Театр кеңістігіндегі кең құлаш
13.11.2022
1038
0

22-24 қазан аралығында «Drama.kz» жобасы бойынша Алматы қаласында заманауи драматургия фестивалі өт­ті. Танымал драматург Олжас Жанайдаровтың бастамасымен осы өнер додасының ұйымдастырылғанына биыл алты жыл толды. Жобаға сиясы кеппеген жаңа пьесалар қатыстырылып қана қоймай, режиссерге табысталып, рөлдерді актерлерге бөліп беру арқылы сахнада оқылым болады. Оқылымның осындай форматы драматургтерге өз пьесасын сахнадан сезініп, кәсіби талқылаудан өткізу арқылы пікір қалыптастырып, көрермен бағасын алады. Драматургияға қалам тербеп жүрген немесе енді ғана пьеса жаза бастаған қаламгерлердің еңбегі жарқырап көрініп, көпшіліктің назарына түседі. Сонымен қатар келесі пьесасын әлдеқайда жоғарғы деңгейде жазуға ұмтылары сөзсіз.

Шығармашылық ортада драматург­тер тәжірибе алмасып, жазған жұмысын әрі қарай жан-жақты дамыту арқылы театрларға ұсынады. Қазіргі таңда шығармашылық орталар жаңа толқын авторларды белсенді түрде іздеп, қызығушылық танытып отыр. Бұл рет­те жоба Алматының мемлекет­тік және тәуелсіз театрларын ғана емес, сонымен қатар Қазақстандағы заманауи драматургияның жағдайын өзгертуге, өзекті тақырыптарға еркін барып, жаңа аудиторияны қалыптастыруына ықпалын тигізеді.
«Drama.kz» жобасының сарапшыла­ры – Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлт­тық өнер академиясының «Театр өнерінің тарихы мен теориясы» кафедрасының ұстаздары, театртанушы мамандар: Айжан Ахмет, Ұлжан Құрманбай, Бейбіт Әлкеева, Карима Ахан, мен және студент Рано Назарова бәйге қоржынына келіп түскен 62 шығарманы оқып, солардың ішінен фестивальге ұсынылатын 10 пьесаны іріктеп алды. Өнер додасында жеңімпаз аталған таңдаулы туындылар драматургия заңдылықтарына бағындырылған, ережеге сәйкес оқылымға ілінді. Пьесалар фестиваль аяқталғаннан кейін Drama.kz сайтында жарияланды.
Фестиваль аясында «Драма.KZ» білім беру бағдарламасы бойынша пікірталастар, дөңгелек үстелдер ұйымдастырылды. Атап айтқанда, фестивальдің алғашқы күні Ғ.Мүсірепов атындағы академиялық жастар мен балалар театрының кіші залында театртанушы Меруерт Жақсылықованың «Жас драматургтердің суреткерлік танымы» деп аталатын шеберлік сағатынан бастау алды. Дәріс қазіргі қоғамды толғандыратын жеті түрлі мәселені қозғайтын бөлімдерден құралған. Яғни әлемдік жаһандану, әлеумет­тік желілер, психологиялық ауытқулар мен адамның қоғамнан өз орнын іздеуі (самоидентификация), жалғыздық, буллинг (қысым көрсету), отбасылық қарым-қатынас, тұрмыстағы озбырлық, т.б. мәселелер және виртуалдық өмір мен шынайы өмірді шатастыру мәселелері қарастырылды. Сонымен қатар театр жанрлары мен формаларын кеңінен талдап, жан-жақты саралап шықты. Комедияны жазу үшін бүгінгі драматургтерге әлі де болса көп ізденіс қажет екенін тілге тиек ет­ті. Аталған тақырыптар бойынша бүгінгі драматургияға тоқталып, көкейкесті мәселелердің өзектілігін айқара ашып, көрермен сұрақтарына жауап берді.
Зиялы қауымның басын біріктірген бұл фестиваль Қазақстандағы барлық театр қауымдастығының дамуына әсерін тигізіп, идеялар алмасу алаңын құруға ықпал еткенін байқай алдық. Бірінші кезекте қазақ тіліндегі «Қашқын» ат­ты монодраманың оқылымы бір сағат­тай уақытқа созылды. Авторы ақын әрі жазушы Ақылбек Шаяхмет пьесаны күрделі философиялық ойларға құрып, тарих бет­теріне үңілген. Драматург туындысын көркем тілмен қоғамдағы әрбір адамның «қашқын» екенін түсіндіреді. Ол адам бойына тән қасиет екенін де классикалық жазушылардың еңбектеріне тоқтала отырып, оқиғалармен дәлелдеп кетеді. Шығарманы оқығанда автордың өмірден түйген-білгені, оқығаны көп екенін аңғару қиын емес. Режиссер Аридаш Оспанбаева пьесаны сахнаға ыңғайлап, автордың сөздерін өзі баяндап отырды. Оқылым аяқтала салысымен талқылауды жүргізуші театртанушы А.Ахмет пьесада ой еркіндігінің жетіспейтініне мән беру қажет­тігін айт­ты. Сонымен қатар әрекетке мүмкіндік аз екеніне режиссер де тоқтала кет­ті.
Екінші пьеса – Дана Асылбектің «Сингулярлық нүкте» деп аталатын туындысы. Шығарма мәтінінде авторлық ремаркалар көптеп берілгені байқалады. Мұнда біздің жас замандасымыздың тағдыры өзек болған. Монопьеса болғандықтан кейіпкердің ішкі әлеміндегі тартыстарды айқын аңғара алдық. Оқылым режиссері Фархат Молдағали пьесаның болашағы жарқын екенін және режиссерлік интерпретацияға көп мүмкіндік беретінін баса айт­ты. Туынды театр сахнасына сұранып тұрғанын көрермен де құптады.
Үшінші пьеса – Әлішер Рахат пен Ұлан Болатбек бірігіп жазған «Сен және мен». Бұл драмада қарт­тар үйіне жетімдер үйінің балаларын әкелу арқылы оқиғаны шиеленістірген. Алғаш кейіпкерлер кездескен сәт қызықты әрі күлкілі. Әрбір бейненің өзіне тән мінез-құлқын драматург тандемі аша білген. Жоғарыда ат­тары аталған пьесаларға қарағанда, қаламгердің кәсіби маман екені бірден аңғарылады. Режиссер Шағуан Үмбетқалиев бұл туындыны С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық драма театрының сахнасына қойған, дегенімен ол фестиваль ережелеріне қайшы емес. Алайда «Drama.kz» оқылымында актерлер жетіспеуші­лігінен екі қарт­тың рөлдерін әрі автордың сөздерін Ш.Үмбетқалиев өзі оқып шықты. Бұл жобаның деңгейіне кері әсерін тигізді. Сонымен қатар олардың оқылымға селсоқ қарағаны да аңғарылды.
Фестивальдің екінші күні ARTиШОК театрында драматург О.Жанайдаров «Автор қызықты кейіпкерді қалай жасайды?» ат­ты шеберлік сағатын өткізді. Онда кейіпкер болмысын жасау үшін түрлі әдістерді қолдануға болатынын слайдпен, салыстырмалы түрде айтып шықты. Алға қойған мақсатқа жету үшін кездескен кедергілерді жеңу арқылы бейненің мінезі анықталатынын түсіндірді. Сондай-ақ қарама-қайшы бейнелерді шығармада қолдану арқылы адамның көзқарасын, дүниетанымын айқындауға болатынына көз жеткізді. Содан кейін Нығмет Ибаділдиннің «Шахмардан құдықтан шығады» ат­ты пьесасының оқылымы болды. Драма оқиғасы мифология мен сиқырды үйлестіре отырып, кеңес өкіметінің қазақ даласына келуі туралы сыр шертеді. Шығарманың тілі күрделі, айтар ойы терең болғандықтан, көрермендерге бірден қабылдау қиынға соқты.
Келесі пьеса – Нұржан Түменовтің «Қазақ шенеунігінің өмірі» монодрамасы. Бұл туындыда шенеуніктің өмірбаяны тарқатылып баяндалған. Сонымен қатар қазақ қоғамындағы түрлі мәдени, саяси оқиғаларды параллель қарастырып, оны өз пайдасына қарай шешкені жайлы ой толғайды. Адам бойындағы екіжүзділік, атаққұмарлық, жауыздық сияқты қасиет­терді ашып, заманауи тілмен жеткізген. Оқылым барысында режиссер Асыл Сәрсен мен актер Шерхан Оразбеков пьесаға өзіндік ырғақ қосқан.
Кристина Зоринаның «Бәрі әлдеқайда оңай» деп аталатын пьесасы шынайы өмірден алынған, екі немесе үш адамның диалогынан құралған. Оқиға көбінесе кафеде, барда өтеді. Автор күнделікті өмірді қиындатпай сүру керек деген ой тастайды. Ал Ольга Рубцованың «Тізбекті үзу» пьесасы мектептегі қысым көрсету туралы деректі оқиғалардың негізінде жазылған. Бұл тақырыпты режиссер қатысушылар мен көрермендерді шеңбер тәрізді отырғызу арқылы балалық шаққа саяхат жасата білді. Отырғандар өз басынан өткен оқиғаларды еске түсіріп, тақырып өзектілігін бір сағат бойы талқыға салды.
Фестивальдің үшінші күні М.Лермонтов театрының кіші сахнасында режиссер Юрий Шехватов «Пьеса сахналау үшін қалай оқылуы керек?» ат­ты шеберлік сағатын өткізді. Онда «Drama.kz» жобасының маңызына тереңнен тоқталып, пьесаның сахналануы үшін оқылымның жауапкершілікпен, өз формасын тауып қойылуы туралы түсіндіріп өт­ті. Шеберлік сағатынан кейін Ақлима Сапарованың «Бумеранг» пьесасының оқылымы болды. Онда автор қазіргі қоғамдағы отырып қалған қыздар мен артық жүрісті ер адамдар бейнесін жан-жақты ашуға көп еңбектенгенін аңғарамыз. Пьесада сатқындықты әшкерелеп, махаббат­ты ойыншыққа айналдырған адамдар тағдыры көрсетілген. Туынды жазылу стилистикасы бойынша жеңіл, комедиялық бағыт­та құрастырылған.
Келесі пьеса – Андрей Сухоногиннің «Тозаққа жол» драмасында басты кейіпкер мектеп табалдырығынан бастап, сыныптастарынан қысым көріп, отбасы мен ұстаздарынан қолдау таппағандықтан психологиялық ауытқуға түсіп, оқиға соңында кек алу үшін қылмысқа баратыны туралы сурет­телген. Драматург бала тәрбиесіндегі немқұрайдылық қандай нәтижеге алып келетінін нақты көрсете білген.
Сонымен қатар Альмира Исмаилованың «Нарату, Санжик және жеті сиқырлы плитка» пьесасының эскизі көрсетілді. Заманауи балалар ертегісінің оқылым режиссері Роман Бокланов болды. Оқиға қарапайым әрі қызықты. Сүйкімді кейіпкерлері бар бұл шығарма – көрермендердің ой-қиялын дамыту үшін таптырмас дүние. Биылғы жылы осы туынды Н.Сац театрында қойылып, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленіп те үлгерді.
Қорыта келе, театр кеңістіндегі «Drama.kz» фестивалі биылғы жылы жаңа пьесалармен толығып қана қоймай, драматургтердің кәсібилігін арт­тырды. Таңдалып алынған 10 пьесаның формасы жөнінен де, жанр бойынша да бір-біріне ұқсамауы үлкен жетістік болды.

Назерке Рамазанқызы,
театртанушы, өнертану ғылымының магистрі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір