АБАЙ – ӘДЕБИЕТІМІЗДІҢ НҰРЫ
17.06.2024
758
0

Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының ғылыми хатшысы, жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Болат Жүнісбековтің «Ақиқат ұшқыны» атты зерттеулер мен эсселер жинағы оқырман қолына тиді. Кітапқа автордың әр жылдары жазылып, республикалық газет-журналдарда жарық көрген және соңғы кезде қалам тартқан туындылары топтастырылған.
Жинақтың «Абай – поэзия шыңы» атты бірінші бөліміндегі зерттеу мақалалары халқымыздың ұлы перзенті Абай Құнанбайұлының өмірі мен асыл мұрасы хақында жаңаша көзқарасты пайымдатады. Ал «Абайдың ақындық мектебі» бөлімі хәкімнің шәкірттері – кемеңгер Шәкәрім мен Көкбай, дарынды ұлдары – Ақылбай, Мағауия мен Тұрағұл шығармашылығы туралы ой толғайды. Автор осы бөлімде, сондай-ақ Абайтанудың негізін қалаған ғұлама Мұхтар Әуезов, ақын мұрасының асқан білгірлері Қайым Мұхамедханов пен Төкен Ибрагимов жайында сыр шертеді.
«Абай сөзінің сәулесі» атты үшінші бөлімде, өзінің аты айтып тұрғандай, ұлы ақынның өмірлік көзқарасы мен ағартушылық ұстанымының қазіргі күннің көкейкесті мәселелерімен үндестігі туралы сөз қозғалады. Жинақ жазушының Абайтану саласындағы ізденістерінің жемісі болып есептеледі және барша әдебиетсүйер қауымға арналған. «Тоғанай-Т» баспасынан шыққан жинақтың мұқабасы белгілі қылқалам шебері Тоққожа Қожағұловтың «Абай» суретімен безендірілген.

Бекен Қадықов,
журналистика ардагері

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір