ӘДЕБИЕТІМІЗДІҢ АБЫЗЫ ТУҒАН ЖЕРІНДЕ
13.11.2015
2510
0

????????????????????????????????????

Әбдіжәміл Нұрпейісов кейіпкерлері бұдан бұрын да Ақтөбе өңірінде тас мүсінге айналып, жұртшылықтың көзайымы боп еді. Енді, міне, қаламгердің «Соңғы парыз» шығармасындағы Жәдігер мен Бәкизат бейнелері мүсіншілер сомдаған көркем тұлғаларға айналды. Қызылорда өңіріндегі жұртшылықпен әдеби кездесулер өткізіп жүрген Әбенің кейіпкерлері әлі де талай мүсіншіге шабыт сыйлайтынына сенеміз.  


Оқырмандармен кездесу


Таяуда Қызылорда қаласының Асқар Тоқмағамбетов атындағы Мәдениет үйінде Қазақстанның халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовпен оқырмандардың кездесу кеші өтті. Шараға облыс әкімі Қ.Көшербаев, зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, мәдениет қызметкерлері мен студент-жастар қатысты. Кешті филология ғылымдарының докторы, әдебиеттанушы ғалым Бағдат Кәрібозов жүргізді.

Қазақ руханиятына үлкен үлес қосқан қаламгер шығармалары бүгінде қазақ әдебиетінің бай мұралары болып саналады. Жазушының тұңғыш шығармасы – Ұлы Отан соғысы тақырыбына арналған «Курляндия» романы 1950 жылы жарық көрген. Бұл шығармасы үшін жазушыға Жамбыл атындағы республикалық сыйлық берілген. «Курляндия» романы кейіннен өңделіп, толықтырылып, 1958 жылы «Күткен күн» деген атпен қайта жарияланған. «Қан мен тер» трилогиясы және «Сең», «Соңғы парыз» романдары дүниежүзі халықтарының көптеген тілдеріне аударылған. «Қан мен тер» трилогиясы орыс, француз, испан, чех, румын және түрік тілдеріне тәржімаланған. Кездесу кеші барысында жазушының шығармалары қойылған көрме ұйымдастырылды.
– Сыр елі үшін бүгін үлкен мереке. Арал топырағында туып өсіп, қазақ әдебиетінің абызына, әлемдік әдебиеттің көркемдік өкіліне айналған жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің жерлестерімен кездесуінің сәті түсіп отыр. Құрметті Әбе, туған жерге қош келдіңіз! Елге келген сапарыңыз жаныңызға қуат, бойыңызға демеу болғай. Әдебиет – ұлттың тағдыры. Өткен ғасырдың алғашқы жартысында жазылған «Қан мен тер» – қазақтың мәдени, рухани деңгейін әлемге танытқан, халықтың мұңы мен сырын, үміті мен арманын шұрайлы тілде паш еткен бірегей туынды. Әлі талай ұрпаққа рухани азық болары сөзсіз, Әбе, құрметті абыз аға, – деп облыс әкімі Қырымбек Көшербаев жазушыға жылы лебізін жеткізді.
– Мен 92 жасқа аяқ бастым. Бүгін елге келіп, жерлестеріммен, оқырмандарыммен кездесіп отырғаныма өте қуаныштымын. Әсіресе, кездесуге жастардың көп келгені көңілге қуаныш ұялатады. Сондықтан осы жастарға адал болыңдар, көп оқып, алған білімдеріңізді ел игілігі үшін жаратыңдар. Кеш барысында көкейлеріңде жүрген сауалдарың болса, мен жауап беруге дайынмын, – дейді жазушы.
Кездесуге келген кітапсүйер қауым Әбдіжәміл Нұрпейісовтің шығармаларына, жазушының жеке өміріне қатысты сұрақтарын қойып, еркін пікір алмасты.


 

«Соңғы парыз» кейіпкерлеріне арналған ескерткіш

Қызылорда облысы, Арал ауданында халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтың «Соңғы парыз» рома­ны­ның кейіпкерлеріне арналған ес­керткіш ашылды. Шараға Ә.Нұр­пейісов отбасымен қатысты.

Бұған дейін жазушының «Қан мен тер» туын­дысының құрметіне Ақтөбеде тас бел­гі қойылған болатын. Яғни бұл – екінші бір шоқ­тығы биік шығарманың басты тұл­ғала­рына арналған композициялық мү­сін.
Жазушының тоқсан жылдық мерейтойына орай Аралда шығармашылық үйі ашылған болатын. Өскелең ұрпақ ондағы жазушының шығармашылығымен, танымал тұлғалармен түскен суреттерімен таныса алады. Ескерткіш осы шығармашылық үйінің алдына орнатылды. Бұл әдебиет үйін – мұражай деуге де болады. Арал қаласы, Бай­қоңыр көшесі №22 мекен-жайда ор­на­ласқан мұражайдың жалпы көлемі 1317 ш.м. Мұражай ғимараты 2014 жылы де­меу­шілердің қаржысына салынған. Бір қа­батты және 9 бөлмеден тұрады, жалпы алаңы 224,4 ш.м. «Арал аудандық Мәдениет жә­не тілдерді дамыту бөлімі» мемлекеттік мекемесінің «Арал қалалық тарихи мұра­жайы» мемлекеттік комму­налдық қазыналық кәсіпорыны болып 2014 жылдың 4 жел­тоқсанынан бастап жұмыс жасауда. Арал қалалық тарихи мұражайында 5 қызметкер жұмыс жасайды. Мұражай бөлмелерінде жазушының әлемнің 33 тіліне аударылған шығармалары және жазушылармен, қоғам қайрат­кер­лерімен, отбасымен түскен су­реттері ор­наластырылған. Сонымен қатар, Баш­құрт жазушысы Мұстай Кәрімнің сый­ға берген шапаны қойылған.

– «Соңғы парыз» романын Әбдіжәміл Нұр­пейісов 1969 жылы жазған. «Сең» ро­манының жалғасы іспетті. Жалпы, Арал теңі­зінің тартылуына байланысты эколо­гиялық проблемаларды қозғаған бұл романда халықтың сол кездегі әлеуметтік тұр­мыс-тіршілігі бейнеленген, – дейді шы­ғар­ма­шы­лық үйінің қызметкері Ботагөз Сарбасова.
«Соңғы парыздың» басты кейіпкерлері – Жәдігер мен Бәкизат. Осы екі образ ар­қылы жазушы теңіздің зілмауыр қайғы-қа­сіретін жеткізді. Тартылған теңізбен бірге адам­дардың мейірімділігінің азайып бара жат­қандығын үлкен шеберлікпен ұштас­тыр­­ды. «Бір кездері арнасына сыймай асып-тасып жататын алып теңіз адамзат баласының ашкөздігі мен санасыз­ды­ғы­ның құрбаны болып, ауруы әбден мең­­деген адам­дай азаптан қатты қиналып өліп барады». Бұл сол теңізде туып, суды жағалап өс­кен қаламгерді бей-жай қал­дырған жоқ. Енді міне, заңғар жазушының әлемдік әде­биеттегі жауһары аралдық өрендерге тә­лімдік өнеге болмақ.
– Қазір ел де өзгерген, халық та өзгер­ген. Аралдың қаласы да өзгеріп кеткен. Өмір өзгеріп жатыр. Мұнан кейін сәті түсіп келемін бе, келмеймін бе оны денсаулығым, өмір көрсетеді. Ал қазір өте қуаныштымын, – дейді Әбдіжәміл Нұрпейісов.
Аралдың төрінен орын алған ескерткіш – сөз бен ойдың парқын түсінетіндер үшін құнды дүние. Ал жазушының шығарма­шы­лық үйі – рухани орда саналады.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір