Несіпбек ДӘУТАЙҰЛЫ, жазушы: ЖАСТАРДЫ ТҰРМЫСТЫҚ, НАТУРАЛИСТІК ДҮНИЕЛЕР ҚЫЗЫҚТЫРМАЙДЫ
09.09.2020
811
0

– Аға, «Тілалшақ» әңгімеңізге күнделікті тіршіліктегі  таныс жайды арқау ете отырып, шығарма желісін тосын сюжетке құрған екенсіз. Әңгімеңіздің идеясы қалай туды?

– Адамдардың, ақыр соңында қоғамның әртүрлі әрекеттерінде болып жататын құбылыстардың тегін көркем зерттеуге талпыныс – жазушының ұстанымы. Жақсылық пен ізгілік бір басқа да, түпке жететін сорымыздың түп-тамырын тану – «Тар жол, тайғақ кешудің» кебі. Осыдан кейін, «Толғауы тоқсан ойдан» тосын сюжет оянып шыға келеді. Соның өрімдері, идеяға бет түзейді.

– Шығарманың өне бойында  бір образды айшықтау арқылы тұтас қоғамның шындығын бедерлеп өткенсіз. Шығарма мазмұнын белгілі бір оқиға төңірегінде өрбітпей, соған қарамастан образдарды айқын әрі қанық ашу жазушы үшін қаншалықты күрделі?

– Кейіпкер деген кім? Ол – образ. Образ жоқ жерде кейіпкер де жоқ. Тұтас қоғамның, қас пен көздің арасында құбылып тұратын қарама-қайшылықтары солар арқылы айшықталады. Оқиғаның өрбуі, оған қатыстырылғандардың – мейлі ол бірді-екілі болсын, мейлі саны артып тұрсын, солардың  болмысын (ар-ұяты, ниеті, пейілі) қалт жібермей отыруға байланысты.

Шығармадағы әр кейіпкер – жанды деталь. Оқиғаның өрбуінде әрбірінің өзіндік орыны болады. Яғни, қосалқы кейіпкерлер бас кейіпкердің образын ашуға септесетін құрал болып есептеледі.

– Тілалшаққа бүгінгі заманның типтік бейнесі ретінде қарай аламыз ба, әлде қазір жиі айтылып жүрген кішкентай адам ретінде қараймыз ба?

 – Бүгінгі жазушы, меніңше, типтік құбылысты, басқаша айтқанда, болары болып, бояуы сіңіп кеткен белгілі жайларды малданып отыра бермесе керек. Біздің ақылымызды айран, ойымызды ойран қылатын былайғы жұртқа бәлендей байқалмай, төбесі қылтиған келер күндерімізге қатерлі типтер бар. Мысалы, мына «Тілалшақ» әңгімесіндегі кейіпкер сияқты.

– Аға, оқырман тапсырманы бұлжытпай орындау жағымсыз қасиет пе деп те ойлап қалатындай.

–Қазақта жақсы жағынан айтылатын тілалғыш деген ұғым бар. Тілалғыш – ата ананың, сыйлы ағайын-туыстың, ел-жұртқа елеулілердің айтқанын жерге тастамайтын қасиет. Ол кез келгеннің көрсеткен жағына алды-артына қарамай жүгіре бермейді. Ал тілалшақ – әйтеуір аман жүру үшін кім не айтса да безіп кете беретін елпілдектер. Жақсы, жаманды ажыратып жатпайды, әйтеуір мықтылардың көңілін табу үшін жанын салады. Өлімге айдаса да бәрібір. Тап-таза құлдық психология. Оларды анау да, мынау да шаруасына аяусыз пайдаланады. Кім қайда, неге жұмсаса да бәрібір. Тұра шабу. Бар, әкел, апар және тауып келдің алаөкпесі. Біреу жұмсамай қалса, «Енді қайттім» дегендей күдік, үрейде жүреді. Сөйтіп, ойсыз орындаушыға айналады.

Өзіңді қоршаған ортадағы кез келген ғимаратқа қараңызшы. Ана кабинеттен мына кабинетке қағаз тасумен ғана алаөкпе болып жүргендер қаншама. Шетінен «Апар, көрсет, алып келдің» атқа жеңіл тайғашаптары.

 Дипломы бар, ақылы мен мінезі жоқ, лауазымы жоғарыға құлдық ұрып құрдай жорғалауды терең игеріп алған. Тасырқап басып, тайсақтап тұрады. Сұрақ қоймайды, жауап іздемейді. Тек жұмсауды ғана күтумен күні өтеді. Бұл тілалшақтардың қандай да қиянатқа, озбырлыққа, әділетсіздікке қарсылығы жоқ классикалық бейнесі. Енді сіз мына дүниеде көшіміздің қайда кетіп бара жатқанын пайымдай алмайтын, тек айдағанға жүруге лайықтардың жан-жаққа жандары қалмай шапқылап жатқанын көз алдыңызға елестетіп көріңізші. «Ел қайда, су қайданың» әңгімесі сонда болмай ма?

 – Туындыларыңыздың денінде кейіпкерлер  есімін де  кездейсоқ таңдамайтыныңызды аңғарамыз.

– Кейіпкерлердің мен үшін аты емес, заты қымбат. Тіпті кейбір әңгімелерімде мүлде ешқайсыларының есімдері болмайды. Оған сұраныс болмай жататыны бар. Жазушы үшін кейіпкерлердің есімі емес, олардың жан дүниесіндегі құпия құбылыстар мен жұмбақтарымаңызды болуы керек сияқты. Басқаша айтқанда, кейбір жағдайда «Жаман иттің атын Бөрібасар қоятыны» да бар. Мен не айтқым келді? Соған лайық есім қоюды дұрыс қой деп ойлаймын. Менің кейіпкерімнің есімі – Тілалшақ. Бұл – тұтастай алғанда қоғамда байқалып жатқан ойсыз орындаушылардың ортақ есімі.

–  Тілалшақтың бұл болмысының өзгеруі мүмкін бе?

–  Болмыстың өзгеруі, меніңше, жеке және қоғамдық санаға байланысты болар. «Өзгереді», «өзгермейді» деп айта салатын мен сәуегей емеспін. Жалпы, әдебиет, жазушы ақыл айтпайды. Ол ескертеді (Мысалы, бара-бара бәріміз де «Тілалшаққа» айналып кетпейік.) Осыны пайымдай алатын оқырманға зәруміз. Өйткені дәл осыған басты кінәлілердің бірі – осы біз, ақын жазушылар. Олай дейтінім, біз өзіміздің шығармаларымызда естіген-білген, көрген, көкейімізге жеткендерді түйдектетіп, оған роман, повесть, әңгіме деген атаулар қойып беталды кетіп қаламыз. Бүгінгі оқырман, яғни жастарды тұрмыстық, натуралистік дүниелер ешқандай қызықтырмайды. Олар әдебиет пен өнердің әлемдік және жаңазамандық үлгілерімен таныса бастаған кез. Қазір көп жағдайда көркем әдебиет пен журналистиканың қарадан-қарап араласып кететін сәттері жиі кездеседі. Осыдан келіп әдебиетімізде шындықты ақпараттық тәсілмен бората беру дейтін қылықтар пайда болды. Көркем шығарма оқырманға ұстаздық етіп отыруға тиіс. Бұл ойдың астарын тануға мүмкіндік береді. Шындықтың өзін эстетикалық сұранымға сай беру бірінші кезекте тұруға тиіс. Өкінішке қарай, осылай етуге біздің өзіміздің өреміз, қабілетіміз, шеберлігіміз жетпей жататын сияқты. Өз басым әр қаламгердің замандық, көркемдік концепциямен шығарма жазуларын көксеп жүремін.

– Әңгімеңізге көп рақмет!

Әңгімелескен Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір