«Қазақ Елі» «Көшпенділердің» керін қайталамайды
Жақында «Қазақфильм» киностудиясы «Қазақ Елі» сериалының кейбір көріністері түсіріліп жатқан Алматы облысы, Ұйғыр ауданы, Шошанай ауылының маңына пресс-тур ұйымдастырды. Іле Алатауының етегінен басталып 300 шақырымға дейін жуықтайтын Жоңғар Алатауының етегіндегі діттеген жерге пәленше аттың күшіне тең көлікпен замғасақ та, «қашан жетемізге» салған пендеуи шыдамсыздығымыз аңғарылып қалып жатты. Алатаудың етегімен шығысқа қарай созылған жол қаланың өміріне бой үйретіп даланың кеңдігін сезінуден қалып бара жатқан біздің есімізге Мұқағалидың «Болмайды миың жетіп, мұнша жерді, қалайша Ата-қазақ иемденді?» деген өлең жолдарын түсірді.
Осы далада хандық құрған бабаларымыздың еңбегін қалың елге көрсетеміз деген ниетпен басталған сериал ойдағыдай болса екен деген үміт те демімізді ішімізге сақтатқан. Тарихи фильм дегенде «Көшпенділер» еріксіз еске түседі. Тәуелсіздік алғаннан кейін алуан жанрдағы шетелдік көп кино еліміздің экранын түгел жаулап алған еді. Экраннан өзін емес өзгені көруден жалыға бастаған қазақ көрерменіне «Көшпенділер» деген киноның түсірілетіні сол тұста үлкен үміт сыйлаған болатын. Дақпырты баяғының үш жұртқа сауын айтқан дүбірлі тойынан кем болмаған фильмге сол кездегі үкімет арнайы қаулы қабылдап, мемлекеттің қаржысынан 34 млн. доллар бөлініп, 25 елден
160 маман шақырылып, түсірілім жұмыстары екі жылдан астам уақытқа созылған болатын. Желпінтіп желіктіре шулатқанмен көңіл көншіте қоймаған «Көшпенділер» өзіне бөлінген қаржының да, сарыла күткен елдің үмітін де ақтай алмай қалды. Голливудтың экшн жанрынан шаршап, қазақтың иісі аңқыған фильм көреміз деген жұрт дәл сол Голливудтың стилін көшіріп берген киноны көріп «не жыларын, не күлерін» білмегені рас. Сыншы Әшірбек Сығай «Көшпенділерді» көрген соң «Басқа біреудің киімін киіп тойға барғандай болып тұрмын» деген екен.
Уақыт дөңгелегі алға жылжыған сайын кино әлемі де жаңарды.Үлкен экраннан тарихи фильм көрсету қарқыны біраз саябырсып, түрлі тарихы сериалдар сұранысқа ие бола бастады. Қытай режиссерлері түсірген «Шыңғыс хан», түрік елінің «Сүлеймен Сұлтан», кәрістің «Жумонг ханзада» атты тарихы сериалдарын көріп, дағдылана бастаған қазақ көрерменінің енді өз тарихымыз жайлы баяндайтын, өз режиссерлеріміз түсірген сериал көруге деген үміті оянды. Қазақ хандығының 550 жылдығына орай «Қазақ елі» атты сериалдың түсіріле бастағаны сол үмітті үкілеп қойғандай.
Шошанай ауылы маңындағы Қызыл төбе, Домалақ төбе, Қара қырқа аталатын жоталар мен Көлдеме жазығындағы түсірілім тобы кішігірім «Қазақфильм» студиясын көзіңізге елестетеді. Баспасөз мәслихатында режиссер Рүстем Әбдірашев: «Мұндағы жоталардың жан жағында үйсін дәуірінің оба-қорғандары көп екен. Бұл жерге келгенде осындағы әр сантиметрге ата-бабаларымыздың қаны сіңіп, тері төгілгенін тағы бір ұғындым. Дәл осы жерде «Қазақ елі» фильмі арқылы ата-бабаларымыздың бейнесін жаңғыртып жатқанымыз тегін емес шығар, кейде олардың әруағы бізді қолдап отырғандай сезімде боламын», – деді. Сондай-ақ, түсірілім жұмыстарының бұдан әрі Қапшағайда, сосын «Қазақфильм» киностудиясындағы декорацияда жалғасатыны айтылды. Түсірілім жұмыстары ресми түрде қыркүйектің басында басталған телевизиялық жоба материалының
40 пайызы дайын болып, монтаж жұмыстары да қатар атқарылып жатыр екен. Сериалдың продюсері Арман Әсенов мемлекеттен бөлінген қаржының жұмсалып біткенін айтып, «Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев «Қазақфильм» киностудиясына арнайы келіп, үлкен жұмыс бастауға дем берді. Қазір сериал жанры сұранысқа ие, мемлекет тарапынан ақша бөлініп, сең қозғалған соң осы фильмге атсалысқысы келген қазақтың меценаттары мен қаржы элиталарына, жеке азаматтарға мүмкіндік тудыру үшін «Фонд кино» деп аталатын отандық кинематографияны қолдауға арналған қоғамдық қор құрдық. Қазақстанда алғаш рет краудфандинг (халықтық қаржыландыру) платформасы жұмыс істей бастады. Кез келген азамат «Қазақ елі» телевизиялық жобасына осы платформа арқылы үлес қоса алады. Қаржы жинау «Қазақ елі» фильмінің Qazaqeli550.kz деп аталатын ресми сайтында жүріп жатыр», – деді.
Мемлекет тарапынан бөлінген қаржыдан бөлек, бұл фильмге Қазақстанға жұмыс істеуге келген ресейлік «Freedom finance» компаниясы 100 миллион теңге бөлген екен. Фильмде Қазтуған жыраудың рөлін сомдаушы Бекболат Тілеухан: «Қазір елдің өткен тарихын халыққа таныстырудың, мемлекеттік сананы қалыптастырудың кинодан өзге қарулы жолы болмай тұр. Халық сериал арқылы түріктің, кәрістің, қытайдың тарихымен етене таныс. Қазақта Керей мен Жәнібек деген хандардың болғанынан бейхабар адамдар бар. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін мемлекет қазақ елінің негізін қалаған хандар туралы сериалдың түсірілуіне бастамашы болып, белгілі бір деңгейде қаржы бөлді. Елдіктің негізі болған оқиға туралы киноның түсіріліп жатқаны қалың қауымға, бизнес элитаның өкілдеріне үлкен сын. Бизнес элита болса да, қарапайым азамат болса да, мемлекет тарапынан қолға алынып, басы басталған осы бір үлкен дүниенің аяғына дейін жетуіне және сапалы дүние боларына пейілді болып, қалыс қалмаса екен. Тәуелсіздік алған ширек ғасырға жуық уақыт аралығында мемлекетшіл азаматтар қалыптасты деп сенемін. Сондықтан осы фильмді қолдауға шақырамын», – деді.
Продюсер мен режиссерге қойылған сұрақтардың дені «Көшпенділердің» тұсындағы олқылықтар қайталанып жүрмей ме, сериалдың 20 сериядан 10 серияға қысқаруына байланысты сценарийге өзгерістер енді ме, қаржы не үшін жетпей қалды деген мағынада қойылды. Режиссер өз кезегінде, егер екі-үш жыл уақыт берілсе жақсы болар еді дегенді айтты.
Бұндай сауалдардың қойылуы журналистердің бұл сериалға деген үмітінен күдігі басым екенін көрсеткендей.«Көшпенділер» түсірілген тұста «Қазақфильм» мұндай үлкен масштабтағы картиналарды түсіруге дайын емес еді. Көркемдігі мен ұлттық ерекшелікті таныту жағынан діттеген межеге жете алмағанымен, «Көшпенділер» фильмі киностудияның техникалық құрал-жабдықтармен қамтылуына, операторлық шеберліктің шыңдалуына, декорация бұйымдарының көбеюіне, реквизиттердің жиналуына едәуір оң ықпал еткені рас. Одан бері кино әлеміне Ақан Сатаев, Рүстем Әбдірашев сияқты қазақтың тарихынан хабары мол, өз жұмыстарында ұлттық ерекшеліктерін айқын көрсете алатын режиссерлер келіп қосылды. Сарабдал уақыт бұл үрдісті әрі қарай жалғайтыны кәміл. Түсірілім алаңында Рүстем Әбдірашев журналистерге «Номад» деп аталатын каскадерлар тобын таныстырды. «Көшпенділер» фильмі түсірілген кезде кинодағы соғыс, қылыштасу көріністерін қоятын мұндай топтар шетелден шақырылған екен. Жүре түзелетін көш осы уақыт аралығында өз елімізде де қазақ жігіттерінен құралған ат құлағында ойнайтын мамандарды жетілдіріп, шыңдапты. Тіпті, «Номад» каскадерлар тобының бірнеше жігіті Малайзиядағы «Марко Поло» фильмінің түсіріліміне қатысуда. Киносыншылар «Көшпенділер» фильміндегі шетелдік актерлердің атқа отыру тәсілінің де қазаққа жат екенін сынға алып еді. Осы тұрғыдан алғанда «Қазақ еліне» түсіп жатқан шабандоздар бұл олқылықты толтыратын болар деп үміттендік. Бұған қоса, «Көшпенділердегі» кейіпкерлердің костюмдері де жұпыны деген сынға іліккен, «Жау жүрек мың бала» фильмі ол олқылықтың орнын толтырды, әрі кино фильмдерге арнап ұлттық нақышта костюм тігетін шеберлеріміз де осы жылдар ішінде біраз жетістікке жетті. Алайда, «Қазақ елінің» түсірілім тобы гримерлерді Украинадан алдыртыпты. Гримнің фильмдегі кейіпкерлердің образын ашуға белгілі бір дәрежеде әсер ететінін ескерсек, қазақ ханымдарының бет-әлпетінің әрленуі енді славяндықтарға жақындап кететіні анық. Қытай елі түсірген «Шыңғыс хан» сериалындағы гримерлердің шеберлігіне қарап біздің ханымдарымыздың да бет-бейнесі еуропалық емес, түркілік, оның ішінде қазақтық сипатта әрленсе, қазаққа әлдеқайда жақын болатынын түйсінесіз. «Көшпенділерге» шетелдік актерлердің түскені өзіндік кері әсерін тигізгені рас. Ол туралы кинотанушы Бауыржан Нөгербек «Абылай (Куно Беккер) Ералы деген кішкене баланы көргенде оған деген ықыласын қолымен баланың иегін көтеріп, жағынан қағып білдіреді. Мұның бәрі американдық фильмдегі іс-әрекеттер, қазақ олай істемейді. Қазақ балаға сүйсінгенде басынан сипайды, арқасынан қағады деп жазған еді. Кез келген мамандық иесі өз ісін атқарғанда кәсібилікпен қатар ұлттық таным-түсінікке негізделген түйсікке сүйенері хақ. Қазақ киносын өзге сипатқа енгізіп жіберуге болар болмас детальдің әсер еткенін ескерсек, хандар туралы сериалға тек өз еліміздің актерлері қатысып жатқаны мұндай олқылықтың болмайтынына иландырғандай. «Қазақфильм» ұйымдастырған пресс-турға журналист ретінде рухани олжаға кенелу үшін барғанмен, кино саласында қазақ игермеген мамандықтың көптігін байқадық. Телеарналарда сюжет түсіріп жүрген оператор көп болғанымен, кинооператорлыққа икемделмей жүргеніміз, киноға музыка жазатын кәсіби композиторлардың қат екендігі, қоюшы-суретші болуға деген ықыласымыздың аздығы, видеоға түсірушілеріміз көп болғанмен, видеоинжинерлікті шындап игеруге талпынбайтынымыз, әншінің продюсері көп болғанымен, салмақты жанрдағы кино жобаларға продюсер болуға ұмтылысымыздың аздығы, гример деген өнерге машықтанбағанымыз алдымыздан шықты.
Түсірілім жұмыстарын 5-6 сағат бойы бақыладық. Бір күндік түсірілім фильмнің екі-үш минуттық уақытына ғана жарайды екен. Халық кинотуындының қызығын тағатсыздана күткенімен, шыжығына ондағы мамандар бататыны рас. Әр түрлі жанрдағы фильмдердің жиі түсірілуі оны көретін халыққа рухани ләззат сыйлап қана қоймай, осы саладағы тапшы мамандардың өсіп-жетілуіне ықпал ететіні белгілі. Тек басталған дүние тоқтамаса игі…
Назым ДҮТБАЕВА.