Айдар ЕРҒАЛИ, суретші: СӨЗ ЖЕТКІЗЕ АЛМАҒАН ОЙДЫ КӨЗ ҰҒЫНДЫРА АЛАДЫ
24.09.2020
1640
0

Бүгінгі заманның сипаты ерек, тынысы бөлек. Соған орай, өнер туындылары да өзгеше өрнектелуде. Дамудың жаңа кілтіне баланатын сандық технология қай салаға да жаңа серпін қосуда. Картиналарының ерекшелігімен көп назарын аударып жүрген Айдар ЕРҒАЛИ сурет салудағы өзіндік әдістерімен, жаңа технологияға бейімделген бейнелеу өнерінің қыр-сырымен бөлісті.

Бұл әлемде тұтынушы табу ғана маңызды

– Аға, сіздің картиналарыңыздан бір ерекшелікті байқаймыз. Жалпы, сурет өнерінде сізді қандай жанрлар қызықтырады? Және несімен қызықтырады?

– Нақты айту қиын, әрине. Жалпы, «Жанр деген не?» деп біреу сұрайтын болса, бүгінгі жағдайда оны анықтап айту қиынға соғатын сияқты маған. Жанр, ағым, стиль деген ұғымдар барған сайын шартты болып барады. Кейде тіпті сол жанр мен стильдерді өнертанушылар мен маркетологтар өздерінің күнкөрістері үшін ойлап тапқан деген ой келеді (Қалжың ғой…). Әйтеуір, өзім қай саладағы өнер туындысы болса да, тек жақсы немесе нашар деп бөлем.
Жақсы нәрселер өте көп. Әлеуметтік желілер мен арнайы сайттардан көптеген материалдарды қарап отырам. Өнерге кездейсоқ келген әуесқой суретшілердің картиналарынан бастап, тарихта қалған классикалық шығармаларға дейін өз әсемдігімен көз қарықтырады. Көп жағдайда туындының нақты не үшін ұнап тұрғанын дәл айту да қиын. Жалпы, ұнау, ұнамау деген қашанда таза логикаға бағынбайды ғой, ондай әсерлердің тууы тіпті логикадан гөрі адам ағзасындағы биохимиялық құбылыстарға көбірек байланысты шығар. Көп жағдайда түсініксіз. Мен де кейде бір нәрсені жақсы көрсем, не жақтырмайтын болсам, оны нақты не үшін солай қабылдайтынымды жіктеп түсіндіріп, жеткізе алмаймын. Бұл көпшілікке тән қасиет те болуы мүмкін, анығын білмеймін. Әрине, шеберлік деген басқа мәселе, шеберлікті талқылап айтуға болады. Ол – ішкі эмоциялы қабылдаумен байланыса бермейтін, өз алдына бөлек әлем. Кейде сондай шебер жасалған дүние, тіпті тамсандырарлықтай шеберлікпен жасалса да, шынайы көңілден шықпайды, керісінше, жүрекке қонған заттың шеберлігі осал болса да, оған деген сүйіспеншілік азаймайды.
Қазіргі заман ағымы, өмір салты саналуан құбылысқа толы. Саналуандығы соншама, жаңашылдықтың қазіргідей сипаттары бізден бұрыңғы буын адамдарының тіпті ақылына да сыймаушы еді. Бүгінде сурет салып, ән айтып, не әдеби туынды жазып, оны тарату үшін бұрыңғыдай міндетті түрде көп жыл кәсіби білім алып, біреудің сұрыптауы мен бекітуінен өтіп, дәлелдеп, атақ жинап, туындыны жарыққа шығаруға орасан мүмкіндік табу шарт емес. Әрбір адам үйінде отырып-ақ өз ойын, өнерін кез келген кезде бүкіл дүние жүзіне жеткізуге құқылы және оған мүмкіндік те жеткілікті.
«Қазір құнсыздану басым, тіпті бүкіл ақпараттың тоқсан тоғыз пайызын қажетсіз мағлұматтар құрайды», – деп мұңаяды біреулер. Бәлкім, рас та шығар. Біріншіден, бүгін «құндылық» деген ұғымның мәні зор өзгеріске ұшырауда. Дүниеде сенің құндылығыңнан басқа да көптеген ауқымды құндылықтар бар екенін мойындауға тура келетін заманда өмір сүріп жүрміз, ұнаса да, ұнамаса да. Интернет соның айқын айғағы. Белгілі хас шеберлер өзінің көп уақыт бөліп, қажырлы еңбекпен жасаған туындысына ешкімнің назарын аудара алмай әуре болып жүргенде, енді біреулер үйінде тышқан асырап, соның әрекеттерін күнделікті көрсетіп, оп-оңай миллиондаған көрермен жинап, солардың арқасында қыруар қаржы тауып жүр. Сонда кімнің құндылығы жоғары? Ешкімнің де. Бұл әлемде тұтынушы табу ғана маңызды. Жоғары өнер де, түрлі қоқыс спам да, бәрі соған тәуелді болып тұр. Және, қызығы сол, ешқандай жанрлық ерекшеліктерді елемей, көпшілік назарына қандай материалын ұсынса да, бәрінің өз тұтынушысын табуға құқығы бар.

Портрет салу – адам тану процесі

– Кескіндеме саласында өз соқпағыңызды табу жолында қандай өткелдерден өттіңіз? Кімдерден үлгі алдыңыз?

– Мен өзімді таза суретшімін деп айта алмаймын. Одан гөрі сурет салуды жақсы көретін адам деп таныстырар едім өзімді. Өйткені өмір бойы кәсіби түрде жобалау­мен айналысып келемін. Мамандығым – сәулетші, дизайнер. Осы салада кәсіпкерлікпен айналысып, жиырма жылдай өз компаниямның жұмысын жүргіздім. Еліміздегі біршама ғимараттардың авторы не жобалаушысы болдым. Бірақ әуесқой суретші деуге де болмайды мені, бала кезден сурет мектептеріне барып, кейін Петербордағы «Мухинское» деген атпен белгілі көркем өнер-өнеркәсіп академиясын бітіргем. Ол жақта бұрыннан «сәулетші міндетті түрде суретті жақсы салу керек» деген ұстаным қалыптасқан, академиялық сурет салу өнеріне дәстүрлі түрде көп көңіл бөлінеді.
Сурет салу жолында айтарлықтай бір өткелдерден өттім деп те айта алмаймын. Бұрын мен үшін сурет салу ермек және демалыс түрі ғана болатын, яғни хобби еді. Соңғы кезде жобалау жұмыстарымның азаюына байланыс­ты негізгі кәсіпке айналып барады. Әсіресе портрет салуды ұнатам. Бұл – тек бейнелеу өнері ғана емес, белгілі бір дәрежеде адам тану процесі ғой. Кейде, өзіңіз білесіз, адамның көзіндегі ойды сөз жеткізе алмайды. Тірі адамды тірі қылатын оның түрі емес, әрине, эмоциясы, соны ұстап қалып, көзіндегі, бет-әлпетіндегі бір өткінші ойды, хәлді, көңіл-күйді ұстап қалып, образын тауып, соны көркем түрде көрсету – мен үшін әрі эстетикалық қуаныш, әрі психологиялық жаттығу, әрі өз ойларымды бір жүйеге келтіріп, миымды біраз тынықтырудың амалы. Ал картинаның қаншалықты сәтті шығатыны маған қашанда беймәлім. Көрерменнің көңілінен қаншалықты шығатыны да әрдайым қызық, сондықтан суреттерімді фейсбук пен инстаграмм желілерінде жариялап, оларды талқылап, көрерменмен байланыста болғанды жақсы көрем. Кейіпкерлердің басым көпшілігін де сол әлеуметтік желідегі достарымның ішінен табамын.

– Осынау суреттеріңізді тек ақ қағазға салып қана қоймай, айпадқа да салып жүр екенсіз. Бұл идея қалай келді?

– Мен айпадты бұрыннан сәулетшілік жұмыс кезінде де жиі қолданатынмын. Айпад – кез келген сызбаны ашып көріп, шұғыл кішігірім өзгеріс енгізіп, бірдеңелерді шимайлап, әлденелерді жазып сақтағанға өте қолайлы құрал. Жалпы, жаңа технологияларға байланысты менде инженерлік көзқарас басым. Қай салада болса да. Тез арада үйреніп, жарайтын болса – пайдасын әбден көру керек. Бояумен тіпті салмайтынмын, студент кезде кескіндегендерім болмаса. Өйткені арнайы шеберханам жоқ, онсыз толыққанды живописьпен айналысу қиын. Ал соңғы кезде сандық технологияға өтіп алдым да, сурет салу мәнері де, тіпті суретке деген көзқарастарым да біршама өзгерді.

Әрине сурет салудың сандық технологияға өтуіне байланысты дәстүрлі сурет салу ешқашан қолданыстан шықпайтыны айдан анық. Дегенмен, бұл тектес құрылғылардың қолданыс аясының тағы кеңейе түсетіні сөзсіз, өйткені ол өте ыңғайлы және көптеген жаңа мүмкіндіктер береді. Әйтеуір, өзім жақсы көрем. Меніңше, егер Микеланжело не Леонардолардың қолына бұндай құрал түсті деп елестетсек, олар сандық технологияға сол бойда көшіп алатынына өз басым еш күмәнданбаймын.

Қазіргідей шығармашылық бостандық бұрын-соңды болмаған

– Сіздіңше, суретті қолмен салу күрделі ме? Өзіңіз айтып отырған, техника жетістігі – айпад арқылы салу ма? Екеуінің арасында қандай ұқсастықтар мен айырмашылықтар бар?

– Бұрын суреттерді көбіне қарындаш не қаламмен тірі адамға қарап отырып салуды ұнататынмын. Қазір де ұнатам, адаммен бетпе-бет отырып, жақынырақ танысып, әңгіме-дүкен құрып, бейнесін салған бір ғанибет қой. Фотосуретке қарап салуды онша жақтырмайтынмын. «Адамды салсаң – адамның суреті шығады да, фотоны салсаң – сол фотоның суреті шығады» деген кербез көзқарас қой. Бірақ соңғы уақытта, әсіресе карантин кезеңінде ондай мүмкіндік жоқ болды да, фотоға қарап сурет салуды қолға алдым. Әрине, бұл әжептеуір басқаша сезімге бөлейді, өзгеше процесс. Сандық технология, өнердің кез келген саласындағыдай, сурет салуда да көптеген жаңа мүмкіндік береді. Осы үрдісті біртіндеп зерттеп, үйреніп, өзім үшін көптеген жаңалық аштым. Әрі сандық технология әдісімен сурет салу, яғни digital arts деген дүние жүзінде өз алдына бір орасан зор әлем десе де болады екен. Оның өз заңдылықтары, өз ұғымдары, өз ұстанымдары бар. Осыншалықты шығармашылық бостандық суретшілерде бұрын-соңды болмаған деп ойлаймын. Оған қоса сандық технологиялардың ғаламторға бейімдігін, өз алдына үлкен бір нарық құрайтынын түсіндім де, соны игеруге бел будым.

– Бүгінде техниканың осындай мүмкіндіктерін қазақ киногерлері мен анимация саласының мамандары жеткілікті түрде пайдаланып жүр ме?

– Киногерлердің сандық технологияны кеңінен қолданатынында ешкімнің күмәні жоқ шығар. Қазіргі заманның анимация өнері тіпті соған негізделген. Бірақ ол салада жұмыс істемеген соң, мамандардың бұл игілікті нақты қалай қолданатыны туралы айтып бере алмаймын.

– Бейнелеу өнерінің көпшілікке мәлім де беймәлім тұстары туралы, оның құдіреті мен адамзатқа игі ықпалы турасында әңгімелеп берсеңіз?

– Әрине. Жалпы, сандық технология­лармен сурет салудың адамзат дамуында үлкен маңызы бар десе болады. Өйткені сурет салу адамның ойлау жүйесінің, жан дүниесінің басқаша бір тұстарын дамытады. Ал сандық технология соны баршаға қолжетімді етеді. Мәселен, мен қолданатын бағдарлама – Procreate. Суретшілерге арналған қарапайым, баршаға түсінікті, сонымен қатар техникалық мүмкіндіктері жағынан өте мықты бағдарлама. Әрине, одан басқа да күрделірек өнімдер баршылық, бірақ Procreate дүниеде ең кең тарағаны болу керек. Ол түсінікті де. Өйткені бұл – барлық сурет салам деген адамдарға жасы мен кәсіби деңгейіне қарамастан өте қолжетімді дүние. Бағасы шамамен 10 долларды құрайды. Яғни, ондай деңгейдегі бағдарлама үшін бұл баға су тегін десе болады. Соның арқасында бағдарламаның қолданушылары, тіпті фанаттары жер жүзінде көптеп саналады. Бәлкім, жүз миллиондаған адам шығар. Олар –көптеген жүйелер арқылы үнемі табысып, топтасып, суреттерді талқыға салып, біріне-бірі үйретіп, тәжірибелерімен бөлісіп отыратын өте тез дамып, көбейіп жатқан қауым. Олардың негізгі ұстанымы – әр адам сурет салу өнерін игере алады, әр адам содан ләззат ала алады. Мен де осындай ойдамын. Ересек адамдар көбінесе сурет салуға құлықсыз келеді. «Қолымнан келмейді, балалардың ермегі», – дейді. Бірақ ол – тек психологиялық тосқауыл. Балалар шынымен сурет салғанды жақсы көреді. Неге? Өйткені «қолымнан келе ме, келмей ме?» деген ойға батып әуре болмайды. Ал шын мәнісінде сурет салу әр адам үшін сөз жоқ мүмкін дүние. Әрі бейнелеу өнерінің ойлау жүйесін жан-жақты дамытуға пайдасы зор. Ал енді біреуге жай сурет емес, академиялық сурет шеберлігі керек болса, оны да үйренудің еш қиындығы жоқ, қай жаста болса да, музыкадағы сольфеджио ілімі сияқты бұл процесті де меңгеріп алуға болады.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір