Жастарды техникалық мамандықтарды игеруге үндеймін
30.10.2022
277
0

Қазіргі таңда Сәтбаев университетінде ұстаздық ететін Халидилла Юсупов – елімізге танымал тау-кен инженері, ғалым, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, техника ғылымының докторы, профессор. Кіші ғылыми қызметкерден бастап, факультет деканы, Тау-кен металлургия институтының директоры, Директорлар кеңесінің төрағасы, тау-кен компаниясының техникалық директоры қызметіне дейін жоғарылаған. Биылғы жаңа оқу жылына байланысты ғалым-ұстаздан сұхбат алған едік.

– Халидилла Әбенұлы, сіздің ойыңызша, білім беру бағдарламасы қандай талаптарға сай болуы керек?
– Өздеріңіз білетіндей, өмір бір орында тұрмайды, техника мен технология қарқынды дамып келеді, сондықтан өз елінің болашағы туралы ойлайтын кез келген мемлекет бірінші кезекте жоғары білікті мамандар даярлауға ерекше назар аударуы керек. Өткен ғасырдың 90-жылдары Қазақстанда техникалық білім беру жүйесін қалыптасып келе жатқан нарықтық ортамен байланыстыруға әрекет басталды. Техникалық мамандықтар бойынша «Маркетинг», «Менеджмент» және басқа да экономикалық пә-ндер оқу бағдарламасына енгізілді, бірақ көптеген өндіріс орындары, ғылыми-зерт­теу және жобалау мекемелері істемей тұрғандықтан, бұл бағдарламалар олардың қатысуынсыз жасалған еді. Ке­йін, өндіріс орындары қарқынды жұмыс істеп, әртүрлі шет-елдік тау-кен өндірісін жобалау­ға арналған бағдарламалар қолдануға көшкен кезде, оқу бағдарламасына Datamine, Micromine сияқты пәндер енгізіле бастады. Содан бері білім беру бағдарламасы уақыт талабына сай бірнеше рет өзгертілді және әлі де өзгертіліп отырады.
Меніңше, бүгінгі күнде білім беру бағдарламасы мынадай негізгі талаптарға сай болуы керек:
– оқу бағдарламасы жақын және алыс шетелдік жоғары оқу орындарының бағдарламаларымен сәйкестігі тұрғысынан икемді болуға тиіс және Қазақстан Республикасының, басқа да елдердің білім беру саласындағы заңнамасына сәйкес келуі қажет;
– оқу бағдарламасы қазіргі кездегі ғылымның, техника мен технологияның денгейіне сай болуы керек, сондықтан оны өндіріс орындарының мамандарымен және ғылыми-зерт­теу, жобалау мекемелерінің мамандарымен келісіп жасау қажет;
– оқу бағдарламасы білім алушыны қандай да бір жобаның тек қана техникалық жүзеге асырылуына немесе экономикалық тиімділігіне байланысты экономикалық қызмет­ті бағалау өлшемдерін қоймауға тиіс, сонымен қатар экологиялық және әлеумет­тік жалпы жүйелі бағалау негізінде тұжырымдауы керек.
– Бүгінгі таңда еңбек нарығында қандай мамандықтар сұранысқа ие және ЖОО-да студент­терді қандай жаңа мамандықтар бойынша оқытасыздар?
– Әлемде екі жүзден аса мемлекет бар, олардың көпшілігі шикізат есебінен өмір сүреді, бірақ олардың жетеуін ғана жер қойнауының байлығы бойынша Қазақстанмен салыстыра аламыз. Ал олардың бесеуі Парсы шығанағындағы мұнай монархиясы екенін ескерсек, әлемде кен әлеуеті бойын­ша Қазақстанмен салыстырылатын екі мемлекет қана қалады, ол – Австралия мен Оңтүстік Африка Республикасы. Әлемнің жетекші елдері ғалымдарының бағалауынша, Қазақстан табиғи ресурстар қоры бойынша әлемде алтыншы орын алады. Кейбір ғалымдардың есептеуіне сенсек, Қазақстанның барланған қазба байлығы шамамен 10 триллион АҚШ долларына бағаланады.
Қазақстанның бай табиғи ресурстары­ның дәлелі – Менделеев кестесінің 110 элементінің 99-ы оның қойнауынан табылған, 70-і барланған. Бүгінде тау-кен металлургия кешені – Қазақстан экономикасының маңызды стратегиялық секторларының бірі. Қазіргі уақыт­та тау-кен металлургия кешенінің үлесіне ІЖӨ-нің 7%-дан астамы, өнеркәсіптік өндіріс көлемінің 19%-ы, өңдеуші өнеркәсіп өнімінің 35%-дан астамы тиесілі. Сала кәсіпорындарында 300 мыңнан астам адам жұмыс істейді, бұл – республиканың жұмыспен қамтылған халқының жалпы санының шамамен 3,6%-ы деген сөз.
Қазір еліміздің тау-кен металлургия кешенінің айрықша ерекшелігі – өндірілетін пайдалы қазбалардың әртүрлілігі, кен орындарын барлау және пайдалану саласында, сондай-ақ жер қойнауын пайдалану процестерін материалдық-техникалық қамтамасыз ету саласында жұмыс істейтін кәсіпорындардың көп болуы.
Мұны айтып отырған себебім, көптеген жастар компьютер, қаржыгер, заңгер мамандығын оқуға тырысады, ал жақсылап қарасаңыздар, осы мамандардың көпшілігі өндіріс орындарына қызмет етеді. Сондықтан жастарға техникалық мамандықтарды таңдаңыздар дер едім, өйткені олар – беделді және нағыз ерлікті талап ететін мамандықтар.
Қазақстан Болонья процесіне кіріп, жоғары кәсіби білім үш деңгейлі білім беру жүйесіне көшкеннен кейін, көп мамандық қосылып, ірілендірілді, сондықтан қазіргі таңда бірінші деңгей – бакалавриат оқу бағдарламасына технология мен техниканың дамуына, қазіргі күн талабына байланысты қажет­ті пәндер қосумен шектелеміз. Егер болашаққа қарасақ, онда тау-кен металлургия кешеніне бізге қазірден бастап геотехник, геотехнолог мамандарын даярлауға кірісу қажет.
– Кадрларды, атап айтқанда, әртүрлі сала мамандарын даярлау кезінде ғылымның өндіріспен тығыз байланысы өте маңызды. Бұл бағыт­та қандай жұмыстар атқарылуда?
– Иә, бұл – өте маңызды мәселе. Өкініштісі, қазір көптеген ірі тау-кен металлургия компаниялары өздерінен ғылыми орталықтар немесе институт­тар ашып алған. Дегенмен біздің қызметкерлер әрдайым өндіріс орындарынан әртүрлі проблемаларды шешуге шаруашылық шарт­тар алып отырады. Осы шаруашылық шарт­тарды орындауға докторант­тар, магистрант­тар және студент­тер қатысады, өндіріс орнына әртүрлі мәселемен барып тұрады. Қазіргі кез­де «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК, «Еуразиялық Топ» (ERG), «Қазақмыс» ЖШС сияқты ірі компаниялармен шаруашылық шарт­тар орындалады. Осындай жұмыстардың нәтижелері өндіріске енгізіліп жатыр.
Ал маман даярлауды кейінгі кезде «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК,«Казцинк» ЖШС, «Еуразиялық Топ» және басқалары жақсылап қолға алғаны байқалады, бакалаврларды, магистрант­тарды, докторант­тарды нысаналы даярлауға көшкен. Мысалы, алдыңғы оқу жылында «Казцинк» ЖШС өз қызметкерлерін екінші білім алуға жіберді, соңынан университет бітіріп жатқан түлектерді жұмысқа шақырды. «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК әр жылдары бакалаврлар, магистрант­тар және докторант­тар даярлауға қызметкерлерін жіберіп отырады. Атап өтетін мәселе, осы компаниялар оқу бағдарламаларына қосымша пәндер қосуға мүдделі. «Восход-ORIEL» ЖШС де өз қызметкерлерін біліктілікті арт­тыру курстарына жіберіп, университет бітіріп жатқан түлектерімізді жұмысқа шақырып жүр. «Казфосфат» ЖШС де солай. Айтып отырғаным тек үлкен компаниялар ғана, бұлардан басқа кішігірім компаниялар да жетіп жатыр.
Қазіргі маман даярлаудың негізгі мәселесі – өндіріс практикасын өткізу. Кейбір компаниялардың оны өткізуге қаржы сұрайтыны бар, бұл, бір жағынан түсінікті де, өйткені студент­терге арнайы киім, оларды қадағалап жүретін тәлімгер, т.б. шығындар және уақыт кетеді. Бұл мәселені министрлік тұрғысынан шешу қажет сияқты. Мысалы, әрбір тау-кен металлургия компаниясы үкіметпен жер қойнауын қолдануға келісімшарт немесе лицензия жасайды, сол шарт­та білім беруді қаржыландыру бекітілген, бұл аз қаржы емес. Бұл қаржыны әр компания өз қалауы бойынша білімге жұмсайды. Міне, осы қаржыдан әрбір компания әр жылғы бюджетіне жоғары оқу орнының студент­терінің практикасына деп бір бөлігін бөліп қойса жетіп жатыр. Кейіннен сол практика өтіп жатқан студент­тер арасынан таңдап, сол компаниялар оларды жұмысқа алып қалар еді.
– ЖОО-ға академиялық еркіндік не берді, осыған байланысты даярлау траекториясы қалай өзгерді? Сіздің ойыңызша, қазіргі заманғы маман қандай құзырет­терге ие болуы керек?
– ЖОО-ға академиялық еркіндік бергеннің ерекшелігі – оқу бағдарламасына қосымша, заманауи пәндер қосылды. Әр білім алушы солардың ішінен өзіне қажет пәнді таңдап алады. Мысалы, уран өндірісіне барам деген білім алушы уранды ұнғымамен жерасты сілтілеуге арналған пәндерді, ал кенді дәстүрлі технологиялармен игеретін өндіріс орнына баратын білім алушы кенді карьермен немесе жерасты әдісімен игеруге арналған пәндерді таңдайды. Бұл білім алушының оку орнын бітіргеннен кейн жұмыс істеуіне өте жақсы әсерін тигізеді.
Қазіргі заманғы мамандарға қажет­ті негізгі кәсіби құзірет­тілік – менің ойымша, техникалық және экономикалық мәселелер бойынша теориялық білімді практикада, нақты өндірістік қызмет­те қолдана білу. Өндірістік және басқа тәуекелдерді тең бағалау мүмкіндігі. Ойлау мәдениетіне ие, ақпарат­ты жалпылауға, талдауға, қабылдауға, мақсат қоюға және оған жету жолдарын таңдауға қабілеті.
– Сіз ұстаз ретінде тау-кен кәсіпорындары және жұмыс берушілермен бірлесіп ғылыми зерт­теулер жүргізесіз бе?
– Иә, мен кейінгі 5 жылда Қазақстанның уран кен орындарын игеру кәсіпорындарымен шаруашылық келісімшарт­тар бойынша ғылыми жұмыстар жүргіземін. Қазақстан уран қоры бойынша – екінші орында, ал уран өндіруден – бірінші орында. Кейінгі 15-20 жылда «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК қарқынды дамып келе жатыр, онда уран кенін игерудің, өндеудің барлық технологиялық үдерісі барынша автомат­тандырылған. Бірақ қазіргі кезде, уран кенін қарқынды игеру барысында, кейбір кен орындарында геологиялық тұрғыдан күрделі учаскелерді игеру басталды, бұл – жаңа проблемалар, ал Қазақстанда уран игеру, өндіру саласында әлі күнге дейн ірі ғылыми мектеп жоқ. Біздің топта докторант­тар, студент­тер және жас ғылыми қызметкерлер қызмет атқарады, сол еңбектің нәтижелері олардың докторлық диссертациясына кіреді. Осы жүргізілген жұмыстар барысында өндіріс мамандарымен бірге бірнеше патент алдық, ғылыми мақалалар жаздық. Мұндай жұмыстардың тағы бір пайдасы – жас ғалымдар, докторант­тар өндірістегі жаңалықтарды, проблемаларды біледі, олардың шешілуі жолдарын көреді, бұл – өте қажет­ті тәжірбие.
– Кадрларды даярлау кезінде ЖОО-ның материалдық-техникалық жабдықталуына ерекше назар аударылуға тиіс. ЖОО-дағы оқу жабдығы уақыт талабына қаншалықты сәйкес келеді?
– Бұл – үлкен мәселе, өйткені қазіргі ғылым мен технологияның қарқынды даму кезінде қандай да бір жаңа зертханалық жабдықтар, приборлар алсаңыз, 2-3 жылдан кейін олар ескіріп қалады, сол сияқты оқулықтар мен оқу құралдары да. Сондықтан менің ойымша, техникалық мамандықтарға арналған тек негізгі (базалық) жабдықтарды алып, виртуалды, қажет болғанда ондағы бағдарламаны жетілдіруге болатын зертханалық қондырғыларға көшу керек сияқты.
Біздің тау-кен институтына келсек, негізгі жабдықтармен қамтамасыз етілген оқу полигоны бар, қазіргі кезде өндіріс орнына, жобалау компанияларына қажет­ті Datamine, Micromine бағдарламалары, маркшейдер-геодезиялық жаңа аспаптар, ұшқышсыз ұшатын аппарат­тар, т.б. бар.

Сұхбат­тасқан Ақмарал БЕЙСЕБАЕВА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір