ЖОҒАЛҒАН РУХТЫ ЖОҚТАУ
17.10.2020
2709
0

Соқыр ойдың көзiне сәуле сепкен әңгімелер

 Үш ғасырға жуық теперіш көрген, онда да жай ғана бодандық емес, соңғы 70 жылында жойқын идеологиялық өзгеріске ұшырап, құлдық таңбасы етiнен өтiп, сүйегiне жеткен тәлейсiз халықтың әлдеқалай бағы жанып, азаттық алған соң iлгергi басыбайлы өмiрінен жұғысты боп қалған ой бұғауы мен таным құрсауынан құтылып, ада-күде арылуына қанша уақыт қажет болар?

Серік НҰҒЫМАН


Дәл басып жауап беру қиын сұрақ. Шексiз мерзiмге созылуы да, қысқа мерзiмде орындалуы да ықтимал жай. Ойлы жанға оңайлықпен құйрық ұстатар жұмбақ емес. Басқа емес, кеше ғана сол кептi киген, аңдаусызда құдыққа құлап, құлағында құрбақа ойнаған… сол сордан өлдiм-талдым дегенде әрең босанып, жаңа ғана көз ашқан әңкi-тәңкi елдiң ұрпағы болсам да, бұл сауалға жарытып жауап таба алар емеспiн. Оған себеп, алқымдап тұрған сол көмескi бұғалыққа қарсы пәрменді әрекеттің айналадан әлi бiлiнбейтінi. Тiптi, қарасын көрсетпесе де мысымызды басып тұрған сондай бiр құбыжық бары былайғы жұрт түгiлі, зерделi дейтiн зиялы қауымның өзiн елең еткізбейтіндей. Сонша тереңге тартып, қара бақайға дейiн қанығып кеткен бұл не қылған пәле екенiн, нәр алып тұрған алып тамырына әлдеқашан балта шабылса да, көлеңкесiн мүлде өшiрмедi. Өшiрдi не, әлдебiр тексiз тiрекке тарамыс жалғағандай, өлмейтiннiң тебiнiн танытып, жаны сiрiлiктiң сесiн көрсетедi. Соны аңдаған жүректі қайдағы бір үрей келіп кеулейді.

Ал, ендi, мызғымас боп орныққан осы психологиялық ахуалды көрнеу нысана еді десек, әдетте қарасы мол көрiнетiн жазармандар қауымының бұл тарапта серпiндi әрекет етпей отырғаны шетiн жай болса керек. Бұл, тiптi, кiсi таңқаларлық жағдай. Себебiн түсiну де қиын. Әлде олар өздерiнiң кешегi «бақытты күндерiн» құлдық қамытын кидiк дейтiн өткен уақыт еншiсіне өткізіп беруді қаламай ма? Әлде сонда бiр қымбаты – атақ-даңқ, бедел-мансап дегендей «асылы» қалып, сол сүйіктілері бірге кететін болғандықтан қатты қаралауға қимай ма? Білмедік. Бәлкім, сол заманның шын кеспірін, түпкі мақсатын, өз санасына бойлап сiңіп кеткендіктен де, әлi танып, айыра алмай, адасып жүрген шығар? Белгiсiз. Қалай болғанда да, сол бiр зобалаң жылдар туралы ауыз толтырып айтарлықтай тұшымды еңбектердiң жасалмай жатқаны өкiнiштi-ақ.

 Ендi осы тың тақырыпқа Мұхтар ағамыз қалам тартыпты. Көптен күткен, отаршылдықтың халық жадына сiңген улы зардаптарын үңги ақтарып, жын-соқтасын ағыза көрсетiп, көптiң көзiн талай сұмдыққа жеткiзер, сол арқылы ел санасын оятып, рухын көтерер өрелi еңбектер өмiрге келер деген үмiтiмiздi ақтап, ойсырап тұрған олқылықтың орнын толтырыпты. Негізінде, үмiттi ақтап, бостықты толтырды деу аз, қайта бұл шығармаларды тыңға түрен салып, жоқты бар қылған, көпке үлгi шашып, көктемнiң алғашқы қарлығашындай жаңаға жаршы болған үздiк дүниелер деп бағалау әлдеқайда орынды. Ақиқатында да солай, бiраз күттiрiп барып дүниеге келген жаңа туындылар мағына-мазмұнының тыңдығында ғана емес, форма-бiтiмiнiң бөлектігiмен де өзгеше еңбектер. Бұндай өрнегi озық өзгеше шығармалар өрелi жазушылардың қаламынан ғана туса керек-тi. Сөз 2004 жылы «Жұлдыз» журналының 5 санында жарияланған Мұхтар Мағауиннiң жаңа туындылары («Жоқтау» және «Әз …ағаң һәм әз … әзiл») хақында болайын деп тұр.

Иә, Мұхтар ағамыз бұған дейiн де есiмi ел аузына iлiнген әйдік сөз шеберi. Ұлттық сөз өнерiмiздiң өресiнiң биiк, iргесiнiң берiк болуына қырық жылдан берi еңбегін арнап келе жатқан кесек тұлға. Рухы биiк, еңсесi асқақ суреткер. Қабырғалы қаламгер бұл жолы да қарымдылық көрсетiп, самдағайлық танытыпты. Қатарынан озған шын жүйрiк қана осылай шабар еді. Ежелгi ұстанымынан бір танбай, ұлттың жiгерiн жанып, еңсесiн көтерсем деген игі ниетпен қолына қалам алған екен, «Межесiне жетпесе де, жобасына жуықтаған» шығармасының өзi – ел игiлiгi.

 Үнемі тiлге тиек, әңгімеге өзек болатынына қарамастан, бiреу мойындап, бiреу мойындамайды, затында дағдарыс деген пәленiң әдебиетiмiздiң алдын орап, жолын көлденеңдеп жүргенi баршаға мәлім жай. Бетпе бет келiп отырған нәрсенiң жоқ екенi туралы айтып, даурыққаннан гөрi, оны ертерек мойындап, қамал алуға қам жасасақ, ұтыстың өз жағымызда қалары даусыз. Ал сол ұмтылыстың алдыңғы шебiнде сенiм артқан серкелерiмiз бен жүк ауырын көтерер нарларымыз жүрсе, тiптi де оңды, ұпайымыз толық болмақ. Өйткенi әдебиеттегi алып тұлғалар ұлттық әдебиеттiң қалыптасуында ғана емес, қалыптасқан әдебиеттiң дәл бүгінгiдей қоғамдық формациялар алмасуы тұсында бағдарынан жазып қалған, iркiлген, кібіртіктеген кезеңдерiнде де зор күшпен қар бұзып, қасатқа iз салуымен де бағалы. Мұның шын аты – өнеге. Бiздiңше, алда сөз болмақ еңбектерi арқылы Мұхаң бұл талаптан толық шыға алды. Ірілік көрсетті.

Жоғалмауға тиiстi рухтың жоғалуы мүмкiн бе?

Жоғарыда айтқанымыздай, жазушының бұл жолы жарық көрген туындылары – әңгiмелер екен. Әңгiмелер болғанда, көп емес, екеу-ақ. Бiрақ байқай алар пайым, түсiне алар түйсiк болса, соқыр ойдың көзiне сәуле сеуiп, салғырттанған санаға нұр құюға қауқарлы қуатты еңбектер. Айтар сөздерi аса ащы, тым салмақты.

 Екеуi де рух туралы уытты шығарма. Алдыңғысы – ертеде, баяғы заманда болған, бiрақ қазiр жоқ, әлдеқашан ғайып болған… жоғалған рухты iздеу де, екіншісі – сол жоғалған рухтың сөну, қожырау барысын толғаған босалқы баян. Оқып болғанда, бар асылыңнан айырылып, айдаладағы қу тақырда жалғыз қалғандай күй кешесiң. Көкейiңдi әлдебiр қайта келмес асылдың өрекпіген өкiнiшi өртейдi. Көмейiңе келіп өксiк кептеледi.

Дәл осы аш өзекке шоқ түсiрiп, сүреңсiз күйге кiрiптар еткендiктен болар, бiз сөзiмiздi, өз ыңғайына қарай, осы екiншi әңгiмеден бас­тасақ деп отырмыз. Өз ыңғайы дегенде, алғаш оқып шыққанда әңгiмелердiң орны алмасып кеткендей әсер қалдырған. Ойымыз да сол негізде өрістеген еді. Ендi бүгiн қағазға түсiрерде де сол реттi сақтадық. Демек, сөз кезегі әуелі жоқ рухтың жоғалу барысы жайлы әңгiмеде.

Ал онда сол… жоғалмауға тиiстi рухтың жоғалуы мүмкiн бе? Мүмкiн болса, оның жоғалуына қанша уақыт қажет?

 Мына ғажапқа қараңыз… тарихы мыңдаған жылдардың алдынан басталатын естияр халықтың басынан бағы тайып, құлдықтың құрығына iлiнсе, өзiнiң дүркiреп тұрған заманында қаншалық асқақ болғанына қарамастан рух алауының жығылып, суы қайт­қан семсердей жасып қалуына көп емес, бiр ғасырға таяу мерзiм емiн-еркiн жетедi екен. Ал осы қарқынды iске, соңғы нәтиженi жақын етер «ұлы шаруаға» басқыншы халық қана емес, басқыншылыққа ұшыраған жұрттың төл перзенттерi бiлек сыбана кiрiссе, мезгiлдiң одан да аз болуы мүмкiн екен. Тiптi, жетпiс жылдық уақыт та тарлық етпестей. Осы бір жан шыдамас аянышты барысты баян еткен аталмыш әңгiменi оқып шыққанда осы шындыққа көз жеткiзесіз. Яғни, өзiмiз аямай үлес қосқан пәрмендi жаныштаудың арқасында бiздiң елдік рухымыздың өшiп, кеудемiздiң босап қалуына бар-жоғы бiр адамның өмiрiндей уақыт кеткен. Рас, бұл арада ескеру керек, және ешқашан ұмытуға болмайды, бiздiң жалпы отарлану тарихымыз – шамамен, үш ғасыр. Дегенмен ғасыр басынан бұрынғысы басқаша отарлау екен. Яғни, көпке белгiлi кәдiмгi бодандық. Оған ұшыраған халық жалғыз бiз емеспiз. Көп жұрт бастан өткерген. Бiрақ олар жерiн басып алған басқыншыларға алман-салығын төлеп, елi аман, жұрты тыныш, өз дiнiнде ғибадатын жасап, өз тiлiнде сөйлеп, салт-санасын сақтаған қалпында отыра берген. Басында бiз де сондай отаршылдықта болыппыз. Алайда кейiн жағдай басқа бағытқа бет алған. Сорымыз тiптi қалың болған сияқты, отарлаушымыздың өзi отарланып, аз уақыттың iшiнде есiмiз екеу, түсiмiз төртеу болып, ту-талақайымыз шыққан. Солай болар жөнi де бар екен. Тосыннан келген бұл тажал – идеологиялық отарлау деп аталатын, жер жүзiнде бұрын-соңды үлгiсi болмаған, жаулап алған соң, алманыңды алып, байлығыңды сорып жата бермей, ендi санаңа шауып, басыңмен айналысатын отаршылдықтың жаңа түрi екен. Өйткенi отарлаушының өз басы да алмасқан бас болыпты. Жығылғанның үстіне жұдырық болып, өткен ғасыр басында жетiп, жетпiс жылдың алдында килiктi бізге. Содан бергi уақытта жеткен табысы – орасан. Құрбандығы – тұтас ұлт. Соншама ұзақ уақыт жиналған күш-қайрат, ерiк-жiгер шақты мерзімнiң сұрапыл соққысына шыдас бере алмаған… Бiз сөз ете бастаған әңгiме, мiне, осы қараңғы заманның қасiреттi барысын айтады. Әрине, әңгiмеде бастан түсiп алып бiр ыңғай сыдырту жоқ. Қайта алдымен кейiнгi аянышты салдарды көрсетiп алып, артынан соның тереңде жатқан себебiн тексередi. Әрi бұл әдiс бастан кешкен алмағайып заманның ащы шындығын аямай ақтаруға аса ұтымды қолқабыс еткен.

Әңгiме тәуелсіз қазақ мемлекетiнiң жүрегi, ел болып ойланар басы, жан-жаққа жарлығы жетер астанасы – Алматы қаласының қақ төрiне жегiқұрт боп түсiп, орнығып алған жынойнақ – құмархананың (Казино) тура алдынан басталады.

Әсем киiнген, ұзын шашты, жаңа дәуiрдiң жаңаша ұрпағы – жас жiгiт шығып келе жатады iшкi жақтан. Жетiсiп емес, жер тiстеп. Әлде ұрлаған, әлде тонаған, қайдан келгенiн өзi де бiлмейтiн, бүгiнде жалғыз өзiне мұра боп иен қалған онсыз да көп ақшаны одан сайын көбейтпек оймен табалдырық аттаған. Содан соңғы көк тиынына дейiн ұтылып, сымпиып шығып келе жатқан бетi. Тiрлiктен үмiтi жоқ. Жанында жасырған жанқұралы (наган) бар. Алақаны соған жабысқан… Өзi кәдiмгi қаракөз қазақ баласы…

Тұрқы басқа, тұрпаты бөтен… ұрпақ

Басқа оқырмандар байқамай өтiп кеткен болар… бiз өйте алмадық. Тоқта! – дедiк тiксiнiп. – Қазақ баласы болса… өз елiнде, бейбiт күнде, қарап жүрiп жанынан безетiн… бұл қайдан шыққан безбүйрек? – дедiк таңданып. Тәуелсiздiкпен тұспа-тұс келген нарықтық қатынастардың енді түйiн тастаған жас бүршiгi деп қалуы әбден мүмкiн бiлмеген бiреудiң. Жоқ, олай емес. Олай болса, базарда жүрмес пе едi саудасын сауып. Мынаның тұрқы басқа, тұрпаты бөтен…

Соңынан бiлдiк. Сөйтсек, бұл – халқымыздың басыбайлы заманында әбден мәңгүрттенген… орыстанған сормаңдай тобының бүгiнгi өсiп шыққан жатбауыр жеткiншектерi екен… солардың өкiлi. Ал олар үшiн дербестiк, бостандық бастаған ұлттық құндылықтарыңыздың құны көк тиын. Егер олай болмаса, құлқын қуып, құмар ойнап, босқа шашылып жүретiн мезгiл ме едi ол! Бiрақ, айтып не керек, азаттықтың ақ таңы атты дегенмен, дәурен әлi солардiкi екен. Қажет қылса – ақшасы, ойнаймын десе – құмарханасы дайын екен.

Кенет қолындағы тапаншаның бiрталай бақырға жарайтыны есiне түседі. Кері бұрылып, ойынхана есiгiне қайта енiп, қара батырады.

Казино!..

Осы арада тағы бiр iркiлмей өте алмас едiк… тағы бір тіксінбей қала алмаймыз!

КАЗИНО!.. Басқа – басқа, қайдағы бiр дулы базар емес, алып мемлекеттiң жүрегi, бүкiл елге пәрмен түсiрiп, көпке үлгi шашар үкiлi орталығы – Елордасының қақ төрiне келiп ұя салып алған бұл не қылған жынойнақ, Құдай-ау?! Қалай тайраңдап, қайда шығып кеткен найсап! Оны ойнақтатып қойып, ұрпағының болашағына үмiтпен көз тiгетiн ел қайда қарап отыр сонда? Жұртқа пана, елге ес болады дейтiн атқамiнерлерi қайда бұл қауымның? Құмар ойнауды екi дүниенiң кешiрiлмес күнәсi деп уағыздайтын дiнi, ойнаушыны жұртқа жаман дағды таратады деп елден аластайтын ата салты қайда мұндағылардың? Кесiрлi кесапатты төбесiне жіберіп қойып үнсiз қарап отырған қай жұрт болды екен сонда бұл жұрт?

Бұл, әрине, қазақ елі болатын. Баяғыдағы иманын – ырыс, ата жолын – қазына санаған нағыз қазақ жұрты болуы екiталай, бiрақ сол елдiң орнында қалған жұқанасы, соңында қалған жұғыны екенi күмәнсiз. Бүгiнгi сиқы – осы. Ал мұндай елдiң мынандай ортада ержеткен ұрпағының кiм болып өсерi екi бастан мәлiм емес пе. Олар, міне, әлдеқашан өсiп-жетiлген. Өсiп-жетiлмесе, жынойнаққа кiм келiп кiруi мүмкiн бұл маңда? Ешкiм бас сұқпаса, ерте-жарықта қарасын өшiрмей жынойнақ не iздеп жүр бұл арадан? Демек, керектi адамы қаулап өсiп, дайын болған. Дайын болған екен, біреулері құмархана босағасына байланып, табалдырығында өлуге міндетті!.. Ақшасынан ғана емес, жанынан да тоналып, дүниеден уаз кешкен бейбақтар да табылған, мiне! Олар үшiн өлгенде әрең қол жеткiзген бостандығыңның, елдiгің мен еркiндiгіңнiң көк тиындық құны жоқ.

 Азаттықтың қадiрiн бiлу үшiн, әуелі құлдықты, құл екеніңді сезiну керек емес пе?! Құлдық қасiретiн сезiну еркіндіктің қасиетiн бiлуге апаратын төте жол десек, ол жолдың ойсыздарға жабық екенi анық. Құл құл екенiн бiлмей тұрып ешқашан еркiндiкке ұмтылмайтыны секiлдi, олар тәуелсiздiктiң iргесiн бекiтуге еңбек етуден гөрi, көрген өнегесi бойынша, бесiктен белi шықпай жатып жүректерiн жайлатып алған көк тиын үшiн жандарын қиюға әлдеқайда бейiл. Мiне, бiздiң бүгiнгi жеткен жерiмiз, қазiргi ел жайы – әңгiмедегi, сәл iлгерi айтқан, аталмыш салдар жынойнақ жағалаған жас жiгiттiң жай-күйі арқылы көркем берiледi.

Ал сонда осы салдарға жету үшiн, осы хәлге түсу үшiн қанша уақыт кеттi екен?

Жазушы содан соң барып осы салдар себебiн тереңнен толғап саралай бастайды. Елдiң осы күйге жетуіне үш буынның өмiрi кетiптi. Соны өз кезегiмен өрбiтiп, әсерлi де шынайы баян етедi.

 Бiрiншi буын, бұл – қызыл идеямен қаруланған жаңа отаршылардың қанды шеңгелiне ә дегенде iлiнген алғашқы «олжалар». Бұлар ғасыр басында бас көтерiп, кейін… көп кешiкпей қатты жаныштауға ұшыраған Алаш ардақтыларының замандас-жолдастары, теңтұс-құрдастары, iзбасар iнiлерi болатын. Қатарға жаңа тартылған жас шәкiрт болуы да ықтимал. Бiрақ кейiнгі жолдары басқа болып айырылған. Әлде, о баста-ақ басқаша болды ма екен, кiм бiлсiн, әйтеуiр соңыра қызыл басқыншылардың айбарынан ығып, қаһарынан қаймықты ма, ырықтарына көнiп, жұмыстарына бел шешiп кiрiсiптi. Әуелi сол кезде өртенiп тұрған басты мiндет – ұлт азат­тығын мұрат тұтқан, сол жолда жұдырықтай жұмылып жұмысқа кiрiскен аздың алдындағы өз ақылмандары – ел ағаларының артынан шам алып түседi. Өткен-кеткен «қылмыстарын» түгендеп, соңынан олардың тұқым-тұқиянымен бірге көздерiнiң жойылып кетуiне септiгін тигiзедi. Олардың ел арасындағы ықпалын, жұрт жүрегiне сiңген үлгi-өнегесiн, келешекке шашып кеткен үмiт өрнегiн түп-тамырымен қопарып, түбегейлi құрту үшiн ештеңеден тайынбайды. Өз бастарынан кейiн, олармен дәмдес-тұздас, сырлас-мұңдас болған қаншама жазықсыз жан жiпке тiзiлдi! Ешқайсысын аяған жоқ. Бұдан басқа да қаншама «даңқты» мiндеттер атқарды. Жасанды аштық, бейбiт қудалау дегендей. Жаны үшiн, әлде басқа үшiн бе екен, арын сатқан қасиетсіздіктері бар, ештеңеден қаймықпады. Қайда бұйырса, сонда шапты. Қайдан салса, содан шықты. Жаңа идеяға берiлген имансыздығы сонша, обал-сауапты ойламады. Тексiздiктiң тегеурiнiн танытып-ақ бақты. Ел iшiне үрей кiргiзiп, көптiң рухын үркiттi. Дiнiнен безiндiрiп, тегiнен жерiттi. Сол арқылы жұрттың жандүниесiне ендi қайта құтыла алмас «күдiк» дейтiн рухани дерттiң ұрығын септi. Сөйтiп, рухын жарақаттады. Бұл анағұрлым қауiптi жағдай едi. Ал солардың қолында жан үзген, өздерiнiң түпкiлiктi ұстанымдарына сәйкес келмеген жаңа идеяны қабыл көрмей, тiрi қалуға мүмкiндiктерi болмағанда сатқындық жасауға арлары бармай, таңдауы о дүниеге түскен асыл тектi Алаш арыстары қазақ халқының жаңа отаршылдыққа берген алғашқы құрбандықтары болса, оларды жаныштаған, арларын шыбын жандарына садақа қылған мына сатқындар да – бастапқы құрбандықтар еді. Халықтың жандүниесiнен берген тұңғыш құрбандықтар. Себебi арманда кеткен Алаш алыптары, басқа да бас көтерер тұлғалар асқақтап тұрған елдiк рухымыздың алтын басының шабылуы болса, оларды қуғындаушы жансыздар – ұлттық рухтың бұтарлануы, жарғышақтануы, қақ айрылуы едi. Ұлт үшiн бұл да үлкен зобалаң… жоғалту. Алдыңғысынан да жаман жоғалту болуы мүмкiн. Өйткенi бұл өзiмен өзi кетпей, iшке өтер жұқпалы iндетке жол ашар қатерлi кеуек едi. Айтқандай-ақ, олар сатқындықтың басын бастап қана қойған жоқ, соған қоса сатқындықтың кейiнгi ұрпаққа тамыр жаюына, көптiң жан-рухының сетiнеп, заманнан берi міз бақпай келген iшкi бiрлiктiң ыдырауына себеп болған дауасыз індетті таратқан адамдар болды. Сондықтан да оларды алғаш айырылған арыстарымызбен қоса берген құрбандықтар деп атаймыз. Аталмыш әңгiмеде бұлардың өкiлi – Отарбай Сатылғанов боп көрiнiс бередi. Ашығы – ашық, жасырыны – жасырын атқарған «қызметiнiң» тiзiмiн көргенде тұла бойың түршiгедi. «Кәмелетке жетер-жетпестен орыс әкiмшiлiгiне тыңшы болған. – Алашорда қайраткерлерiнiң үстiнен жала жинапты. Он сегiз жасында – қызыл белсендi. Жиырма алты жасында – қазақ даласындағы жаппай ашаршылықты ұйымдастырушылардың бiрi. Отыз екiден отыз беске дейiн – республикалық дәрежедегi жандайшап – ұлттың бетке шығар ұлдарының талайының түбiне жеткен тажал… Иә, одан соң өзi де айдауға түскен. Өте көп бiлгендiктен, артық куәлардан тазарту науқанында. Содан соң… Колыма, Карлаг, Степлаг… Қай жерде қазақ болса, сол жерде тыңшы, арандатушы. Елу бесiншi жылы – қырық тоғыз жасында босаған. Шаршамаған, шалдықпаған, қулық сұмдығы қабына түскен, амал, айласы жетiле түскен, бар қуаты бойында. Жалпы жұрт үшiн – Сталиндiк қапаста азап шеккен міскiн, халық бақыты жолында күрескен, бар ғұмыры елiмен бiте қайнасқан ардагер. Ендi жаңылыс келген қадыр-құрметке бөленiп, Құдайға тәубе айтып, тыныш жатса ғой. Жоқ. Отарлық өкiметтiң қазаққа қарсы барлық iсiн қолдау… Өткендегi алаш азаматтарын қаралап, олардың есiмi мен еңбегiн жарыққа жеткiзбеу… Кейiнгi ұрпақты аздырып-тоздыру… Әрине, еш жерде айқайлап шықпаған, сыннан өткен сенiмдi кадр ретiнде жабық кеңес, жасырын қағаздар арқылы орнына келтiрiп жатады».

Ғасыр басындағы қазақтың өзi аз оқығандарынан тiрi қалғандарының денiн, жасыратыны жоқ, осы Сатылғановтың ниеттес-мұраттастары құрайды. Ал кейiнгi, алғашқы қырып-жоюдың, жасырын жусатудың, iштей iрiтудiң негізінде бас көтерер пендесi қалмай, есi кетiп, рухы қашқан өлмелi халық ақыр аяғында бетқаратпас басқыншылықты «құлдықтан құтқарушы», «езiлгендi есiркеушi» деген басқа атымен қабылдап, түбегейлi мойынсұнып, үнсiз берiлген тыныш заманда атқа мiнген, ел iсiне араласқан адамдардың басым көп сандысы тағы сол Сатылғановтардың ұрпақтары болды. Яғни, солардың әулеті, рухани мұрагерлерi. Бұлар – бұзылған тұқым, жарымжан жандар болатын. Көп өтпей бiржолата құрдымға кеттi. Бiрақ, керегi не, заман солардiкi еді. Себебi сол кездегi қоғам солардың әкелерi орнатқан қоғам, орнықтырған дәурен болатын. Ал бұл ұрпақтың белсендiлiгi алғашқылардан бiр де кем болған жоқ. Тiптi, асып түстi. Олардың жаңа қожайындарына берiлгендерi сонша, олардың қызыл дәрiптемелерiн шын жүректен сүйiп қана қоймай, оның жолына ыстық қандарын, шыбын жандарын құрбан қылуға толық дайын болды. Бұл кез ұлттық рух жалауы бiржола құлаған, адамдар санасынан «ұлттық еркiндiк», «бостандық», «азаттық» деген ұғымдар түбiрiмен жойылған, күнi қараған иелерiнiң айтқанына көнiп, айдағанына жүретiн, өздерiнiң «құлдықтан азаттыққа шыққан бақытты жандар» екенiне күмәнсiз сенген, яғни, өздерiнiң «қараңғы» тарихынан, «жабайы» өткенiнен, тiптi, өркениеттен тым алыс қалған надан елiнен жерiне бастаған мезгiл тұғын. Жиренген нәрсеге қайдағы адалдық, қайдағы жанашырлық, кез келген жерде сатып, атып кете беретін. Қынжылмайтын, қысылмайтын. Оны айтасыз, осы бiр сұмырай халықтың өкiлi болып жаралғанына жата кеп өкiнетiн. Оның, етегіне оралғы болмай, жер жүзiнен тезiрек жойылып кетуiне қандай мүдделi едi десеңшi! Сондықтан да аямайтын, iштартпайтын. Себебi сол еңбегiнiң өтеуіне, сол кезеңде басқасының бәрiнен шаң қаптырып озып шыққан, бүкiл халықтың ұмтылыс нысанасына айналып, көкейтесті жалғыз мақсат, жалқы мұрат – мансапқа жетуге болатын. «Жұмысты» қаншалықты көп iстесең, соншалықты сенiмге ие болып, биiктер едiң. Осыған байланысты сол кездiң таққұмарлары құлашты армансыз-ақ сiлтеді. Бұл буынның өкiлi – әңгiмедегi Иван. Иван Мокеевич Есенғалиев. Атын орысқа жағыну үшiн Сатылғановтың замандасы – әкесi қойған. Iшкі пиғылы ешкiм айтпай жер түбінен менмұндалап тұр. Болмаса, ат табылмады дейсiң бе, түге. Ал әкесi Мәкейдiң атын туған әкесiнiң жолымен, орысшаға жақындау қылып Мокейге өзгертiп алған – өзi. Тек ешбiр ыңғайға келмейтiн атасының ныспысын өзгертпекке амалы болмаған. Одан кеткен олқылықты, бiрақ басқамен толтырыпты. Көпке үлгi көрсетiп, көзге түсу үшiн, ұлттар достығының нығаюына қосқан зор үлес ретiнде ұлы халықтың өкiлiнен таңдап жүрiп жиренiнен қатын алған. Сөйтiп, өз үйiнде ата дiнiн құрбандыққа шалған. Дiн-мұсылман үшiн өлiп бара жатқанда ғана бiр рет жеуге болатын доңыз етi сүйiктi асына айналған. Бұл еңбектерi далада қалған жоқ, әрине, ойлаған жерiнен шығып, өз деңгейiнде өмiр сүрдi. «Өмiр бойы үлкен қызметтерде жүрген, өмiр бойы аярлық, арамдықпен ғана болған. Жоғары жаққа – өтiрiк, өсек, жалған ақпар, жағыну, жалбарыну. Өзiнен төменге – зорлық, қиянат, жала, қылмыс. Жеке бiр кiсiлер – ұлт тұлғасы азаматтар ғана емес, тұтас халық. Туған жұртын сатумен күн кешкен. Мәнсапқа жеткен. Рахат көрген…» адамды қалай ғана жаман жасады дей аласың… өте жақсы ғұмыр кешкен.

 Жүректен қапқан қармақ

Бiр халықты құлдыққа көндiрiп, шықы­лыққа тұрғызу үшiн жаңа отарлаушылар не iстемеді дейсіз?!. Осы жолда олардың ұзын құрықтары тек саясат сахнасы, әкiмшiлiк саласының «саңлақтарына» ғана созылған жоқ. Сонымен қатар маңызы олардан бiр де кем соқпайтын шығармашылық иелерiнiң де қыл мойындарына сiлтендi. Өйткенi олардың сөзi жұртқа жұғымды, елге өтiмдi едi. Қауымның басы, халықтың санасымен көп айналысқан жаңа билеушiлер мұны жақсы бiлдi. Әрi сол адамдарды қолға түсiру жолына ештеңесiн аяған жоқ. Барын салды. Бұл тарапта көп жұмыс атқарылды. Басында алдап-сулап iшке тартты. Жағдайын жасап, жағына шықты. Қоғамдағы орнын көтерiп, еңбектерiн елеген болды. Сөйтiп жүрiп оларды өз жағына шығарып, сөздерiн сөйлеуге икемдедi. Шығармашылық адамдарына өз ұрандарын мәңгiлiк озандатып, таусылмас дастандарын толғату үшiн бұл аздық етіп едi. Кешiкпей оның да амалы табылды. Шырғалап жүріп қармақ қаптыру керек болды. Қармақты жүректен қапса, арқандалған аттай айналып, алыс кетпес едi. Бұның аты – сыйлық деген сиқыр болатын. Таптырмайтын-ақ тәсiл. Өткен ғасырда, кеңестiк Қазақстан деген отар елде, оның Алматы дейтiн дәу қаласында осы сыйлық жолында қаншама тер төгiлiп, қаншама қажыр-қайрат сарқылмады десеңшi! Тiптi, мөлшерлеудiң өзi қиын. Сол қызыл отарлаушылардың қиял-идеясын жырлаған еңбектерiне марапатқа ие болғандары өздерiн дүниенiң төбесiне шыққандай бақытты сезiндi, ал оған қолы жетпегендері түпсiз қайғыға батып, дүниеден түңiлдi. Өздерiн керексiз жан сезiнiп, жан жұбанышын арақтан iздеді… маскүнемдiкке салынды. Ал сөз етiп отырған әңгiмедегi өз нәжiсiне өзі шыланып, «арағым кетiп қалатын болды» деп, құсығын қайта жұтып, көшеде жататын маскүнем ақын – сол кiсiлердiң, кеңес заманындағы керең идеологияның қармағын қауып, халықты ұмытып, өнер сертiн бұзып, өмiрiн зая қылған қуыршақ ақын-жазушылардың өкiлi болатын. Сәттi шыққан. «Ұлттық рухтың ұраншысы, елдiк намыстың ту ұстары болады» деген ақындардың көбiнiң сол кезде адасып, арсыз жолға түскенi – қызыл заманның қырпулы жаршылары болғаны кiмге өтiрiк! Бұлтартпас шындық болатын. Ал, ендi, осы шындықты, кешегi өткен құлдықтағы өмiрiмiздi, онда нені жоғалтып, не тапқанымызды пайымдамай, байыптамай… баяғы азат рухымызды, асыл қасиетiмiздi қайта таппай тұрып алдағы жолымыздың ашылмайтыны да ақиқат еді. Бұған бүгiнгi Алматы өмiрi айғақ болғандай.

Сөз қылып отырған әңгiменiң басталар тұсындағы құмархана өзінің құмархана екенiн әйгілеумен ғана шектелмейтіні анық. Біле білсек, ол – бұзылған қоғамның бетiне шыққан безеуi. Лықсыған зардабы – астында. Дәлел ретінде бұған заң-зәкүн әлi толық қалыптасып болмаған кезде бостықтан пайдаланып, харамнан мал табудан тайынбайтын iштен шыққан шiрiк жұмыртқалардың төбе көрсеткенiн; әлдеқашан рухани дертке ұшыраған, онымен ғана қоймай, бойындағы қауiптi iндеттi ары қарай таратуы мүмкiн құмарпаздардың қаулап өскенiн; әрi өздерiнiң болашақ ұрпағын үлкен апатқа ұшырататын обаның көзiн көре тұра әрекетсiз отырған елдiң бейқам самарқаулығын; сондай-ақ қоғамда бас көтерген кесiрлi кесапатқа дер кезiнде тосқауыл қоймай, алаяқтармен iштей астасып, жынойнаққа көз жұма қарайтын жаны ашымас үкiметтiң халық тағдырына, ұлт келешегіне немқұрайлы қарайтын салғырт­тығын… айтсақ та жеткiлiктi. Мұның бәрi – көптен бері ел болып көрмеген құлдықтың кесiрi. Ұлт өмiрiн басқа бiр қауiптi арнаға бұрып жiберiп, тайып тұрған бодандықтың кесапаты және оның жуық арада жазыла қоймайтын дауасыз зардабы.

 Бiр ғажабы, тәуелсiздiк алғалы он үш жыл өткен осы күндерде де әлгi «сабаздардың» – үш ұрпақ өкiлдерiнiң қайсыбiрi ажалы жетiп өле қалса, жаназасына қатынасқан жұрт, анау-мынау емес, көзi қарақты адамдардың өзi оларды жата кеп мақтайды екен. Біз оқыған әңгіме солай дейді. Дүниедегi бар жылтыр сөздi жиып әкеп мадақтайды екен. Сонда… бұл не қылған өтiрiк, не қылған жалғандық? Қайдан келiп, қайда iрге теуiп алған сайтан?! Дегендерiне сенер болсақ, әлгiбiр жәдiгөй шал – «тәуелсiз заманымыздың iргетасын қаласқан, көз ашқаннан халқының тәуелсiздiгiн армандаған асыл ардагер», ал Иван Мокеевич – «егемен елiмiздiң асқар тұлғасы, қажырлы демократы», ал арақкеш ақын – «тар заманда тоталитарлық жүйеге қарсылық бiлдiрiп, ең соңғы сәтiне дейiн елiм-м» деп еңiреген ақиық ақын болып шығады. Таң-тамаша қаласың. Суайттық кеулеген сүркей қоғамға ақылың жетпейдi. Мiне, бiздiң бүгiнгi бiр ғасырлық құлдықтан кейiн тәуелсiз атанған азат заманға «тойы да, жаназасы да жиналысқа айналып» жеткен жұртымыздың сиқы. Оның бас-көзi болар зиялыларының қылып жүрген қылығы. Сөйлеп жүрген сөзi анау – құйдай өтiрiк. Кiсi ашынарлық жағдай. Ұлттық дәстүр тойдан, дiни жосын жаназадан түк қалмаған… Бәрi көпiрген көп сөз. Елдiң елдiгi – салт-жоралғы табанға тапталып, қарақан бастың мадағы алға озған. Олардың түсiнiгiндегi тәуелсiздiктiң түрi анау – оған кiм көрiнген, жамандықтың бәрiн жасап, кәрi жаны ғана қалған жансыз да, азаттығымыздың тамырына балта шапқан қызыл идеяның құлы да, қызыл заманын жырлаған рухсыз ақын да, қаласа, кез келген кезде келіп үлес қоса алады екен… еңбек ете алмақ. Бәлкiм, бiз бiлмей жүрген шығармыз, бiздiң азаттық алуымызға, тiптi, Ленин, Сталин, Брежневтердiң өзi келіп үлес қосып кеткен болар… Әбден мүмкiн. Оны айтасыз, осы жұртты бiрнеше ғасыр бойы басқаға отар болдың, құлдыққа ұшырадың дегенге сендiруге бола ма осы? Болса, қашан? Бірдеңе деу қиын. Құлдыққа ұшырадық деп ойласа, анандай сөздердi айтар ма едi? Бiлмеген соң айтады, әлбетте.

Азған қоғам мен адасқан сананың әңгімедегі көрінісі

Мiне, бiлiм мен рухтың айқындалар тұсы. Жаңағы таудай сөздердi гәпiрiп тұрған жалтыр бастарда бiлiм жоқ деп кiм айта алады? Ешкiм де. Ал кеудесiнде тарыдай да рух жоқ екенiнде күмән болмауға тиіс. Мiне, құлдықтың құрдымына құлап, азғындаған елдiң сарсаң санасы. Өрекпiген өтiрiк, жалаулаған жалғандықтың бәрi осы адасқан санадан басталып жатыр. Өйткенi философтар айтқандай, азған қоғамда ақиқатта құн, шындықта шырай болмайды.

 Әрине, әзiр ешкiм өзiн азған халықтың адасқан ұрпағымыз деп ойламайды. Мұндағы басты кiлтипан пенде баласының өз дәуiрiнен озып ештеңе ойлай алмайтын әлсіздігінде, өз заманының ой-санасына толық тәуелдi – дәрменсiздiгiнде жатыр. Бұл тек салыстыру арқылы ғана көз жеткiзуге, көруге болатын көмескi шындық. Ол үшiн, әрине, таным-санамен ғана емес, рух-мiнезбен де ертедегі адамдармен ұштасып, қауышып алып, содан соң ғана сол биiкте тұрып, өзiміз жасап жатқан қазiргі қимыжық уақытқа көз жүгіртуге тура келедi. Сонда ғана көзiңдi көңiлiң сенбес шындықтарға жеткiзiп, танымасыңды тани аласың. Бұған біз сөз етіп отырған әңгiме авторы айқын мысал. Өмiр бойы елдiк рухтың оянуына ерiнбей еңбек еткен рухы биiк жазушы бұл жолы да бағдарынан ауытқымай, пәрмендi iзденiс жасапты. Оның осы өткен өмiрдiң өкiнiштi сiлемдерiне байыпты барлау жасап, ащы шындықтар астарын ақтарып, әшкерелей алуының арқасында оқырманға көп жеңiлдiк туған. Шебер жазылған шымыр әңгiменi оқып шыққанда өткен ғасырда ненi жоғалтып, неден айырылғанымызға оп-оңай біле аламыз. Жеңiл олжаға жолығамыз.

 Осы арада әңгiмеде қолданған тәсiлдiң де анағұрлым ұтымды болғанын айта кеткен жөн. Автор мәлiм етер жайлардың бәрiн әзәзiл мен әзiрейiлдiң екеуара сұхбаты арқылы өрбітедi. Кейiпкерлердiң өткен-кеткендерi мен қылмыс-қиянаттарын соларға ауызша баяндату жолымен ашып отырады. Адам айтса нанғысыз айыпты қылықтар аналар айтқанда бұлтарпас шындыққа айналып жүре бередi. Сол негiзде неше томға жүк болардай ұзақ барыс айналасы төрт-бес беттiң жүзiмен толықтай бейнеленген. Қандай жинақылық! Бұл ұтқырлықты жазушының формалық iзденiстегi табысы, ойға алған мазмұнын ашық, анық, әдемi жеткiзiп беруде жаңа қалыпқа қол жеткiзiп, бағы жанған баяндау тәсiлiндегi жетiстiгi деп бағалап, бұның дәл қазiргi кезеңдегi тұтас әдебиетiмiз үшiн де назар аударарлық олжа екенiн толық тұрақтандыруға болады. Жазушы осы тараптағы жетiстiктерiнiң нәтижесiнде әлiге ешкiм бара қоймаған соны тақырыпқа соқпақ салған.

 Форманың ұтымдылығы мазмұнды ашудағы басты фактор десек, айтпағымыздың түйiнi өздiгiнен шешiлiп, бұл негіздегі iзденiске бей-жай қарауға болмайтыны жеп-жеңiл айқындалады. Демек, жаңа мазмұнның жарыққа шығуы үшiн жаңа форма, жаңа әдiстер қай кезде де керек болған. Бұл жерде Мұхаңның бұрынғы қалыптасқан кәнiгi тәсiлiн бұза алған жаңашылдығын да тiлге тиек ете кетудiң еш артықтығы жоқ.

 Иә, отарлауға ұшыраған, онда да Қазан төңкерiсiнен кейiнгi қазақ халқының көп жоғалтуларға толы мехнатты өмiрi – әлi iз түспеген тақырып. Оның бұлайша тышқан жорғаламай, тың жатуының өзiндiк себебi де жоқ емес. Ең басты кедергi санаға дендеп кеткен сұмдық зардаптарда болып отыр. Сол заманның ауасын жұтып, тынысымен тыныстап ержеткен адамдар бiздiң бүгiнгi азат қоғамымызда да басым бөлiктi иеленедi. Кейiнгi жеткiншек ұрпақ та солардың сүйегiне сiңген умен улануда. Соның салдарынан олар тәуелсiз елдегi азат қоғамның таңы атқалы, мiне, он үш жыл өтсе де, (сөз болып отырған әңгіме 2004 жылы жазылғанын ескертеміз – ред,) оның таза ауасының жұпар иісiн еркін сезе алмай жатыр. Түбiмiзге жеткен қызыл идеяның және сол қоғамды әспеттеген ыңғайсыз ыңғылдың ызғары ел арасын әлi кеулеп жүр. Бұған мысалды көптеп келтiруге болады. Сөз етiп отырған әңгiмедегi үш реткi жаназа жайын, сонда айтылған сөз сықпытын айтсақ та жеткiлiктi. Бұл ендi азаттық пен құлдықтың арасы ашылмаған өтпелі қоғам ғой, сондықтан да онда жасап жатқан адамдар талайға дейiн бағдарын ажырата алмай, адасуы мүмкiн. Қашан санадағы азаттықтың алтын таңы атқанша. Ал ендi осыған әдебиет келiп көмектескенде нұр үстіне болар едi. Бұл ендi жазушылардың белсендiлiгiне байланысты шаруа.

Ұлттық рухты шамшырақ еткен жазушы адаспақ емес

Әрине, бұл тақырыпты, яғни, өткен ғасырдағы басқа құрсау, мойынға ажырғы iлiнген қор өмiрдi, оның соңғы мезгiлiндегi саяси өзгерiстер мен қоғамдық формациялар алмасуы тұсындағы халықтың идеялық қайшылығын, өлгенде әрең қол жеткiзген тәуелсiздiгiнен жерiнуiн, соңынан барып оны амалсыз шырамытып, жан тарта бастауын, жиып айтқанда, осы бiр күрделi кезең шындығын игеру оңай шаруа емес. Оның қиындығы – жазушылардың шеберлiгiнiң жетiлмегендiгiнде ғана емес, сонымен қатар «оған қай тұрғыдан келу керек?» дейтiн көзқарас мәселесiнде де сақталуда. Сөз жоқ, ол қоғам – бiздiң бiр кезде басып өткен жолымыз. Бұдан бас тарта алмаймыз. Бiрақ, ерiктi түрде емес, шарасыз халде бастан кешкен кешiрмеймiз. Халық ретiндегi өсу тарихымыз емес, өшу тарихымыз. Мұнда өлшем бола алар жалғыз ғана шамшырақ бар. Бiз ең алдымен осы шамшырақтың шуағына жүрегiмiздi суғарып, тұрғымызды бекітіп алуымыз керек. Сонда ғана адастырмас бағдарға ие бола аламыз. Ол шырақ – ұлтты ұлт етiп тұрған, ұлтты қалыптастырған және оны осы күнге жеткiзген, сондай-ақ мәңгiлiкпен жалғап тұрар жалғыз күш – ұлттық рух. Ұлт тарихының ұзына бойындағы барлық кезеңге жан кiргiзiп қана қоймай, адастырмас бағдаршы боп келе жатқан жалғыз темiрқазық та – сол. Аса ұзақ уақыт болғандықтан, ұлт тарихында қилы-қилы жағдайлардың болуы заңды. Жаулау, жаулану дегендей. Ал сол талқы-тарғалаңдардың бәрiнен аман алып шығар жалғыз күш, ол – осы рух. Сондықтан қандай кездерде де, қандай қиын жағдайда да, сол ұлтты құрайтын адамдар қол үзiп қалуға болмайтын, көз жазып қалмауға тиiс жалғыз арқау: ол да – осы ұлттық рух. Мұхтар Мағауин ежелден-ақ сол рухпен жалғаса алған жан. Шамшырағы қолында болған адам ешқашан адаспайды. Қанша күрделi болса да өз заманының ау-жайын анық көре алады. Бiздiң көп жазушының қолында осы шырақ жоқ. Сол себептi де олар алысты көре алмай, тоқырап отыр. Болмаса, осы күнi жазуға тақырып табылмайды дегенге кім сенеді, тәйiрі.

 Қайталап айтудан жалықпаймыз, дәл осы бiр күрделi кезең – iрi жазушыларымыз өмiрiнiң үлкен бөлiгi қалған уақыт пен дәл қазiр басымыздан өтiп жатқан өлiара кезең жайына қалам тарту – өте маңызды. Бұл олардың өз халқының тағдырына деген жауапкершiлiгiн, азаматтық көзқарасын көрсетiп қана қоймайды, соған қоса, бүгiнгi елдiң өткен кезеңдегі шындығының шырайын танып, қалқада қалған қасиеттердiң қадiрiне жетуiне қосылған қомақты үлес болады. Бiздiң халықтың тағдырының күрделiлiгi, тарихының шытырмандығы, ең әуелi, жазушыларымыздың иығына басқаларға қарағанда әлдеқайда ауыр жүк артады. Жуырда жұпталып, оңайлыққа орын болар жұмыс емес.

 Ал, онда… жоғалған рухты қайта тiрiлту мiндетi ше? Бұл ендi бүкiл ел болып кiрiсер, жұрт болып жұмылар ұлы шаруа. Мәңгiлiктiң iсi. Дегенмен жұмысты қашанда бұрын оянып, ерте тұрғандар бастайды емес пе? Жүйрiк жазушымыз жылдамдық танытып iске кiрiскен екен, еңбегiне iлгерiлiк тiлейiк.

 Сиясы жаңа кепкен қос әңгiменiң алдыңғысын (журналда кейінгі) шытырман тарихымыздың соңғы ғасырдағы жоғалтулар көп болған шырғалаңды кезеңiне арнап, оның шыңырауда жатқан шындығын аршып, халық рухының қалай жоғалғанын бедерлейтін қайғылы кезеңге барлау жасаған екен, қаламынан туған дүние сол бiр қасiреттi уақыттың қанды айғағындай аянышты, жан төзбестей күйзелiстi шығыпты. Оқып отырып жанымыз түршiктi. Барып келгендей баяндап, жүрегiнен суырып жазып шыққан автордың қалам тербеп отырғанда аса жайлы күй кешпегенi анық. Айтқандай-ақ, солай болыпты. Оған екiншi әңгiменi оқығанда көзіміз жеттi.

Жат дүниені жатсынған көкбөрі

Өз ұлтының ұлыстық рухын жоғалтып, еңсесi езiлген бақытсыз заманын қайта бір бастан кешу кiмге оңай болған… Автордың жаны әбден қысылыпты. Өзегiн өкiнiш өртеп, жүрегiн қайғы тырнапты. Сондай бiр қуатты құрсаудың құрсағында қысылып аз тұрған соң, көкiрек тұсынан әлдене көмескi зат сыртқа қарай сытыла секiріпті. Алыс кетпей, алдында тұрып алған көкшулан мақұлыққа қараса, әлгі – кәдiмгi көкбөрi екен. Көк түрiктердің киесi – көкжал. Бұл автордың қыспақта қалғанда қыстығып сыртқа тепкен шамырқаңқы рухы екен. Баяғыдағы ата-бабасының қасиетiмен дарып, сүйегiне сiңген жанысiрi жан-алауы. Қанша заман өтсе де ұрқының өнбойынан жоғалмапты. Атам заманнан берi жалғасып, үзiлмей келген әулет-зәузәтiнiң қанымен бiрге адаспай-аумай бүгiнге жетiптi. Ендi, мiне, жаны ышқынғанда тiрiлiп, тысқа ытқыған. Көкке қарап ұлып, өткенiн iздеп, баяғысын аңсап, аласұрыпты… Болашағымыздың болжауы. Ұлттық рухымыздың ошағы қайта тұтанып, тағы алаулап жанардай. Бiрақ, әзiр емес. Оған әлi ерте… Көкбөрi қазiргi тұрағы Алматыны безіне жатырқайды. Ол бiлетiн Алматы бұлай еместей. Басқаша тәрiздi екен. Ал мынау басқа – жат дүние… Естi жарықтық дұрыс сезедi. Қазiргi Алматы – ата-бабаларымыздың арманындағы қала емес, рухсыз адамдар мекенi. Сол баяғы көк түрiктердiң бүгінгі ұрпағы болуы мүмкін, бірақ олардың рухынан айырылып, қаусап қалған өлез тұқымдары… Жатырқауық сезiмi шыдатпай бара жатқасын, шұғыл шешiммен ертедегi ата мекенi, дүниенi дүбiрлеткен шақта арқа тiрек болған ескi жұртын бiр көрмекке ниет қылып, жедел аттанып, сапарға шығады. Төрт аяғы жерге тимей, жанығып ұшады. Аңсаған жерi – асқақ Алтайдың арғы жағы. Орқаш-орқаш Орхон даласы.

Алтайдан асып, Бес-боғда шыңынан өтедi.

 Көкейiнде жалғыз ауыз жалынды сөз. Заманында түрiк елiн дүр көтерген құдiреттi ұран – «Үстiден аспан құлап, астыда жер жарылмаса, саған төнер қауiп жоқ Түрiк баласы! Шыққан күннiң шапағынан жаралғансың, Күн сөнгенше жасайсың!»

 Кешiкпей мезгеулi маңға жетедi. Өз уағында айбынды түрiк жұртының астанасы болған Орда-балықтың жермен жексен қиранды орнын көредi. Ал қаланың қақ ортасындағы ұлы қаған ордасы – Көк-сарайдың мұжық тұқылын көзi шалғанда, «Елi бар халық едiм ғой, елiм қайда? Қағанды халық едiм ғой, қағаным қайда?» деп жүрегi езiлiп, зар еңiрейдi. Соңынан есiне Бiлге қаған, Күлтегiн тас ескерткiштерi түседi. Ендiгi кезекте аласұрып соны iздейдi. Көп өтпей табады мәңгi тастарды. Сұры балбалдар суық қарсы алады. Мiз бақпай түнередi. Келесi сәтте ойына бүкiл қауым боп тәу ететiн киелi төбе – қасиеттi ғибадат кешенi оралады. Маңайды шола қарап, әудем жерден бүгiнде жұқанасы ғана қалған үш қабат қоршаудың дәл ортасынан бағзыдағы Көк тасты табады. Жетiп барып мойынына асылып, құшақтай құлайды. Өйткенi ол түрiк жұртының жарты әлемдi жаулаған тұсындағы айбатты тарихы едi. Алайда ол салқын қабақпен сүлесоқ қабылдайды. Бiр есептен сөйтер жөнi де бар едi. Бүгiнгi таңда құрт-құмырсқа, бақа-шаянмен алысып кеткен өлез ұрпағына кайбiр ежелгi арыстан-баба жылы қабақ таныта қойсын! Ызғарлы кейiптен көкбөрiнiң меселi қайтады.

 …Көкiректен көкжал боп ұшып, қиянға самғап кеткен өр рух сонау бiр кезде барып қайта сабасына түсiп, жылы ұясын табады. Кенет есiне келген «Мен» төрт қабырғасы кiтаппен сықалған өзiнiң жазу бөлмесiнде отырғанын көредi. Құлазыған көңiлмен орнынан сүйретiле көтерiлiп, үстеліне қарай беттейдi. Әлгiнде ғана бастан кешкендерiн ала қағазға түсiрмек оймен…

Өзi айшықтар мазмұнын айнымай тауып, бағы жанған әдеби тәсiл – сана ағымының қаптал күшiн көрсеткен ағысы қандай? Оны өз рухының ырқына бағындырып пайдалана алған жазушы шеберлiгi ше?

 Көкбөрiге ерiп мың жылдық уақыттың ар жағында қалған ескi тарихтың сүрлеуiне саяхат жасап қайтқандай боласыз. Алғашқы әңгiменi оқып су сепкендей басылған көңiл, ендi, ертеде кiм болғаныңды қайта есіңе түсіргенде, сергисің, серпілесің! Алда тағы бiр өрлеу кезеңi күтiп тұрғандай сезiмге кенелесiң…

 Өмiрге қатар келiп, қабат жарық көрген қос әңгiменiң соңғысы жазылмай қалса, алдыңғысының ажары ашылмай қалар ма едi, әлде алыңғысы жазылмай қалса, соңғысының шырайы кірмей қалар ма едi? Белгiсiз. Iшкi бір үндестiкпен бiр-бiрiне сәуле түсiрiп, бiрiн-бiрi үнсiз толықтап, жарасып тұрған ширақ шығармаларды сәтiмен туған егiздер деп атадық. Өздерi өмiрге кiндiктесе, жұп болып келiптi. Сонысы қандай жақсы болған. Алда да дүниеге келер егiздердiң жолына үмiтпен көз тiгемiз.

 Кеше ғана жат табанында тапталған жасқаншақ жұрттың санасына сiңген құлдық таңбаларын анық сезiп, елдiк рухы қайта тұтанып, алаулап жануына әлi талай уақыт бар сияқты. Алдымен орын болар асыл арман – қасиеттi ана тiлiмiз әлі тұғырына қонған жоқ. Оған кедергi – басқа емес, аталмыш әңгiмедегі Сатылғановтар салып кеткен «сара» жолмен жүрiп, солар таратқан iндетке шалдығып, өмiр бойы халқының мүддесiн сатып келе жатқан өз қандастарымыз. Олардың тамыры әзiр тереңде… тым тереңде. Сондықтан оларға о дүниеде болмаса, бұл жалғанда сот жоқ. Әрi әлi талайға шабар түрлерi бар. Олар тұрғанда, сiрә, жақын арада еңсемiз көтерiлiп, екпiнiмiз де қатая қоймас. Алла артын оңғарсын дейiк.

 Рас, аталмыш әңгiмеде айтылатын қазақтың азғындауына өмiр бойы белсене еңбек етiп, тер төгiп келе жатқан әзезiлдiң ендi, әлдебiр сыбысты естiп, Ақмола-Қараөткел жаққа кеткенiн үкiмет пен парламент мүшелерiне айта салу керек едi. Ендi ес жимаса, кеш болар…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір