Әзілмен аяқталатын күнделік
10.10.2024
497
0

26 тамыз, 1983 жыл.
Көпен Әмірбеков отыратын бөлмеге бас сұға қалып едім, сатирамыздың саңлағы Жүсіп Алтайбаев жұлқи әңгіме айтып отыр екен, тыңдай қалдық.
— Мен – қырық жыл баспа, басылымда қызмет істеп, 34 жыл редактор болған адаммын. Қазір соныма өкініп жүрмін. Бастықтығымды қайтсем сақтап қаламын деп жүріп, көп нәрсені жоғалтып алыппын. Бастықтыққа ұмтыла көрмеңдер… опа бермейді. Ал мына сендерге қарап, жыным келеді!.. Осы отырғандарыңда әдебиет­ті көркейтейін, сол жолда барымды салайын деп жүрмісіңдер! Мә, мынауымды!.. Редакторыңнан бастап мына бәрің өз шаруаң, өз қамыңды күйт­теп қана жүріп жатырсыңдар! Өтірік деші қане! Ел жұртпен жұмыс істеуді қойғансыңдар. Е, қой, сендерге еш сенудің қажеті жоқ… — деп қолын бір сілтеп шықты да кет­ті.
* Әзілдер
Көпен лимонад алып бір қызбен «Қаламгерде» тұрса, қарындасы: «Лимонадпен айналдырған сіздей жігіт­ті бірінші көруім…», – деген екен.

***

Жүсіп Алтайбаев үлкен қызметінен түсіп қалған мезгілде ол кісіні жоғарғы жақ шақырып: «Ақмолаға облыстық газетке бас редактор болып барыңыз» десе, бармапты. Содан тағы шақырып: «Ақтөбеге барыңыз», – десе: «Молаңа бармаған мен, төбеңе барамын ба?..» – депті.
19 желтоқсан, 1983 жыл.
Бүгін Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының пленумы болып, онда ұйымдастыру мәселесі бойынша Жазушылар одағы басқармасының бірінші секретары Жұбан Молдағалиев­тің орнына ақын Олжас Сүлейменов келді…
…Ел дүрлігіп жүр… Әркім әр нәрсе айтады. Жұбағаның кеткеніне қапаланып жүргендер де бар, Олжастың келгеніне «Әп, бәрекелді!» деуші де қылаң береді. Не керек, жазушы атаулы бұл оқиғадан қалыс қалмай, кім-кім болса да елеңдеп, елегізіп әуре.
Біздің бас редактор Шерхан Мұртазаның «настроениесі» жоқ, даусы бәсең… кешке қарай ат­тың басын жіберіп БАР да отырды…
Өз басыма бәрі бір сияқты болып, онша әсер ете қоймады. Келсе екен дейтін көкеміз жоқ, тісі батады дейтін әзірше ешкіммен анау айтқандай тістесе қойған жоқпыз… Иә, әзірше бәрібір, кейін бүгінгілер сияқты біз де сапқа қосылып көлгірсіп, бал ашып, енді не болар екен деп алақан уқалармыз… Оған дейін біраз бар, бірақ қаламгерлердің ортасында белең алған бәле: жік, ру, топ сияқты құрамнан сақ жүрген жөн-ау. Бәрін қас қабақпен қалқып, санамен саралап, ақылмен алдын ала білген жөн. «Тек жүрсең, тоқ жүресің» дегенді есте ұстау керек. Бұныңа қарай, еш әрекетсіз, жып-жылмақай тымпиып жүргеніңе мынау саған тиесілі деп еншіңді ешкім бөліп бере қоймайды. Табан астына түссең таптап, көшке ілісе алмас көтерем болсаң, қол бұлғап керуе­нің кете береді. Иә, қиыны мен қызығы бірдей қылкөпір ғой бұл…
* Әзіл.
Ақын Сырбай Мәуленов ұзақ жылдар бойы басшы қызмет­терде болған кісі ғой. Сол Сырағаң зейнеткерлікке шыққаннан кейін, бірде өзінің жақсы көретін талант­ты інісі Ұлықбек Есдәулет­ті қасына ертіп, көше бойлап келе жатса, қарсы алдынан құрдасы Жұбан Молдағалиев ұшыраса кетеді.
– Иә, Сырбай, денсаулығың қалай? – дейді Жұбағаң амандасып.
– Жаман емес… Бірақ осы соңғы кезде тізем қақсап, болмай жүр, – дейді Сырағаң да кұрдасына мұңын шағып.
Сонда Жұбан:
– Кезінде талайларға тізеңді батырғасың ғой, тегі… Тізең ауырса — соның ақысы да, – депті қалжыңдап.
27 желтоқсан, 1983 жыл.
Бұл күн мен үшін оңынан туған дұрыс күн болды. Қайырбек Асанов редакторға бара қалса, бастық Шерхан Мұртаза: «Мынаны Ғабит Мүсіреповке жеткізу керек, кім бар ыңғайлы?» – деп үлкен конверт­ті ұсынады. Ол: «Берік бос… сол барады», – деп, маған деген қыжылын қыршып қалады. Редактор қайдан білсін бұның нені бүгіп, өктемдікпен «барадыны» кесіп айтып кергіп тұрғанын… Шәкең онысына мән бермей: «Тезірек барсын, жауапты нәрсе», – дейді.
Қайырбек бөлмеге келіп: «Мынаны Мүсіреповке жеткізу керек, больницада көрінеді» деп, алдыма конверт­ті тастай салды… Осы сәт «ойпыр-ай, басқа-басқа Мүсіреповке барып жолығатын болдым- ей!» деген ой сап ете қалды!.. «Әй, сені ме!» деп жүрген Қайырбекке сенім жоқ, тікелей бастық — жаухатшы Қажығали Мұқаметқалиевке кіріп, шұғыл тапсырмамен кетіп бара жатқанымды айтып едім: «Өй, сәл кідір, онда мен де барайын, жолығар шаруа, сұрар әңгімем бар», – деп кідірт­ті. Есік алдынан Шерағаң кезігіп: «Бағанағыға кетіп барамысың, оқып шықсын, қосары болса қосып, қол қойып берсін!» – деді. Қажекеңе қайта кірсем: «Менің сақалым өсіп кетіпті, шал кірпияз, қуып шығуы ғажап емес!» – деп қалып кет­ті.
Ауруханаға әупірімдеп кіріп, Ғабеңнің палатасына тақап қалып едім, өзі қарсы жолықты, «Ассалаумағалейкүм!» деп қол бергенім сол, жалт бұрылып кете барғаны. Артынан өкшелеп: «Мен «Қазақ әдебиеті» газетінен едім, бастығымыздан материал әкеліп едім», – дегенімде, бұрылып кідіріп, бөлмесіне алып кірді… Даңғарадай бөлмелер, нән төсек, асханасы да ішінде екен. Үстел үстінде бір топ газет журнал, кітаптар жатыр. Менен материалды алып үстелге жайғасты. Апарған 9 бет­тік материал – «Қазақ әдебиеті» газетінің 50 жылдығына орай бірінші редакторы Ғ.Мүсіреповпен сұхбат болатын. Қарындаш алып оқи бастады. Бір жеріне кідіріп, араб әрпімен өрнек салғанын байқап қалдым. Бір сәт маған мойын бұрып: «Современный» дегенді не деп жүрміз?» – деп қалды. Мен: «Кәзіргі» дейтін сияқтымыз, – деп, «Ұстазымыз Рахманқұл Бердібаев заманауи деп айтып еді» дегенді айтпай бүгіп қалдым. Ештеңе демеді, барлай бір қарап, қайта шұқшиды. Байқағаным, бет пішіні бозарып қуар­ған, құлағы қалқиған, шашы табиғи емес, парик сияқты сыпырылуға таяу. 86 жас оңай емес ау… Көзіндегісі де, үстелде жатқан көзәйнектері де қарапайым, линзалары аумақты да ауырлау болып көрінді. Аяғында жұқалтаң тәпішке… қалыңдау, жұмсағырағынан кисе қайтер екен деп отырмын. Ілініп тұрған костюм, жейделеріне дейін өте қарапайым болып көрінді… Бір кездері осы Ғабеңнен өткен сәнқой адам болмаған дейді. Көшеге шығарда сым костюмді ауа райына қарап киетін көрінеді.
Дәрігері кірген соң шығып кетіп, қайта еніп құйрық басқаным сол: «Ескі орталық журналистерден кімдерді білесің?» – деп еді… үндей алмағаным ыңғайсыздау болды…
Кідірмей: «Мынаны тыңда!» – деп, сөйлей жөнелгені дұрыс болды. «Қазір Жазушылар одағына қабылдауда үстірт­тік бар. Үш-төрт кітабы шықты екен деп (екі кітаппен, кітапсыз-ақ өтіп жатқандарды естімеген көрінеді), кітаптарының сапалық мазмұнын салмақтап көрмей, батпақ күйінде ала беретініміз қынжылтады. Мына сегізінші бет­те, осыны «намек» жасап отырмын, пайдаланарсыңдар. Мына бесінші бет­тегі белгі соғылған тұсты келісе жатарсыңдар», – деп соңғы бет­ті жауып ұсынды. Қол қоймағанын біліп тұрып, қол қойып беріңіз дей алмадым, өйткені әр бет­те қолтаңбасы бар емес пе.
Соңғы тілдесуіміз мынау болды: «Бұл қай нөмірге барады?» «Мына шығып жатқан нөмір емес, бірақ қай нөмірге баратынын білмедім», – дедім. «Ертең үйдемін. Хабарлассын…».
Редакцияға «тау қопарып келгендей» кердең басып келдім… Редакторға батыл кіріп, Ғабаңның ескертпелерін тақақтап тұрып айтып бердім… «Ғабаң көңілді екен» деп қалып едім, жанымда тұрған Қажығали: «Қап, мен де баруым керек еді», – деп өкінген болды.
* Әзіл.
1958 жылдың көктемінде Ғабит Мүсірепов КСРО Жоғарғы Советіне депутат­тыққа кандидат болып тіркеледі де, қасына ақын Мұзафар Әлімбаевты ертіп, шағын самолетпен Мәскеуге ұшады. Бірақ самолет­тері апатқа ұшырайды да, абырой болғанда Қызылқұмның шағылына құлап, жолаушылар аман қалады. Аман қалған жолаушылар торғайдай тозып, құмды кешіп әлдебір ауылға жетеді. Бой жазып, дем алған соң, Ғабең мен Мұзағаң ауылдың дүкеніне кіреді. «Самолет­тен құлаған кезде бірдеңеге ілініп кеткен бе, іш киімім жыртылып қапты», – деп Ғабең ағараңдаған бірдеңені құлаштап өлшеп жатқан кезде, Мұзағаң оның бағасын біліп алып, сатушыға ақшасын төлейді. Мұны байқап қалған Ғабең:
– Әй, кедей (ол кісі Мұзафарды ылғи да осылай атайды екен), сен не істеп жатырсың? Немене, байып кет­тің бе? – депті.
Сонда Мұзағаң:
– Әлі байи қойғам жоқ, Ғабе. Бірақ «қазақтың Ғабитіне дамбал сатып алып бергем» деген атақтың өзі неге тұрады. Сол атақ үшін ақша төлеп жатырмын, – деген екен.

 

Берік САДЫР

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір