Бауыржан ҚАРАҒЫЗҰЛЫ. У тұнғандай жанымның жанарына…
17.10.2020
1140
0

Бағытсыз

Бұл Жолдың аты – Өмір, заты – жалған,

көзінен уақыттың оқып алғам.

Жын-пері мекендеген осы Жолмен,

жасқанбай жалғыз жортар дәті бар жан.

 

Бұ жолдан не көрмедім,

не білмедім?

Күн жорттым,

түнде жорттым, көз ілмедім.

Алқынып алысамын лағынетпен,

жеңбедім, жеңе алмадым, жеңілмедім.

 

Көреміз, кімнен кімнің жеңілерін,

қызықтап отыр әне, төңірегім.

Жауыма ақылдымын,

бір қызығы –

досыма ақымақ боп көрінемін.

Ақ пен қара –
 бірдей түс

Сүйем дедім… Жан неге үндемеді?

Сол үнсіздік қинайды күнде мені.

Ақ пен қара – бірдей түс. Оян, жаным…

Таң келеді. Мен келем. Түн келеді.

 

Сөйлемейді… Немене көздегені?

Өзгермеймін. Көзқарас өзгереді.

Ақ пен қара – бірдей түс. Күлші, күнім,

Мен келемін. Күлмесең, сөз келеді.

 

Жылап тұрды… О, неге жолықтырдым?

Жалықтырдым. Соңында қалып тұрмын.

Ақ пен қара – бірдей түс. Келші маған,

өз отыма өртеніп-жанып тұрмын…

 

Жек көремін. Көрмеймін. Жаралады.

Қап-қара түн, әппақ Ар табалады.

Ақ пен қара – бірдей түс. Жүр, табамыз,

жоғалмайды. Өткен күн оралады.

БӨЛМЕ

Біреу маған көз сұғын қадады ма?

Күн желі ме? Магнит бораны ма?

Неге менің көңілім құлазиды?

У тұнғандай жанымның жанарына.

 

Шыңылдайды о, тоба құлақтарым!

Күні бойы ешкімді ұнатпадым.

Неге, неге есіме түсе берді?

Күнім, сені себепсіз жылатқаным.

 

Бәлкім, сенің жоқтығың бұның бәрі,

телефоннан сөздерің ұғылмады…

Жақындасам айнаға, басқа біреу?

қайта-қайта тұтатып шылымдарын,

кекесінмен күледі…

Дірілдейді…

қорыққаны жүзінен білінбейді…

Бір қызығы,

гүлдерің бөлмедегі

бір-біріне ынтығып күбірлейді…

…Ақылымнан адасқан сияқтымын,

өз-өзімді ұға алмай ұяттымын….

ІШ

Қызығы – қорқынышты:

«…бұл күндері,

тағдырдың тәлкегінде күлдім», – деді.

Ішімде жалғыз көзді жетім отыр…

Сезіндім, көрдім нені, білдім нені?!

Ертегі. Аңыз. Шындық.

«…бұл күндерде»,

өңімде сен секілді күлкім келген.

Көгімде қып-қызыл боп Ай жылайды,

жылайды, мені көріп,

мүмкін, Жерден?!

Жалғыз көз – жетім емес, ішімдегі –

Оны ешкім елемеді, түсінбеді,

мен емес қаңғып жүрген түсімдегі,

қайғым – Ол, қып-қызыл Ай мүсіндеді.

 

Көгімде қып-қызыл боп Ай жылайды,

айтпаймын, бұдан кейін қайғы жайлы.

…Көктемнің жаңа туған бұтағынан,

мөлт етіп, жүрегіме Ой құлайды…

ТҮК ЕТПЕЙДІ

Түк етпейді қайғыңды тойлағаның.

…алқынып,

есің шығып,

аймаладың

Өмірді.

 

Сол Өмірдің ерінінен сүйіп тұрып,

Өлімді ойлағаның –

жылап тұрып жымиған қыздың үні,

немесе түздің гүлі, …Түк етпейді.

 

Арақ ішіп кеттің сен түн ішінде,

өкініш бар өйткені жүрісіңде.

Айқай салдың, «Өмірді сүйемін!» деп,

күбір еттің содан соң, «Кім үшін? » деп,

түк етпейді…

 

Тағы бірде,

құлағына сыбырлап құбыланың,

Құдай жайлы сөздерді ұғып алдың.

Көңіліңде көктемнің гүлі қалды,

ерініңде бір қыздың мұңы қалды,

түк етпейді…

 

Енді, міне,

арбаласың дүния кеңдігіне,

таңданасың дүния кемдігіне…

Сызып алған шеңберің жалған екен,

бірінен де көңілің қалған екен,

келе жатсың сенделіп өміріңнен,

кімдер сені тағы да алдады екен?

Түк етпейді…

Триптих

Мен

кімге нені дәлелдеп сендіремін?

Көз алдыңда мөлдіреп, өлді «Менің».

Сөз қадірі дейсің бе?

Бар ма?! Қайда?!

Сөйлегім де келмейді енді менің!

Данышпансып айтасың, кімге нені?

Білгеніңнен көп шығар білмегенің.

Бір білерім, үнсіздік — жан айқайы,

Үндемедім…

Сен неге үндемедің?!

Сен

Өмірді үнемменен сүрем дегем…

Жан бар ма, уақытты үнемдеген?

Сенсеңіз, рас айтамын, «ақылды», көп

Білмейді-ау, білмейтінін білем деген.

Білсеңіз, қызық кітап — ғалам маған…

Жан бар ма, көңіл үшін алаңдаған?

Сенсеңіз, шын айтамын, шаршап кетем,

сөздерден бірін-бірі жамандаған.

Біз

Дауыстап сөйлеу деген – құнсыз тіптен,

барлығын түсінсек қой үнсіздікпен…!

 

АЙНАЛАЙЫН

Жаратқанды ойласам, Нұрға айналам,

шексіздікті, Ғарышты, Күнді айналам.

Жерді айналам, айналам адамдарды,

сәби болып, нәп-нәзік гүлді айналам.

Уілдейді, былдырлап өлеңдерім,

Сен осыған күмәнсіз сенер де едің,

Раушандай ырғалған өмірімді,

Көк сүмбілге күлімдеп бөлер ме едім?

Ақ інжуге ойларым шомылғандай,

жүгіремін өзіме жаным қалмай,

отыз бес жыл… Не көрдім, не көрмедім?

Отыз бес жыл… Жолыңа елеңдедім.

Отыз бес жыл не істедім?

Қайда бардым?

Енді білдім, сөз неге айналарын.

Апам айтқан үн шығар – «Айналайын»

Ойланайын, тағы да ойланайын.

…Үнсіздікте Жан неге шырқырайды?

Маңдайымнан боз жусан бұрқырайды.

 

ЖАЛҒЫЗ СҰРАҚ

Мен саған түсіндіре аламын ба?

Барсың ба, кісіліктің ғаламында?!

Дүние мөлдіреп тұр, қарашы өзің,

өксіген қиянаттың жанарында.

 

Жанары, жанарын-ай, қиянаттың

алған ба, кірпіктерін ұялап мұң?

Қия-құз тағдырымның аспанында

барады құлдилап түн, қиялап күн.

 

Сенгенім артық па еді, сенбегеннен?

Көргенім жаман болды-ау, көрмегеннен!

Мен саған түсіндіре аламын ба?

Дүние әділетпен дөңгелеңген.

 

Дүние дөңгелеңген әділетпен,

таза еді әділеттің Ары неткен!

Құрғыр-ай, ақ пен қара, ақ пен қара,

дүние дөңгелей ме, лағынетпен?!

 

Мен саған түсіндіре аламын ба?

Жоқ, әлде өзім ұқпай барамын ба?

Жанымды ауыртады жалғыз сұрақ,

Дүние мөлдірей ме жанарыңда?!

 

* * *

Түн сайын балконымда күндер өлген,

Қоштасып, бақұлдасып үлгерем мен.

Көзінен жұлдыз ақты қара түннің,

бұ неткен кезең еді күрделенген?

 

Күделі өмір емес, өзім шығар,

кісіні осындайда төзім сынар.

Көңілдің көкжиегін бұлт торласа,

көкейден күңгірттеніп сөзің шығар.

 

Қамығып, ой мүжіме маған бола,

өмір сүр, жарқырап жүр, алаңдама.

… Өткен күн иманыңа мың саламат,

өкпем жоқ, Құдайға да, адамға да.

 

* * *

Қайғың досың болғанда, күлкің – қасың,

бәрін сөзбен жеткізу мүмкін бе осы?

Үнсіздікке билеген ойларыңды,

терезеңнің алдында гүл тыңдасын.

Сен де гүлдей тұтқынсың, Мен де гүлдей,

Жан да тұтқын, қара тән көрге кірмей.

Сөздің мәні бір күні жоғалады,

Пешенеңе амалсыз көнгеніңдей,

 

қайғың қасың болғанда, күлкің — досың,

күле-күле көңілің жыртылмасын.

Айқайларға қорланған ойларыңды,

гүлге обал, тыңдаса, түн тыңдасын.

 

***

Бір шексіз қараңғылық басталғандай,

жан дүнием қаңырап бос қалғандай.

Келемін жалғыз өзім түн ішінде,

батып бара жатқандай Күн ішімде.

 

Өзіме-өзім келе алмай келісімге,

бұл недеген жалғыздық, көп ішінде?

Жалтақ-жалтақ қараймын жан-жағыма,

жанымда ешбір адам қалмады ма?!

 

Қайда барам?! Жол жоқ деп, ойламағам,

қаңғып кетсем қайтеді-ей, айдалаға?

 

* * *

Әркімнің өз тағдыры — өзіне сән,

дүние — бір ауру, жазыла алсаң.

Жасқанбай жігіт болсаң жасырып көр,

Жаныңның Жаратқанға назы болса.

 

Ешкімге иілместен, бүгілместен,

Арман не? Қиянатсыз ғұмыр кешсең.

Алдау мен алданумен ортасында,

өмірің өте шығар білінбестен…

Өт-Кел

Білінер, жүрісіңнен, тұрысыңнан,

шаршайсың, жанталасқан жұмысыңнан.

Құм екен, құм екен ғой – уақыт деген,

сусылдап тоқтамайтын уысыңнан.

 

Өзінше уақытпенен белдесердей,

жүр біреу, елге сенбей, көрге сенбей…

Кеңсенің бұрышында кемсеңдеген,

Аяймын Өмірімді мен де сендей.

 

Жалықтым бей таланттан ақылсынған.

Қорықтым кем таланттан ақынсынған.

Достар бар, түсінбедім, дұшпансыған,

Қастар бар, түсінікті, жақынсыған.

 

Жөн десіп, Жаратқанның жарлығына,

шыдармыз қыртекеңдер зорлығына.

Көнерміз, көне алмаспыз қорлығына,

жарайды, нар тəуекел барлығына,

бірақ,

Уақыт…

Уақыт…

Уақыт өтіп барады ғой.

 

ДҰШПАН

Білмеймін, Жан үшін бе, Жын үшін бе?!

Сұлулық, сатқындық бар жүрісінде.

Тағы да бауыздады ойларымды,

Тағы да қан жылатты түн ішінде…

 

Арымды албастыдай азаптады,

Жанымды жәдігөйдей мазақтады.

Мен, мүмкін, қасиетпін Жұмақтағы,

Кім білсін?! Қасіретпін Тозақтағы.

 

Күнәнің ең ауыры – сөзімізден,

Кінәнің ең сорлысы – өзімізден.

Мархабат, сабыр сақтап, кешіріңіз,

Мен оны көрдім кеше көзіңізден.

 

Ол кеше көзіңізде күліп тұрды,

Күлкімен құмарымды құнықтырды.

Бір сәтте мың құбылған қылығымен,

Күнәні, күдікті де ұмыттырды…

 

Сыртымнан есіп айтып кесір кесім,

Е, мейлі, есті дерсің, есір дерсің.

Тәубесі тамырында күркіреген –

Өмірім – иманымның көшірмесі.

 

Иманым – жүректегі арман әнім,

ғайыпта ғапыл болса, бар ма амалым?!

…Осылай, ойларымнан ойым шошып,

Өзімнен өзім қашып сандаламын…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір