі еш ұмытпас. «Ұлы ақындар ерте өледі» деген сөз анық – Қасым, Мұқағали, Төлеген…
Жанымда Болат­тан бөлек Мейірхан мен Серік отырған. Байқағаным, екеуінде де ақынға тән мінез бар екен, желпініп‑ақ отыр.
Басында редакция жұмсағанда тар­тыншақтаған едім, енді мына кез­десуден соң мұндай көшелі жерге өзім‑ақ, желпініп жетермін деп отырмын.
Айтпақшы, ертесінде болған лездемеде бірінші рет сөйлеген болдым. Фототілші Берсінбекке сын айт­қан болып, оныма ертесінде опынған жай бар. Өйткені ана Көпен мен Құлбекке Берсінбек туыс болып келеді екен… Құлбек болса, беделді сыншы, Көпекең осындағы «Қожанасыр қоржынының» иесі дегендей…
Бастығымыз Шер-ағаның Берсінбекті «көзіне шыбын үймелеген көк өгізге» теңегені күлкі тудырды. «Көк өгізді бала кезімізде қанша сабасақ та былқ етпей тұра беруші еді, сілеміз қатып өзіміз қоятынбыз, мынау тура сол…» , – деп еді, Төлеген Тоқбергенов: «Көк өгіз жерді көтеріп тұр… Сендер бекер күлесіңдер», – деп ақтаған болып еді, бастығымыз: «Өлген нерв тіріледі деген рас па?!» – деп Төкеңе төңкеріле қарап еді, Төкең: «Тірілсе, тірілер еді ғой», – деп жалтыр басын ұстағаны қатып кет­ті… Осындай тауып айтар ұжым ортасына түскенімізге ризамыз.
* Әзіл.
Бірде Берсінбек барда отырып
Баянғалиға:
– Осы Көпенді сабап берсең, өзіңе бүтін бір шөлмек коньяк қояйын, – дегенде Баянғали:
– Ал Көпен екі шиша коньяк қойса, қайтемін… – депті.

15 мамыр, 1982 жыл
…Бүгінгі түстен кейін болған летучкада Бекен Ыбырайымов пен Әлия Бөпежанова: «Макет­те бірізділік басым, кірпіш секілді қаланып қалған», – деп секретариатқа сын айт­ты. Мүмкін жалпы макетке жауапты Қайырбектің жоқтығын пайдаланып отырған болар. Біз де материалдардың тақалғанда қолға тиетінін, олардың жоспарлағаннан бөлекше болып келетінін, оригиналдардағы қателердің өріп жүретінін айтып, ақталған болып едік. Бастық Шерағаң: «Осы газетке жаны ауыратын адам – Берік. Оның шырылдайтынының жаны бар…», – деп алып, бар қызметкерлерін бір сығып алды.
* Анекдот.
Қаламақы алып тұрған бір топ ақын бірінен-бірі дәметіп, ұзақ қалжыңдасады. Қауіп бұлты өзіне жақындап қалғанын іштей сезе қойған Қайрат Жұмағалиев бар салмақты Қадыр Мырзалиев ағасына аудара салғысы келіп:
– Қадекең тұрғанда, менен дәметкендерің қызық екен! Бұл кісі теңіз де, мен сол теңіз жағасындағы кішкене ғана құдық емеспін бе? – дейді мүләйімсіп.
– Мәселе, міне, сонда! – дейді Қадыр Мырзалиев әңгімені қағып әкетіп. – Теңіз болғаныңнан не пайда?! Оның суын ешкім ішпейді. Керісінше, теңізге шығатындардың өзі алыс сапарға ауызсуын осындай құдықтардан алады.

23 мамыр, 1982 жыл
Жұмадағы летучкада Бас редактор Шерхан тарапынан көңілге қонымды үш сөз шықты. Біріншісі – «Мен де аң‑таң, апам да аң‑таң» мақалының шешуін айтып риза ет­ті. Содан соң осы нөмірдегі нашар әңгіменің берілу себебін айта келіп: «Қажығалидың көз жасы мұртына тамшылап болмаған соң бердік», – деп төтесінен тарт­ты.Үшіншісі – «Беріктің де шашы шығар бұйраланып…» дегені.
…Шақырған соң бөлмесіне кіре қалып едім, Шерхан Мұртазаев телефонмен Ғабит Мүсіреповке есеп беріп жатыр. «Ғаба, денсаулығыңыз жақсы ма? Біз де аман‑есен, ілгері ентелеп кетуге шама жоқ, кібіртіктеп кейін де қалуға тағы болмайды…» дегені түйсігі бар адамға біраз нәрсені аңғартады… Шәкеңнің осындай сөзі ұнайды. Кертіп үзеді, кесіп тоқетерін бір-ақ айтады. Әділдікті ұнатады. Өз жұмысыңды жақсы білсең, сенде жұмысы жоқ. Жүзін беріп жымимайды, редакция қызметкерлеріне жүзін салқын ұстайды …
*Анекдот.
Ақын Тоқаш Бердияров «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Шерхан Мұртазаның есігін кеңірек ашып қарап тұрады екен де, кірмей есікті жауып кетіп қала береді екен.
Бірде Шерағаң Тоқашқа жолығып қалғанда:
– Оу, Тоқа, есікті ашасың, бірақ кірмейсің? – дегенде, Тоқаш:
– Қайдан кірейін, қашан көрсем төрде мыжырайып милиция құсап отырғаның, – деген екен…

14 маусым, 1982 жыл
…Бірде ақын Жұмекен Нәжімеденов «Ара» журналында қызмет істеп жүргенінде бір совхозға командировкамен барса керек. Сонда совхоз директоры ренжіп отырып: «Осы сіздер анық арасыздар, уларыңыз адам өлтірерлік, шағасыздар да кетесіздер… Ал мұндағылардың мүшкіл халін бір ойласаңдар еді», – деп мұңын шаға әзілдегенде Жұмекең: «Ара тек шағу үшін емес, бал жинау үшін де шығады ғой…», – деп тәуір айт­қан көрінеді…
Белгілі жазушы, танымал тәржімашы Кеңес Юсуповтың Г.Маркестің «Жүз жылдық жалғыздық» романын аударып, ол туралы баспасөзде жылы-жылы пікірлер айтылып жатқан кез еді.
Бірде «Жұлдыз» журналында істейтін Кеңес Юсуповтың бөлмесінде Асқар Сүлейменов бастаған бір топ қаламгерлер әңгіме-дүкен құрып отырады. Гу-гу әңгіменің үстіне келген Кеңес ағамыз өзінің жұмыс үстелінде отырғандарды мазаламай, әңгімеге құлақ түріп, босағада тұра берсе керек.
– Сіз кімге келіп едіңіз? – деп иек қағады Асекең Кеңес Юсуповқа.
Асекең мен Кеңес Юсуповтың бұрын таныс емес екенін білген жігіт­тер:
– Оу, Асеке, бұл дегеніңіз «Жүз жылдық жалғыздықты» аудар­ған Кеңес Юсупов қой, ол осы журналдың қызметкері, –
деп таныстыра бастаса керек.
Өз-өзінен қыздай қысылып, қызарған жүзін жылы жымиысы көмкерген Кеңеске сынай бір қараған Асекең:
– О, сіз екенсіз ғой… Маркесті аудару дегенің сексендегі шалдың он сегіздегі қызға үйленгеніндей азапты жұмыс қой, — деп ризашылықпен Кеңес Юсуповпен танысып, қолын қысса керек…

27 маусым, 1982 жыл
Түскі ас кезінде жазушылар Оразбек Сәрсенбаев пен Қажығали Мұханбетқалиев тәуірлеу әңгіме айтып, біздің құлақ құрышымызды қандырды.
Оразбек Толстойға Горькийдің жазған хатын оқыған екен, хаттың мазмұнын әңгімелеп бергені керемет болды. Горький Толстойдың ит терісін басына қаптап, адам ретінде кім екенін ашып берген екен. Горькийдің хат жазуына Толстойдың өзі себепкер болған көрінеді. Ол Батыс басылымдарының бірінде революцияны жоққа шығарып, «Адам баласының жетілген қоғамы – патшалық заман», – депті. Осы мезет Қажекең оны оқымағанын мойындап құлдық ұрғанда, Орекең оның табағынан бір мантыны шаншып алып аузына салып жеді, біз риза болып күлдік
…Біраз ас ішіп ішке ел қонған соң әңгіме жазушы адамдардың бар болмысы, әрекеті мен оның ел-жұртқа айтар ақылы, идеясы қарама-қайшы келіп жататынына тірелді емес пе. Бұл әңгімені қозғаған, атын білмеймін, Аянның бұрынғы әйелі болды. Ол дірілдей отырып ашына сөйледі. Оразбек олардың онысын жат қылық, өнер адамына тән нәрсе емес екенін айтып қалып еді, Қажекең: «Мәселен, сіз, қыздарға қарамайсыз, көлденең жүрмейсіз, теріс қылығыңыз жоқ, бұл – сіздің үлкен кемшілігіңіз. Ал бұл әрекет өзіңізге ұнағанмен, әр адам әр басқа, оның болмыс-бітімі, құрылымы бөлек-бөлек болғаны секілді өмірді түсінуі, әр нәрсені түйсінуі әр басқа. Сіз ғой жаңағыңызды қанағат тұтасыз. Мүмкін біз содан әсер алып, өмірге тереңірек үңіліп, інжуін мол етіп теруіміз мүмкін», – деді. Қажекеңде қызбалық бар, айтатынын шыр-пыр болып айтты. Оразбек те өмірдегі адалдықты, мөлдір махаббатты аялай білу керегін көп айтпай-ақ түйіндеп тастады. Ең соңында Қажығали: «Сіздің пәк жүрісіңіз — кемшілігіңіз ал біздің солшыл әрекетіміз – ерлігіміз», – деп мұртын сипап болмаған соң, Оразбек: «Сенің қыз-қырқынға қырғидай тиетініңді білмейтін пенде жоқ. Ал сенің қырып-жойғаның біршама, бұның ерлік, молодец! Ал мына жаман шал тыныш жүр деймісің. Сенен асып түспесек, кем қалмаймыз. Ал мұндағы ерлік – соны ел-жұртқа білдірмей жүзеге асыруда… Көрдің бе, сенің кемшілігің қайда жатыр?» – деп тоқтады…
* Айтылған әңгімелерге орай «ақыл әзіл» келтірейін.
Үйленіп жатқан баласына әкесі: «Балам, саған айтар екі ақылым бар. Біріншісі – алғашқы күннен-ақ жетісіне бір түніңді жолдастарыңмен бірге өткізудің жайын жасап ал. Ал екіншісі – ол түніңді жолдастарыңмен өткізіп, есалаң болма.

9 тамыз, 1982 жыл
Осекеңе бардым. Бұл барысым – менің әңгімелеріме жазған жол­ашарын алып қайту еді. Жазып қойып­ты. Сондағысы:
«Бала кезімде бір жырау қарияның өлеңін естіп едім. Былай дейді:
Сәлем берген ініні «жаным»
десе болады,
Шөлдеп ішкен сусынды «балым» десе
болады,
Инабатты қыздарды «сәнім» дес
болады,
Ерін күткен әйелді «ханым» дес
болады.
Сол қария айтқандай, сәлемін күткен, қағазын күткен, қаламын күткен, қалжыңбасын күткен, қазағын күткен қалжыңбас балаға ризамын!
Баланың мұрты бар, баяғы барымташыларға ұқсайтын тұрқы бар, Нарынқол деген жұрты бар, сықақшы болатын сұрқы бар. Болсын!
Жоғарыдағы қарияның сөзіндей, қаламын, қағазын қатты күтетін бала екен. Қағазың да, қаламың да Құлагердей жүйрік болсын! Құлагер секілді алдыңнан «ағаларың» шықпасын. Айтқаным келсін! Әңгімелері сөзімнің соңында».
Ғажап шыққан. «Лениншіл жасқа» әңгімеммен ұсынатын болдым. Осағаң газеттің бастығы Сейдахмет Бердіқұловқа өзі апарып табыстайтын болды.
«Қаламгерге» жүріңіз деп едім: «Онда барсақ, бассалады», – деп бармай қойғаны жанға жағады, үйдегі жеңгеден қаймығатын сияқты. Ақшаның жоқтығы… Әйтпесе, осындай ағаны керегінше риза ету мына біздің міндетіміз емес пе.
* Анекдот.
«Қаламгер» кафесінде Асқар Сүлейменов, Жарасқан Әбдірашев, Дүйсенбек Қанатбаев үшеуі кофе ішіп, өзара әңгімелесіп отырса, бір жақтан Оспанхан Әубәкіров келіп қалыпты. Өзі әжептәуір қызулау екен.
– Асқар, сен кофеге көшкенсің бе? – депті Осекең тамырдан тартып сөйлеп.
– Кешіріңіз, – депті Асқар, – талтүсте де адам танымайтын болғансыз ба? Мен Асқар емеспін, Зейнолла Серікқалиев деген сыпайы сыншымын.
Осекең бірдеңе айтқысы келіп:
– Ей, Жарасқан! – дей берген екен, ол да сөзін бастырмалатып:
– Кешіріңіз, – депті, – мен Жарасқан емес, Шөмішбай Сариевпін.
Аң-таң болып, айыға бастаған Осекең:
– Дүйсенбек! – дей бергенде, Асқар айтыпты:
– Сіз немене, әркімді әркіммен шатастырып? Бұл кісі Дүйсенбек Қанатбаев емес, Сәкен Иманасов.
Сонда Осекең:
– Сірә, мен Сағи Жиенбаев шығармын, – деп бұрыла бергенде, үшеуінің ішек-сілесі қатып:
– Ойбай, Осеке! Келіңіз, тағы да танысайық! – депті.

Берік САДЫР

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір