ҒҰСМАН ЖАНДЫБАЕВ. ЕСІҢДІ ЖИ, АДАМЗАТ
21.09.2020
937
0

(памфлет)

 

Байрон адамдарды жек көрді,

өйткені адамзатты сүйді.

Людвиг БЕРНЕ, неміс публицисі

Мысқыл – адамзаттың ар тазалығы.

Жюль РЕНАР, француз жазушысы

2019 жылдың соңынан басталған Coronavirus дейтін індет (эпидемия) аз уақыт ішінде-ақ жер бетін жаулап үлгерді. Мұндай сұмдықты бұрынғы-соңғы өзіміз білетін тарихтан оқыған да, естіген де емеспіз. Адамдардың рухын құлқы жеңіп, қоғам тозып, адам азған бір тұстарда жер бетін індет жайлағаны туралы діни аңыздарда айтылатын. Сонда, расымен де, «Аңыз – түптің түбінде шындыққа айналатын өтірік» (Жан Кокто, француз драматургі) болғаны ма?

Ғ.Жандыбаев

Ау, сонда не болды өзі? Бұл пәле қайдан сап ете қалды? Енді не істеу керек? Медицинада ауруды жеңу үшін алдымен оның диагнозын қойып, сосын емін қолданады. Жоғарыдағы сұрақтарға жауап беру үшін біз де осылай етіп көрейік. Вирус (лат. virus – y) та – табиғаттың өзінде, оның бір бөлшегі болып табылатын адамда да бар нәрсе; табиғаттағы басқа тіршілік иелерінен (жан-жануар, жәндік, өсімдіктер, т.с.с.) ауысып келіп, адам ағзасын бүлдіретін өте ұсақ тірі бөлшектер (Ұлттық энциклопедия. 2-том, 578-б.). Олар ағзаның сыртқы әсерге әдеттен тыс сезімталдық қабілетін «түртіп» оятып, аллергиялық (тітіргенгіштік) және эпидемиялық (жұққыштық, жұтқыштық) ауруларды қоздырады. Соңғылардың жүздеген, тіпті мыңдаған түрлері болатындықтан, олардың бәрін ауыздықтауға медицинаның өзі де қауқарсыз. Сондықтан да «Үйден шықпа. Басқа жол жоқ» деп отырмыз. Бірақ аурудың аяқталғанына көз жетпей-ақ көшеге шығатынымыз анық. Әрине, «Бір Құдайға сиынып!» Үкімет карантинді ашқанымен, ауру нұсқауға бағынбайтыны айтпаса да түсінікті. Сонымен, бұл оқиғаның мәнісі сол: түптеп келгенде, табиғат адамға оның орнын көрсетті! Адам табиғаттың алдында өзінің әлсіздігін білдіріп алды. Пандемия – табиғаттың адамдардың менмендігіне қайтарған жауабы. Біз қазір коронавирус бетперде кигізді деп жүрміз, жоқ, керісінше: табиғат адамдардың бетпердесін сыпырып, шынайы бет-жүзін ашып тастады!

Қазір бүкіл адамзат баласы эпидемиядан пандемияға айналып, әлемдік «мәртебе» алған індетті тоқтату жолында арпалысуда. Әзірге басқа әңгімелерді айтуға, індеттің шығу, таралу себебін анықтап, баға беруге, осы жеген таяғымыздан сабақ алып, алдағы адамзаттық саясатымызды айқындау қажеттігін түйсінуге мұршамыз болмай жатыр. Бірақ ол жағдайлар бүгін болмаса, ертең күн тәртібінде тұруы тиіс. Мұның өзі – тек эпидемия ғана емес, басқа қатерлерден де сақтанудың сара жолы болмақ. Сол сақтықтың бастамасы, алғышарты ретінде, эпидемия – табиғат пен қоғам арасындағы тепе-теңдіктің күйреуін бейнелейтін экологиялық апат (Ұлттық энциклопедия, 10-том) екенін мойындауға тура келеді. Адам баласы «әлденеге» әбден құныққаны сонша, табиғаттың денесіне сан жерден ауыр жара салып келеді. Пандемиялық эпидемия – сол көп жараның асқынған біреуі ғана болуы ықтимал. «Бір адамды өлтірген – кісі өлтіргіш, миллиондарды өлтірген – басқыншы» (Жан Ростан, француз биологі) десек, басқыншыны адамзат сотының алдына әкелмеу – сол адамзаттың өзіне жасалған қастандық болар еді. Олай болса, пандемияның әбігері біткеннен кейін, асықпай, байыппен дайындалып, бірақ міндетті түрде, Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі Нюрнберг процесі секілді халықаралық (Бүкіләлемдік) сұхбат құрып, онда Адам ата ұрпағының өмірі мен болашағына қауіп төндірген індеттің шығу, таралу себептеріне тиісті ғылыми баға беріп, соған орай адамзат өзінің алдағы өмірінің басты бағыттары мен ұстанымдарын белгілеуі тиіс. Өйтпеген күнде бұдан да өкінішті жағдайлардың орын алмау­ына кепілдік жоқ. Өйткені вирус шабуылы – табиғаттың ең «жеңіл» ескертуі болуы ғажап емес.

Философия тілімен айтқанда, әлемде Құдайдан басқа шексіздік жоқ. Бірақ саны да, мүмкіндігі де шектеулі адамға қарағанда, табиғат – өзінше бір шексіздік. Жоқтан сылтау тауып, біріне-бірі доңайбат, доқ көрсетіп, соғыса кететін адам баласының қылжағын мыңдаған жылдар бойы мыңқ етпей көтере беретін табиғаттың шыдамы да шексіз. Бірақ табиғат Құдай болмағандықтан, оның да шектен шығатын кезі бар. Алайда табиғатты шегінен шығаратын да – адамның өзі. Әлемдік індетті бергі тарихтан естімегеніміз, енді «ғана» болып жатуы да табиғаттың осы шыдамдылығынан болса керек. Оның есесіне, «бір жақсының – бір жаманы» дегендей, табиғаттың мыңдаған жылдық ашуының қайтуы да оңай бола қояр ма екен. Өкінішке қарай, табиғаттың ашуын қозғайтын кесел – адамдардың ашкөздігі десек, біз бұдан әлі де бас тартып отырған жоқпыз. Яғни осы бетімізден танбасақ, індетті түпкілікті жеңіп шыға алуымыз өте күмәнді. Адамдар ертеңін емес, тек бүгінгісін ғана ойлап, табиғатқа (қоршаған ортаға) жауша тиюінің кесірінен болған экологиялық келеңсіздіктер сол адамның өзінің ауруға қарсы тұру қабілетін (иммунитетін) шектен тыс әлсіретіп жібергені тағы бар. Мамандар тіпті жердің астында да таза су қалмағанын айтып зар илеуде. Мұндай «еркелігіміз» – бір емес, жүздеп, мыңдап саналады. Эпидемия, пандемия дейтіндерді де өз ішіне қамтитын және одан да зорғылары бар экологиялық апатқа қайтымсыз құбылыс дейтін энциклопедиялық анықтаманың берілуі де содан болар. Бірақ апат дейтін сөздің тек адамдар үшін ғана мағынасы бар екенін білмек керек. Ал әлемде, табиғат пен ғаламда апат жоқ, тек үздіксіз өзгерістер ғана бар. Сол өзгерістердің жылт еткен бір ұшқыны ғана адамзаттың түбіне жетуі әбден мүмкін. Ендеше адамзат өз өмірі үшін өзі жауапты! Олай болса, «Соқа кескілеген жауын құрты соқаны кешіреді» (Уильям Блейк, ағылшын ақыны, суретші) демекші, «Қашып құтылу керек болатынның бәрінің қосындысы» (Бертран Рассел, ағылшын философы) болып табылатын өз тарихымызды кешірдің не, кешірмедің не. «Өйткені «Тарих ештеңеге үйретпейді, тек қана сабақ ала білмегендерді жазалайды» (Василий Ключковский, орыс философы), сондықтан «Не болатынын болжаудың ең жақсы әдісі – не болғанын есте сақтау» (Маркиз Галифекс, ағылшын жазушысы). Сірә, біздің кінәміз де осы ескертпелерден қорытынды шығара білмегендігіміз болса керек. Бірақ, ең болмаса, «ештен – кеш жақсы» екенін ескерсек, оған да тәубе дерміз.

Сонда адамзаттың кінәсі не? Қысқаша тұжырымдап айтсақ: біріншіден, біз, адамзат баласы, Аристотельден әл-Фарабиге, одан Альберт Эйнштейнге дейінгі және кейінгі бейнетқор ғалымдардың еңбегімен жасалған техникалық-технологиялық прогресс жетістіктеріне басымыз айналып, көзіміз қарауытып, табиғат-анамызға өктем қарап, тым асқақтап, менменсіп, есіріп кеттік. Әсіресе соңғы бір ғасырда оған дейінгі миллион жылда жасамағанды жасадық. Бүгін жеп қалмасақ, ертең өлетін сияқты болып, нысаптан біржола айырылып барамыз. «Әлемнің қожасымыз» деп қоқиландық. Ол аздай, бірімізге-біріміз қожа болуға жекелей де, мемлекеттік деңгейде де жан салып келеміз. Коронавирус – бұзылған осы пиғылымызға Жаратушы Иенің қатқылдау «тәйіт, арысы!» болмағай?! Екіншіден, тәтті алманы жеп қойып, кәйіп (есірік) болғаны үшін Алланың қаһарына ұшырап, жұмақтан қуылған Хауа ана мен Адам атаның «қателігін» түзетпек болып, «келе сала» жер үстінде, жұмақ орнатуға кірісіп кеттік. Жұмақ бар жерде тозақ та болуы керек деп, алақандай жердің бетін ғажапстан мен азапстанға бөліп тастадық. Үшіншіден, Әбілді өлтірген Қабылдан бермен қарай күні бүгінге дейін бірімізді-біріміз атарға оқ таппай жауласып келеміз. «Адамдар өз қаруының қаруына айналуда» (Генри Торо, америкалық жазушы). Төртіншіден, адамдар біріне-бірі және өзін қоршаған ортаға ұзақ уақыттан бері «экономика» дейтін жалғыз сыңар көзбен қарап келе жатуының салдарынан, «Егер менің досымның бір көзі соқыр болса, мен оған қырынан қараймын» (Жозеф Жубер, француз жазушысы) деген жағдайға ұшырап, өзі тұратын ғимаратты қисық айнаға айналдырды. Содан да адам өз өтірігіне өзі сеніп, «Мораль – адамның табиғат алдында маңыздануы» (Фридрих Ницше, неміс философы) ғана болып қалды. Сөйтіп, бұдан жарты ғасырдай бұрын біреулердің болжағанындай, шынайы өмірдің суреті спектакльдік қоғамның спектрлеріне ұқсап кетті де, енді «беттен гөрі бетперде бізге көп нәрсені айтуда» (Оскар Уайльд, ағылшын жазушысы), содан да, «Табиғатқа билік жүргізу үшін оған тағзым ету керек» (Фрэнсис Бэкон, ағылшын философы) болатынын енді түйсіне бастағандаймыз (әттең, «тәжірибеден – ақыл емес, ақылдан тәжірибе болғанда ғой!»). Ал қазіргі жаппай көше жуып жүрген қылығымызға қарап, «мол қайғы күледі» (Уильям Блейк) дегендей, күлерімізді де, ренжитінімізді де білмей кеттік.

Вирус күтпеген жерден келіп, төтеннен тап берген «тілсіз» жау секілді көрінгенімен, кез келген бұтақ та, жапырақ та терең тамырдан өніп шығатынын жоққа шығара алмаймыз. Осы жағдайлардың бәрі адамзаттың алдына ауыр сұрақтар қояды. «Проблемадан құтылуың жақсы тәсілі – оны шешу» (Брендан Фраксил, америкалық жазушы) екенін әркім біледі. Бірақ біздің сорымыз сонда: сөз бен істің орнын ауыстырып қойғанымызға – көп заман: жақсы сөйлеп, жаман істеу – ежелгі әдетіміз, «өркениеттік» дәстүріміз демеске лаж жоқ.

Енді не істемек керек? Жоғарыда лебіз білдірген ұлылардың сөзіне құлақ асып, тарихтан сабақ алудан басқа жол жоқ. Ол сабақтың аты – қоғам мен қоршаған ортаның тепе-теңдігін сақтау! Атап айтқанда, адам баласы әлі де өзінің және ұрпағының өмір сүруін жалғастыра бергісі келетін болса, тым асқақтамай, өзіне-өзі де, табиғатқа да өктемдік көрсетпей, Абай айтқан бір атаның баласындай болып, әл-Фараби бабамыз жобалап, армандаған Ізгі қаланың тұрғындарынша, әділет пен ақиқат жолын ендігі өмірінің бұлжымас заңына айналдырмағы ләзім. Бұл үшін, ең алдымен, кең мағыналы (табиғи және рухани-қоғамдық аспектіде) экология ұғымы, қазіргі кездегідей қызыл сөз болып тіл мен таңдайда қалып қоймай, өзімен кіндіктес, еншілес экономикамен (эко… – грек. Oikos – үй, баспана) тең қатар қырағы көз болып, маңдайда тұруы тиіс! Әйтпегенде ортағасырлық құқықсыз құлдардың орнын өркениетті дәуірдің ерікті жұмыссыздары басып, биологиялық пандемияның аяғы әлеуметтік пандемияға айналып кетуі ғажап емес. Өйткені халық та – табиғат секілді стихия: оның кім екенін, не екенін біліп болмайсың. Бірақ халықтың шыдамы – табиғат секілді мыңжылдық емес, әрі кетсе, жүзжылдық қана. Қайда лағып бара жатқанын өзі де білмейтін соққан жел мен аққан сел де бір – «халық» деп аталатын миллиардтаған өңеші бар қара құбыжық «нөл» де бір: толқып бір кетсе, топан суға бергісіз топалаңды өзі-ақ жасап береді. Сондықтан сырттай қарағанда әлеуметтік сипатта көрінетін бұл індеттің атын психикалық пандемия десе де болады. Ал бұдан адам да, қоғам да опа таппай, опық жейтіні анық. Өйткені адамдар физиологиялық иммунитеті әлсірегенде ауырады, ал психикалық иммунитеті (төзімі) таусылғанда – құлайды! Бүгін біз көріп отырған биологиялық пандемия осы үрдістің басталуы ғана болуы ықтимал. Тегінде, дүниежүзілік соғысты мемлекеттер мәмілеге келіп, тоқтатуы да мүмкін. Ал психикалық хаос түріндегі дүниежүзілік төбелес бір басталып кетсе, бірі өліп, бірі қалғанша өздігінен тынуы қиын. Егер биологиялық пандемияның вирусы – микробтар болса, онда психикалық пандемияның вирусын біз психороб деп атаймыз, яғни психикалық «микробтар» (психомикроб). Ең қорқыныштысы сол: бойында жаны бар биологиялық микробтарды жоюға болғанымен, шайтан сияқты өлмейтін психикалық вирустан санасын түйсігі билейтін адамның құтылуы мүмкін емес. Мүмкін! Бірақ ол үшін адамзатты мың жылдық биікке көтергенінің «ақысына» мың теңге де сұрамаған, Нобель сыйлығын алу салтанатына жиырма жыл сүйреткен көнетоз пальтосын киіп бара салған, сыйлықтың чегін үйге келген соң бір кітаптың арасына сұға салып ұмытып кеткен Эйнштейн болу керек! Ал біз (көбіміз) әлі ұлы Абайдың поэмасында суреттелетін – топырақтан басқаға көзі тоймайтын Екі мүйізді Ескендірдің кейпінде жүрміз ғой?

Әйтсе де, памфлет-мақаламызды пафоспен аяқтағымыз келеді. «Жарқын болашақ туралы саясаткерлер айтады» (Жарко Петогн, словен нақылшысы) дегенмен де, «Жақсы сөз – жарым ырыс». «Мол қуаныш жылайды» (Уильям Блейк) демекші, күдігіміз сейіліп, күлкіміз көбейсін. Ол үшін «Тарих – барлық партияларға қарсы памфлет» (Ралф Уолдо Эмерсон, америкалық жазушы) және ол «енді түзетуге келмейтін саясат» (Зигмунд Графф, неміс жазушысы) екенін есте сақтап, бірақ «Саясат – әлі де түзетуге болатын тарих» (Зигмунд Графф) екенін ұмытпағанымыз абзал. Адам баласы «нәпсісін қанағаттандыру үшін емес, қуаныш үшін жаратылған» (Поль Клодель, француз жазушысы) жан иесі екенін өмірінің мәніне айналдырғанда ғана ғұмырын ұзарта алуы мүмкін. Осыдан бір ғасырдай бұрын Алаш қайраткерлері «Оян, қазақ!» деп, ұлт болашағы үшін шыр-пыры шығып ұрандап еді. Сол ұйқыдан толық оянып үлгермей-ақ ұлт пен адамзаттың мойны бір ноқтаның ішіне кигізілген ендігі жердегі ұранды Уақыттың өзі ауызға салып отыр.

Есіңді жи, адамзат!

Ақырында, үшбу үшкіл сөздерімді дәл сондай қышқыл жолдармен аяқтайын:

Саған тілім көп тиді. Кешір мені, адамзат!

Тентек бала секілді – өзің де болдың бір азап.

Айтпасыңды көп айттым, қапа болма, қазағым!

Біле тұрып неге айттым? – Сол әлі менің азабым.

Мен-ақ қалайын тозақта, тамұқ отына күйме сен!

Түсер ме едім азапқа, егер сені сүймесем.

Сенің бұлыңғыр жолыңа іздеп едім бір сәуле,

Сол күнәма кешу сұрап – келдім, міне, тәубеге.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір