«ТЕАТР ТҮСІМЕ ЖИІ КІРЕДІ»
17.10.2020
1354
0

Қазақ театртану өнерінде орны бөлек есімнің бірі – Ахметжан Насырұлы Қадыров деуге болады. Бағыбек Құндақбаев, Әшірбек Сығай, Ахметжан Қадыров десе, қазақстандық театр өнерінің теориялық және ғылыми тұрғыдан сарапталуына ерен еңбек еткен шоғыр көз алдыңызға келеді. Ахметжан Насырұлы орыс театрының тарихы мен даму барысын, драматург-режиссер-актер сабақтастығын бүге-шігесіне дейін жетік білетін санаулы мамандардың бірі болғанын оның шәкірттері үнемі айтып отырады. Сондай-ақ еліміздегі қазақ, орыс, ұйғыр, неміс, кәріс театрларының әр жылдардағы қойылымдары туралы жазған зерттеулері мен сыни мақалалары театртанушылар үшін ғана емес, өнерге ынтық оқырман мен көрерменнің эстетикалық талғамын қалыптастыруға ерекше ықпал еткенін замандастары жиі айтады. Жуырда білгір маманмен театр өнерінің қыр-сыры туралы сұхбаттасудың сәті түскен еді.

Ахметжан Насырұлы, халіңіз қалай?

– Шүкір. Адам шау тартқан сайын өткен күнін сағынады екен, балам! Әсіресе, достарын. Менің достарым қазақ театрының корифейлері еді. Олар туралы көп жаздым. 1960-80 жылдардан бастап Алматыдағы кез келген театрдың репертуарларының ешқайсысын қалыс қалдырғам жоқ. Мен қатыспаған премьера кемде-кем. Бәріне пікір айттым, мақалалар жаздым. Өөмірімнің көп бөлігі театр әлемінде өтіпті. Артыма бұрылып қарасам, еш өкініш жоқ екен. Соған тәуба деймін. Театр – тірі өнер. Оның аурасын басқа ешбір өнер бере алмайды. Театрға кіріп бара жатқан сәтіңді көз алдыңа елестетші. Тура бір ғибадатханаға кірер кездегі толқыныс кеудеңді кернейді. Әр спектакль – мейлі ол нашар спектакль болсын, екінші рет қайталанбайды. Мысалы, бір актердің кезекті қойылымдағы шағын рөлін бақылаңыз да, сол спектакльді тағы бір қайталап көріңіз, мүлде бөлек адам, бөлек мінез, басқа қалыпта көресіз! Екінші жолы сенің қай орынға отырарың да, кімдермен қатар қойылымды тамашаларың да жұмбақ. Декорация, жарық, композициялық шиеленіс те дәл бұрынғыдай болмақ емес. Демек, бәрі өзгерген. Міне, бұл – тек театрға тән ерекше құбылыс.

– Театрды сағынып жүрген шығарсыз?

– Әрине, түсіме кіреді қазір. Жас ұлғайған соң қазір бара алмаймын. Жаңа қойылымдар қойылса, елеңдеп қаламын. Арнайы адам жіберіп, «осы ақсақал көрсін» деп елейтіндер де азайды. Буын алмасқан, көз таныстар азайған, болса да, олардың да театр басшылығынан кеткен кезең ғой. Ешкімге өкпелемеймін.

– Сіз еліміз театртану мектебін қалыптастырған тұлғалардың бірісіз. 1957 жылы А.Н.Островский атындағы Ташкент көркем театр институтының студенті болыпсыз. Бұл институт бүкіл КСРО-ға беделді институттың қатарында болғанын білеміз. Студент кезіңізде қандай ерекше сәттер есіңізде қалды?

– Мен Алматы қаласында дүниеге келгенмін. Ол жылдары қалада орыс халқының саны басым болды. Елдің бәрі орысша сөйлейтін. Сондықтан ба, орыс тілін өз тілімдей еркін сөйлеймін. Институтқа күллі Орта Азияның өнерге бейімі бар таланттары жиналатын. Өзбек, орыс, қазақ, қырғыз, тәжік, түркімен, татар, кәріс дейсіз бе, бәріміз бірге оқыдық. Сабақ орыс тілінде өтіледі. Көп тұстастарым тілден қиналып жүрді. Оның үстіне жетінші сыныптан бастап, арнайы музыка мектебінде оқығанмын. Мектептегі ұстаздарым да кәсіби мамандар еді. Институтқа барғанда музыкадан, өнердің әртүрлі бағытынан сауатты едім. Оның үстіне, өзімнің де елгезектігім бар. Сабақтағы үлгерімім өте жақсы. Курстастарымның алдында жүрдім. Шынын айту керек, Ташкент көркем театр институтының ұстаздары өте мықты еді. Олар Мәскеуден, Ленинградтан келген мамандар. Жалпы өнер атаулының теориясын жақсы үйретті. Студент кезінде негізі қаланған білімнің берері мол екен. Өмір бойы ұстаздарымнан алған білімімді жетілдірумен, солар берген бағытпен жүрдім. Адасқам жоқ, басқа салаға ауысқаным жоқ. Тек театр әлемінде өмір сүріп келемін.

Студент кезде небір қызықты сәттер болды ғой. Бір күні Өзбекстан Мәдениет минис­трлігінің жауапты қызметкері шақыртыпты. Бардым. Жылы қабылдап, әңгімеге тартты. Кетерде: «Біз сені Мәскеуге оқуға жіберсек деп отырмыз. Болашаққа керексің. Біліміңді Мәскеуден жалғастырсаң», – деді. Мәскеудің театр институтынан оқу студент біткеннің арманы еді. Мен қуана келістім. Жатақханаға келіп, достарыма айттым. Олар да құттықтады. Ұстаздарым да қуанды. Мерзімді уақыт келді. Сыбыс жоқ. Сөйтсем, мені өзбек екен деп ойлапты. Кейін сұрастырып, ұйғыр ұлтының өкілі екенімді біліп, тізімнен сызып тастапты… Мұндай оқиғалар өмірімде бірнеше мәрте қайталанды.

– Қазақстан театрларының өзара шығармашылық байланысына көңіліңіз тола ма?

– Менің бір таңғалатыным, актерлерді айт­пай-ақ қояйын, режиссерлер бірінің спектаклін екіншісі көрмейді. Бәрі емес шығар, негізінен солай. Әуезов театры не қойып жатыр, Лермонтов театрының репертуарының негізгі жүлгесі қалай, неміс, ұйғыр, кәріс театрлары қандай қойылымдарды сахналауға талпынып жүр? Көбі қызықпайды. Бұл – деградация.

Ал театрларға келсек, бұрын бірімен бірі қоян-қолтық араласатын. Бұл дәстүрге айналып еді. Ғабит Мүсіреповтің «Қозы-Көрпеш – Баян сұлуын» ең алғаш сахналаған Ұйғыр театры еді. 1937 жыл. Қылышынан қан тамып тұрған уақыт. Ғабеңнің аштық кезінде «Бесеудің хатына» қолы қойып, одан өзге де саяси сергелдеңге іліну қаупі төніп тұрған шақ. Ешкімге айтпай, театрға ұсыныпты. Авторы көрсетілмеген. Ұйғыр театрының сол кездегi бас режиссерi Виктор Дьяковтың пьесаны театр ұжымына оқып бергенде, «бұл пьесаны қоюға тиіспіз» деп келісіпті. Дьяков «Қозы Көрпеш-Баян сұлудың» авторын – Мұхтар Әуезов деп ойлапты. Әуезов: «Бұл Ғабеңдікі», – деген соң барып авторын біліпті. Ұйғыр театрында Ғабеңнiң «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» пьесасы қойылады. Баянның рөлiн – Салима Саттарова ойнайды. Содан үш-төрт жылдан кейін Қазақ академиялық театры қойған. Бұл дәстүрге айналған жақсы үрдіс еді. Қазір сол дәстүр үзіліп барады.

– Достарыңыз туралы айтып қалдыңыз. Олардың ойынын сынаған кездеріңіз болды ма? Менің айтпағым, актерлар театртанушымен дос бола ма?

– 1960-80 жылдар аралығы Қазақстан театр өнерінің ең бір жарқын кезеңі деуге болады. Қазақ драматургтерінен бөлек, әлемдік классиканың небір жауһарын сахналады. Мен осы кезеңдегі театр қайраткерлерінің бәрімен араластым. Ұлы классик Ғабит Мүсіреповтың өзі үйіне шақырып, пікірлесетін, аға-бауырдай сырластық. Ол замандағы кісілердің бойында бір артық қасиет бар еді. Шынайы пікірді, дәлелді ойды қабылдайтын. Ренжімейтін. Өзінің кемшілігін бағамдап, соны түзетуге тырысатын. Қазір сол асыл қасиеттен айырылып барамыз. Сын емес, жай пікір айтып, өз ойыңды білдірсең де, бетіңе айтпаса да, қимыл-әрекетімен мінез көрсетеді. Сыртыңнан пыш-пыш сөз айтады.

Театртанушының досы бұрын да аз болған, қазір тіпті, жоқ шығар. Біздің жастардың құлағы тек мақтау сөзді тыңдағысы келеді. Театртану саласының дамымай, кенжелеп тұрғанының бір себебі де сол. Бұрын теа­тртанушы спектакль көруге барса, актерлар өз ойынын дұрыстап ойнауға тырысатын еді. Мен бірде Әуезов театрына бардым. Сонда белгілі актердың бірі шымылдықтан ақырын сығалап, залға қарап: «Қадыров отыр екен. Дұрыс ойнамасақ, сынына ілігеміз», – депті. Мұны кейін өздерінен естідім. Бұл – менен именгендігі емес, өнерді және маманды сыйлағандығы. Бірде Әуезов театры «Юлий Цезарьды» қойды. Басты рөлде – Тұңғышбай Жаманқұлов. Қойылым біткен соң: «Тұңғышбай, сен Цезарьдың ең маңызды бір монологын тастап кеттің ғой…», – дедім. «Иә, оны қайдан білдіңіз?» – деді. «Мен әлемдік классикадағы барлық пьесаларды сан қайтара оқығанмын», – деп жауап қаттым. Ол өз кемшілігін мойындап, қолымды алды. Әр жолы соңғы рөлін ойнап тұрғандай сезіммен ойнамаған актер – өзін сыйламайтын актер.

Үлкен буын кейінгі толқынға сын көзбен қарауы заңдылық. Көбіне көңілдері толмайды. Жас актерлерге не жетпейді сонда?

Жастар әлеуметтік тығырықтан шыға алмай жүр. Көбі отбасын асырау үшін асаба болуға, арзан сериалдар мен кештерге әуес. Оның үстіне қазір ақпараттың заманы. Өзге тұстастары секілді ел алдында, алқауда жүргісі келеді. Мықты актер болу үшін театрда өмір сүрудің маңызды екенін түсінуі керек. Бұдан да қиын кездерде ұлы актерлер театрды тастап кетпеген. Олардың аты алтын әріптермен сол жанкештілігі арқылы тарихта қалды. Кез келген мамандықтың өз рахаты мен тақсіреті болады. Тақсіретін жеңу үшін рахатын көбірек сезіну ләзім. Спектакль басталуға он минут қалғанда келіп, әрленіп, киімін шала ауыстырып сахнаға шығу – театр трагедиясы. Актердің құлдырауы. Ондай актерлердің жанарында от болмайды. Көрермен кімнің ойсыз кейіпте сүлдерін сүйретіп жүргенін сезеді.

Актер – тек сахна шеберлігінен ғана сауатты болса, актер болып қалыптаспайды. Оған барлық өнер тарихын білу маңызды. Классикалық музыка көп тыңдасын, әрі оның тарихын білсін. Сурет өнері, психология, философия, дін тарихы – бәрі керек. Сондай-ақ, өнердің өзге саласында жүрген замандастарымен аралас-құралас болулары қажет. Поэзия оқымайтын актерге бір нәрсе жетпей тұрады. Оны мен бір ойынын көргеннен байқаймын.

– Жас режиссерлерге қандай кеңес берер едіңіз?

– Театр режиссері болу үшін жан-жақтылы болу – алғы шарт. Сонымен бірге, жеке түйсігі ұшқыр болса деймін. Режиссер – тұтас қойылымның аурасын ойша сезе алатын адам. Ол өз қиялында үнемі спектакль қойып жүреді. Пьессаны оқыған соң, сахналық қойылымның тұтас фабуласы режиссер көкірегінде сайрап тұрмаса, режиссер өлі дүниені сахналайды. Көп режиссер өзінің бағытын таба алмай ұзақ жүреді. Әртүрлі жанрға, әртүрлі тақырыпқа әуестенеді. Өзіңнің бағытыңды, мәнеріңді, нақтылай түссек, қиялыңдағы режиссерлік шеберлігіңді дәл аңдамасаң, бірдің басын, бірдің аяғын шалып жүргенің жүрген. Бірде тарихи, бірде заманауи, бірде мистикалық, бірде абсурдтық қойылымдарды қоя беру – біздің режиссерлердің бас ауруы. Қоюына болады, әрине, бірақ, соған өз мәнеріңді қоса алдың ба, мәселе соған байланысты.

– Қазір театр репертуарларында жас драматургтердің шығармалары некен-саяқ. Мұның себебі неде деп ойлайсыз?

– Мен Шекспиді, Чеховты, Гогольді, Брехтті, тағы басқа классикалық драматургтерді жиі оқимын. Әуезов пен Мүсірепов шығармаларын да. Әлі күнге. Сондай ірі тұлғалардың сорабы бөлек. Дегенмен, заман өзгерді. Өнер туралы көзқарас, таным да. Әлемдік драматургия абсурд жанрын биік деңгейге көтерді. Беккет пен Сартрдың пьессалары қандай! Біздің театрларға соның бәрі керек. Жас әдебиетшілер арасында драматургтер жоқ дегенге сенбеймін. Театр басшылығы мен көркемдік жетекші жас драматургтер «не жазып жүр?» деген сауалға жауап іздеп, олардың шығармашылығына мән беруі керек. Тарихи қойылымдардан ары аспаған театрдың болашағы күңгірт. Драматургия – өз заманының алғадайы. Осы күнді, дәл осы уақыттағы адам болмысы мен қоғам кейпін суреттейтін пьесалар бар шығар. Болмаса, жаздырсын. Драматургтерді қалыптастыратын, шыңдайтын – театрдың өзі. Қазір режиссерлар бір шығарманы алады да, сахналық нұсқасын өзі жазып, сахналап жатады. Бұл жалпылама үрдіс болып барады. Қарсы емеспін, десек те, бұл үрдіске айналса, драматургия жанрын өлтіреді. Бірімен бірі бәсекелес режиссерлар осы бағыттарынан танбай қоюы мүмкін. Режиссерлар инсценировкасын өздері жасаған спектакльдерді көргенде, тұтастық жоқ, жүлгесі шашыраңқы дүние екені бірден байқалады. Қазақ театрлары осы кемшіліктен арылып, жас драматургтер шоғырын қалыптастырғаны жөн. Өнер академиясынан «Драматург» мамандығын қаншама буын бітірді. Солардың бәрі драматург болмаса, онда бір олқылық бар деген сөз.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан  Т.ТАҢЖАРЫҚ

Ахметжан ҚАДЫРОВ – 1935 жылы Алматы қаласында дүние есігін ашқан. Өнертану ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Еңбек сіңірген өнер қайраткері. «Орнығу жылдары», «Пьессалар», «Ұйғыр кеңес театры», «Театр және уақыт», «Театр кездесулері», «Театр афишалары алдында» секілді онға жуық кітабы жарық көрген. «Ыдырыс Ноғайбаев», «Фарида Шәріпова», «Сәбит Оразбаев» секілді ұжымдық монографиялардағы мақалалары театр майталмандарының өнер жолындағы бағытбағдарын кеңірек түсіндіруге жол ашқан еңбектер қатарында. Ұзақ жылдар бойы ҚР Әдебиет және өнер институтында ғылыми қызметкер, бөлім меңгерушісі, ҚазКСР Мәдениет министрлігі аппаратында жауапты қызметтер атқарған. Театрларда кеңесші, көркемдік жетекші, Өнер академиясында кафедра меңгерушісі, оқытушы болған. «Ильһам» сыйлығының, ІІ дәрежелі «Достық» және «Алтын бүркіт» (Германия) орденінің иегері.

 

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір