Аманат – адамгершілік қағидасы
28.04.2025
52
0

Атап айтатын келелі сөзді Темірбек Жүргеновтің ұстаздары Тұрмағанбет Ізтелеуұлы мен Досмұхаммед Букиннен бастаған ләзім. Аталған есімдер Темірбектің дүниетанымына, наным-сенім артып, ізгі ізденістеріне ізашар болған тұлғалар еді.
Ал бүгінгі күнде жүргеновтанушы Бауыржан Иманғалиевтің ғылыми ұстазы – келешегіне шамшырақ болған, оның шығармашылығына бағыт беріп, жетекшілік жасаған тұлға Зейнолла Қабдолов.
Саналы аға ұрпақтың санаулы ғұмырындағы ел үшін атқарған қайраткерлік еңбектерін, тарихи азаматтық жадыхаттары мен тәуекелшілдікпен жасаған қадамдары жөніндегі зерттеуге жылдар бойы ден қойған Бауыржан да ұстазының аманатын азаматтықпен алып шықты. Ұстазы Зейнолла Қабдолов та «шығыстың шырағындай» ішіне көмкерген көмбесі – мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновті Бауыржанға табыс етуі ұстаздың жүрегіне де тыныштық беріп, сүннетін өтегендей болса керек.
Жүргеновтің шығармашылық еңбектерін қазақ және орыс тілінде қалың оқырманның қолына табыс еткен Бауыржан, аға буын өкілдерінің арман тілектерін де атап өтіп, ұрпақ пен ұрпақты жақындастырды.
Зерттеуші ғалым Бауыржан Иманғалиев: «ҚазМУ-ға оқуға түскен мені әкем шығарып салып тұрып: «Сен – қазақ мәдениеті мен білімін биік деңгейге көтерген мемлекет қайраткері Темірбек Жүргеновтің жақын ұрпағысың. Мынау папкада текті атаңның жазған еңбектері бар. Сол кісінің мұрасын зертте, халық білсін. Бұрын біз саяси жағдайларға байланысты Темірбек Жүргенов есімін ашық айта алмадық. Егемендіктің арқасында арыстарымыздың ардақты есімі қазір қайта оралып жатыр. Енді Темірбек атаңның мұрасын зерттеуді саған аманат етіп тапсырдым», – деген еді. 1937 жылы репрессияға ұшырап, ұсталып кетіп бара жатқанда менің атам Иманғалидың қолына ұстатып кеткен екен. Солайша, атам мен әкемнің аманаты арқылы осы саланың соқпағына түстім», – дейді өзінің «Түркістан» газетіне берген сұхбатында (26 қараша, 2020. Ділда Уәлибек).
Міне, осындай өнер және мәдениет қайраткері, ұлтының өнегелі өмірінің жоқтаушысы Темірбек Жүргенов ғасырлар руханиятына айналған ел жақұттарын сахналап, өзге елдің мәдениетімен белдестірсе, бүгінде оның асыл арман, ақ ниетін ардақтап, атқарған ізгілік көшін көпшіліктің санасына қозғау салып, мәдениет айнасына алып шыққан Бауыржан Иманғалиев.
Ертеде бір ғұламадан «Пенденің бұл жалғанға келгендегі мақсаты не?» деп сұраған екен. Сонда данагөй: «Бұл өмірге келген әрбір адам баласының үш түрлі міндеті болады. Оның біріншісі – ұрпақ өрбітіп, әулет санын көбейту, екіншісі – ұстаздық етіп, шәкірт тәрбиелеу, үшіншісі – ілім-білім жинап, халқына қызмет ету», – деген екен.
Сол айтқандайын Бауыржан да қазірде білім, ғылым, шәкірт тәрбиелеу сынды игі­лігі мен мәртебесі зор еңбектің қайнаған бел ортасында жүр. Бойындағы парасаты мен парықты мінезі Баукеңді қайда қызмет істесе де қадірлі, сыйлы, үлгі тұтарлық тұтастығымен танымал етті. Студент шәкірттермен, қызметтес әріптестерімен де ортақ тіл табысып, орайлы қатынас қалыптастыра алған. Ғылым және халықаралық қатынастар жөніндегі деканның орынбасары ретінде, әр іс барысындағы байыпты, байсалды ұстамдылығы да құрметінің артқанын аңғартып тұрады. Оның танымдық идеологиясы да ізденіс әрекетімен сабақтасып, зайырлы кісілік қадір-қасиеті өмірге, өнерге, білім мен ғылымға деген құштарлығын аша түскен. Сондықтан да Бауыржанның кәсіби артықшылығы атқарып жүрген жауапты қызметімен қатар, шәкірт тәрбиесіндегі ұстаздық тәлімі мен жан-жақтылық белсенділігінен танылып тұрады.
Оның ішкі жан дүниесінен туындаған көсемсөздік еңбектері де өзіндік құндылықтарға тән этикалық иірімдерге толы. Ұлттық, мәдени-рухани құндылықтарға бай. Ой салмағына сыйдырып сипат­тауы, келіскен келбетті суреттеу тәсілдері де тартымдылығымен ерекшеленеді. Тақырыптары да заманмен үндес, дәстүрлі дүниетанымға бейімделген ұлттық бірегейлікпен жымдасып жатады. «Қос шынарым» кітабындағы қос шынарым – әке шешем, щынар – тамырын тереңге жіберетін алып та қасиетті ағаш. Ол ұзақ жасайды», – деген сөз салымдары адам санасына көркемдігімен сіңіп, жүрегінде сақталып қалатын, әркімнің-ақ ата-анасының ақ періште, арман ғайыбы екенін дәл ашып, көрсетіп тұрған эстетикалық ғұмырлы тіркестер.
Бауыржан Иманғалиев 1970 жылы
1 мамырда Қызылорда облысында дүниеге келген. Орта мектепті өте жақсы бітіріп (1987), әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін үздік дипломмен тамамдаған (1990–1995). «Қызылорда -Сейхұн» университетін бітірген (1996–1998). Филология ғылымдарының кандидаты (1999), доцент, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі (2008). Халықаралық Ақпараттандыру академиясының академигі (2009), Қазақстан Педагогика ғылымдары академиясының корреспондент-мүшесі (2010), Республикалық «Үздік ұстаз» конкурсының жеңімпазы (2015). «Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандары» қауымдастығының Алматы қаласы бойынша төрағасы.
Оның жазба шығармашылық еңбектері мен ізденіс жолындағы тұжырымдары, естелік эсселері – журналистік, жазушылық, ғалымдық қырларын ашып қана қоймай, басқа да отбасылық, педагогикалық династиялық ұлағатты, зейінді әулеттен шыққанын да аңғартып тұрады.
«Адамның адамгершілігі жақсы ұстаздан болады» демекші Бауыржан Иманғалиев ата, әке, отбасылық дәстүрінің өркенді тәрбиесін көрсе, есейе келе ірі тұлғалардың алдын көріп, ұстаздық өнегелерін ұстанып қанаттанды. Бүгінде өзі де тұлғалық мінберге көтеріліп, білім, ғылымның ұстаздық жолымен ұлағат­тылық танытып келеді.

Молдахан Кәріпбайұлы,
филология ғылымдарының
кандидаты

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір