Анекдотпен аяқталатын күнделік
12.07.2024
66
0

Жазушы-сатирик Берік Садыр 1982 жылдан бастап 1987 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінде секретариатта, очерк бөлімдерінде қызмет атқарған. Бұл күндері сатираның саңлағы болып танылған жазушы қолжазбасын «Анекдотпен аяқталатын күнделік» деп атапты. Жыл басынан бері аталып өтіп келе жатқан әдеби апталықтың тоқсан жылдық мерекесіне орай автордың газетте қызмет атқарған кезіндегі күнделік-жазбасын оқырман назарына ұсынуды жөн санадық.

30 маусым, 1983 жыл
Бас редактордың орынбасары Әбіраш Жәмішев летучкада: «Сендер машинисткаларға сенбеңдер, олар қайтсек байға тиеміз деп басы қатып жүргендер, сенің қатеңде жұмысы жоқ…», – деп кейігені бар.

* * *

…Алғашқы кітабымның рецензенті Баянғали Әлімжанов болатын. Кітабымды баспада жатқан жерінен өңдеуге алып, Баянғалиға қосымша тағы да айтарың бар ма деп едім, тікелей менің кітабым туралы емес, ол жалпы шығармашылық төңірегінде көсілді дейсің.
– Алғашқы кітабым ғой, әйтеуір шығару керек деген әңгімені доғару керек. Көрінген соң, оқырманға ұсынған соң дұрыстап ұсынған жөн. Алғашқыңнан байқайды ел жұрт сені. Олар жаза, жаза төселер, кем кетігі дұрысталар деп ойламайды. Келесі кітабыңда — «е, мен мынаның біріншісін оқығанмын, қой оны» деп қол сілтейді. Не керек, шығарған дүниең мынау менікі деп ел жұрттан ұялмайтындай болуы керек қой. Ол да туған балаңмен бірдей… Жазған дүниеде адам болу керек, адам болғанда, әлгі көп айтыла беретін образ, тірі бейне, тип көріну керек. Мәселен, Әбдіжәміл Нұрпейісов Арал теңізінің тағдырын беріп жатыр… ей, әдебиеттің предметі теңіз емес, адам емес пе еді… – дегендері есімде қалыпты. Ортаға Сейдахмет Бердіқұлов келіп қалып, Баянғалидың «лекциясы» күрт тыйылып, бір кісідей Сейдекеңнің аузына қарадық. Көпті көрген кісі емес пе, әңгімені әріден қозғайды. Бір кездегі қызметкері маған «қалайсың» демеді. Не екенін білмесем де, бір «түйір» ішінде жатқанын сеземін…
…«Лениншіл жасқа» корректор болып орналасқаныма алты айдан асқан. Бір күні Жазушылар одағының алдында топ болып тұр едік, осы Сәкең келіп есендесіп, бір-екі жігіттің хал-ахуалын сұраған болып, соңында маған: «Осы сенің жүзің таныс, қайда қызмет істейсің?..» – дегені. Қипақтап әрең-пәрең: «Өзіңізде… «Лениншіл жаста», – деп едім, көзін одырайта бір қарап: «Ойбуй, бір жерге баруым керек еді», – деп жөнеле берді. Көріп тұрмыз – желкесі күліп барады.
Сол мезетте қасымызға келіп қалған Ғафу Қайырбековқа жамырай амандасып едік, ол кісі «Қасқалар, қалайсыңдар?» деп бір әзілін айтып ішке ене берді.
Қарап тұрамыз ба, әзілінің ізін суытпай Ғафекең туралы әзіл айтылды.
Ғафекең іссапарға өзімен барған адамды ой кеп жер көкке тигізбей мақтайды екен. Мақтап-мақтап келіп, ең ақырында сөзін: «Өзі менің қарамағымда істейді…» – деп бітіреді екен сөзін. Не болмаса, «Жүгір, чемоданымды алып кел», – дейді екен көптің көзінше…

* * *

Ғафекең баспаның кітап шығару комиссиясының мүшесі болса керек. Бір талқылауда комиссия мүшелері «бұл жолғылар өңкей халтуршиктер» деп, бәрін түкке алғысыз етіпті. Сол құрамға басқалармен бірге Ғафекеңнің бір досының кітабы да еніп, сөз алған Ғафекең өзінің досы туралы: «Жарайды, бұл жолы кемі бес кітабы бар халтуршикті іреп сойыпсыңдар, арасындағы мына біреуінің кітабын шығарайық, өйткені ол аналардан әлдеқайда көп кітап шығарған белгілі де белді халтуршик қой», – деген екен.

* * *

«Жұлдыз» журналының летучкасында бір қызметкер: «Біздің айлықты көбейту керек, журналдың юбилейіне орай осыны сұрайық», – демей ме. Сонда бас редактордың орынбасары Ғафу Қайырбеков жан жағына қарап алып: «Тәйт әрі, біреу естіп қоймасын, істеп жүргенімізге орай алып жүргеніміз жетеді… а то, жартысын алып қойып жүрер» деген көрінеді.
12 шілде, 1983 жыл
…Есіме бір бірін толықтыратын екі оқиға түсіп тұрғаны. Осыдан екі жыл бұрын «Лениншіл жас» газетінің вестибюлінде тұрғанбыз. Құлбек Ергөбектің осы газеттің әдебиет бөліміне келген кезі. Көпен Әмірбеков вестибюльден өте шыққан Құлбекті сұқ саусағымен нұқи Қамбар Керейқұловқа: «Мінә біреу қайдан келген?!. Өзі музейден келген дей ме!? Көп ешкім біле бермейді екен өзін. Шіп-шикіл піскен қауындай жер сипалаған біреу екен…», – дейді. Одан әрі Қамбар Құлбекті сөйлетіп, әлгі шикіл сарының мұнда килігіп біреулердің күшімен тосын келгенін, әдебиетте ешкім білмейтін біреу екенін айтқызады.
…Күндер өтеді. Бір күні Қамбар Көпенге кезіккенде: «Көпеке, өткендегі вестибюльдегі сөзімді кешір… Құлбек сенің інің екен ғой…», – депті.
…Тура осы кеп тағы бір қайталанғаны бар… Сыраханада әңгіме соғып отыр едік, бір жас жігіт жанымызға келіп жайғасты. Есімі Базарбек Түкібаев екен. Ол да аздап әзіл-сықақ жазады екен, әңгіме сатира төңірегінде өрбіді. Қыза, қыза келіп, реті келгенде мен сатира тізгінін ұстап отырған Көпен Әмірбектің бұрыс қылығын, жалпы сатираға дұрыстап көңіл бөлмейтінін, мені шығарғысы келмейтінін, жастардың аяғынан тартатынын, әр адымы есеппен атталатынын айтып көсіліппін… Базарбек те мені қоштап әңгімеге от беріпті… Не керек, Көпекеңді біраз төпелеп тарағанбыз… Кейін сондағы әңгімені Көпеннің аузынан естіп… Сөйтсек, ана жас пері – Базарбек Түкібаев – Көпекеңнің інісі екен…
* Анекдот.
«Той дегенде қу бас домалайды» демекші, Еуропада тарыдай шашырап жүрген қазақтар үшін айтыс өткізіп, ән-жырдан шашу шашпақ мақсатында белгілі ақын Жүрсін Ерман бастаған бір топ өнерпаздар артынып-тартынып Парижге аттанады. Олардың арасында әзіл айтпаса әрі кірмейтін белгілі сатирик Көпен Әмірбек те болса керек. Ол әңгіме арасында жанында отырған әнші Сәуле Жанпейісоваға қалжыңдап:
«Қазақтың мынау Көпені,
Төсекке әкеп кофені,
Бүлкілдетіп көрпені,
Жасайды ол бөпені» –
деп, бір шумақ өлеңді қайырып тастайды.
Өлең шығармайтын қазақ болмаушы ма еді, Сәуле де дереу іліп әкетіп:
«Қазақтың мынау Көпені,
Төсекке әкеп кофені,
Бүлкілдетіп көрпені,
Жасаймын дейді бөпені.
Бірақ оған Көпеннің
Шыдамайды кө… ені, –
деген екен.

 

Берік Садыр

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір