Ұлттық хатшы лауазымын иеленген алғашқы қазақ
24.09.2020
3499
1

Зиябек ҚАБЫЛДИНОВ,
ҚР ҰҒА корр. мүшесі, т.ғ.д., профессор, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология
институты директоры

Кеңес Одағы жылдарында Қазақстанды басқарған тұңғыш қазақ басшысы Жұмабай Шаяхметов болатын. Өкінішке қарай, оның мемлекет қайраткері ретіндегі қызметі туралы бүгінгі халық тым аз біледі. 8 жыл бойы қазақ жерін басқарған Жұмабай сынды азаматтың үлгілі өмір жолын өскелең ұрпақ білу қажет деп есептейміз.

Бала жастан зерек болған Жұмабай

Жұмабай Шаяхметов 1902 жылы 30 тамызда Ақмола облысы Омбы уезі Омбы болысының №1 ауылында дүниеге келген. Ол ауыл сол кез­де «Жандай ауылы» деп аталған Омбы уезінің 800-ге жуық қазақ ауылының бірі болды. 1908 жылы А.Кузнецов ұйымдастырған статистикалық экспедициясы дәл осы санды көрсетеді. 1930 жылға дейін бұл өңір Омбы губерниясы құрамынан көрші Қазақстан құрамына көшкен даулы аумақ еді.
Жұмабайдың әкесі Шаяхмет пен анасы Нұрым Омбы облысы Шербакөл ауданының Славянка, Максимовка ауылдарында, Жирный, Железняк және Парамоновка ауылдарында мал баққан. Олардан екі ұл дүниеге келеді – Айтмұхамбет (Айтыш) және Жұмабай. Болашақ мемлекет қайраткерінің әкесі 1924 жылы, анасы 1928 жылы, ал үлкен ағасы 1943 жылы қайтыс болды.


1909 жылдың күзінде Жұмабай жеті жасқа толғанда ата-анасы оны Ащылы көл ауылдық мектебіне берді. 1913 жылы ауыл мектебін бітіргеннен кейін Шербакөл ауданы Полтавка орыс-қазақ училищесіне оқуға түсіп, оны 1917 жылы бітіреді. Жұмабай ерте жастан бастап нақты ғылымдар мен тілдерге бейімділік танытып, орыс тілін тез үйреніп, татар тілін жақсы білетін. Кейін Мәскеудің Шығыстану институтында парсы тілін барлық ынтамен үйренді. Бірақ отбасындағы ауыр материалдық жағдайға байланысты өз білімін жалғастыра алмады. 1917 жылдың екінші жартысынан бастап 1919 жылға дейін жергілікті байлар Сүлейман Сағитов пен Хусаин Сейітовтың жалшысы болады.
1919 жылдың желтоқсанында Шаяхметов Омбы губерниялық комитеті жанындағы губерниялық халыққа білім беру бөлімінің бұйрығымен Ащылы көл ауылдық мектебінің мұғалімі болып орналасты. Осы жерде 1921 жылдың 31 желтоқсанына дейін жұмыс істейді.


1922 жылдың 1 қаңтарынан бастап 1923 жылдың 25 мамырына дейін Орехов аудандық революциялық комитетінің шақыруы бойынша, кейіннен Черлак болып қайта құрылған (уездік революциялық комитет), Теке болыстық атқару комитетінің хатшысы болып қызмет істейді. 1923 жылдың маусымынан 1925 жылдың қаңтарына дейін Шаяхметов Черлак уездік қылмыстық іздестіру бөлімінің қызметкері болды. 1925 жылдың қаңтар айынан мамырына дейін Черлак Уездік атқару комитетінің іс жүргізушісі қызметін атқарады. Уездің жойылуы және оның Омбы губерниясының құрамынан кетуіне байланысты Петропавл қаласына көшіп келеді. Онда Ақмола губерниялық әкімшілік бөлімінде аға іс жүргізуші, кейін – Ақмола губерниясы жанындағы Петропавл уездік қылмыстық іздестіру инспекторы болды.
1925 жылдың мамырынан 1926 жылдың сәуіріне дейін Шаяхметов қазақ тілін іс жүргізуге, білім беру жүйесіне және ақпарат құралдарына кіргізуіне орай, Кеңес аппаратын үйлестіру жөніндегі Ақмола губерниялық комиссиясының хатшысы қызметін атқарды. 1926 жылдың сәуірінен 1928 жылдың қарашасына дейін шаруалардың мүдделерін қорғаумен айналысатын Қосшы (Пахарь) одағының Петропавл округтік комитетінің нұсқаушысы болып жұмыс істейді. 1927 жылы губерниялық әкімшілік бөлімі жанындағы бастапқы партия ұйымының Петропавл қаласында БК(б)П мүшелігіне кандидат болса, партияға 1929 жылы қабылданады.
Табиғат берген ақыл, мақсатқа беріктік, талаптану, тілдерге қабілеттілігі арқасында ол Н.Нариманов атындағы Мәскеу шығыс тілдері институтының халықаралық сауда факультетіне (парсы бөлімі) оқуға түседі. 30 жасар Шаяхметов әйелі, екі ұлымен бірге Мәскеу шетінде, Новоалексеевский кентінде, қазіргі ХШЖК-ге таяу жерде тұрады.
Алайда Шаяхметов тек бірінші курсты ғана аяқтап үлгерді. Сонда да осы уақыт ішінде ол 1932 жылы «Оқу және қоғамдық жұмыс екпіндісі құрметті атағын» және 1933 жылы институт дирекциясынан және кәсіподақ комитетінен марапат қағазын алды.
Шаяхметов 1928 жылдың қарашасынан 1938 жылдың шілдесіне дейін мемлекеттік қауіпсіздік органдарында жұмыс істеді, арасында Мәскеуде оқу кезінде (1932–1933) үзіліс болды. Кейбір авторлар республикалық және тіпті одақтас қауіпсіздік органдарында жауапты қызмет атқарған, Халық комиссарының (Министрдің) орынбасары және тіпті ІІХК басшысы болған деп жазады. Алайда бұл – фактілерді әдейі бұрмалау. Ғалымдар мен зерттеушілерге қолжетімді мұрағаттық деректерге сәйкес, Шаяхметов біртіндеп уәкілдің көмекшісі, жедел уәкіл, бөлімше бастығының көмекшісі, бөлімше бастығы, Солтүстік Қазақстан облысы бойынша ІІХК басқармасы бастығының орынбасары қызметтерін атқарды.
1938 жылы мамыр айында Шаяхметов отбасымен Алматы облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары қызметіне ауысып, Алматыға көшті. Іс жүзінде бұл ресми тағайындау болды. Жұмабай Шаяхметов сол кездегі Қазақстан басшысы Николай Скворцовпен алдын-ала кездесіп, Мәскеуде партиялық жұмысқа ауысу үшін БК(б)П ОК-да әңгімеден өтті. Отбасымен бастапқыда Красноармейская (Панфилов), 81 көшесінде «Дом советов» қонақ үйінде тұрады, содан кейін Сталин 105 (қазіргі Абылай хан) даңғылындағы қызметтік үйге көшті.

Мемлекеттік қызметтің алғашқы баспалдақтары

Алматыға көшкеннен кейін екі айдан соң, 1938 жылдың шілдесінде 36 жасар Шаяхметовтың партиялық және мемлекеттік жұмысы басталады. Қазақстан Коммунистік партиясының (большевиктердің) II съезінде ол Орталық Комитеттің (ОК) мүшесі болып сайланады, ал бірінші ұйымдастыру пленумында – Қазақстанның КП (б) ОК үшінші хатшысы болып сайланады. Бірінші хатшы болып Николай Скворцов, екінші хатшы болып Сәлкен Дәуленов тағайындалады. ОК хатшылары арасында міндеттерді бөлуге сәйкес, Шаяхметов Халкоматтың (Халық Комиссариатының) жұмысына жауапты болды.
Ол Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы лауазымында бірден істің әлпетін игеріп, партиялық басшылықтың стилі мен әдістерін тез меңгеріп, өзін жігерлі және қабілетті ұйымдастырушы, талапшыл партиялық басшы ретінде көрсете білді.
1939 жылдың маусымында Ж.Шаяхметов Қазақстан КП(б)ОК екінші хатшысы болып бекітілді. Соғыс басталар шақта ОК екінші хатшысы қызметін атқарған Шаяхметов тікелей ауыл шаруашылығын басқару мәселелерімен, атап айтқанда, мал шаруашылығы мәселелерімен айналысты. Сол жылдары республика ауыл шаруашылығы бойынша қомақты табысқа қол жеткізді: Егіс алқаптарының кеңеюі, дәнді-дақылдарының өнімділігі артты, мал басы өсті.
1941 жылдың ақпанында Шаяхметов шешуші дауыс құқығымен БК(б)П XVIII партиялық конференциясының жұмысына қатысты. И.Сталин КСРО-ның шығысындағы өнеркәсіптік базаның нығаюына, Қазақстанның потенциалына назар аударды. Одақтас Республикаларда және обкомдарда өнеркәсіп және көлік жөніндегі хатшылар институты құрылды.
Сұрапыл соғыс сойқаны.

Отан алдындағы жауапкершілік

Екінші Дүниежүзілік соғыс ел үшін ауыр сынақ болды. Осы жылдары Шаяхметов ұйымдастырушылық қабілетін көрсете білді. Соғыс басталған 1941 жылдың 22 маусымында ол Алматыдағы Горький саябағында 25 мың халық жиналған митингте сөз сөйлеп, барша қазақстандықтарға үндеу жасады: «Біздің барлық кәсіпорындар, зауыттар, шахталар, фабрикалар, кеніштер, кәсіпшіліктер, темір жол көлігі, авиация қазір өз жұмысын қайта құруы тиіс. Олардың әрқайсысы қорғаныс бекінісіне айналуы тиіс. Біздің әрқайсымызда Отан алдындағы жауапкершілік сезімі, жоғары саналылық, қырағылық, жанқиярлық, батырлық және тартымдылық болуы тиіс».
Қазақстан майдан арсеналына айналды. Соғыс жылдарында Жұмабай Шаяхметов Гурьев-Орск мұнай құбырын салу, металл сынықтарын жинау жөніндегі Қазақ КСР бойынша МҚК (Мемлекеттік Қорғаныс Комитеті) уәкілі, Қызыл әскерге жылы заттар жинау жөніндегі республикалық комиссияның төрағасы болды, Қазақстан аумағы бойынша КСРО батыс аумағынан көшірілген босқындарды, өнеркәсіптік және қорғаныс кәсіпорындарын, жоғары оқу орындарын, мәдени-ағарту мекемелерін, ғылыми-зерттеу институттарын, мамандарын, олардың отбасы мүшелерін орналастыруға жауап берді.
1941 жылдың күзінде Алматыға батыс аймақтардан институттар, театрлар, Мосфильм және Ленфильм киностудиялары, Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институты – Кеңес театры мен киносының қайраткерлері, жазушылар, ақындар, ғалымдар көшірілді.
Соғыс Қазақстан өнеркәсібінің дамуын шапшаңдатты. «Қазақстанда 100-ден астам көшірілген кәсіпорынды орналастыру – индустрияның жаңа салалары – машина жасау, станок жасау, оқ-дәрі өндіру, химия өнеркәсібі және қара металлургия салалары пайда болды. Республиканың жеңіл, тоқыма және тамақ өнеркәсібі 50-ден астам көшірілген кәсіпорындармен толықты. Жеңіл және тамақ өнеркәсібінің жаңа тармақтары құрылды: кондитерлік, ет-консервілеу, балық-консервілеу, трикотаж, мақта иіру, тері және т.б. жеңіл өнеркәсіптің тігін, тоқыма, былғары, аяқ киім салалары едәуір дамыды».
Жауға атылған 10 оқтың арасынан 9-ы Қазақстандық қорғасын мен мыстан құ­йылған. Танктердің, ұшақтар мен кемелердің бронында қазақстандық марганец болды. Соғыс жылдары Өскемен қорғасын-мырыш зауыты, Балқаш түсті прокат зауыты, Жезқазған марганец, Шығыс-Қоңырат молибден кеніштері мен комбинаттары, байыту фабрикалары іске қосылды. Қазақстан елдің шығысындағы көмір-металлургия кешенінің құрамдас бөлігіне айналды.
Соғыстың ауыр жылдарында Жұмабай Шаяхметов Қазақстан Компартиясы ОК-нің бірінші хатшысы Н.Скворцовпен тығыз жұмыс істеді. Отбасы мұрағатында 1945 жылғы 5 тамыздағы Скворцовтың Шаяхметовке өзінің Республика басшысы қызметінен босатылғаннан кейін Кисловодскіде емделу кезінде жіберген хаты сақталған. Ол былай деп жазады: «Сәлем, қымбатты жолдас Шаяхметов! Мен өзімнің онша ұзын емес өмірімнің 1\6 бөлігін Қазақстанда сүрдім, ол қандай жылдар еді, оны тек менің сіз сияқты достарым мен жолдастарым ғана түсініп, сезіне алады, денсаулығымызды аямай қоян-қолтық, Отанымыздың игілігі үшін, туған қазақ халқы үшін, оның одан әрі әл-ауқаты мен бақыты үшін күресіп, еңбек майданында аянбай қызмет еттік. Ал қаншама қиыншылықтарды бастан кештік, әсіресе соғыс жылдарында. Иә, біздің бірлесе атқарған жұмысымыз бен достығымызда еске алатын сәттер көп. Мені тағдыр қайда айдап соқса да, мен әрдайым және барлық жерде туған және менің жүрегіме жақын Қазақстан мен қазақ халқын, Сізді, достарымды және жолдастарымды, ең алдымен осы жеті жыл бойы менімен бірге иінтіресе жұмыс істеген адамдарды алғыс және мақтаныш сезімімен еске аламын. Қазір Қазақстандағы жұмысты қорытындылау­ға үлкен мүмкіндігім және уақытым бар, ұйымдастырушылық жұмыстың барлық учаскелерінде жинақталған бай тәжірибені жинақтап, қызықты қорытындыға келесің. Әрине, жұмыстың әдістері мен формаларында жақсы және дұрыс жайттар көп болды, бірақ қазір қарап отырсақ, одан да көп жұмыс атқаруға болушы еді және атқару керек еді».

«Барлық мәселені Шаяхметов шешеді емес пе!»

1945 жылдың мамыр айында БК(б)П ОК Скворцовтың орнына Хабаровск өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы Т.Борковты жіберді. «Шаяхметов онымен де іскерлік қарым-қатынас орнатты. Борков КОКП ОК айтқан пікірінде: Шаяхметов – қалыптасқан басшы, партия ОК хатшысы болып жеті жыл жұмыс істеген, Қазақстан халық шаруашылығының барлық салаларын, кадрлық мәселелерді түсінген еді. Оны республикада және одан тыс жерлерде жақсы білді, оған КСРО басшылығы сенім білдірді. Сондықтан Борков осы лауазымда бір жыл жұмыс істеп, Мәскеуде былай деген еді: «Онда мен не істеймін? Бәрі-бір барлық мәселені Шаяхметов шешеді емес пе!»».
1946 жылдың маусымында Ж.Шаяхметов Қазақстан КП(б) ОК XV пленумында Қазақстан Компартиясы ОК бірінші хатшысы болып сайланды. Сол жылы КСРО Жоғарғы Кеңесінің құрамындағы Ұлттар кеңесінің Сыртқы істер жөніндегі комиссиясының мүшесі болды. 1946 жылдың жазында Тушинодағы авиациялық шеруде, Сталин Шаяхметовке жақындай келіп, оны сол жерде отырған ел басшыларына Шаяхметовтың осы лауазымға ие болған алғашқы этникалық қазақ екендігін фактімен меңзей отырып, ол: «Жолдастар, бұл Қазақстанның бірінші ұлттық хатшысы – Жұмабай Шаяхметов», – деп таныстырды.
1946 жылдың 31 мамырында Жоғарғы Кеңес Президиумының, Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің және Қазақстанның КП(б) ОК қаулысымен құрылған КСРО Ғылым Академиясының Қазақ филиалын Қаз КСР Ғылым Академиясы етіп қайта құруға Сәтпаевты қолдауға үлкен көңіл бөлді. Академияның салтанатты ашылуы 1946 жылы 1 маусымда Абай атындағы Опера және балет театрында өтті.

Тұлғаларды тар қапастан сақтап қалған Шаяхметов

«Ж.Шаяхметов ұлттық интеллигенцияға режим тарапынан жасалған қуғынды әлсіретуге тырысты. Мүмкін, әділеттілік үшін айту керек шығар, бұрынғы КОКП ОК мұрағатының құжаттары бойынша Ж.Шаяхметовтың принципшілдігі мен жеке басының арқасында, 40-шы жылдардың аяғы мен 50-ші жылдардың басында республикада зиялы қауымға қарсы кең ауқымды қуғын-сүргіннің алдын алғандығын атап өту қажет. Ж.Шаяхметов 1943 жылдың соңынан бастап халықты идеологиялық тәрбиелеу жөніндегі татар партиялық ұйымының жұмысына байланысты қабылданған БК(б)П ОК арнайы қаулысы негізінде ашылған репрессивті шараларды іске асыруға кедергі жасады. Осының арқасында 50-ші жылдардың басында Қаз КСР ҒА Президенті қызметінен босатылған Қ.И.Сәтбаев, жазушы М.Әуезов және басқа да зиялы тұлғалар тұтқынға алынбай, аман қалды. Сондай-ақ, Ж.Шаяхметов Кенесары Қасымовтың қозғалысын ұлт-азаттық қозғалыс деп бағалауды қорғауда жігерлілік танытты. Тек қана БК(б)П ОК араласуы және Кенесары қозғалысы туралы «Правда» газетінде және Е.Бекмахановтың кітабы Ж.Шаяхметовты өз ұстанымынан шегінуге және оны «қате» деп тануға мәжбүр етті», – деп атады М. Қозыбаев, Шаяхметовтың 100 жылдығы қарсаңында Алматы қаласының әкіміне жазған хатында.
1950 жылдың 12 маусымында үшінші шақырылымдағы КСРО Жоғарғы Кеңесінің бірінші сессиясында Шаяхметов Ұлт Кеңесінің Төрағасы болып сайланды, кеңес Парламентінің көптеген тарихи мәжілістерін жүргізді. 1954 жылға дейін осы қызметті атқарды.
1952 жылдың қазанында БК(б)П XIX съезд делегаты болып сайланды, онда соңғы рет И.Сталин сөз сөйледі. Шаяхметов съезд төралқасына сайланды. Д.Қонаев өз ме­муарларында былай деп жазған: «Сталин президиумға Шаяхметовтың қасына отырып, бір нәрсе туралы онымен сөйлесе бастаған көрінісі қазақстандықтарды жандандырып, рухтандырып жіберді. Сөйтсе, Сталин республикадағы мал шаруашылығының дамуына қызығушылық танытыпты». Осы әңгіме барысында Сталин 1952 жылдың 21 қазанына Шаяхметовпен кездесуді белгілейді. И.В.Сталин қабылдаған тұлғаларды жазу журналында бұл күні сағат 22.15-те оған Г.М.Маленков, И.А.Бенедиктов, КСРО ауыл шаруашылығы министрі А.И.Козлов, БКП(б) ОК ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі, бұрынғы КСРО мал шаруашылығы министрі, Ж.Шаяхметов, Е.Б.Тайбеков, Қазақ КСР үкіметінің төрағасы кірді. Әңгіме түнгі сағат 23.35-ке дейін жалғасты [12]. Осы кездесуде Қазақстанда Бүкілодақтық маңызы бар мал шаруашылығы базасын құру, қазақтардың байырғы ісі мал шаруашылығына қайта оралуы туралы сөз болады.

Шаяхметов және Хрущев. «Тың игеру»-ден туған текетірес…

Өкінішке қарай, бұл бағдарлама жүзеге асырылмады. Сталин дүниеден өткен соң партия мен Үкіметтің жоспарлары түбегейлі өзгерді. Мал шаруашылығының орнына Н.Хрущев елдің шығысында астық базасын құруды ұсынды. 1953 жылы қыркүйек айында КОКП ОК Пленумында ол тың және тыңайған жерлерді игерудің бағдарламасын жариялады. Брежневтің алғашқы Батыс биографтарының бірі Джон Дорнбергтің «Брежнев: Личины власти» атты кітабында «Сол сәттен бастап Қазақстан Компартиясының басшыларымен, атап айтқанда ОК бірінші хатшысы Жұмабай Шаяхметовпен текетіресі басталғаны жазылған».
Шаяхметов тың игерудің қарқынымен, ауқымымен және тәсілдерімен келісе алмады. Ол Хрущевке республика өз жерлерін жоғалтатынын, егін шаруашылығы былай да қауіпті жағдайда тұрғанын, құнарлы көң қабаты тек бірнеше сантиметрді ғана құрайтынын, жер жырту кезінде сол ғана топырақты ұстап тұрғанын, даланың әлсіз екені, мал шаруашылығына баса назар аудару керектігін, өйткені қазақ жері тарихи тұрғыда соған лайықты жаралғанын түсіндіреді.
Бірақ Хрущевті бұл дәлелдер қанағаттандырмады. Өз естеліктерінде Хрущев былай деп есіне алады: «…Шаяхметов аз санды көрсетуді жалғастырды. Мен одан кейін оның позициясын талдап, Қазақстанның барлық мүмкіндіктері туралы білгенін түсіндім. Неліктен обком хатшылары басқа ұстанымда болды? Бұл жерде саяси, дәлірек айтқанда, ұлтшылдық себептер орын алды деп түсіндім. Шаяхметов астық алқабын ұлғайтса, оны қазақтар өздері өңдей алмайтынын түсінді. Еріктілерді көмекке шақыруға тура келетінін жасырмады. Ол мұны мүлде қаламады, өйткені сол кезде Қазақстанда тұрғылықты халықтың үлес салмағы одан ары төмендейді. Ал обкомдардың хатшылары коммунистер ретінде бұл сұраққа қазақ халқының мүдделерін барлық кеңестік адамдардың мүддесінен өзгеше етпей, неғұрлым дұрыс ұстанымда қарап шықты».
Хрущев Шаяхметовты көндіре алмайтынын түсінді, сондықтан ол шешуші шараларға көшті. «1954 жылдың 30 қаңтарында Шаяхметов пен Қазақстан Компартиясы ОК бюро мүшелері Мәскеу қаласына Хрущев, Брежнев, Пономаренко және ОК хатшылығы мүшелерімен кездесуге шақырылады. Онда олардың мінез-құлқы қатаң сынға ұшырап, сол кезде Шаяхметов және екінші хатшы Иван Афонов өз орындарынан алынып тасталды. Брежнев пен Пономаренко бір аптадан соң Алматыға келіп, Қазақстан Компартиясының ОК Пленумында екеуі Қазақстан Компартия ОК хатшылары болып сайланды.
Шаяхметов қызметінен төмендетіліп және 1954 жылдың сәуірінде Қазақстан Компартиясы Оңтүстік Қазақстан облыстық комитетінің бірінші хатшысы қызметіне ауыстырылды. Оның алдында Шаяхметовты оның үлкен жұмыс тәжірибесін, халық пен партия органдарының беделін ескере отырып ОК салалық хатшысы етіп қалдыру мәселесі талқыланған еді, бірақ Н.Хрущев бұл ұсынысты қолдамады.
Оңтүстік Қазақстан облыстық партия ұйымында жұмыс істеген кезде Шаяхметовтың бас ауруы басталып, ми ісігінің алғашқы белгілері байқалды, сондықтан ол үнемі жұмыста бола алмады және уақытының көп бөлігін үйде өткізді.
Қазақстан Компартиясы ОК анықтамасында «Шаяхметов қысымсыз жұмыс істеген, іс жүзінде партияның облыстық комитеті бюросының басшылығынан өзін-өзі босатқан, жұмыс уақытының едәуір бөлігін үйінде өткізген. Жыл бойы облыстық комитет бюросының 41 отырысының ішінде Ж.Шаяхметов тек 17-сіне ғана қатысты, ал Хатшылықтың 16 отырысының 5-іне ғана қатысты. 1955 жылғы 22 маусымдағы Оңтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің VI пленумында бюро және облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Ж.Шаяхметов қатты сынға ұшырады. Пленум: «Алдағы уақытта Ж.Шаяхметовты Оңтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметінде қалдыру мүмкін емес, – деп тауып, оны қызметінен босатады».
1955 жылы 22 маусымда Қазақстан КП Оңтүстік Қазақстан обкомының VI пленумында обкомның бірінші хатшысы болып бекітілген И.Юсуповпен бірге Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы Л.Брежнев Алматыдан Шаяхметовты орнынан алу үшін ұшып келеді.
1955 жылдың қыркүйегінде Бурденко атындағы нейрохирургия ғылыми-зерттеу институтында миына алғашқы ота жасалды. 1956 жылдың маусым айында екінші ота жасалды. Осы институттың 1958 жылғы 25 тамыздағы №24524 анықтамасында «Ж.Ш.Шаяхметов хирургия институтында емдеуде жатыр, диагнозы: арахноидэндотелиома ісігінің ұзақ өсуі – кіші қанаттың сол жағында іріңді асқыну, операциялық тыртық аймағында жылан көздер» деген диагноз көрсетілген. Кейін оған қант диабеті диагностикаланды.
Қазақстанның көптеген жылдар бойы тәуелсіз мемлекет болуына қарамастан, Ж.Шаяхметовтың өмірі мен мемлекеттік қызметін Н.Хрущев пен Л.Брежневтің бұрмалауына кейбір қазақ ғалымдары мен басылымдары әлі күнге дейін беріле сенеді. Мысалы, «Қаныш Сәтбаев. Энциклопедия» кітабында Шаяхметов туралы бөлімнің авторы, алдымен ҚР Президенті мұрағатындағы жеке іске сәйкес оның өмірбаянын дұрыс баяндай келе, әдейі жалған қорытынды жасайды: «1932–1933 жылдары Шаяхметов Мәскеу Шығыстану институтының студенті болғанын, қуғын-сүргін жылдары (1937–1938) Қазақстанды Л.Мирзоян, ал соғыс жылдары (1941–1945) Н.Скворцов басқарғанын біле отырып, Шаяхметов басшылық жасаған кезеңде қазақстандықтар ашаршылықты бастан кешті», – дейді. Бұл – тарихи шындықты бұрмалау.

Жаңылысқанын мойындаған Пономаренко

Осы жерде П.Пономаренконың жақсы қасиетін атап өту керек, ол КСРО-ның Польшадағы елшісі бола тұрып, Бурденко атындағы нейрохирургия институтының ауруханасында жатқан Шаяхметовке Мәскеуде көңілін сұрай кіріп шығады. Сонда ол өзінің Шаяхметовке қатысты әділ болмағанын, оны мемлекеттік қауіпсіздік Республикалық комитетінің төрағасы және ҚКП ОК бөлімінің меңгерушісі Новиков жаңылыстырғанын айтыпты. Бұл фактіні Қазақстанның ЛКЖО ОК бірінші хатшысы болып істеген экономика ғылымдарының докторы, профессор Талғат Әбдіразақов еске алады.
Сталиннің орнына келген КСРО басшылары жағынан жасалған шабуылдар Шаяхметовтың денсаулығына зор нұқсан келтірді. Шаяхметов 1966 жылы 17 қазанда Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің ауруханасында сүйікті қызы Алманың қолында қайтыс болды. «Қайтыс болу себебі» бөлімінде «Церебральді арахноидит» деп жазылған.
Шаяхметов қайтыс болғаннан кейін бірінші Мәскеу мемлекеттік нотариалдық кеңсесінде 1967 жылғы 18 сәуірдегі «Мұраға құқық туралы куәлік» және азамат Ж.Шаяхметов қайтыс болғаннан соң 294 рубль сомасында қалған мүлік тізімдемесінің актісі жасалды. Заттар арасында ас ішетін үстел – 10 рубль, ескі үлгідегі тахта – 5 рубль, екі орынды төсек – 20 рубль, «Енисей» теледидары – 70 рубль, «Ока» тоңазытқышы – 70 рубль, орындықтар, тумбочка, кілем, портьерлер, буфет… барлығы 294 рубль сомасындағы 31 тұрмыстық зат. Бұл – Мәскеудегі жұбайы Майнұр екеуінің зейнет жасына жеткенде жинаған барлық мүлкі. Алайда олар ешқашан материалдық игіліктерге қызыққан емес. Олар балалары мен немерелерін басты байлығымыз деп санаған еді.


Жұмабай мен Майнұр 1925 жылы 7 қарашада Петропавлда үйленді. Майнұр Галиевна 1907 жылы 6 қарашада дүниеге келген. Майнұрдың анасы – татар, әкесі – Гали Шоқабаев – Тобықты руынан шыққан қазақ. Майнұр 1964 жылы 6 ақпанда Мәскеуде қайтыс болды. Жұмабай мен Майнұрдың бес баласы болды.
Ескере кететін мәселеге келсек, Ж.Шаяхметов қатаң Сталиндік басқару стилі жағдайында мемлекеттік және партия қайраткері ретінде қалыптасты. Ол кезде басшыдан жан-тәнімен беріліп жұмыс істеу, тәртіп, адалдық, нәпсіні тежей білу талап етілді.
Партияның осы талаптарын негізге ала отырып, Шаяхметов ең талантты және білікті кадрларды, Қазақстанның әр түрлі өңірлерінің өкілдерін іріктей білді. Шаяхметовтың кезінде ұлттық кадрларға ерекше көңіл бөлінді. «Соңғы жылдары ұлттық интеллигенция кадрлары өсті, жоғары оқу орындарының желісі бөлінді, қазақ жастарының есебінен оқушылар саны артты. Қазақстанның КП(б) ОК ұлттық кадрларды ұсынуда бірқатар табыстарға қол жеткізді. Қазіргі уақытта партияның қалалық комитеттер, аудандық комитеттер 729 хатшысының 395-і немесе 54 пайыз қазақ, партия обкомының 70 хатшысының 36 немесе 51 пайызы қазақ. Облыстық атқару комитеттері төрағаларының қатарында 87,5 пайызы қазақтар», – деп жазды Шаяхметов өз хатында.
Осы деректерден Ж.Шаяхметовтың өз халқына және оның озық өкілдеріне деген зор құрметін байқаймыз. Қазақстанды Шаяхметов басқарған жылдары жоғары мемлекеттік және партиялық лауазымды орындарға халықтың сүйіспеншілігі мен құрметіне бөленген Д.Қонаев, Ж.Тәшенев, М.Сужиков, А.Тәжібаев, Д.Керімбаев, И.Омаров, Е.Тайбеков, Ж.Жанғозин, С.Баишев, С.Шәріпов, Қ.Сәтпаев, С.Жанбаев, А.Сембаев, Г.Қаржаубаев, М.Қабылбаев, М.Бейсембаев, А.Қанафин, Р.Ильяшев, Х.Арыстанбеков және т.б. бірегей және жарқын ұлттық кадрлар ұсынылды. Ол кадрларды туыстық, жершілдік принципі бойынша таңдаудан бас тартты. Ешқашан бір лауазымнан екінші лауазымға «команда» болып ауысуға мүмкіндік бермеді. Бір жерде арына дақ келтірген шенеунік іс жүзінде басқарушы органдарға қайта ұсынылмады. Шаяхметовтың көптеген серіктестері онымен көп жылдар бойы жемісті жұмыс істеді. Ол оларды салауатты өмір салтына баулыды. Қыста жексенбі күндері шаңғы жорықтары, ал жазда волейбол ойнады.
1938–1951 жылдары Қазақ КСР Халық Комиссарлары Кеңесінің (Министрлер Кеңесінің) төрағасы Нұртас Оңдасынов көп жылдар бойы Жұмабай Шаяхметовпен иық тіресе жұмыс істеді. Қазақтың екі басшысы адал қарым-қатынаста болды. Шаяхметов-Оңдасынов тандемі соғыс жылдарында майдан мұқтаждарын қанағат­тандыру, КСРО-ның батыс аумағынан көшірілген ұлттар мен кәсіпорындарды қабылдау, депортацияланған халықтардың қоныстануы мен бейімделуі, сондай-ақ соғыстан кейінгі қиын жылдары халық шаруашылығын қалпына келтіру үшін жауапкершілік жүктелген кезде партия мен Үкіметтің айналасына дарынды, іске берілген адамдарды біріктіруге көмектесті. Олардың еңбегінің тарихи рөлі маңызды болды. Себебі өндірістік мәселеде жанжалдар, келіспеушіліктер және өзара реніштер орын алды. Бірақ олар оны өзара жеке қарым-қатынастарына нұқсан келтіруге жеткізбеді. Жұмыстан тыс уақытта отбасыларымен араласты. Үлкен ұлдары Равиль мен Ескендір өмір бойы дос болды. Шаяхметовтар мен Оңдасыновтардың отбасылары әлі күнге дейін достық қарым-қатынасты сақтап келеді.
Ақын, қоғам қайраткері Кәкімбек Салықов, өзінің Мәскеуде зейнетте болған Оңдасыновпен әңгімесі туралы еске алады: «Нұреке Жұмекеңе үлкен құрметпен қарады. Ол адамдарды жүзге бөлмегенін айтты. Марксизм-ленинизм мәселелерінде Сталинмен ортақ тіл таба алатын Республиканың басшысы болған. Нұрекең Жұмеке өмірде бәрін білетін, мәселелер мен қиындықтарды толық, жақсы түсінді деп айтқан. Есімде ол: (Оңдасынов – авт.) : егер Қонаев Брежневтің досы болғандықтан бұл қазақтарға тиімді болды деп айтсаңыз, бұл жағдайда Шаяхметовты Сталиннің құрметтеуі қазақтарға пайдалы болды, – дейді.
Ж.Шаяхметов Д.Қонаевтың тағдырында үлкен рөл атқарды. Лениногор тау-кен басқармасының директоры, Мәскеу түсті металдар мен алтын институтының үздік түлегі Қонаевты Шаяхметов Лениногорға 1942 жылғы іссапардан кейін Скворцовқа айтып, Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары лауазымына, ал бір жылдан кейін, 1943 жылдың маусымында Қазақ­станның КП(б) ОК үшінші хатшысы лауазымына ұсынды. Шаяхметов өзінің жұмыс істеген жылдарында Қонаевқа қамқорлық танытып, оны ақылы, зиялылығы мен адамдармен жұмыс істеу қабілеті үшін өте жоғары бағалады.

Әйелдердің әлеуетін арттырған

Шаяхметов Қазақ­станның өндірістік, шаруашылық, ғылыми және мәдени өміріндегі әйелдердің баға жетпес рөлі мен әлеуетін түсінді, бірақ олардың көпшілігінде сол кездегі материалдық және тұрмыстық шектеулерінің кесірінен республиканың жетекші жоғары оқу орындарында жоғары білім алуға мүмкіндік болмады. Бұл мәселені мемлекеттік, одақтық деңгейде шешу керек еді. Сондықтан ол И.Сталинді Алматыда мемлекеттік қыздар педагогикалық институтын, аты аңызға айналған Қазақ Мемлекеттік қыздар педагогикалық институтын ашуға көндірді. Барлық студенттер толық мемлекеттің қамқорлығында болды: тегін оқу, тамақтану, жазғы және қысқы киіммен қамтамасыз ету, оқулықтарды, жазба құралдарын, жеке гигиена заттарын сатып алу шығындарын жабу, медициналық қызмет көрсету. Осы институттың (2008 ж. бастап Университет, 2019 ж. Ұлттық университет) қабырғасынан білім, ғылым және мәдениет саласының көптеген әйгілі әйел қайраткерлері шықты.
Сол кезде Шет тілдер институты, Дене шынықтыру институты, Мемлекеттік консерватория, Қарағанды тау-кен институты, Шымкент химия-технологиялық институты, бірқатар педагогикалық техникумдар ашылды. Жыл сайын КСРО жетекші ЖОО квоталар бойынша республика мектептерінің екі мыңға жуық түлегі жіберілді. Оларға жол ақысы төленді, Мәскеудегі Қазақстанның тұрақты өкілдігі арқылы, сондай-ақ сол кездегі Қазақ КСР-нің бе­йінді министрліктері арқылы материалдық көмек көрсетілді.
КСРО басшылығы Шаяхметовтың еңбегін жоғары бағалады: Еңбек Қызыл Ту орденімен (1939), Құрмет Белгісі орденімен (1942), үш мәрте Ленин орденімен (1945, 1947, 1952) марапатталды. И.Сталин Шаяхметовты елдің адами, өндірістік және ауыл шаруашылық әлеуетін дамытуға қосқан зор үлесі, адалдығы және талаптылық қасиеттері үшін «Шығыстың қыраны» деп атады. Көптеген жылдар бойы КСРО Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары қызметін атқарған Булганин Сталиннен Шаяхметовты одақтас министр етіп тағайындауды сұрады, бірақ ол: «Әзірше оның орнын басатын адам жоқ, сондықтан Қазақстанды Шаяхметовсыз қалдырмаймын», – деп жауап берді.
Шаяхметов көреген саясаткер, талантты ұйымдастырушы және білікті басшы бола алды. Шаяхметов туралы Д.Қонаев өз естеліктерінде: «Өзінің ізашарларына қарағанда, ол ұқыпты басшы және жақсы ұйымдастырушы болған. Оның басшылығымен соғыстан кейінгі жылдары Қазақстан экономикасы неғұрлым жоғары қарқын алды». Қазақстан Компартиясының идеология бойынша Орталық комитетінің бұрынғы хатшысы, Жұмабай Шаяхметовты жақсы білетін Ілияс Омаров: «1940-1950 жылдары Қазақстанда Шаяхметовтен басқа көрнекті қайраткер болған жоқ», – деп жазады. Мемлекетіміздің тарихындағы ең қиын және қарама-қайшы кезеңдерде республиканы абыроймен басқарған адамның өмір тарихы мен мемлекеттік қызметін болашақ ұрпақтың есінде қалдыру бүгінгі зиялы қауым міндеті деп білеміз.

ПІКІРЛЕР1
Аноним 05.10.2023 | 16:28

👍

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір