Толағай тоқсан
27.10.2020
997
0

Ассалаумағалейкүм, МЫҚА!

Көркем әдебиетіміздің қолбаласы болып бастаған жолының жетпісінші бекетінде атшалдырып отырған қадірлі қаламдас, Мыңбай Аға, Сіздің жарқын жүзіңізді көрген сайын, қоңырау үніңізді естіген сайын, көңілімнің көкдөнені ойымыз бен қырымыздағы ізіңізге түсіп, кісінеп-кісінеп жорта жөнеледі. Ізіңіз кіріп-шыққан үлкен-кіші үйлерден Сіздің аралас-құралас болған аға, құрдас, іні, дос-жолдастарыңызды көргісі келеді. Уай, жалған-ай, олардың көбі жоқ бүгін… «Мыңбайдың мысқылына тап болып жүрмеңдер!» деген Сәбең мені «тергеп», әкемнің өзімен түйдей жасты екенін естігенде: «Ә, солай ма? Старый большевик екен ғой? Дұрыс!» – деп жадырай күлген Сәбит Мұқанов… «Бізде кім көп? Мендей еріккен шал көп, үйсіз-күйсіз жас ақын-жазушы көп», – деп, жастардың жағдайын күйттеп жүретін Ғабаң – шапағатты Ғабиден Мұстафин… «Қазақстаннанмын, қазақпын!» – деп әлемнің жартысына дерлік елін, халқын танытқан қалтқысыз ақкөңіл, құдіретті қаламгер Әнекең – білімдар да қарапайым құрдасыңыз Әнуар Әлімжанов… Өзіңізбен «бір майданда шайқасқан»: Жүсіп Алтайбаев, Садықбек Адамбеков, Балғабек Қыдырбекұлы, Шона Смаханұлы, Оспанхан Әубәкіров, Үмбетбай Уайдин, Есенжол Домбаев… Өзіңізбен әзілі жараса құрметтеген: Қуандық Шаңғытбаев, Хизмат Абдуллин, Оралхан Бөкеев… қайсыбірін айтайын!
Бүгін әдебиетіміздің төріндегі №90 таққа жайғасқан өзіңіз де артыңызда қалған бел-белестерді сағына шолып отырған шығарсыз. Шолып болған соң ілгері қараңыз. Алдыңызда №95, №100 тақтар тұр. Қаламыңызды қайрап-қайрап алып, солай қарай тартыңыз! Құдайдың қуатымен 90 жасаған адамға енді бір он жыл жележорту қиын болмас. Алға, ардақты МЫҚА, алға!

Ініңіз – Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ

 

ЖҮЗ ЖАСА, САТИРА САРДАРЫ!

Мыңбай Рәш – қазақ әдебиеті аталатын сөз өнерінің қасиетті табалдырығын Серік Қирабаев, Айқын Нұрқатов, Шамшиябану Сәтбаева, Нығмет Ғабдуллин, Баламер Сахариев сынды болашақ ірі тұлғалармен бірге аттады. Ғылым мен білімнің қара шаңырағы ҚазПИ-де оқып әрқайсысы әдебиеттегі өз орнын тапты. Мыңбай Рәш болса, кемшілік көрсе удай тілімен сойып салатын әділ сынның сардарына айналып жүре берді.
Мыңбай Рәштің сатиралық фельетондары мен өлеңдерін, балладалары мен сықақ әңгімелерін оқып отырып оның сатиралық кейіпкерлерінің көбін қоршаған ортаның өзінен алғанын байқаймыз. Ақын бұлар туралы: «Өз басыма келсем, кезінде қазақ кадр­­ларын нығайтуда біраз типтік образдар жасадым. Суылдақ, Мұржамұрын сынды бейнелердің прототиптері бар», – дейді бір сөзінде. Сатирик ретінде «Терек пен тінек», «Біле қойдым», «Бетің қисық болса», «Қисық айна», «Суылдақ», «Бүйімбай», «Тсс …тісіңнен шығарма», «Мұржа мұрын», «Кері тартқанды бері тарт» және тағы басқа да сатиралық туындылары әр жылдары жинақ болып жарық көрді. Көптеген сатиралары ақынның «Ара» журналында қызмет еткен тұсында дүниеге келді. Жеңіл айтылған сияқты көрінгенімен, уытты сөзімен заманындағы келеңсіздіктерді ащы әжуа, өткір сарказммен дөп басып беретін ақын тілі де ерекше зерттеуді қажет етеді.
Мыңбай Рәштің тұңғыш өлеңдер жинағы 1955 жылы «Алғашқы боразда» деген атпен шықты. Содан бері қаламгердің елуге тарта кітабы жарық көрді. Атап айтсақ, «Мен айтпай, сірә кім айтар», «Дәуір – дастан», «Тоғыз жүз күн», «Ғасыр жолы», «Кері тартқанды бері тарт», «Шабыт шағаласы», «Жұлдыздар жаңғырығы», «Топжарған елім» тағы басқа жинақтарындағы өлеңдері мен дастандары, балладалары, Крылов, Пушкин, Лермонтов, Мицкевич, Маяковский сияқты орыс ақындарынан аударған аудармалары халқының жүрегінен орын алды.
Жазушы өз шығармалары туралы: «Менің шығармаларымның дені көзім көріп, құлағым естіген деректі шығармалар», – дейді. Расында да, Қаныш Сәтбаевтың өмірінен «Данышпан», Мұхтар Әуезов туралы «Ұстаз», қазақтың батырлары Төлеген Тоқтаров, Бауыржан Момышұлы, Мәлік Ғабдуллиндерге арналған «Батыр-дастан», күйші Нұрғиса Тлендиевке арналған «Киелі домбыра» поэмаларын оқырманға ұсынды. Ел тәуелсіздігін ерекше биік сезіммен қабылдаған ақын «Топжарған елім» поэмасында халық рухын асқақ екпінмен жырлады.
Негізгі шығармашылығы ащы күлкі арқылы өмірдің келеңсіздіктерін бейнелеуге арналған қаламгердің сатиралық шығармалары әр түрлі формада келеді. Дені шағын фельетон, сатиралық өлең, эпиграмма, мысал жанры түрінде жазылған.
Шығармашыл тұлға ретінде Мыңбай Рәш өз туындыларын оқырманына жеткізудің көптеген тәсілін пайдаланған. Әсіресе, халық шығармашылығы негізіндегі үлгілері өте сәтті шыққан. Мәселен, «Қала әкімі Баркунов мырза мен су иесі Сүлеймен пайғамбардың айтысы» айтыс формасында беріліп, оқырманын өткір диалогтар мен терең тартыс арқылы қызықтырса, «Бүлдіршіндер монологы» қазақ халық ауыз әдебиетіндегі толғау жанры формасымен монологқа құрылған.
Сатира жанрында жаңа форма тауып, қазақ әдебие­тін түр жағынан байытқан Мыңбай Рәш ағамыз қазіргі қазақ сатирасы туралы өзінің бір сұхбатында: «Сатира өз биігінен түсті. Сахналық сатирада жүргендер Оспанхан, Үмбет­бай, Шона, Ғаббас, Көпеннің шығар­маларын қолданбайды. Өз мәтіндерін өздері жазып, не өлеңге келмейтін, не фельетонға келмейтін сықақсымақтарын халыққа ұсынып жүр. Сахнаға әйелдің көйлегін киіп шыққанға біздің халық күледі. Бүгінгі қоғамның сатира туралы түсінігін осы сахнадағы «сатириктер» қалыптастыруда. Сатираның есігі айқара ашық болған соң кім көрінген кіріп-шығып жүр», – деп өзінің пікірін білдіреді. Қаламгердің бұл сыны шын болып тұр, өкінішке қарай. Классикалық сатирадан айрылып бара жатқан қазақ әдебиетінің бүгінгі күнін нақтылы және дөп басып айтады.
Мыңбай Рәш шығармашылығының бастауы – халық ауыз әдебиеті мұрасы. Ақын ағаның есте сақтау қабілеті де ғажап екеніне куәміз. Әр түрлі бағдарламаларға берген сұхбаттарында кез келген жыр, дастандардың үзіндісін жатқа айтып отырғанын көрдік. Алдыңғы толқынның ең бір тегеурінді ұрпағы Мыңбай Рәш ағаны мерейтойымен құттықтай отырып, жүз жасаңыз дейміз.

Арап ЕСПЕНБЕТОВ

МЫҢ ЖЫЛДЫҚ МИТАСПА

Қайран жиырма бес! Ауыздығымен алысқан арғымақтай жасымда азуын айға білеген сая­си-сатиралық «Ара-Шмель» журналына әдеби қызметкер боп қабылдандым. Атағынан ат үркетін Оспанхан Әубәкіров, Оспанәлі Иманәлиев, Үмбетбай Уайдин, Қажытай Ілиясұлы секілді сайдың тасындай сатирик ағалардың ішіндегі ең жасы, Шымкентше айтқанда, «шымал» сықақшы мен ғана. Ақсақалымыз – Мыңбай Рәш. «Қарияның» өзі қырық бес-ақ жаста. Фельетон бөлімінің меңгерушісі. Мен сол кісінің құзырындамын. Тікелей бастығым. Бір бөлмедеміз.
Түріне қарасаң, түк уайымы жоқ адам. Әзілі көп, әжімі жоқ. Қашан көрсең де ұйқыдан жаңа тұрғандай тың. Бір орында тыпырлап тыныш отырмайтын беймаза. Мыңбай ағаның үйі мен редакцияның арасы жеті-сегіз шақырымдық жер. Көлікке отырмайды. Машинаға мінбейді. Жаяу барып, жаяу келеді. Түскі үзілісте асханаға бас сұғып ас ішкен емес. Үйінен әкелген құлынның етін жеп, балықтың икрасын сары маймен қара нанға жағып түстенеді де, балқаймақ қатып май ішеді. Күндегісі осы. Темекіге теріс қарайды. Қандай қонаққа барса да «таңдай жібітерді» татып алған емес. Өзін-өзі баптап, өзін-өзі сақтап, өзін-өзі мұқият күтеді. Тоқсанға толған ұстазымның түр-түсіне қарасаң – қақшаңдап тұр, алпыстағы адамдай. Ал есте сақтау қабілеті яғни, жады ше? Магнитофоннан аумайды. Нүктесін басып қалсаң бітті, ағыл-тегіл аңыз-әңгіме, жыр-хисса, тау суындай тасқындап ағады. Жаңылмайды. Жаңылыспайды.
Біз Мыңбай ағаға таңырқап жүрсек, Мыңбай ағаның өзі алдындағы ақын-жазушылардың хикаясын айтып қызықтап отыратын. Әңгімесі әсерлі. Кейбір тұста толғанып, домбырасын қолға алып, жыр-хиссаны нақышына келтіріп орындағанда анау-мынау әртісіңнен артық. Тіпті сөз зергері Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Тайыр Жароков, Бауыржан Момышұлының сөйлеу мәнері мен дауысын салып әңгімелегенде ұйып тыңдап, соңында қыран-топан күлкіге кенелесің. Бәрінің көзін көрген, көпшілігімен араласқан. Өтірігі жоқ, нанымды. Естіген әңгімемнің есте қалғандарын мен де баяндап көрейін. Кейінгі ұрпаққа керек шығар, бәлкім.
Халық әртісі Қалибек Қуанышбаевтың үйіне алғаш рет барғанда шай ішіп отырып:
– Қалеке, депті Мыңбай аға, – сіздің ит боп үріп, қасқыр боп ұлып, бұзау боп мөңіреп, кемпір боп кеңкілдеп жылаған үнтаспаңызды сонау соғыстың алдында бала кезімізде патефон арқылы естігенбіз. Кейінгі кезгі әзілдеріңізді айта отырыңыз, – дейді.
– Ә-ә-ә, айтсам айтайын, – депті Қалекең. – Қайсыбір жылы Мұхтар Әуезовтен бес жүз сом қарыз сұрадым. «Қанша мерзімге?» деп сұрады. «Алты айдан асырмаймын» дедім. Қойын дәптеріне түртіп қойды да бес жүз сом берді. Әне-міне дегенше қарыз қайтарудың да уақыты таяп қалды. Алдаркөсенің қулығына бастым. Немеремнен қалған көне коляскаға ескі-құсқы киім-кешекті қобырайта тиеп алдым да Мұқаңның үй жағында жолын тосып әрі-бері жүрдім. Серуенге шығатын уақытын білем. Кенет Мұқаң қарсы алдымнан ұшырасты да, «Ау, Қаллеки, мыналарың не?» – деді. Аң-таң. Не дейін? «Ә, өзіңнен алған қарызымды бүгін-ертең қайтара алмайтын болған соң жайма базарға апарып саудалауға бара жатырмын», – дедім өтірік желкемді қасып. Сол сол-ақ екен, Мұқаң шыр-пыры шықты. «Пәлі, Қаллеки, айтпа мұныңды, – деді дегбірсізденіп. – Құдай үшін көрсетуші болма, көргендерден ұят. Сен қарызға ақша алған жоқсың, мен еш қарыз берген жоқпын! Келістік пе?» Сөйтіп, Қаллеки қарыздан оп-оңай құтылып кетіпті.
Мыңбай Рәш балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевпен КазПИ-де бірге оқыпты. Мәкең 1946 жылы оқуға түскенде Бердібек аға тіл-әдебиет факультетінің екінші курс студенті екен. Жатағы бір, бөлмесі бөлек. Ұстаздары Мұхтар Әуезов, Қажым Жұмалиев, Төлеген Тәжібаев, Сәрсен Аманжолов, Темірғали Нұртазин…
Бір күні институтта Сәбит Мұқанов бастаған Әбділда Тәжібаев, Тайыр Жароков, Қайнекей Жармағанбетов, Жақан Сыздықов, Жұмағали Саин, Қалижан Бекқожин сынды қазақтың атақты ақын-жазушыларымен кездесу кеші өтеді. Сол әдеби дүбірде Бердібек Соқпақбаев:
«Өлеңде мінезі бар жас баланың,
Жылатып алам ба деп жасқанамын», – деп басталатын өлең туралы өлеңін оқығанда Сәбит Мұқанов: «Ау, мынау ағып тұрған ақын ғой. Бердібек, сен өлең жазуды жалғастыра берсең, Әбділда мен Қалижанды қанжығаға байлайтын түрің бар!» – деп қол соғып қолпаштағанда, Бердібек: «Көрерміз аға, бірақ Абайдан ұяламын», – деді. Жас қаламгердің ибалы сөзіне бүкіл зал ду қол шапалақтады. Бүгінгі жас ақындардың көбісі Абайдан ұялмайды-ау.
Мыңбай ағаның шамырқанған сөзі шаншудай тиді. Ойланып қалдым.
Мәкең жоғары оқу орнын бітірген соң жастар газетіне (Қазіргі «Жас Алаш») журналист боп орналасады. Сапар Байжанов, Кәкімжан Қазыбаев бәрі қатар қалам тербейді. Очерк, мақалалардан басқа сын мақала, фельетондары жарияланып, сатиралық кітаптары арқылы оқырманға кеңінен танылады. Саяси-сатиралық «Ара-Шмель» журналы 1956 жылы ашылып, Бас редакторы Ғабит Мүсірепов жас сықақшыны жұмысқа шақырады. Келе салысымен Денсаулық сақтау министрін келекелеп жазған фельетоны дауға айналады. Сын көрмеген минис­тр Орталық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы Нұрымбек Жанділдинге шағымданады. Қаһарлы хатшы фельетон авторын шақырып алып: «Үлкен дәрежедегі тұлғаларды бұлай әжуалауға болмайды», – деп түнере сөйлегенде, «Онда «Араның» не керегі бар?» – дейді Мәкең бүгежектемей. Содан басы бәлеге қалмасы бар ма? Ақыр соңында «қатаң сөгіс» арқалайды. Ара түсетін Бас редактор Ғабит Мүсірепов іссапарда. Мәскеуден оралған Ғабең тікелей вертушкамен Жанділдинге телефон соғып: «Менің қол астымдағы бірді-екілі адамды қолдау орнына, қорқыта берсеңдер, журналды неге шығарттыңдар?» – деп шорт кетіпті. Бірер апта өткен соң Ғабең Қонаевтың қабылдауында болып, сынға қысым жасаудың орын алғанын баяндапты. Ақ-қарасы анықталып, министр орнынан босатылыпты да, фельетон авторына берілген қатаң сөгіс алынып тасталыпты. Содан «Кімсің?», «Мыңбай Рәш!» боп балаң сықақшының бағы жанған. Беделіне қарамастан бет қаратпай жазуды дағдыға айналдырған.
Кешегі Кеңес өкіметінің кезінде әдебиетті насихаттау мақсатымен ақын-жазушылар ел-елді аралап, оқырмандармен жүздесіп қайтатын үрдіс бар-тын. Сондай бір сапарда Ғабит Мүсірепов, Тайыр Жароков және Мыңбай аға үшеуі жолсоқты боп шаршағасын, жол-жөнекей бір ауылға түн ауа түнеп шығыпты. «Маған маза беріңдер. Таң атпай оятпаңдар», – дейді Ғабең. Құрметті қонақтардың аты-жөнін естіген үй иесі таңалакеуімнен қой союға ыңғайланып, Тайырдан бата сұрайды. Баяғы бабадан қалған әдет-ғұрып бойынша батаны жасы үлкен адам бермей ме? Солай. «Мазамды алушы болма!» деген Ғабеңді амал жоқ түрткілеп оятады. «Мен саған не дедім түнде?» – дейді Ғабең. «Дедіңіз… Бірақ Шопан атадан үлкен емессіз ғой, тұрып бата беріңіз. Сіз тұрғанда маған ыңғайсыздау ғой», – дейді Тайыр ақын. Ұйқылы-ояу көзін бір сипап Ғабең былай бата береді:
О, қара қой, қара қой,
Баратын жерге бара ғой.
Сенде жазық жоқ,
Менде азық жоқ,
Ауыл-аймақ,
Бота-тайлақ
Аман болсын.
Қой үстіне жұмыртқалаған
заман болсын!
Дастарқаның толы болсын,
Жолаушының жолы болсын!
Аллаһу акбар!
Қолы босаған сәтте қойқаптағыны қозғап, қай-қайдағы хикаяны айтқанда ертегі тыңдағандай елжіреймін. Мыңбай ағам бір ашылмайды, бір ашылса жуық арада басылуы қиын. Баяғыда арыны қат­ты арғымақты алдына арқан керіп әрең тоқтатады дегенді еститінбіз. Құдды сол. Бауыржан Момышұлы туралы поэмасын сахнада тұрғандай образға еніп оқығанда: «Құдай-ау, бұ неғылған жаңылмайтын жады!» – деп, аузымды ашып, көзімді жұматынмын. Сөйтсем, мұным әшейін бер жағы екен. Қырғызстанда өткен «Манас» жырының мың жылдық па, білмеймін, әйтеуір соның дүбірлі тойына «Алпамысты» жырлайтын біздің Байбатыров жырауымыз аяқ астынан бара алмайтын боп қалады. Оның орнын кім толтырады? «Мыңбай Рәш!» – дейді білетіндер. Десе дегендей, қазақ халқының атынан барған Мәкең ұлттың рухы мен мәртебесін көтеріп «Манасты да» ырлайды, «Алпамысты да» жырлайды.
– Есте сақтау қабілетіңіз ерекше. Жастайыңыздан дағдыландыңыз ба? Қалай қалыптастырдыңыз? – деп сұрадым бір күні.
– Е-е, шырағым-ай, – деп Мыңбай аға әңгімені әріден қозғады. – Жастайымнан жетім боп өстім. Анам Нұржәмиладан алты жасымда айырылдым. Әкем Ахметкәрім Рәшев соғыс басталған күннің ертесіне-ақ қан майданға кетті. Туған-туыстарым мені он бір жасымда жетім балалар үйіне тапсырды. Ойдан-қырдан жиналған қырық шақты бүлдіршінбіз. Әбдірәсіл деген құсбегі ағайыным 1944 жылы шілдеде аталып өткен ұлы Абай тойына мені де ертіп барған-тұғын. Абайға арналған тойда алғаш рет Қажымұқан мен Қаныш Сәтбаевты, Мұхтар Әуезов пен Сәбит Мұқановты, Ғабит Мүсірепов пен Күләш Байсейітованы көрдім. Сонда мен он төрт жастамын.
Айтпақшы, бұдан бір жыл бұрын қырық үшіншінің жазында мен 8 класты тәмамдап, әдетінше ауылға барып демаламын деп жүргенімде әкеммен бірге Житомирде майдандас болған Дүйсежан ағайым артымнан іздеп келіп Алматыға алып кетті. Опера театрында өткен ақындар айтысына ертіп апарды да, «Тыпырламай тыныш отыр!» – деп ескертті. Әлден соң сахнаға шыққан бір ағай: «Жыр алыбы Жамбыл Жабаевты шақырамыз!» – деп хабарлады. Басында бөркі бар, үстінде түйежүн шапан киген Жамбыл жәкем биіктеу сәкіге жайғасты да, қарлығыңқы дауысымен жыр толғады.
Ұйып отырмын, құлағыма құйып отырмын.
Сұрапыл соғыс кезінде қан-құйлы жау­ға қарсы сес көрсетіп, елді жігерлендіру үшін жиналған айтыс ақындарына салмақ салғандай салиқалы шумақпен аяқтады:
Сөздеріңнің күшінен
Жау жүрегі түршіксін.
Тыңдаған жұрт құлшына
Құмарынан бір шықсын!
Үш күнге созылған сол айтыста мен Шашубай Қошқарбаевты, халық ақыны Қалқаны, Орынбай мен Кененді, Иса менен Нұрлыбекті, Нартай мен Маясарды, тағы басқа да айтыскер жыр шеберлерін көріп тәнті болдым. Ағып тұр-ау, ағып тұр. Содан бастап «Е-е, ақындардың бәрі жатқа айтады екен ғой. Әйтпесе ол ақын емес!» деген алғашқы сенім жүрегіме ұялады. Ауыл балаларына «Анау ақын былай деді, мынау ақын былай деді» деп олардың даусы мен мақамдарына шейін айнытпай келтіріп, ауыл-аймақтың әртіс баласы атандым.
– Жазушылар одағының мүшелігіне өтерде кепілдемені қай қаламгер ағалардан алдыңыз?
– Ұстазым Мұхтар Әуезовтің ақыл-кеңесімен Жазушылар одағына мүшелікке өту үшін Тайыр Жароков, Дихан Әбілов, Жұмағали Сайннан алған мінездеме-ұсыныстар маған қанат бітірді. Өткен өміріме ой-көзімді жүгіртсем, талай жердің дәм-тұзын татып, талай тарландармен тілдескем, сырласқам, қол астында қызмет атқарып, шәкірт болғам, тіпті бірге жүріп біте қайнасқан екенмін.
Көрнекті сықақшының ұстазы, классик жазушымыз Ғабит Мүсірепов: «Мыңбай Рәш «Ара-Шмель» журналында қызмет істеген кезден бастап-ақ сатира жанрында өз қолтаңбасын таныта бастады», – десе, сатира сарапшысы профессор Темірбек Қожакеев кезінде: «Қазақ сатирасына жаңа сардар қосылды!» – деп, оқырмандардан сүйінші сұрады. Жауынгер жанрдың әртүрлі үлгілерімен жазылған сын-сықақ, мысал-мысқылдарында кері тартқандарды бері тартып, бетімен кеткен жүгенсіздерді усойқыдай уытты тілімен сынап-мінейді. Ол дәуірде тоңмойын, топас, кеуде керген керенаулар белең ала бастаған.
Сөздің басын «Мен» дейсіз,
Жасы үлкенге «Сен» дейсіз.
«Мен өйтем де, мен сөйтем,
Менімен кім тең?» дейсіз.
Осылай басталатын оспағы сахнадағы әзілкеш әртістердің аузынан түспейтін болды. Темекіні будақтатып тартатындарды «Мұржа мұрын» деп келекеледі. Тосын теңеу. Бір ауыз қазақшасына он сөз орыс­ша қосып сөйлейтіндерді «Қойыртпаққа» теңеді. «Қораз екеш қораз да өз тілінде «қыт-қыттайды, қораз құрлы болмадық па?» – деді. Бүгінгі қоғамда ұйымдасқан қылмыс пен сыбайлас жемқорлық етек алса, кешегі Кеңес өкіметінің кезінде қымқыру мен жымқыруды бірлесіп жасайтын бастық пен басбух болатын. Сондай-сондай сорақылық әрекеттерді «Әмпей мен жәмпей» деп келекеледі. Ауыз жаласқан арамза тірлікті аямай сынап, айғақтап жатты. Әсіресе алаяқтар мен арамзалардың атын атап, түсін түстеп жазған нақты фельетондары мен халықаралық тақырыптағы памфлеттері сықақшы Мыңбайдың абыройын асқақтатты. Шешендігі мен шеберлігі сегіз өрім қамшыдай сұлу әрі сесті. Семсердей сесті сөз оралымдары ұғымды да жұғымды. «Ұсақ қойды – тұсақ қойды, актімен жылпос тұсап қойды» дегендей қақпақылдары қалың оқырманның аузында жүрді.
…«Ара» журналының алақандай бөлмесінде отырғанбыз. Мыңбай аға жылан таптағандай атып тұрды да:
– Әй, Оспанханға дауа жоқ қой! – деді ішек-сілесі қатып. – Талант. Нағыз тума талант.
Алдындағы кітабын бір шетке ысырып қойды да, Осағаңның көкейіне қонған көп сықақтарынан үзінді келтіріп жатқа соқты.
– «Осы қоянның жүрегі жүрек пе, әлде ішек пе? «Тәйт!» десең – талып қалады, соның өзінде Қоқанға барып «қалады». Мұны кім жазады, тек Оспанхан ғана! – деді балмұздақ жеген баладай қуанып.
Мың жасағыр Мыңбай ағам Оспанхан інісінің «Меңдуана» және «Әртіс бөлісу» деген екі сықағын екпіндетіп жатқа оқыды да:
– Міне, Оспанхан! – деді ризашылықпен. Іштарлығынан құштарлығы басым Мыңбай ағамның ақ пейілі аузынан төгіліп тұрды. «Бір-екі рет оқып қалай жаттап алған?» деп іштей бас шайқаймын.
«Мың бір түннен» бастап мың жылдық тарихы бар «Шахнамадан» үзінділерді ауызша келтіргенде «Мыңбай ағамның басы мың жылдық митаспа ғой!» деп ойлайтынмын.
Қаламгерлер қашанда толғанып жүреді. Туады. Жақсы шығарма туады. Оны әдетте «туынды» немесе «іштен шыққан шұбар жылан» деп атаймыз. Тоқсанға келген атамыздың «Суылдақ», «Біле қойдым», «Қисық айна», «Мен айтпай, сірә, кім айтар?», «Тс-с… тісіңнен шығарма!», «Кері тартқанды бері тарт» секілді кітаптарын таразылап, талдауды ғалымдар мен сыншылардың еншісіне қалдырдым. Әйтпесе, әңгіме ұзап кететін түрі бар.

Көпен ӘМІРБЕК

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір