Адам заманды «адамгершілік қалыпқа» келтіріп алады, реанимациялайды
21.09.2020
1336
0

 

«Қазақ әдебиетінен» бес сұрақ келіпті… Ондағы отырған Батырхан бала бүй дейді: – Ағасы, біз Шәкәрімнен бес сұрақ қойып отырмыз. Соны екі күнде, екі параққа сыйдырып жазып берсеңіз?.. Құдай-ау, сұраққа қарасам, «бес сұрағың» бүкіл адамзат ғұмыры екен, ал «екі күн» дегенің Құдайдың бір адамға берген өмірі екен! Ендеше, қойылған «бес сұрақты» маған берілген «екі параққа» айналдыруға «екі күндік» уақытпен қалай атқарамын деп әлек болдым да қалдым… Ақыр соңында, «сұрақты Шәкәрім қойды, ал жауапты өзім беруім керек» деп шештім… Сонымен, көрейік:

Әбдірашит Бәкірұлы,

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, философия кафедрасының аға оқытушысы

  1. Алланың адамды жаратқандағы мақсұты не?

– Бұл сұрақта әуел баста бір зат алаң тудырды, ол – «Шәкәрімнің сұрағы кімге арналған?» деген. Мәселе «Алланың жаратылысы – адам» туралы болып отырғандықтан, мұндағы «адам» – «адамзат» қалыбында екенін байқаймыз. Ендеше, адамзат­тық деңгейде сұрақты «Құдайдың адамды жаратқандағы мақсұты не?» деп өзгертіп алу керек болды. Болмаса, сұрақтың «адамзаттық мазмұны» тек қана «мұсылмандықпен» шектелетіні анық. Сол себепті, барлық әлемдік діндерге ортақ «Құдай жалғыз» қағидасын нысана еттім. Сөйткенде ғана Шәкірімнің асыл ойлары адамзаттық сипатқа ие болатыны дау туғызбайды…

Сонымен, Құдайдың мақсаты не? Адамзат санасында Құдай бүкіл макро және микро әлемнің жаратылысы бастауында тұратын Құдірет болып есептеледі. Бұл адам үшін өте ыңғайлы парадигма: жеңіске жетсе де, жеңілсе де – бәрі Құдайдың қалауымен. Алайда, адамды жаратқанда Құдай әуел бастан осыны қалап па еді? Егер, бәрін тек Өзі «атқаратын» болса, онда ол Адамды несіне жаратты? Ол әлемді жансыз-жанды екі деңгейден, ал, жандыны «өсімдік-жануар-адам» атты үштіктен түзеді. Әрі, олардың арасындағы тұтас байланысты қамтамасыз етіп, бір-біріне әсерін анықтап, орын-орнына қойып анықтап берген еді ғой? «Жаратылыс шыңы» деп, Құдай ешкімге бермеген ақылды адамға құйған болатын: Сөйтіп, Құдай өз шеберлігінің «көшірмесін» адамнан көргісі келген еді…

Міне, осы ұзақ тарихта, адам баласы да, мыңдаған қателіктер жасай отырып, маңдайын тауға-тасқа соқса да – Құдай аманатын орындаумен келеді. Ол қандай аманат? Ол – Ұлы жаратылысты тану арқылы Құдай болмысын тану! Сол арқылы, Адамның Құдайдың өзіне берген ерекше қасиетін (ақыл-ой-сана) паш ету! Міне, осылар: Ақыл мен Сана, Ой – Құдайдың адамзатқа берген ерекше аманаты!

Ал өмір ше? Өмір маңызды, әрине. Бірақ, Құдай өмірді әр жаратылысына тең бөлді: тіл (яғни, сана) жоқ демесең − өмірге өсімдік те, бүкіл жан-жануар да құштарлы…

Бүгінгі таңда адам өз «аманатын» толық меңгерді дей алмаймын. Оның табиғатқа деген жыртқыштығы, өзара жаулығы және т.б адами келбеттен ауытқуы – адамзаттың «құдайтектес» Санадан қаншалықты қашық екендігін білдіруде. Біреулер мұны «сынақ» дейді. Шын мәнісінде, бұл «сынақ» Құдайдан емес, адамның өзінен туындап жатыр… Сондықтан, жер бетінде Ақыл мен Сананың салтанат құруынының ауылы әлі алыс. Ендеше, Саналы ғұмыр кешу − адам жаратылысындағы басты Мақсаты десе болады. Қысқаша − осы.

  1. Адамға тіршіліктің ең керегі не үшін?

– Бұл «Адам ішіп-жеу үшін өмір сүре ме, әлде, өмір сүру үшін ішіп-жей ме?» дегенге келеді. Жоғарыда айттық, адам өзінің өмірін түйсінуге қабілетті деп. Ендеше, адам өз өмірі ұрпағымен жалғасарын да білуге қабілетті. Сондықтан, қалыпты жағдайда адамзаттың барлық күш-жігері осыған арналады. Әрине, осы бағытта адами жолдан ауытқулар да көп орын алады: мысалы, адамға өмір бойы ішіп-жейтін тамақтың мөлшері белгілі. Әлдеқашан есептеліп қойылған. Сонымен бірге, адамға «ұрпағы» үшін жинайтын, бірақ оны кәдеге жарата алатын байлықтың да мөлшері есептеліп қойылған. (Қазақ даналығы «кәдеге жарамайтын» байлықты боққа теңеген). Егер, адам «ұрпақ» сылтауымен дүниеге тойымсыздыққа, қомағайлыққа бет бұрса, онда оның тіршілігін ешбір мағынаға сыйдыра алмаймыз. Ондайда адам – адамға емес, нағыз қорқауға айналады! Ендеше, адамға керек тіршілік деп «адам өзіне берілген қысқа ғұмырда өзінің адам екенін сезіп кету үшін, өмірден адами із қалдыру үшін сүрген тіршілік» деп қысқа-нұсқа қадап айтар едім!

  1. Адамға өлген соң, мейлі, не жөнмен болсын, рахат-бейнет, сауап-азап бар ма?

– Бұл жерде жауабым біреу: Адам­ның бар жақсылығы «өмірден қайтқан соң жұмаққа барамын» деген ниеттен туындаса, ол – тек қана эгоизм көрінісі. Ал өмірде эгоист (өзін тым жақсы көруші) адамнан риясыз жақсылық күтуге болмайтыны анық. Ол адам кейбір шешуші сәттерде тайқып кетуден тайынбайды. Сондықтан, «рахат-бейнет, обал-сауап тіршілікте» дейтін адамдар ғана лайықты өмір сүрушілер. Олардың түсінігіндегі «сауап» та өзгеше: «сауап маған емес, көмекке зәру адамға сауап» дейді олар… Жалпы, жақсылық дегеніміз «үміттен» емес, адами табиғаттан тууы тиіс!

  1. Ең жақсы адам не қылған кісі?

– Өз ісін тапқан, өз ісіне берілген, әрі одан атақ-даңқ күтпейтін кісі.

  1. Заман өткен сайын адамдардың адамшылығы түзеліп бара ма, бұзылып бара жатыр ма?

– Заман бұзылмайды, адам бұзылады. Адамға қарап заманды өлшеу – қателік. Заман – үздіксіз эволюциялық процесс. Адам соған сай өзі де үздіксіз дамуы тиіс. Заман көшіне ілесе алмағанда, адамды не Заман ығыстырады, ығыстыра алмаса – Заманның өзінің ту-талақайы шығады. Қазір адами қасиеттерді «байлық құндылығы» алмастырғанын көріп отырмыз… Бірақ ол өтпелі нәрсе. Адам өзінің табиғатынан алшақ кете алмайды. Сондықтан ол біртіндеп Заманды да «адамгершілік қалыпқа» келтіріп алады, реанимациялайды. Оған тек уақыт керек. Әттең, Заман аясында босқа кеткен уақытты ескерсек – «Заманға обал болды» деуге болады.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір