ӘДЕБИЕТІМІЗДІҢ АЛТЫН ДӘУІРІН ҚАЛЫПТАСТЫРҒАН БАСЫЛЫМ
Құрметті «Қазақ әдебиеті» газетінің ұжымы!
Қадірлі қауым!
Сіздерді «Қазақ әдебиеті» газетінің 90 жылдық мерейтойымен құттықтаймын!
Бұл – ұлт баспасөзінің айтулы белесі.
Ғасырға жуық уақыт ішінде газет қалың оқырманы бар беделді басылым ретінде қалыптасып, төл тарихымыздың жаршысына айналды. Алғашқы сандары «Қазақ әдебиеті» ұлт мәденниетін көтеруде үлкен орын алсын!» деген ұран сөзбен жарық көрген апталық әрдайым осы үдеден шыға білді. Басылым ұлттық құндылықтарды, қазақ қаламгерлерінің туындыларын кеңінен дәріптеп, руханиятымыздың өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып келеді.
Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин, Ғабит Мүсірепов сынды арыстарымыз негізін қалаған «Қазақ әдебиетінде» біртуар тұлғаларымыздың қолтаңбасы қалған. Газет бетінде әрдайым елдік мәселелер көтеріліп, ұлт болашағына қатысты салмақты ойлар мен салиқалы пікірлер айтылады.
Төл әдебиетіміздің алтын дәуірін қалыптастыруға зор еңбек сіңірген апталық алдағы уақытта да өзіне жүктелген мәртебелі міндетті мінсіз атқара береді деп сенемін.
Баршаңызға шығармашылық шабыт, толағай табыс, бақ-береке тілеймін!
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ,
Қазақстан Республикасының Президенті