Мұхаммед САЛЫҚ, ақын: НЕ ҮШІН ӨМІРГЕ КЕЛГЕНІМДІ АНЫҚ БІЛЕМІН…
17.09.2020
1829
0

АҚЫН МҰХАММЕД САЛЫҚТЫҢ ЕСІМ СОЙЫ ҚАЗАҚ ОҚЫРМАНЫНА МӘЛІМ. ШАЙЫРДЫҢ ЖАҢАШЫЛ ЖЫРЛАРЫНЫҢ ДҮМПУІ ӘДЕБИ ОРТАҒА ӘРЕДІК ЖЕТУДЕ. ТУҒАН ЕЛІНЕН ЖЫРАҚТА ЖҮРГЕН МҰХАММЕД МЫРЗАМЕН «ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ» ГАЗЕТІ АЛҒАШ РЕТ СҰХБАТ ҚҰРЫП ОТЫР.

– Армысыз, Мұхаммед Салық мырза! Сұхбаттасуға уақыт тауып келіскеніңіз үшін рахмет айтамыз. Дәл қазір не жайлы ойланып отырсыз?
– Тап қазір ештеңе ойлап отырған жоқпын. Сіздің сұрақтарыңызды оқуды бастадым.

– Тәуелсіздік алған жылдардан бастап, қазақ жастары арасында көршілес Орта Азия елдерінің (Өзбекстан, Қырғызстан т.б.) поэзиясын оқу жай ғана қалыпты дүниелердің бірі еді. Алайда соңғы уақыттарда сіздің шығармашылығыңызға деген қызығушылық артып отыр. Мұның сыры неде?

– Өткен ғасырдың 70-80 жылдары жазылған өлеңдерім поэтикалық кеңістікті ұзақ шарлағаны соншалық, Түркістан оқырмандарының құлағына жету үшін 45 жылды қажет етті. Қарапайым түрде айтар болсақ, тәжірибемді түсінетін жаңа ұрпақ дүниеге келуі керек еді. Өлеңдерімдегі еркіндік және Түркі әлемінің бірігуі жайлы идея – біздің дәуірдің тақырыбына айналды. Түркістан жастарының ойлары өлеңдеріммен үндес. Сондықтан да олар бүгінде жырларыммен қауышып отыр. Бұл мені қуантады.

– Түркістан мемлекеттерінде жәдидшілер­ден кейін әдебиет қаншалықты дамыды болмаса құлдырады деп ойлайсыз? Әлемдік аренадағы Түркі әдебиетінің орны жайлы не айта аласыз? Яки ұзақ жылдар бойы езгіде болған кіші халықтардың әдебиеті – әлемдік әдебиеттің ішінде несімен ерекшеленеді немесе ерекшеленуі тиіс?

– Жәдидшілдік бас көтергенге дейін, ұзақ уақыт бойы біздің әдебиет (Түркістан әдебиеті) түгі қалмай өртенген бақты еске түсіретін. Псевдоәдебиетке жол бергеннен соң әдебиет өлді. Ұлттық әдебиет, шын мәнінде, антиұлттық еді. Романдар, поэмалар, том-том өлеңдер басылды, бірақ ақын мен жазушы болмады. Себебі оларды бір топ Сталин идеясының қолшоқпарлары жазып отырды. Тек, 70 жылдардың ортасында ғана әдебиетімізде Совет тыныштығын бұзатын дауыстар пайда бола бастады. Алғаш рет Шыңғыс Айтматов пен Олжас Сүлейменовтың кітаптарынан метафорамен көркемделген ұлтшылдықты байқадық. Айтматовта бұл ұлттық ерекшелік ретінде қабылданса, ал Олжас айқын қарсылық көрсетті. Партия лидері Қонаевтың жарылқауы болмағанда, Олжас Сүлейменовтың орыс шовинизмінің құйынынан шығуы екіталай еді. 1976 жылы Ташкентте аспиранттар үйінде Алматыдан келген әлдебір орыстан 25 рубльге Олжас Сүлейменовтың «Азия» кітабын сатып алғаным есімде. Ол уақытта 25 рубль дегеніміз айлықтың тең жартысына татитын. Соған қарамастан, көптеген адамдар бұл кітапты сатып алып жатты. Себебі «Азия» – қаһармандықтың белгісі іспеттес еді. Олжас бізге тек жазуға болатынын ғана емес, сонымен қатар антисоветтік кітапты басуға болатынын да дәлелдеді. Сол шақтағы жастарды бұл барынша жігерлендірді. Өкінішке қарай, соңғы 25 жылда Түркістан әдебиетін бақылай алмадым. Өзге жұмыстармен қолым босамады. Бірақ бір нәрсені айта аламын, Тәуелсіздік алғаннан соң біздің әдебиетте әлем әдебиетіне бәсекелес боларлық жаңа есім шыққан жоқ. Мұның себебі жайлы пікір айтып, ой таластырмаймын, оны әдебиет сыншылары анықтай жатар.

– «Әр қаламгер өзінің белгілі бір дәрежеде жақсы жазатынын біледі». Жасыңыз, міне, Құдайдың қалауымен, 70-тен асты. Әлі күнге дейін жазып келесіз. Шығармашылығыңызды қанша кезеңге бөлесіз?

– Жазған дүниелерімді үш кезеңге бөліп қарастыруға болады. Бірінші кезең: 1966-1973 жылдар аралығында жазылған өлеңдер. Оларды жас кездегі жырлар деп санаймын. Екінші кезең: 1973-1986 жылдар аралығындағы өлеңдер. Бұл жылдары толығымен метафористикамен әуестендім. Жәддидшілдіктің рухын, олардың еркіндікке деген күресін метафористиканың жамылғысымен қайта жандандыруға күш салдым. Үшінші кезең: публицистика. 1985 жылдан бастап қазіргі күнге дейін жазып келемін. Өлеңдер сирек жазылатын, қазір де жазылады. Соңғы жазылған өлеңім, міне:

ҚАЖУ
Әрине, мен де бір адаммын құсырлы,
бірақ бұл қазіргі ең оңай шешімім:
әсілі, мен деген, М. Салық есімді
жетпіс жыл күрескен соғыстың өзімін.
Иә, оның ішінде қан аққан күні-түн,
күні-түн дұшпанмен тынымсыз тірескен,
қос даңқты сардар бар –
Сабыр мен Үмітім,
Нәпсіммен бетпе-бет аяусыз күрескен.
Белбеудің орнына бел сынып соңында
Уа, менің Үмітім, шеһит боп кеттің-ау,
Сабыр да іс-түссіз жоғалды жолыңда
солайша, сендерсіз жеңіске жетті жау.

Бірақ мен бір күні айнаға қарап ем,
шошыдым бейне бір келгендей ақырым:
көзімнің алдында тұрды үнсіз – жаралы өң
кешегі соғыста жоғалған Сабырым!
(ауд. Ф.Төлтай)

ВЕРЛИБР–ӨЛЕҢ ФОРМАСЫ РЕТІНДЕ ТҮРКІГЕ ЖАҢАЛЫҚ ЕМЕС

– Түркі тілдес елдер үшін 60-70 жылдары өлеңнің еркін түрі жылы қабылданбағаны белгілі. Сол жылдары өзбек әдебиеті, әрісі Түркістан әдебиеті сізді қалай қабылдады?

– Верлибр – өлең формасы ретінде Түркіге жаңалық емес. Ата-бабамыз қалдырған ежелгі тастағы көне жазулар көбіне верлибрмен жазылған. Мәтіндерде верлибрлік пафос аңғарылады. Білге қағанның халқына жолдаған үндеуі өзінше бөлек верлибр. Мұны прозалық текспен салыстыруға болмайды. Верлибрде әуен бар немесе болуы тиіс. Кез келген өлең әуенді болуы керек. Бұл өлеңдегі формалық шарттың ең алғашқы талабы. 70-жылдары верлибрдегі алғашқы тәжірбиелерім теріс қабылданды. Бірақ солай боларын алдын ала білдім, содан ба екен бұл соққы салыстырмалы түрде жеңіл тиді. Адаспадым, жазуды жалғастыра бердім. Әрине, Түркі поэзиясының классикалық формасында жазуды да тоқтатпадым. Кейінгі жылдары толығымен «деспотикалық» формаға қайта оралдым. Өз ойымды анық әрі нақты білдіру үшін рухым формадағы тәртіп пен қатаңдықты талап етті. Бүгін де верлибрге қарсы емеспін, бірақ классикалық форма жаныма жақын.

– Әдебиет әлеміне алғашқы қадамдарын жасаған кезде М.Салық өзін қандай құсқа ұқсатушы еді? Ал қазір ше?

– «Екінші дәрежелі қаһарман» атты өлеңім болатын. Сол өлеңде қаһарман бүй дейді:
– Осы елдер неге «Құстай еркінмін» дейді?
– Себебі кіл қасіреттен биік тұрады құс –
Мысалы, боқтампаз адам
құсты боқтаймын деп өзін боқтайды;
боқтадың екен деп құс ешкімге
өкпелемейді.
Ренжімейді және ешкімге
дән бермедің деп,
дән берсең де рақметін
айтпайды бұл құс –
Себебі кім дән беретін болса,
құс үшін емес,
өзі үшін береді дәнді.
– Құсты сосын «үркек» деп ойлайды елдер,
– Жоқ!
Қып-қызыл өтірік!
Құс егер үріккен болса
алдағы қауіптен қашу үшін ғана
үркіп ұшады.
(ауд. Ф.Төлтай)
Сол құс маған ұқсас болатын. Совет дәуіріндегі еркіндігімнің бейнесі іспеттес еді.

– Поэзияңыздан Батыс пен Шығыстың көркем синтезін көре аламыз. Қандай ақындар ықпал етті? Нақты авторларға тоқтала аласыз ба?

– Иә, бізге (Совет ұрпағына) Батыс әдебиеті ерекше әсер етті. Әсер еткені соншалық, мені «батысшыл» деп кінәлады. Бұл айыптаулар орынды болатын, университтегі дипломдық жұмысым заманауи француз поэзиясы жайлы еді. 1971 жылы журналистика факультетінің екінші курс студенті бола тұра Франц Кафканың (арасында «Түзету колониясында», «Құбылу» сынды шығармалары бар) тәмсілдері мен әңгімелерін аудардым. Біршама бөлігі 14 жылдан кейін ғана, 1985 жылы «Көк жұлдызы» журналында жарық көрді. Поэзияда француз ақыны Анри Мишоның шығармашылығын жақын тұттым. Поль Валери мен Робер Музильдың эсселеріне тереңірек үңілдім. Латын Америка прозасы мен норвегиялық Эдвард Мунктың картиналарын жақсы көрдім. Мұның барлығы – Батыстық, олар бізге әсер етпей қоймады.

– Иосиф Бродский қандай ақын? Араларыңыздан қандай да бір ұқсастық көре аласыз ба?

– Иосиф Бродский өте жақсы ақын. Ал ұқсастыққа келер болсақ, екеуміз­дің арамыздан ешқандай ұқсастық байқа­маймын.

– Шығармашылықпен айналысатын ең қолайлы уақыт таң ба әлде түн бе?

– Көбіне таңғы уақытта жұмыс істеймін. Таң мезгіліне байланысты айтылған «Шығып келе жатқан күн ұйықтап жатқан мұсылманды көрмеуі тиіс» деген хадис ұнайды. Бірақ бұл ереже емес. Кейбіреулер түнде өнімді жұмыс жасайды, кейбірі таңда. Әркімге әрқалай.

«ЖЫЛАЙСЫҢ – КӨЗ ЖАСЫҢДЫ КӨРМЕЙДІ ЕШКІМ»

– Отаннан жырақта өмір сүріп жүргеніңізге 26 жыл. Әрине, мұның өзіндік саяси жағы болғанымен де, шығармашылығыңызға қаншалықты дәрежеде әсер етті? Сүргінде жүріп шығармашылықпен айналысқан қаламгерлер, жәдидшілерден кейін саусақпен санарлық, тіпті жоқтың қасы. Әдеби өміріңізде осы сүргіннің орны қаншалықты маңызға ие?

– 27 жылдан астам уақыт бойы Отанымнан жырақта өмір кешіп келемін. Маған осындай сынақ берген және үнемі өмірге қауіп төндіретін қилы кезенде жығылмауға күш берген Жаратқанға алғысым шексіз. Барлық қиындыққа абыроймен төтеп беруге дем берді. Мен не үшін өмірге келгенімді және не үшін өлетінімді анық білемін. Бұл өзім үшін үлкен бақыт. Кез келген шығармашылық осы тылсымды білуге қызмет еткенде ғана мән мен мазмұнға ие болады. Яғни Блез Паскаль айтқандай, «біз мұнда қандай биіктіктен құлағанымызды білу үшін келдік».

– Отан дегеніміз не?

– 1973 жылы жазылған өлеңнен мысал келтірейін. Сол жерде сіздің сұрағыңыздың жауабы табылады деп ойлаймын.
Қиын.
Отан жайлы не айтуға болады өзі?
Жылайсың –көз жасыңды
көрмейді ешкім.
Күлесің –дауысың ешқайда
естілмейді тағы.
Сүйесің –хат жазар күйің жоқ бірақ.

Солайша, бейтаныс мұң ғана
еңсеңді басқан,
бейне бір аралға ұқсайтын
бейтаныс бір мұң:
осы арал міне, сен өмір сүріп
отырған Отаның қазір.
(ауд. Ф.Төлтай)

– Ата-анаңызды, балалық шағыңызды ойлаған кезде есіңізге бірінші не түседі?

– Сұрағыңызға 1981 жылы жазылған өлеңіммен жауап берейін. Бұл өлең болашағыма алдын ала сәуегейлік жасады деуге болады.

АНАМЕН ҚОШТАСУ
Ақырын ғана ағарады басындағы шаш,
ақырын ғана алыстайды одан
сол шашты сипаған мына бір мехрибан қолдар:
ақырын ғана ол қолдар алыстай береді,
ақырын ғана желбіреп барады, әне,
өзге бір елдің байрағына ұқсап…
(ауд. Ф.Төлтай)

– Биыл қазақтың бас ақыны, Түркі әлемі үшін маңызды тұлғалардың бірі, Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толып отыр. Хакімнің жырларымен алғаш рет қашан таныстыңыз?

– Өкінішке қарай, жас кезімде біздің Науаи, Абай сынды классиктерді жеткілікті түрде тани алмадым. Бүгін де шығармашылықтары жөніндегі біліміммен мақтана алмаймын. Сондықтан да жасанды түрде мадақтап жатпаймын. Тіпті олар мадақтауға мұқтаж емес. Олар біздің әдебиетіміздің адамдық ұстыны. Үлкен құрметпен алдарында басымды иемін.

– Жүректі қай кезде тот басады?

– Адам жаны сүюді тоқтатқан кезде.

– Сөз соңында жас қаламгерлерге берер кеңесіңіз қандай?

– Жаратушының алдында және өз алдыңызда әділ болыңыз. Егер сіз әдебиетте жүрген адам болсаңыз, міндетті түрде қарапайым болу қажет те емес, бірақ әділ болуға тиіссіз. Ал қалғаны Құдайдың сізге берген талантының мөлшеріне байланысты.

Әңгімелескен Батырхан СӘРСЕНХАН,
Файзулла ТӨЛТАЙ

 

Түркістанымда гүлдейтін ғаріп ағашпын…

СОҢҒЫ СӘТ
Раббым, міне, аманатың, қабыл ал –
бір сексен төрт сантиметр денемді
ескірдім деп ағзаларым аһ ұрар
олар мәңгі қалмайды ғой, көр енді!

Кей бөлігін жоғалтыппын жолда мен
тіс деп берген інжулерді мысалы,
солай, Раббым, тым өзгерді мұндағы өң
тіспен қоса шаш да түсті, құсалы!

Енді ойлаймын; бәлкім олар асықты,
мойын басты көтере алмай тұрғасын!
Бірақ қазір мойным емес жазықты,
ауыр ұяттан иіліп тұр бұл басым!
07.04.2020

ХОРЕЗІМІМ
Күндеріме оралам ба сенде өткен,
қымбат маған гүлің, ауаң, әр тасың –
сені маған нүкте қылып көрсеткен
жырттым бүгін Дүниежүзі картасын.
18.10.2019

***
Дәл отыз жыл бұрын маған бірі кеп
«отыз жылдан кейін де енді мұңы көп
жарымайды Өзбекстан» десе егер,
сенбес едім ақымақтың жыры деп.

«Халқың сенің шыдар қазір зорлыққа,
куә болар бұдан өткен сұмдыққа!
Ұлмен қоса немерең де күні ертең
көз жұмады шет елдегі құлдықта»

«Қара халқы Өзбек деген ұлыстың
Ресей кезер, жайын іздеп жұмыстың.
Тіпті өзбек боп туғанына ұялып,
«сіз» деп сөйлер итіне де орыстың.»

Мұны маған болжаса егер бұрында,
мұны маған сөйлесе егер бұрында,
жұлып алар едім тілін тәуіптің,
мың тоғыз жүз сексен тоғыз жылында!

Енді мұнда қалған дым жоқ бүлінбей.
Біз бұл жайдан өте алмадық сүрінбей.
Заманында жоғалмады зұлымдық,
жұлынбаған сол тәуіптің тіліндей

ЖҮРЕК
Тып-тыныш көл сынды дірілдейді денем,
жатырмын, мұздай жұлдыздарды
маңдайыма басып.
Бірақ
жүрек – тіл алмас бала –
тып-тыныш көлге тынымсыз тас атып жатыр.

ЖАҢБЫР
Бұл жаңбыр жауады баяу
ал шахар ұйқыға берік.
Көшені бойлайды жаяу
әлі ешкім білмейтін ерік!

Аспанның сыйына егер
бас қосса шырақтар неше,
жаңбырдың қойнына енер
өз шамын ұмытып көше…

ТУҒАН КҮН
Жылағым келді, келмеді бірақ көз жасым,
жазылмай өлең, шабыттың көңілі
тозғасын,
жауса да ақ қар, жабылмай іздің ешбірі –
отыз жас емес, бұл деген менің жүз жасым.

Жауса да ақ қар, жабылмай іздің ешбірі
өртейді мені былтырғы күйдің кескіні –
жарадай болып әппақ бір дәке астында
жыл бойы жүрген іздердің жатыр көшкіні.

ИТ
Құйрығы кесілген мүсәпір ит,
саған тек жаным ашиды менің.
Халіңе жылау үшін
бір маймыл керек.
Бірақ ол да жоқ мұнда…
Барлығы хайуанаттар бақшасында дейді.
Құйрығы кесілген мүсәпір ит,
иеңнің алдында
қай жерінді бұлғаңдатасың енді?

ТҮЗЕТУ
Ол, жарым түнде көрінен тұрып
өз қабір тасына жазылған
көк тіреген сөздерді
ашуымен өшіріп тастады.
Бұл оның ең соңғы түзетуі болатын.

АЙ СӘУЛЕСІНДЕ
Әйелге ұқсайды анау әппақ бұлт.
Кезінде сүйілген,
сүйген әйелге,
көңілі дегеніне жетіп
тағдырына риза әйелге ұқсайды.
Дәл осы әйелге ұқсаса бұлт,
тағдырына риза әйелге,
онда, ай,
бұлттың астында жатқан ай,
әйелдің лақтырып тастаған айнасы,
енді ешқашан қарамаймын деп лақтырған айна.

СӘТ
Дүниеге бір сәтке болсын ақылды тәрк еткен адамның көзімен қарасам,
ақылды тәрк еткен адамның от жанған көзімен
Отырған жерімнен өре түрегеліп,
«айдан адам келді!» деп айқайлап жіберсем,
ағаштарға хат жазсам сосын,
мұзға гүл ексем,
үй-үйді аралап адамның бәрін жаназа кешіне шақырсам,
құрбақаның жаназа кеші деп.
Ия,
мен солай бір сәтке болсын дүниеге
ақылды тәрк еткен адамның көзімен қарайтын болсам
өзгерер ме едің, ақиқат?!
1983 жыл

КЕШІККЕНДЕР
Кешігіппін пойызға уақытынан жаңылып
тілім сөзге айналмай қалдым сонда аһ ұрып –
соңғы вагон балықтай көкжиекке сүңгіді,
билет қалды қолымда, жүк те қалды ендігі.
Жалғыз емес екенмін, пайда болды бір адам
ол да мендей кешіккен – ол да мендей құлаған;
көзімді ашып жұмғанша мен бас сұққан есіктен
кіріп келді мың кісі – бәрі мендей кешіккен.
Миллион кісі жиналды бір-ақ сәтте бекетте
әрбірінде керексіз миллион жүк пен билеттер.
Халық тұрды түсінбей, басты оларды жан мұңы:
кім кетті екен пойызбен, кешіксе егер барлығы?!
1985 жыл

ДЕУ КЕРЕК ЕДІ
Мына бір кетіп бара жатқан
адамдарға қарап,
мына бір кетіп бара жатқан адамдарға мен,
мен жауап беремін деуі керек еді біреуі шығып.
Мына бір кетіп бара жатқан, тынымсыз кетіп бара жатқан
адамдарға қарап, оларға мен жауап беремін
мен жауап беремін деуі керек еді біреуі шығып.
Мейлі, айқайламай-ақ қойсын,
мейлі, шыңғырмай-ақ қойсын,
мейлі, жар салмай-ақ қойсын дүниеге.
Мейлі, сыбырласын ол,
ия,
тым болмаса сыбырласашы,
мен жауап берем деп біреу…
1986 жыл

ҒАРІП АҒАШ
Адамдар сынды кіл дүниені кезіп
жаза алмадым мен өлең жыр –
атамекеннен шыққанымды сезіп
сөздер де қашты менен кіл.

Көздеріме жастың келуі үшін –
жүрегім үшін қоным, жай,
мұң сүйген маған күн керек, түсін,
ауа да керек қоңыржай.

Орманды, көлді, маған ұсынба,
келмейді менің санасқым –
мен деген жалғыз Түркістанымда
гүлдейтін ғаріп ағашпын…

МАҚШАР КҮНІНДЕ
Дұға етемін. Менің дұғам –жан дұға:
есеп күні маған қарап ылайым –
«құлым Салих» дегенінің орнына
«салих құлым» деп айтса екен
Құдайым!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір