ТАРИХҚА ТЫҢНАН ТҮРЕН САЛҒАН ЭКСПЕДИЦИЯЛАР
05.09.2020
1610
3

Профессор Ахмет Тоқтабай бастаған Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының экспедициясы Өзбекстанда екі жылдан артық мерзімде қазақ тарихына қатысты тың деректерді тауып, әулиелі мекендердің сырына үңілді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында қолға алынған жұмыс әлі жалғасын табады. Біз белгілі тарихшы Ахмет Тоқтабаймен экспедиция жұмысының жай-жапсары хақында әңгімелескен едік.

– Сіз Төле би, Әйтеке би қабір-мазарларын алғаш зерттеушілердің бірісіз, әйгілі тұлғаларымыздың өмірі мен қызметі жайлы тың деректер тауып, жариялап, ел игілігіне жаратқаныңыз белгілі. Сонда бүкіл Өзбекстан бойынша зерттеу жүргізудің мақсаты неде?

Төле би кесенесін зерттеу алғаш  1982 жылы наурыз айында басталды, онда мен Мәдениет министрлігіне қарасты ескерткіштерді есепке алу, зерттеу, қайтадан қалпына келтіру институтында істейтінмін. Тарихи-мәдени сәулет мұраларын есепке алу, реставрация жасау министрдің орынбасары болып Өзбекәлі Жәнібеков тағайындалған тұстан басталды. Сол кісіге айтып жүріп, Ташкентке іссапармен барып, Қарлығаш би кесенесін алғаш зерттеген Галина Пугаченковамен жолығып, Ташкент сәулет ескерткіштерін жобалау және зерттеу институтының мұражайында болып, Төле би мазарының төлқұжатын (паспортын) жасадым. Паспортқа ескерткіштің тарихы, сәулет өлшемдері, сызбасы, ондаған фотосуреттері кірді. Осыдан бастап Төле би кесенесінің ғылыми өмірі басталды. Әйтеке би сағанасын көргім келіп, кешенге өз бетіммен 1999 жылы бардым. Нұрата мешітінің имамы: «Менің әкем: «Бұл жерде қазақтың атақты биі жатыр. Ұрпақтары (қазақтар) түптің-түбінде іздеп келеді, сонда орнын жаңылмай көрсететін болыңдар деп айтатын», – деген еді сонда. Айтып-айтпай-ақ, 1990 жылдан бастап қазақтар келе бастапты. 2005 жылы сәулетші Қ.Жолдасов екеуміз Нұратаға келіп, сағананы толық өлшеп, үш жұмысшы алып, іргетасының биіктігін анықтау үшін шурф қазып, үш күн жұмыс істедік. Қ.Жолдасовтың лазерлік рулеткасының арқасында өлшемдер дәл шықты. Біздің жобамыз бойынша көне сағана шыны қалпақтың ішінде орналасып, көненің көзіндей көрініп тұруы керек еді. Өкінішке қарай, Әйтеке би кешенін салушылар біздің жобаны ескермеді. Әрине, Әйтеке өмірін зерттей бастағанда Жалаңтөс батырды, оның Самарқандта салған ғимараттарын аттап өте алмайсың. Ал Төле би әлеміне көз салғанда Ташкенттегі жер атауларын, бидің  шынар ағашы мен ат байлаған аршасын ескермей кетуге болмайды. Өзбекстандағы киелі және тарихи жерлерді зерделеу туралы ой да осы мақсаттардан туындаған. Қазіргі жұмысым – Төле, Әйтеке билерді зерттеудің тікелей жалғасы.

– «Зерттеу жұмыстарын Ташкент облысынан бастадық», – дедіңіз.  Қазақ тарихына байланысты қандай нысандарды кезіктірдіңіз?

Ташкент қаласында Сіргелі маңында Ханабад атты ортағасырлық сарайдың орны, Ташкенттен 40 шақырым қашықтықта, Ангрен жақта Ханабад деген жер бар. Ташкент 1598-1784 жылдар аралығында 200 жылдай қазақ хандығының басты қаласы болды. Есімханнан бастап, Тәуекел, Тәуке, Абылай билігіне дейінгі қазақ тарихы бұл жерлермен тығыз байланысты. Ангрендегі Ханабадтың билер кеңес  құрған мекен екендігін кезінде  М.Тынышбаев та жазған. Өзбектер ол жерді қазір «Гүлтепе» деп атайды. Ангреннен берірек «Қырық қыз» деп аталатын 40 бұлақ бар. «Жоңғар шапқыншылығы кезінде қырық қыз түгелдей қырылып, қырық бұлаққа айналған» деген аңыз бар. Ташкеннің ортасында Домбырабад туманы (ауданы), махалласы, көшесі бар. «Домбырабад» атауының пайда болуы туралы деректердің ішінде: «Бұл жерде, бұрынғы қазақ ауылында домбыра жасаушы шеберлер тұрған» деген пікір шындыққа саяды. Сондай-ақ Жоғары Шыршық ауданында Күшілік ауылы (Күшлік автобекеті, Күшлік мектебі) орналасқан. Мұнда Шыңғысханнан жеңіліп қашып келген Найман ханның қолбасшысы тұрған десе-ді.

Бостандық ауданындағы Азатбасы өзені мен Азатбасы ауылының, Түйетау  таушығының қазақ тарихы үшін  маңызы ерекше, себебі Абылай хан қазақ жерін азат етуді осы Ташкент түбінен бастағаны белгілі. Қазақ-өзбектердің ауызша тарихаттауы мен аңыздарында Абылай хан мен Қалдан Сереннің арасындағы алғашқы шешуші шайқас осы жерде өткен. Қазақтар ұрыс барысында жоңғарларды шегіндіріп, ығыстырып отырып Шыршық өзенінің маңына әкеп тыққан, біразы суға кеткен. Қазақтар көп жылдардан соң шешуші жеңіске жетіп, бұл жердің атын Азаттықтың басы болсын деген ырыммен  Абылай ханның өзі қойған. Азатбасы ескі карталарда да кездеседі. «Ақбас атан қараған жаққа жүрсең – жеңесің, қайшы келсең –  бақты басқа тебесің» деген наныммен шешуші ұрыс кезінде Абылайхан ақбас атанына қарайды екен. Бұл турасында көпшілік жырларда жырланған.

– Ташкент қаласының өзінде қандай тарихи жерлер, әулиелі мекендер бар?

Көп. Өзбек тарихшысы Мырза Мұхамед Салих Ташкенди ХVІ ғасырда Ташкент қаласының 12 қақпасы жайында жаза келіп, 6 қақпаның: Қият, Түрік (Өзбек), Найман, Шағатай, Дулат, Қаңлы атымен аталғанын көрсетеді. Сондай-ақ қаладағы көне мешіттер әр ру-тайпаға тиесілі болған. Мысалы,  Қойлық ата мешіті – Ұлы жүз ыстының, Сүзек ата – ошақтылардың (шежіре бойынша Сүзек ата ошақтының бір баласы), Шымыр ата – дулаттардың, Зеңгі баба – жалайырлардың еншісінде. Мұны қазақтарды қойып, өзбектердің ақсақалдары да айтады. Президент Ш.Мирзиёевтің бұйрығымен қазір Сүзек ата мешітінде үлкен кешен салынып бітті. Көлемі 10 шақырым жердің ортасында Сүзек атаның бейіті, мешіттің жаңа ғимараты, медресе құрылыстары бой көтерсе, кешеннің жан-жағын қоршай зергерлер мен ұсталардың, тігіншілердің, қолөнешілердің шеберханалары орналасқан.

Қазақмазар, Жыланды ата, Жалаңаш ата, Шопан ата т.б. көнеден келе жатқан әулиелі мекендер баршаға мәлім. Көкше, Шағатай зираттарында Өзбекстанның атақты адамдары жерленген. Біздің жобаның бір мақсаты бүкіл саналы өмірін Өзбекстанда өткізіп, үлкен тұлға дәрежесіне көтерілген қазақтың біртуар ұлдары мен қыздарының құлпытастарын табу болатын. Сабыр Рахимов, Орал Таңсықбаев, Нәтай Кенесарин, СССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, мақта жинау машиналарының маманы, министрдің орынбасары С.Нұралиев, 18 жыл  Политехникалық институттың ректоры болған М.Ниязов, академик Ш.Тәліповтың т.б. тұлғалардың қабір-құлпытастары жан-жақты тексеріліп, суретке түсірілді.  Мұхтар Әуезовтің ғашығы, Өзбекстанның денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары болған Ғайнижамал Құтымованың бейітін әлі таба алмай жатырмыз. Осыдан екі жыл бұрын Өзбекстанның белгілі тарихшысы Я.Зиёев хабарласып: «1980 жылы Ташкенттің көне мазаратынан Сайрам жақтан келген бір қазақ «атақты бабаларымыз» деп 38 адамның мүрдесін қазып, олардың сүйектерін 38 қапшыққа салып алып кеткен, осыны біліңізші», – деді. Ести сала Шымкентке, Сайрамға барып іздестіріп көріп едім, ешнәрсе шықпады.  Я.Зиёевке жағдайды айттым. «Үмітіңді үзбе, сен де, мен де іздестіре берейік», – деді ол түсіністік танытып. Биыл ақпан айында Ташкентке барғанымда хабарласып едім, ол:  «Ахмет, мен тауып қойдым. Іздегеніміз ескі Ташкентте тұратын Қасымов Зохидтің үйінің ауласында екен, телефоны мынау», – деді бірден. Зохидтің үйіне қақпадан кіре бергенде көне мазар көрінді, «Қыдыр ата» деп аталады екен.  Ішіне енгенімізде жертөлеге түсетін баспалдақты көрдік, асты – кең үлкен бөлме, жан-жағында текше сөрелер, ортасында ағаш сәкі орналасқан. «Сүйектер сөрелерде, сәкінің үстінде жатыр, бәрі ақ жамылған. Өлген адамды ақ жауып бірінші сәкіге,  сүйегі  қураған соң еденге, тастардың үстіне қоятын мұндай жерлеу салты бізде – өзбекте жоқ. 1983 жылы Сарыағаштан қожа тұқымды бір қазақ келіп, әрбір адамның мүрдесін бір-бір қапқа салып алып кетті, мынау аты-жөні жазылған қолхаты», – деді Зохид қолындағы қағазын көрсетіп.  «Неге алып кетті?» – деп едім, «Бұл жерде тігін фабрикасы салынатын болған соң бұзатын болды, сол үшін әкетті», – деп жауап берді. Мен бірден түсіндім, «сахана» деп аталатын мұндай жерлеу әдісі Сарыарқа, Жетісу қазақтарында кездеседі. Әрбір жаңа мәйіт келген сайын ескі мәйіт сөрелерге, еденге ақ жауып орналыстырылады. Қарағанды аймағында дәл осындай әдіспен жерлейтін Сахана-Махат деген қабірхана бар.

Өзбекстанның екінші қаласы Самарқандта біздің тарихымызға, мәдениетімізге қатысты қандай нысандарды анықтадыңыздар?

Әрине, Самарқанд десе Жалаңтөс еске түседі. Шир-Дор, Тиллә-Кари медреселері туралы бірнеше мақала жаздым, әлі түбегейлі зерттеу керек. Әсіресе Дагбид қыстауындағы құлпытастардың қазақ тарихына қатысы бар деп ойлаймын. Мысалы, Самарқандтың ескі өлкетану мұражайында жұмыс істегенде, «Қазақтардың белгілі, атақты адамдарын жерлейтін әр рудың, тайпаның орындары болады. Қоңыраттардың ондай орны –  Ақ-Астана, Наймандардікі – Шахи-Зинда, Кіші жүздікі – Нұрата», – деген жазба дерек таптым. Қаладан 30 шақырым шалғайда, Қаранайман қыстағында шежіре бойынша наймандардың арғы бабасы болып саналатын Өкіреш атаның құлпытасы бар. Өзбек-найман ақсақалдарының айтуынша, бұл жерде Әмір Темір заманынан мекендеген екенбіз, себебі Әмірдің армиясында біздің тайпадан шыққан сарбаздар аз болмаған. Самарқанд облысы, Қыз бибі тауының етегінде Әйтеке бидің кіндік қаны тамған. Көлікпен жүре отырып спидометрмен есептеп қарағанда Әйтекенің мәңгілік жай тапқан жері – Нұрата мен Қызбибі арасы – 50 шақырымдық жер. «Бұл нені көрсетеді?» десеңіз, бұдан Әйтеке бидің өз туған жерінде жатқандығын көреміз. Әйтекенің туған жеріне белгі орнату жайында Қызылорда облысының әкімі Қ.Көшербаевқа ұсыныс жасағанымда, ол кісі құптаған болатын. Көлемі 10 гектар жерді алып жатқан Нұрата қорымын жазба шежірелермен, ауызша деректермен салыстыра отырып, түбегейлі зерттеу қажет. Бейіттің іші толған күмбезді мазарлардың орындарынан,  мәрмәр құлпытастар мен самарқантастардан аяқ алып жүргісіз.

– Өзбекстанның басқа қай аймақтарында зерттеу жүргіздіңіз?

Келесі жұмыстарымызды Науаи, Бұхара облыстарында жалғастырдық. Кенимек, Тамды, Ұшқұдықты жайлайтын қазақ елін – Тауелібай деп атайды. Себебі атам заманнан тау бөктері, тау арасы шөбі бітік шығып, жаздың аптап ыстығы мен қыстың қарлы боранында мал-жанға пана болған. Тауелібайдың жерүсті байлығы да, жер асты байлығы да ғаламат. Өзбекстандағы ең сапалы алтын – 9999, төрт тоғыздық осы жерден шығады. Жұмыс ауырлау болды, себебі әр нысанның арасы 100-150 шақырымды алып жатыр. Зерттеу барысында Қылышата мазары, Бедерата, Қошқарата, Ерлерата, Мыңнұр әулие, Қанарбай әулие (1838-1899 жж.), Алтыбай атай, Телеу, Гүжімді әулиелер, Балқы базар, Дәуітата мазары т.с.с. 30-дан астам қасиетті жерлер қамтылды. Осылардың ішінде бірнешеуіне тоқтала кетейін. 1864-1865 жылдары  Ташкентті қорғауға қатысқан Сыздық төре, қаланы орыстар алған соң 1 мың қолымен Бұхар әмірлігіне келіп, Ресейге қарсы күш жинай бастайды. 1866 жылдары Бұхар әмірі Әлімхан өз еркімен Ресей билігін мойындайды. Бұған баласы мен уәзірлері қарсылық білдіріп, Сыздықты қолбасшы сайлап, Ресейге қарсы шығады. Сол кезде Сыздық төре кіші жүз елін аралап, беделді қарт батырға келіп, өтінішін айтады. Сонда Жұбан: «Кезінде әкең – хан Кененің соңынан да еріп ек, ел басына күн туғанда менің бүйтіп жатқаным болмас», – деп, Сыздыққа 3000 жігіт жинап береді, өзі мыңбасы болады. Сыздықтың жеңісті ұрыстарының арқасында Нұрата, Кермене, Кенимех т.б. аймақтар көтерілісшілердің қолына өтеді, ол жерлерді басқаруға өзінің әкімдерін тағайындайды. Әлімхан Ресейден көмек сұрайды. 1868 жылы зеңбірекпен қаруланған патша әскерімен шайқаста көтерілісшілер жеңіледі. Ауыр жараланған Жұбанды арбаға салып ауылына әкелгенде тілге келіп ел-жұртымен қош айтысады.

– Сыздық сұлтанның тағдыры не болды?

Сыздық жанындағы ең сенімді нөкерлерімен бірнеше жүз жасақтарымен Шығыс Түркістанда, Қашғарда қытай отаршылдарына қарсы күресіп жатқан Жақыпбекке (Якуббек) көмекке кетеді.

«Кенесары мен Наурызбайдың Қызылқұмда құдықтары бар» дегенді естіп, 120 шақырым шалғайдағы Атқұдық деген жерге  жолға шығып едік, ол жақта жаңбыр жауды да, құмның қара жолдарында батпақ  машинаның дөңгелегіне желімше жабысып жүргізбеді. Құдықтарға бара алмадық.

М.Қойгелдиевтің айтуынша, 1970 жылы   Нәтай Кенесариннің Өзбекстан гидрогеология институтының директоры болып тұрған кезінде  Тауелібай елінен екі-үш адам келіп жолығады. Жүздері күнге тотыққан ауыл тұрғындарының ішіндегі қариясы сөз бастап: «Сізді Кене ханның тікелей ұрпағы деп естиміз. Ханымыздың біздің бабамызға тастап кеткен аманаты бар еді, соны тапсырғалы келдік», – дейді. Нәкең: «Шежіре ме, құран ба, таспиық па, қане, көрейік», – дейді сонда. «Жоқ, ханның алтыны, Қарабас алтыны», – деген екен келгендер. Сонда Нәкең: «Атамыздың аманатын 100 жылдан астам сақтапсыңдар, не деген мәрт едіңдер, ер едіңдер, еңбек сендердікі, өздерің пайдаланыңдар», – деп, тіпті алтынды көрместен, сөзді бір-ақ қайырыпты. Осы әңгіменің шет жағасын өзім де естідім. Шынында да,  «жақсыдан жақсы туар, батырдан батыр туар» деген осы емес пе?

– Өзіңіздің негізгі жұмыстарыңыздан өзге, шеттегі қазақтардың өмірі, тіршілігі, білімі, т.б. мәселелерді қарастырасыз ба?

Әрине, мысалы, мені орта, жоғары білім алу мәселеслері өте қызықтырады. Кенесары-Наурызбай құдығын іздеп жүргенде құмның ішінде Ақтақыр деген ауылға түстік. Тоғыз-ақ отбасы тұрады, бірақ сонда қазақша бастауыш мектеп бар, 8 бала оқиды, екі мұғалім сабақ береді. Қаракөздерді көргенде жүрегім толқып, елжіреп кеттім, бір-екеуінің беттерінен сүйдім, біраз әңгіме айтып бердім. Өзімнің 1959 жылы осындай мектепке барғаным есіме түсті, он шақты бала оқушы едік. Бұхара облысы Гиждуван ауданы Аяқағытпа аулында орналасқан 11 жылдық қазақ орта мектебінде 50 оқушы бар, 18 ұстаз сабақ береді. Мектептерді жаппай, ұстап отырған Өзбекстан оқу министрлігіне риза болдым.

– Жоғары оқу орындарында қазақ бөлімдері бар ма? Оқу жүйесі қалай? Онда өзіңіз болдыңыз ба?

Қазақ тілі мен әдебиеті бөлімі Ташкенттегі Низами атындағы университетте, Науаи қаласындағы педагогикалық институтта ашылған. Және мұнда балабақша, бастауыш мектеп тәрбиешілері мен мұғалімдерін дайындайтын факультет те бар. Қолым тигенде студенттермен жұмыс істеп, ұстаздармен әңгімелескенді жақсы көремін. Низами университетінде 4-5-рет болып, еліміздегі «рухани жаңғыру» бағдарламасының игіліктері,  өзімнің жұмыстарым туралы дәрістер өткіздім. Низамидегі қазақ бөлімінің жағдайы нашар еді, қазір жақсарды, жылына 50 студент қабылданады.

Ташкент қаласындағы Ислам академиясында профессор Адхамжон Аширов, Саидакбар Азимходжаевтардың қолқалауымен «Қазақ халқының исламға дейінгі салт-дәстүрлері» тақырыбында баяндама жасадым. Дәріске орысша дайындалып барып едім, студенттер: «Біз орыс тілін білмейміз, ағылшынша не қазақша оқыңыз», – деп өтініш жасады. Сөйтсем, бір ұрпақ мүлдем орысша білмейді екен, есесіне ағылшынша оқу, ағылшынша сөйлеу жоғары деңгейде. Студенттер тарапынан сұрақ көп болды, дәріс төрт сағатқа созылды.

– Сіздің зерттеп жүрген тақырыбыңызға өзбек халқының, интеллигенциясының көзқарасы қалай?

Қай жерге барсаң да, қазаққа қатысты не бар, жол көрсетіп, айтып береді. Қазір көптеген нысандар қазақ-өзбек халықтарына бірдей ортақ болып кеткен, ешкім бөліп жармайды. Маған кейбір интеллигенция өкілдері: «Ескерткіштердің этникалық шығу тегіне көңіл аударып зерттейді екенсіз, соның қажеті бар ма?» – деген сұрақ қойды. Мен: «Мысалы, 1980 жылы  Қалдырғаш би кешеніне Қазақстаннан адам келуші ме еді, анда-санда Төле бидің туыстары ғана болмаса, көбіне иен тұратын, оған өзім куәмін. Біздің зерттеуіміздің нәтижесі емес пе, қазір Қазақстаннан келетіндердің саны жүз есе өсті. Біз, қазақтар, аруақ сыйлаған халықпыз. Ертең менің зерттеулерімнің арқасында қазақтар мыңдап, он мыңдап келе бастайды. Қазір президенттеріңіздің өзі киелі жерлер туризмін жылма-жыл арттыру туралы үнемі айтып жатыр. Қасиетті нысандар жөнделуде, жолдар салынуда. Керек десеңіздер, мен Өзбекстанның бұл бағдарламасына үлес қосып, Қазақстанда насихаттап жатырмын», – дегенімде, олар да қолдай кетті.

Жұмыс өте ауқымды болды. Өзбекстан Ғылым Академиясының Тарих институтымен, Халықаралық Ислам академиясымен, Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігімен, Қазақ мәдени орталығымен тікелей байланыста жұмыс істедік. Жалпы, жұртшылықтың ықыласы ерекше болды. Мысалы, Әйтеке бидің туған жерін іздеп үш рет машина жалдап баруға тура келді. Соның жанармай шығынын жергілікті азаматтар өтеп берді.

– Әңгімеңізге рақмет!

                        Сұхбаттасқан Айдана АСҚАР

ПІКІРЛЕР3
Аноним 04.06.2021 | 13:47

Керемет, менің туған жерім, менің анам көп тарихты біледі, ос аймақтар туралы

Аноним 06.06.2021 | 21:51

Оте куаныштымын биз оз тарихымызды бильумиз керек деп бильемин

Аноним 06.06.2021 | 21:51

биз оз тарихымызды бильумиз керек деп бильемин

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір