Тыңнан тосын образ табу – көркем әдебиеттің заңы
1986 жылдың жаз айы, Жазушылар одағы. Көркем шығарманың тіліне арналған республикалық конференция. Бұл ғылыми мәжіліске әйгілі сөз зергері Ғабит Мүсірепов қатысып, негізгі баяндаманы ұзақ жасады. Естуімізше, Ғабең соңғы жылдары баспадан жарық көрген 400 әдеби шығарманы оқып шығып, қазақ әдеби үдерісіндегі қордаланған, көкейінде жүрген соқталы-соқталы мәселені ортаға салмақшы екен. «Жазушылар тілді көркем шығармада орынды жұмсап жүр ме?» деген сауал төңірегінде қаламгерлер мен ғалымдар арасында қызу пікірталас басталды. Жарыссөзге шыққан қаламгерлер арасында ана тілін желеу етіп, кеңестік отаршылдық саясат сіңірген бір-бірінен пендешілік өш алу, бақталастық, күншілдік, жершілдік, жүзшілдік, жалған намысты қоздыру сілемі сын-пікірлерден айқын байқалып тұрды. Сын садағына ілінгендер қатарында қазақ әдебиетінің қабырғалы қаламгері Әбдіжәміл Нұрпейісов, Әбіш Кекілбайұлы, Дүкенбай Досжанов, Марат Қабанбай, Смағұл Елубай, тағысын тағылар бар.
Сахна төрінде қазақ әдебиетінің ақсақалы, академик-жазушы Ғабит Мүсірепов, Мұхамеджан Қаратаев, ҰҒА Тіл білімі институтының директоры, академик Әбдуәли Қайдари, Рабиға Сыздықова, тағы басқалар орын алған. Тіл білімі институтының бір топ қызметкері, Шамалған Дәулетқұлов, Ғарифолла Әнесов, біз отырған қатарға халық жазушысы Тахауи Ақтанов пен Әбдіжәміл Нұрпейісов келіп жайғасты. Мінбеге жазушы-драматург Сәкен Жүнісов көтеріліп, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің жуықта жарияланған романы біраз талқыға түсті. Сәкен сері залдағы лық толы әдебиетшілер қауымының назарын елдегі қарапайым оқырман малшы пікіріне аударды. Әлгі кісі етігінің қонышынан «Жұлдыз» журналын суырып алып, Әбдіжәмілдің романын оқығанын, сол туындыдан автордың «қарды жапалап жауды» деуі қате екенін, «жапалап» сиырдың тезек тастағанын айтатынын тіліне тиек еткен. Осыдан соң жарыссөзге шыдай алмай қызуқанды Тахауи Ақтанов араласты.
Тахауи Ақтанов: «Мен осында сәл кешігіп, Ғабаң баяндамасын сол хомосапиенстен (Homo sapiens) өтіп жатқан кезінде келдім. Сосын, ескі үйсін, қыпшақ, әл-Фараби мен Аристотельді сарнап келіп, дәл бүгінгі әдеби тілге келгенде, Ғаба, ғафу етіңіз, енді оның бәрін, айту керек, жаңағыдай өрескел тіл бұзарлықтар дұрыс қой, бірақ сол жерде, бүгінгі тілдің тағдыры туралы сізден ірірек ойлы пікірлер тосып едік… Жаңағы рецензия дәрежесіндегі жеке кітаптағы анау-мынау деген, әрине, айтылу керек. Дұрыс, бізде кітап нашар шығып жатыр, тілі нашар, бұзық… Бірақ жаңағы айтқандай әдебиеттік бейнелілік, образдылық пен тілбұзарлықты шатастырмау керек. Мұхаң [Әуезов] қаншама қазақтың сөзін илеп әкеліп жаңа мағыналар береді. Жаңағы, ойбай, былай деп айтпайды… – Тақаң, қазақ кеңес әдебиетінің классигі, абыз жазушыны бір түйреп өтіп, пікірін әрі жалғастырды, – жазушының айтуға қақы бар. Жаңағы тілбұзарлық басқа, ол бүлдірген тілді теріс пайдаланса басқа. Мысалы, айналайын, Оралхан жақсы жазушы, жақсы көрем. Ұлы сөзде ұят жоқ. «Жұлдызда» шығып кетіпті. Бір сөзін айттым: «бір жігіт бой суытты» дейді. Мен білген қазақ ұғымында «бой суытты» деген еркектің денесінің әйелге барғанын айтушы еді».
– Жоқ, біздің ауылда солай дейді.
– Алдыңғы жылы Алтайға бардым. Марқакөл ауданында Оралханның әлгі айтқаны есіме түсіп кетіп сұрадым. Құмаш дейтін керемет мұғалім бар. Өзі бір мықты адам. Әйелі әдебиетші екен. Әлгілер күлді: «Бізде де бойды сіздің ауылша суытушы еді», – деп (тыңдаушылар ду күлді). Мысалы, осындай кішкене жаңсақтық, орашолақтықты, білместікті жібермеу керек. Бірақ әлгі ақынның тыңнан тосын образ табуы, бұл көркем әдебиеттің заңы ғой. Қоңыр дауыс дедіңіз, дауыста түс бола ма, айналайын, Сәкен-ау?! Ащы дауыс дейміз, дауыстың дәмі бар ма?! Ал енді Абай «жас жүрек жайып саусағын» дейді. Ал шауып ал, Абайды! Жүректе саусақ болушы ма еді?!
«Әннің де естісі бар, есері бар, Тыңдаушының құлағын кесері бар». Образ, бейне дегеннен тыс қарасақ, ән – пышақ па екен? Абай дегеніңіз сөзді қалай ойнатқан, сырлап-қырлап қандай образдар жасаған?! Сондықтан әдебиеттік бейнелеумен жаңағы тілге шорқақтық, надандықты шатастырмаған жөн. Жарайды, мен ауытқып кеттім, ұсақ мәселеге кетіп қалдым. Бірақ бұл да – ескеретін, айтылуы керек мәселе. Қазір жадымда болмай тұр, Мұхаң [Әуезов] деген бір сөзді тосыннан бұрып жібергенде «аһ!» дейтінбіз.
Қазақтың әдеби тілі – дамыған, көркемдік деңгейі жоғары, бай тіл. Қазір дүниежүзілік әдебиеттің мәдени дәрежесіне, әрбір адамның сезімін, сезігін, жан толғанысын, тебіренісін дейсіз бе, соның барлығын беруге қабілеті жетті. Тілдің көркемдік бояуы, бейнелілік қуаты артты. Абайдан басталған әдеби тіліміз, шұрайлы, бай проза тілі биікке көтерілді, бүкіл қазақтың тілдік қазынасын, қорын тереңнен қазып алып, сол көшпелі елдің тілін бүгінгі адам баласының нәзік көңіл күй иірімдерін, бүкіл сезім пернесін дөп басып, бояуын жеткізуге суреткерлік шеберлікпен алып келген Мұхтар Әуезов. Біз қорқып та жүретінбіз, кейінгі балалар қазақша білмей барады, «Ердің соңы Исатай» деп, осы бізбенен тіл бітіп қалмаса игі деп. Олай болған жоқ. Тамаша көркем тілді қаламгерлер шықты. Жаңа Сәкен дұрыс айтты. Мынау Қалихан Ысқақов. Жақсы көркем тілі бар. Оның да кейде бір оғаш, әдейі образдары болады. Ол керек пе?! Иә, бір қиғаш кеткен жері болмаса Қалиханның тілі, Әбіш Кекілбаевтың тілі – тереңнен қопарып, өткен ғасырларды, заманды сөйлеткен, ғажап…
Жаңа Рәш [Рабиға Сыздықова] дұрыс айтты. Ол атаулар ғана емес, тарихты жазғанда – тарихша сөйлеу, сол кезең адамынша ойлау керек. Сол адамның ой жүйесі тіл арқылы жетуі керек.
Тіл дегеннің өзі әшекей, әлеміш бояу деп мен ұқпаймын. Тіл деген асқа салған тұз сияқты болу керек. Сіз мына кітапты оқып отырғанда осының тілі бар ма, жоқ па, оны ойламайсыз. Сол кітаптағы дүниені аласыз ішіңізге. Ал астың тұзы ащы болып кетсе, иә жетпей жатса, оны жақсы сезесіз. Міне, тіл де солай. Тілі шорқақ болса, бірден байқайсыз. Ал әшекейлі болып кетсе, оны да, яғни артық кеткенін байқайсыз. Нағыз көркем әдебиеттің, кітаптың, көркем шығарманың тілі сол, онда тіл бар ма, жоқ па, тіпті байқамай қаласың. Мәселе, міне, осында! Көркем әдебиеттегі шеберлік, тіл құдіреті деген – осы. Шынын айтқанда, біздің әдебиеттің осындай көтерілген жағдайы бар. Бірақ екінші бір нәрсе, бұл – енді тілдердің өзара араласуы, тілдің өзінің табиғатын сақтау деген мәселе.
Венгрияда болғаным бар. Бұл – өзі бір бөлек ұлт. Арғы жағы қаптаған англосаксондар болса, бергі жағы славян тектестер, солардың ортасында жұдырықтай болып мың жыл бойы өзінің тілін сақтап қалған екен. Олардың тіл үшін күрескені сондай, тіпті өзге тілден сөз алуды қойыпты. Ең аяғы барша әлемге тарап кеткен, дүниежүзі «синема, кино» дейтін сөздің орнына «мозей» деген өздерінің тіліндегі ескі атауды алыпты. Инженер дегенді де аударып алдық дейді. Бұл – бөтен қалың жұрттың ортасында ана тілін сақтап қалу мақсатынан туған шара. Мен оған шақырып тұрғаным жоқ. Заман дамуына қарай тілімізге еніп жатқан жаңа сөздерден қашпаған жөн. Керек сөздер алынсын. Кейбір терминдерді мағыналық жағынан қазақтың төлтума өз сөзінен ескеріп, тауып алу керек. Тіл білімі институтының директоры жақсы баяндама жасады. Сонда «аккумулятивтік эмоционалдық» деп тұрғаны. Осындағы эмоционалдықты алмастыруға қазақ тілінде сезім, сезімтал, әсер секілді толып жатқан мәндес сөздер баршылық. Мен ғылыми терминді алмайық деп тұрғаным жоқ. Бірақ өзімізде бар қазынамыз, өзіміздің тіл байлығымызды пайдалана білуіміз керек еді.
Сәкен [Жүнісов] залдан қақпақылдап:
– Жапалап қар жауып тұр, – дейді.
Тақаң:
– Жапалақ қар дейді қазақ. Мен неге жапалатпаймын?!
Сәкен:
– Ол жапалап, – дейді ғой!
Тақаң:
– Жапаласын. Мен жазушымын жапалаттырамын керек болса. Неге образ жасамаймын мен әдебиетте?! Мен – жазушымын, тіл – тірі организм. Сондықтан тілді қаламгер жасайды, – деді ашуға булығып. – Мен қарды жапалатып жаудырам!.. Маған не істейсің?.. Себебі бұл – образ, – деді толғаныс сезімін баса алмай.
Сөзінің соңында майдангер қаламгер президиумда мәжілісті басқарып отырған «бас баяндамашының тұжырымды пайымын үлгі-өнеге тұтып, эталон санаған» академик Әбдуәли Қайдариге әдейі бұрылып: «Шырағым, тірі тілді зерттейтін біз – жазушылар! Сіздер, тілшілер өлген, өліп қалған тілді де зерттейсіздер», – деді Тахаң зығырданы қайнап, ұйытқып соққан ызғырық борандай ашу-ызасын жасыра алмай, тіксіне қадалып.
О, тоба! Дәл осы сәт адуынды қаламгердің сөз құдіретінің қуатты пәрмені сондай – Әбекеңнің өңі лезде құп-қу болып, реңі қашып кетті…
Арада қаншама жылдар жылжып, уақыт сырғып өтсе де, осы бір қас-қағым сәт көз алдымда тұрып қалды.
Аманқос МЕКТЕП-ТЕГІ,
түркітанушы,
Қазақстанның Құрметті журналисі
ПІКІРЛЕР4